«Нұр Отан» партиясы қоғамдағы өзекті әрі маңызды мәселелерді ашық талқылап, оның шешу жолдарын қарастыратын Nur Otan Trends атты жаңа жобаны қолға алды.
Осы орайда партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен жобаның тұсаукесер кездесуі өтті. Онда қатысушылар «Қазақстанда несие үстемесі неге жоғары?» тақырыбын жан-жақты сараптап, көтерілген мәселеге қатысты өз пікірлерін білдірді. Белгілі экономист Рахым Ошақбаевтың модераторлығымен өткен іс-шара Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде көрсетілді.
Бүгінде «Нұр Отан» партиясы Елбасының тапсырмасы бойынша партия қызметін жаңғырту аясында жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы бағытта бірқатар тың бастамалар мен партиялық жобалар қолға алынды. Nur Otan Trends жобасы да осы қарқынды жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Бұл бастаманың маңызы мен мәніне тоқталған партия Төрағасының бірінші орынбасары қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің басы-қасында жүру партияның басты міндеті екенін айтты.
– Алдағы уақытта Nur Otan Trends жобасы қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, саяси және тағы да басқа мәселелерді ашық талқылайтын еркін пікірталас алаңы ретінде тұрақты жұмыс істейді деп сенемін. Бүгінгі отырысымызда қазіргі кездегі ең өзектілердің бірі жоғары үстемелі несие мәселесіне тоқталып отырмыз. Өйткені бұл түйткілдің халыққа да, бизнес-қауымдастыққа да тікелей қатысы бар. Сондықтан осындай жүйелі мәселені өзгертудің тиімді тетіктерін қарастыру үшін білікті сарапшылармен бірлесіп талқылаудың берері мол деп есептеймін, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары бұл жерде мәселелер жай талқыланып қана қойылмай, соның нәтижесінде нақты ұсыныстар даярланатынын жеткізді. Кейін оларды Үкімет пен Парламентке жолдау бағытында жұмыстар жүргізілмек. Одан бөлек, отырыстың әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсетілгеніне назар аударған Мәулен Әшімбаев: «Бұл партияның елмен етене әрі ашық жұмыс істейтінін айқын дәлелдейді. Осылайша біз қоғам белсенділері және белгілі сарапшылармен тығыз байланыс орнатып, ел дамуына оң әсерін тигізетін тұстарды айқындайтын боламыз. Бұл Елбасы жүктеген стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға да өз септігін тигізеді», деді.
Партияның бастамасымен қолға алынған жобаның алғашқы тақырыбы шын мәнінде өте өзекті. Себебі әлі күнге дейін еліміздегі банк секторы 2007 жылғы қаржы дағдарысының салдарын тартып келеді. Тіпті кейбір жекелеген банктер айтарлықтай келеңсіздіктерге тап болып, жұмыстарын тоқтатуға да мәжбүр болғанын білеміз. Осыған орай мемлекет тарапынан бұл салаға қаржылай қолдау көрсету ісі тұрақты түрде жүргізілуде. Соған қарамастан елімізде несие көлемі ұлғаймай, 2015 жылғы деңгейде қалып отыр. Несие үстемесі де өте жоғары деңгейде.
Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалардың да қолға алынғаны белгілі. «Бизнестің жол картасы-2020», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» сияқты тың бастамалар мен «Нұрлы жер», «7 – 20 – 25» сияқты қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары жұмыс істеуде. Осылайша отандық банктердің олқы тұстары мемлекет есебінен реттелуде.
Nur Otan Trends алаңында осы мәселелерге баса назар аударылып, сарапшылар өздерінің нақты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, көпшілікке «Halyk Finance» акционерлік қоғамы мен «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының аталған мәселені оңтайлы шешуге бағытталған жобалары таныстырылды. Бұл жобаларда несие берудің тоқырау себебі, экономикадағы құрылымдық мәселелер, ірі бизнестердің банк жүйесінен тыс қаржыландырылуы, экономикадағы мемлекеттік компаниялар үлесінің өсуі сияқты бағыттар толыққанды сарапталып, оларды шешудің нақты механизмдері қарастырылған.
Іс-шараны қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары бұл бастаманың дер кезінде қолға алынғанына тоқталды. Енді партия елдің дамуы жолындағы өзекті мәселелерді ұдайы басты назарда ұстап, оларды оңтайлы шешу үшін осылай білікті сарапшылармен бірлесіп жұмыс істемек.
– Бүгін көптеген ұтымды ойлар айтылды. Соның нәтижесінде мәселелердің себебі мен салдарын анықтадық. Жоғары үстемелі несиелердің келеңсіз тұстарына назар аудардық. Бұл макроэкономикалық тұрақтылық, жекешелендіру, шағын және орта бизнеске жүйелі қолдау көрсету және несие алушылар мен жалпы банк жүйесіне қатысты мәселелерді қамтиды. Отырыста соларды шешу жолдарын талқылап, экономикамыз бен отандық бизнесті қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету жайын пысықтадық, – деді Мәулен Әшімбаев.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»