• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2011

«Тіл білгеннің тынысы кең, досы мол» – дейді Оксана Петерс

672 рет
көрсетілді

Қазақ тілінің көсегесі неге көгермейді деп көп айтамыз. Бірақ оның неге көгермейтінін білеміз бе? Әрине, өз қандастарымыздың дені қазақша сөйлемейтін болғандықтан дейміз. Тағы бір себеп, шұбар тілді бауырларымыздың қазақша тіл сындыруы қиын көрінеді. Ал сонда өзге тілді ағайындардың қазақ тілінде еркін сөйлеп және сол тілдің арқасында арманына жетіп жатқанын олар біле ме екен. Бұған біздің елімізде мысал көп. Мәселен, қазіргі күні Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінің басшылығында жүрген Оксана Петерс­ті айрықша атап өтуге болады.  Сондықтан біз қазақтың қара сөзінің майын тамызып сөйлейтін және осы ісі мен сөзі, алдымен өзіміздің бірқатар қандастарымызға өнеге болатын қарындасымызды ашық әңгімеге тартқан едік. – Оксана,  өзіңді оқырмандарға та­ныс­тыру артық шығар. Шырайлы Шым­кент өңірінің халқы Отырар телеарнасы ар­қылы жақсы білсе, елордалықтар мен Астана телеар­насының алымы жететін ай­мақ жұрты да сені жақсы біледі. Дегенмен, ал­дымен өзіңнің туып-өскен ортаң, ба­ла­лық бал дәурен шағың туралы айтып өтсең. – Туып, өскен жерім қаймағы бұзылмаған қазақтың қайнаған ортасы Оңтүстік Қазақ­стан облысының Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы. Әкем латыш, шешем орыс. Балалық бал дәурен шақ десек... мен ата-әжемнің колында өстім, олар жасы жеткен адамдар әрі аурушаң еді, сондықтан үйдегі шаруаның ауыртпалығы ерте мойныма түсті. Анда-санда далаға шығып, ауладағы қатар­ласта­рыммен ойнағанда ғана бала екенімді сезінуші едім. Басқа уақыттары кез келген мәселе бо­йынша шешімді тек өзім қабылдауға тура келетін. – Негізінен қазақ тілін шындап үйренуге қай кезде бет бұрдың? Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте алтыншы орыс сыныбынан  жетінші қазақ сыныбына ауысқан кезде сабақты көше бо­лып, көршілер болып,  бәріміз бірігіп оқыға­ным есімде. Мен түсінбеген тұстарымды дәптерге түрткілеп көрші үйге жүгіретінмін. Маған мына бір жерін түсіндіріп беріңізші, оның мағынасы қандай деп. Сонда ауладағы достарыммен бір сәт ойнасам болды бір сұрақ мазалайды: олар мен туралы не дейді екен? Мен жөнінде айтып жатқан жоқ па деп өзіме-өзім сұрақ қоям. Сондықтан маған да қазақша жетік білу керек болды. Ол үшін қазақша оқу керек деп шештім.  Сөйтіп, ақы­рында қазақ мектебіне ауыстым. Алғашқыда қып-қызыл шимайға толы дәптер­лерімді көрген кезде көз жасым көл болатын. Сөйт­сем, ештеңесі жоқ, екі жылдан кейін сынып­тастарыммен бірдей сөйлеп, сайрап шыға келдім. Бұл ретте, әрине, ортаның ықпалы зор демекпін. Мектепті ылғи беске, яғни үздік бітірдім. Ыбырай Алтынсарин атын­дағы орта мектептің мұғалімдеріне зор алғы­сымды жеткізгім келеді, үнемі жылы сезіммен еске аламын ол кісілерді. Кәсіби мамандар ғой. Ұстаздық борыштарын бірінші кезекке қоятын. Адамгершіліктері мол, әрқай­сысы әке-шешемдей жақын, жанашыр болып кетті. – Мектепті үздік аяқтаған соң Шым­кент қаласындағы Мұхтар Әуезов атын­дағы мемлекеттік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түс­кенің бізге белгілі десек,  бірінші курста оқып жүріп-ақ «Отырар» телеарнасына қызметке алынуың үлкен жетістік қой. – Жасыратыны жоқ, мектепті аяқтағаннан кейін Шымкентке келіп, әуелі медициналық академияға оқуға түсуге бел байладым. Дәрі­­гер болуды армандағанмын. Өйткені, кішкентай кезімнен ата-әжеме қажетті ем-дом жасап, біраз дәрілерді жатқа біліп алғам. Бір күні әжемнің жүрегі аяқасты қысылғаны сонша, маған тез арада дәрі егу қажет болды. Өзім төртінші сыныпта оқимын. Қалай қо­рық­­­қанымды біл­сеңіз ғой. Менің сол кездегі жан досым Жанаттың әкесі дәрігер еді. Сол кісіге хабар­ласып, жағдайды айтып едім, ол тез арада дәрі егу керек деп, оны қалай егу қажеттігін телефон арқылы түсіндірді. Мен амал жоқ, қолым дірілдеп, тұңғыш рет дәрі ектім. Бұдан кейін көршілер мені укол салуға шақыратын болды.  Содан ба дәрігер болсам, жүрекке ота жасасам деген арманым күшті еді. Қалаға келгеннен кейін, екі жыл қата­рынан медициналық акаде­мияға грантқа емтихан тап­сырдым. Амал не, азғана балл жетпей қалды. Сонан Жарат­қанның өзі жол сілтеп тұрған болуы керек, ынтам қазақ тілі мен әдебиетке ауды. Ақыры бұл ойым дұрыс болып шықты. Сөйтіп, Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түстім. Аудиторияда отырған кезде кей мұғалімдер орысшалап, «девушка вы перепутали пару, это казахская группа» деген кездер де болған. Мен: «Жоқ, шатыстырған жоқпын, осы факультеттің студентімін», деп қазақшалап жауап қайта­рамын. Аталмыш оқу орнының ұстаздарына да алғысымды айтқым келеді.  Өйткені, өмірімде қашан да жақсы адамдар кездесіп тұрады. Әрқайсысының маған берген көмегі ұшан-теңіз. Біразы менің өмір жолыма оң ықпал  етті десем, асыра айтқандық емес. Өйткені, өзіңіз айтқандай, оқуға түсісімен Шымкент қаласындағы «Отырар» телеарна­сына жұмысқа орналасуыма  жоғарыда  атал­ған кісілер болмаса, арнаның басшы­лығы ауылдан келген жас қызды бірден байқап, жұмысқа шақыра қоймайтыны айдан анық. Солардың ішінде Марат деген кәсіби суретші қолымнан жетектеп, телеарнаға апармаса, бәлкім бұл салаға ілікпес те едім. Өмірімнің ең бір қызықты сәттері сол кезде басталды. – «Өмірімнің қызықты бір сәттері» деп отырғаның әрі студент, әрі телеарна дик­то­ры ретінде қарбалас жұмыс бастал­ғанын айтасың ғой. – Иә, солай. Бірақ алғашында мені жұмысқа құттықтау бөлімінің маманы етіп алды.  Сөйтіп, бірте-бірте аудармаға кірістім. Шағын мәтін­дерден бастап, үлкен бейнефильмдерді аударумен, дыбыстаумен айна­лыстым. Қосымша автор­лық денсаулық бағ­дарламасын түсіріп, жүргіздім. Сосын таңғы бағдарламаның шығар­ма­шылық ұжымына алындым.  Біраз уақыт өте келе «Отырар» телеарнасының басшысы Валентина Куликова менен жаңалықтарды жүргізуді сұрады. – Елордаға жолың қалай түсті? – Ол кезде Астана қаласына барамын деген ой болған жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, жаңа­лықтарды әзірлеп, жүргізушілік міндетімді атқа­ра бердім. Кейіннен радиода қо­сымша қыз­мет атқардым, онда мені жаңа­лықтар бөлімінің шыға­рушы редактор қыз­метіне шақырды. Сөйтіп жүргенде күтпеген тұстан Астана телеарна­сының бас­шылығы аты­нан ша­қырту хат алдым. Мұндай ұсы­нысқа кім келіспейді, көп ұзамай Астанаға көшіп келдік. – Жалпы өзіңе қазақ тілінде бағ­дарлама жүргізу ұнап, көңіліңе кө­рік беретін бе еді? – Өзіме қазақ тілінде жаңалық, бағ­дар­ламалар жүргізу қатты ұнай­ды. Бір-екі рет орысша жүр­гізіп көріп едім, көңілімнен шықпады. – Мұнда қанша уақыт қызмет істедің? – Осы арнада табаны күректей 4 жыл жұмыс істедім. Содан кейін маған «Нұр Отан» Ха­лық­тық-демокра­тиялық партия­сы­ның баспа­сөз хатшы­сына, яғни ресми өкіл қыз­метіне шақырту түсті. Мемлекет басшысы­ның өзі төр­ағалық ететін беделді партия жұмысына белсене кірістім. Онда біздің бөлім апта сайын журналистерге брифинг ұйымдас­тырып, пар­­тияның тыныс-тірші­лі­гінен хабардар етіп тұрады. «Нұр Отан»  партиясы түрлі қо­ғамдық маңызы бар іс-шаралардың бастамашысы. Мен өзім шын мәнінде партиядан көптеген адамның қол­дау тауып жатқанына куәгер болдым. – Содан... – Содан енді, міне, Жо­ғар­ғы Сотта қоғаммен және бұқаралық ақпарат құ­рал­дарымен бай­ланыс бөлі­мінің меңгерушісі болып жұ­мыс істеп жүрмін. Бұл сала қа­зір жаныма жақын келеді. Сот төрелігі, судьялардың ас­қан жауапкершілігі мен қауырт жұмысы жайлы тек осында жұмыс істеп, көзбен көріп барып айтуға болатын шығар. Әрбір істің артында ел азама­тының тағдыры тұр. Кез келген даудың ақ-қарасын анықтап, тиісті шешім шығару, кінәліні жазалау әр адамның қолынан келе бермесі анық. Ол үшін бұл жұмысты шы­нында да ұнату қажет. Жоғарғы Сот Төр­ағасы Бектас Әбдіхан­ұлы Бекназаров сот жү­­йе­сі қызметкерлерінің алдына ба­рын­ша ашық, қолжетімді болу мақсатын қойып отыр. – Демек, кезінде дәрігерліктен гөрі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдауым дұрыс болған дейсің ғой. – Әрине, қазақ тілін білмесем, менің өмір жолым мүлдем басқаша болар ма еді. Тілдерді білумен қатар, адамның жеке қасиеттері де зор болуы керек деп ойлаймын. Жауапкершілік, алға қойылған талаптарды орындай алу, әділ әрі батыл қадамдар жасай білу де адамға белгілі бір дәрежеде табысқа жетуіне айтар­лықтай ықпал етеді. Өз басым әділдікті бірінші кезекке қоямын. – Иә, расында Отырар, Астана телеар­наларына, «Нұр Отан» ХДП және қазіргі таңда қызмет істеп жүрген Жоғарғы Соттың баспасөз қызметіне келуіңе осы тілді білудің көмегі болғаны сөзсіз. Осы орайда мемлекет­тік тілді үйренем деушілерге не айтар едің? – Қазіргі таңда тілді үйренемін деушілерге ешқандай қиындық жоқ. Барлық жағдай жасалған. Қазақ балабақшалары бар, мемлекеттік органдарда құжат алмасу қазақ тілінде жүргізіледі, күні кеше ғана орысша сай­райтын қоғамның өзі қазақ тілінде сөйлейтін күннің туғанын мойындап отыр. Түрлі бейнетаспалар, оқыту орталықтары бар, сонда барып оқып, үйренуге болады. Ме­нің бір танысым сондай орталықтың бі­рінің басшысы, кәсіби маман, ылғи ай­тады: «Біздер тегін оқытамыз, сонда да әрбір қызметкердің артынан оқы, үйрен деп жүгіреміз, келсеңіздерші деп жалы­намыз», дейді. Осыдан-ақ бір қорытын­ды түюге болады. Мен «Астана» телеарна­сының жаңалықтар бөлімінің редактор-жүргізушісі болып қызмет атқарып жүр­ген кезде маған журналистер тіл білуі­­ңіздің қыр-сыры жайлы айтып беріңізші деп хабарласатын.  Оларға ұят болады, мен жаңа құрылғы жасап, жаңалық аш­қаным жоқ, сонша дабырайтып ай­та­тындай деймін. Расы да осы ғой. Тіл үй­рену үшін әр адамға тек ниет керек екенін өмірдің өзі дәлелдеп жатыр. Байқап жүр­ген боларсыз, бүгінде бірқатар лауазымды тұлға­лардың қазақшасы түзеліп-ақ қалды. Мінеки, заңды мойындау, мемлекеттік тілді тырысып үйрену деген осы емес пе? Әр адам өзі ынта қойып, ниеттенсе, бәрі қалыпқа келеді. – Өзгелер де өзің секілді қазақ тілін жетік үйренуі үшін не істелінуі керек деп ойлайсың? – Қазір байқасаңыз, мемлекеттік тілді үйренгендердің арасында өзге ұлт өкіл­дерінің саны артуда. Олардың көбісі ба­лаларын қазақ балабақшаларына беруге тырысады. Демек, менің ойымша, біздің балабақшаларға тіл мәселесіне қатысты мықты мемлекеттік бағдарлама қажет. Балабақшадан шыққан бала қазақ тілін жақсы білуі тиіс. Сосын барып оны әрі қарай мектепте алып кетеді.  Ол үшін жауапкершілікті мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің басшылығы мен тәрбиеле­ну­шілердің мойнына жүктеу қажет. Сол бағ­дарлама кезең кезеңімен қалай орын­далып жатыр? Балалардың тіл білу дең­гейі қандай? Соны арнайы комиссия, болмаса тіл инспек­циясы тексеріп тұрса, дұ­рыс болар еді. Өйткені, бізге сандардан құралған есеп емес, нақты нәтиже керек. Әзірге жағдай олай емес. Мектептердегі тілді оқыту мәселесі де қатаң бақылауға алынуы қажет. Әсіресе, орыс тілді мектептерде. Өз басым сонда бес, он жылдан кейін жағдайдың күрт өзгеретініне сенемін. Уақыт­­тың талабы сол, мемлекеттік тіл үстем болуы қажет. Басқа елдерде солай емес пе. Әлемнің дамыған елдерімен иық теңестіріп отырған жағдайда тілдің мәселесі бірінші кезекке қойылуы шарт. Елбасымыз қазақстандықтар үш тілді білуі қажет дейді. Қазір онсыз мүмкін емес. Менің арманым сол, болашақта бала­ла­рым үш  тілде емін -еркін сөйлесе екен деймін. Иә, бұрын туған тіліне қырын қарап келгендердің біразы қазір  қазақша сөйлеп жүр. Мен өзім танитын адамдарды айтып тұрмын. Бұдан әрі, әсіресе жастарға қазақ тілін үйрету мәселесін бірінші кезекке қою қажет. Ертеңгі күні тіл білмей, жұмысқа орналасу мүмкін болмайды. Қазір мен, мысалы қазақ тілін білмесем қалай жұмыс істеуші едім? Осыны ойлағанның өзінде денем түршігіп кетеді. Үйде көбінесе қазақша сөйлеуге тырысамын. Үшінші сынып­та оқитын балама тілді білмесең болашағың ауыр болады деймін. Күнде күніне кем дегенде бес сөзден жаттатқы­замын. Менің енем керемет адам, ылғи маған сен осы нағыз қазақсың, түрің болмаса мінезің, қимыл-қозғалыстарыңның бәрі қазақша деп мақтап қояды. – Қазақ достарың да көп шығар? – Шынымды айтсам, достарымның бәрі қазақтар. Бірге басымыз қосылса ән айтқанды жақсы көреміз. Маған Абайдың қара сөздері, өлеңдері қатты ұнайды. Әсіре­се, «Желсіз түнде жарық айды» әнімен айтқанды жақсы көремін.  Жалпы, әр концерттен кәдімгідей демалып қайтамын. – Қазақ тілін үйренгісі келмейтін отан­дастарыңа, шенеуніктерге не айтар едің? – Не айтсам да ол кісілерді менің әңгімем толғандырады дегенге сенбеймін. Бірақ ертең балаларымыз ержеткенде бізден, ата-анадан сұрамай ма, осы сіздер неге маған тілді үйретпедіңіздер,  достарым­ның барлығы қа­зақ тілін біледі, ал мен өзімді бір білімсіз адам ретінде сезінемін десе қандай қасірет. Бұл өзге ұлт өкіл­деріне қатысты айтқаным. Ал енді таза қазақтың баласы әкесіне келіп: «Әке, мен өзімнің туған тілімді білмегенім үшін ұя­ламын, намыстанамын, жүрегім ауыра­ды», десе не деп жауап беруге болады? Бұл ретте ешбір ақталудың реті болмасы анық. Сон­дықтан, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ешуақытта ұмытпаған жөн шығар деймін. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.