• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2011

Қазақстан – ортақ үйіміз!

3245 рет
көрсетілді

«Ел ішіндегі береке-бірлік бәріміздің ортақ байлығымыз», – дейді әр ұлт өкілдері

  Ақтөбе облысы Достық үйі 2009 жылдың 10 қыркүйегінде Президент Н.Назарбаевтың қа­ты­суы­мен салтанатты түрде ашылды. Елбасы Достық үйінің тұсауын кесті. 17 этномәдени бірлестік қоныс тепкен ғи­ма­рат өзінің айшықты келбетімен көз тар­тады. Жал­пы көлемі 4150 шаршы метр аумақты алып жатқан үш қабатты ғимаратта этномәдени бір­лес­тік­тер­дің өз тілі мен ділін, төл мәде­ниетін да­мытуы­на толық мүмкіндік жасалған. Бірінші қабатта бірлестік басшыларының кабинеттері, жоғарғы қабат­тарда үлкен концерт залы, 300 орын­дық салтанат залы, хореография залы, мәжі­ліс өткізетін конференц-зал, музей, компьютер сы­ны­бы және дайындық өткізетін бөлмелері орналасқан. Елбасы жүргізіп отырған саясаттың бір тіні ұлтаралық татулық екені мәлім. Соның арқа­сында көп ұлтты Қазақстанда «ыдыс-аяқ сыл­дыры» естілген емес. Барлық ұлт бір үйдің ба­ла­сындай тату-тәтті өмір сүруде. Ақ­тө­бе­дегі Достық үйі соның айғағы болып табылады. Соңғы жылдары Ақтөбе облысына жақын және алыс шетелден көшіп келіп жатқандар баршылық. Алғашында Достық үйінде 16 этномәдени бірлестік орналасады делінсе, кейін тағы 2 чех және дағыстан этномәдени бірлестіктері де «отау тігіп», қасиетті ұяны жы­лыта түсті. Біз орталық жетекшілерінің бірқатарының лебізін ұсынғанды жөн көрдік.

ДОСТЫҚ ҮЙІ – ЫНТЫМАҚ ҮЛГІСІ

Ғалымжан НҰРЫШЕВ, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы.

Бір отбасындай тату-тәтті өмір сүріп жат­қан қазақстандықтарға өзге ел қызыға да, қыз­ғана да қарайды. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қағидаға сүйенген елімізде әр ұлттың өз тарихы мен мәдениетін наси­хат­тауға мүмкіндік беріліп, жағдай жасалған. Осыған дәлел – Дос­тық үйі. Халықтар арасындағы достықты насихаттап, ұлттар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға көңіл бөліп, сарабдал саясат ұста­нып отыр­ған Елбасына алғыс айтамыз. * * *

Павел МАГЛЕЛИ, Болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі.

Біздің бірлестігіміз 1996 жылы құ­рыл­ды. Облыста мыңнан астам болгар тұрады. Негізінен Алға ауданының Болгарка селосында шоғырланған. Қал­ған­­дары Әйтеке би, Мәртөк ауданы, Ақтөбе қаласында тұрады. Дос­тық үйінде барлық ұлттың өкіл­дері бас қосып, араласады. Лингафон кабинетінде өз тілдерімізді, мемлекеттік тілді үйренеміз. Компьютер сы­ныбы да бар. Мұнда біз­дің бала­ларымыз үйірмелерге қаты­са­ды. Біз осындай бірлігі жарасқан Қазақ елінде тұратынымызды мақтан етеміз. * * *

Даази ОМАРОВ, Дағыстан этномәдени бірлестігінің жетекшісі.

 Біздің бірлестіктің ашылғанына жарты жыл ғана болды. Құжат бойынша бірлестік кұрамында 30-дан астам мүше бар. Әрине, облыста дағыстандар көп. Сондықтан енді қатарымыздың көбейе түсетіні анық. Өзім 1973 жылдан бастап Қазақстанда тұрамын. Әрине, тарихи отанымыз Дағыс­тан­мен де байланысып тұрамыз, ол жақта туыс­тарымыз бар. Бірлік пен келісім бар жерде халық та тату болмақ. Қазақстан – Отанымыз, біз Отанымызды көркейтуге күш жұмсаймыз.

ТАТУЛЫҚ ТІНІ

Шығыс Қазақстан облысында Дос­тық үйі 1992 жылы құрылған. Бұл Қазақстан жерінде бой көтерген алғаш­қы Достық үйі болатын. Кейін шығысқазақстандықтардың тә­жі­рибесі ескеріліп, Қазақстан Президенті Әкімшілігінің ұсынысымен елі­міздің өзге облыстарында да достық үйлері бой көтере бастады. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан об­лысында облыстық және облыс қала­лары мен аймақтарында 7 достық үйі, 82 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Өскемен қаласында – 22, Семейде – 14, Риддерде – 11, Курчатовта – 3, Абай ауданында – 1, Бесқарағай ауда­нында – 1, Бородулиха ауданында – 6, Глубокое ауданында – 4, Жарма ауда­нында – 3, Зайсан ауданында – 2, Зырян ауда­нын­да – 6, Шемонайха ау­данында 9 этно­мәдени бірлестік жұ­мыс істейді. Сол жағалаудағы этнографиялық кешенде, 37 га аумақты алып жатқан алаң­да этномәдени бірлестіктердің 16 дәстүрлі үйі бой көтерді. 2010 жылдың 6 қыркүйегінде елімізде теңдесі жоқ өзгеше этноауылдың бірінші мәртебелі қонағы Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев болды. Әртүрлі этнос өкілдері Мемлекет басшысын өздерінің бар сән-салтанатымен, ән-билерімен, ас­қан қошеметтерімен қарсы алды. Этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Қа­зақ­станда татулық пен бейбітшілік тіні орнығып, осында мекен ететін барлық этностардың көп ғасырлық салт-дәс­түрлері мен мәдениетінің сақ­талуы мен жандануына өлшеусіз үлес қосқаны үшін Президентке шексіз ал­ғыстарын жеткізді.

БАУЫРЛАСТЫҚ БАСТАУЫ

Қостанай облыстық Достық үйі 2006 жыл­дың 7 қыркүйегінде ашылды. Бұл күні қоста­най­лық этномәдени орталықтар өкілдерін қоныс тойларымен құттықтау үшін Елбасы Н. Назарбаев Достық үйіне арнайы атбасын тіреді. Президент этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен кездесіп, Қостанай облысында Достық үйінің негізі қалануына күш салған облыс әкімі жұмысына жоғары баға берді. Әмбебап архитектуралық ғимараттың жал­пы аумағы 1024 шаршы метрді алып жатыр. Достық үйі өзінің шаңырағының астына 16 этномәдени бірлестікті шоғырландырып отыр. Этномәдени бірлестіктер – қоғамдық ұйым­дар. Сондықтан, әрбір этномәдени бірлестік бар­лық қажетті құрал-жабдықтармен жабдық­талған арнайы кабинеттермен қамтамасыз етілген. Достық үйі 9 жексенбілік мектептің жұмыс істеуіне де жан-жақты жағдай жасап отыр. Бұл мектептерде 300-ге тарта адам дәріс алады. Олар өздерінің ана тілдерімен қоса, мемлекеттік тілді де меңгеруде. Этномәдени бірлестіктердің құзырында 116 орындық мәжіліс залы мен айшықты көрме залы бар. Мәселен, көрме залында облыстың қалалары мен аудандарынан келген жас қылқалам иелері мен фотографтардың көрмелері ұйымдастырылады. Облыстық Достық үйінің негізгі қызметі Қазақстан халқы Ассамблеясы стратегиясын жүзеге асыруға, түрлі мемлекеттік бағдар­ламаларды орындауға бағытталған. Олардың ең негізгілері – мәдени-рухани кеңістікті қазақ­стандық патриотизм рухы, қазақ ұлтының мәдениеті мен мемлекеттік тілі негізінде байыту, облыстағы түрлі этностардың салт-дәстүрлерін, мәдениетін, тілін сақтап, да­мытуға бірлесе күш салу. Біз төменде түрлі этнос өкілдерінің облыс­та­ғы Достық үйі турасындағы пікірлерін ұсы­нып отырмыз.

Юрий ИВЛЕВ, Қостанай облыстық Орыс қоғамының төрағасы.

Қостанай облыстық Дос­тық үйі Қазақстан халқы Ас­сам­блеясымен бірлесіп, Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы стратегия­сында көзделген мақ­сат-міндет­терді жүзеге асыруға күш салып келеді. Достық үйі 16 ұлт­тық-мәдени орта­лық­ты біріктіреді. Оның басты мемлекеттік миссиясы бар. Ол – ұлтара­лық келісімді одан әрі дамыту, түрлі этнос өкілдерінің мә­де­ниетіне деген құр­метті қалып­тас­­тыру, ел­дегі бей­біт­шілік пен дос­тық­ты сақтау.

Ромуальда ГИЦЕВИЧ , Қостанай облыстық «Надея»  поляк этномәдени бірлестігінің төрағасы.

 Достық үйі облыстағы этномәдени бірлестіктер өкілдері үшін шын мәнісіндегі туған үйге айналды. Бұл жерде біз өзіміздің көкейімізде жүрген барлық мәдени іс-шараларымыз бен жоспарларымызды жүзеге асыра аламыз. Достық үйінде жексенбілік мектеп бар. Мұнда барлық қызметкерлерге әдістемелік және тәжірибелік тұрғыда үлкен көмек көрсетіледі. Болашақта мұндай игі істер өз жалғасын табады деген сенімдемін.

БЕЙБІТШІЛІК – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бірлік пен тірлікке үндеген өсиеті өте көп. «Ырыс – ынтымаққа жолыға­ды, дәулет – бірлікпен толығады». «Көптілді және көпконфессиялы қоғамдағы бейбітшілік пен келісім бұл сіздер мен біздің еңбегіміз, құрметті қазақстандықтар». «Алдымызда атқарылар қыруар істер бар. Бұл жолда біздің басты құндылығымыз – берекелі бірлігіміз. Мен ауызбіршіліктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін. Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар», – деп ағынан жарылады Елбасымыз. Айтса айтқандай, 130 ұлт пен ұлыс мекендейтін кең-байтақ елімізде шынайы татулық пен достық орныққан. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған жұмысы ұшан-теңіз екенін де тілге тиек еткеніміз жөн. Ұлысымыздың ұйытқысы санала­тын оңтүстік өңірінің жұртшылығы да бір ата-ананың баласындай тату-тәтті ғұ­мыр кешуде. Бір-бірімен қыз алы­сып, қыз берісіп, құда-құдандалы бо­лып жүр­ген жағдайы да бар. Қаймағы бұ­зыл­маған халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сыйлап, құрметтеп жүрген барша ұлт пен ұлыстың өкіл­деріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өркениетті 50 елдің қатарына ену­ді басты мақсат-мұрат тұтқан егемен елі­міздің үшінші қаласы санала­тын шы­райлы Шымкент шаһарында да басты байлығымыз – бейбітшілік пен келісімге баса көңіл бөлініп келеді. Дауылпаз ақын Сәкен Сейфул­линнің есімін иеленген Достық үйі Оңтүстік Қазақстан облысын мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіретін рухани киелі орда іспеттес. Қа­зіргі таңда 20 облыстық этномәдени орта­лық және олардың 48 филиалы жұмыс істейді. Олардың біразы­ның бас­шылығы осында орна­лас­қан. Халық дос­тығын нығайтуды басты мақсат еткен бұл орта­лықтар­дың жұмыс жос­парлары ауқымды. Мә­де­ни-көп­шілік іс-шара­лар мен ұлт­тық мерекелерді бірге өткізу игі дәстүрге ай­нал­ған. Әсі­ресе, Қазақ­стан хал­қы­ның бірлігі күні ерекше тойланады. Қазақ пен өзбектің «Нау­рыз мейрамы» мен «Хо­сил байрами», орыстың «Масленица», «Медовый спас», татардың «Сабантуй», «Чак-чак байрами», ұй­ғырдың «Узум сәй­лиси», грек­тің «Пасха», ев­рейдің «Рош-а-Ша­на», «Песах», че­шен­­дер­дің «Нена мот», поляк­тардың «Волканот», «Рождество», корей­лердің шығыс күн­тізбесі бойынша Жаңа жылы, тағы басқа да түрлі мерекелер шым­кенттіктерге шат-шады­ман қуа­ныш сыйлауда. Сонымен қатар, этнос­тар­дың бірлескен халық­аралық «Қазақ роман­сиадасы», «Играй, гармонь!». «Офарин», «Аскиячилар» сияқты өнер сайыстары, фестивальдері өткізіліп тұ­ра­ды. Этномәдени ор­та­лықтардың бәрі облыс пен қала деңгейінде өтетін барлық ресми іс-шараларға белсенді қатысады. Сонымен қа­тар орталық көркем­өнер­паздары әскери бө­лім­шелер, қарттар, мү­ге­дектер, балалар үй­леріне жиі барып, қызғылықты концерттер қойып тұрады. Достық үйінде сан-алуан үйірмелер, жексенбілік мектептер, көркемөнерпаздар ұжым­дары жұ­мыс істейді. Онда ән-би үйретіп қана қоймас­тан, өздерінің ана тілімен қоса мемлекеттік тілді меңгеруге де барлық жағдайлар жасалған. Бүгінде халықтар достығы үйінде – 14, соның ішінде 6 жауапты қызметкер жұмыс істейді. Біз өткізетін игілікті іс-шаралары­мыз­дың бәрін облыс әкімімен, Оңтүстік Қазақ­стан облыстық Қазақстан халқы Ассамблея­сы­мен, облыстық ішкі саясат басқармасымен келісе отырып жүргіземіз. Облыс бас­шы­сы Ас­қар Мырзахметовтің тікелей қол­дауы­мен «Кө­ңіл­ді тапқырлар клубының» об­лыс­тық, аймақ­тық, республикалық жарыс­тарын өткізіп жүр­міз. Асқар Исабекұлы енді 2000 шаршы метр ғимаратымыздың жанынан қосымша құрылыс салу үшін қомақты қаржы бөліп отыр. Қала әкімі Арман Жетпісбаевтың КТК кубогін өт­кізуі де жақсы дәстүрге айналған. Біз де жұмысымызды барынша жандан­дырып, басты байлығымыз – халықтар дос­тығы, бейбітшілік пен келісімді нығай­туға сүбелі үлес қоса беретін боламыз.

Айдынғали СЫДЫҚОВ, С.Сейфуллин атындағы Достық үйінің директоры.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

КЕЛІСІМ ДІҢГЕГІ

Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті мемлекеттік органдары, облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер өңірдегі этносаралық бірлік пен келісімді сақтау мен нығайтуға айтарлықтай үлес қосуда. Облыстағы Достық үйінде 22 этномәдени бірлестік пен «Ассамблея» корпоративтік қоры орналасқан. Жалпы аумағы 1079,9 шаршы метрді алып жатқан Достық үйінде 154 адамға арналған акт залы мен мәжіліс залы бар. Көп функциялы бұл ғимаратта этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау мен ел ішіндегі тұрақтылықты ны­ғай­ту, Қазақстанда тұратын барлық азамат­тар­ға ортақ тарихи-мәдени құндылықтар мен мұраларды, мәдениет пен салт-дәстүрді сақ­тау бағытында ауқымды жұмыстар ат­қарылуда. Достық үйінде көрмелер, тіл үйрену үйір­мелері тұрақты түрде жұмыс істейді. Әр­түрлі фестивальдер, байқаулар ұйымдастырылады. Бүгінгі күнге дейін облыстың көптеген аудандарында ауқымды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылды. Солардың қатарына «Солтүстік Қазақстан облысын мекендейтін этностардың дәстүрлері мен салттары» атты электронды нұсқасы бар кітапты жатқызуға болады. Облыс аудандарындағы этномәдени бірлестіктерді қолдау бағытында да біраз жұ­мыстардың басы қайырылған. Олар өңірлер­дегі күрделі әлеуметтік мәселелерді оңтай­лан­дыруды, жастармен жұмысты жанда­н­дыруды, мемлекеттік тілді дамытуды, салт-дәстүрлерді сақтауды көздейді. «Этноауыл-Имантау» жобасы жүзеге асырылып, ол қо­ғам мен мемлекеттік органдардың назарына ұсынылды. Құны 100 млн. теңгені құрайтын бұл жоба ағартушылық-иммидждік және та­нымдық туристік бағытты дамытуды бас­шы­лыққа алған. Бүгінде «Қамбар-Ата», «Ұста» секілді бірқатар жобаларды жүзеге асыру жолға қойылған. «Намыс» философиялық-әдістемелік клубы мен «Жас ұрпақ» жастар қанаты да облыстағы этномәдени бірлестіктер жұмыстарын жандандыруға ықпал етуде. Биылғы жылдың маусым айында Петропавл қаласында ауылдық этномәдени бір­лес­тіктердің облыстық байқауы өтті. «Бір ел – бір тағдыр» деген атаумен өткен бұл шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. 6 шілде – Астана күні осы байқаудың жеңім­паздарын марапаттау, Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хаттарын тапсыру рәсімі өтті. Байқаудың қорытындысында Ти­мирязев, Ақжар және Айыртау аудан­дарының этномәдени бірлестіктері жеңіске жетті. Шара жеңімпаздарына тағайындалған 200 мың теңге корпоративтік қор қаражатынан бөлінді. Бүгінде облыста этностарды жұмылдыру мен олардың арасындағы келісімді нығайту бағытында бірқатар жоба-бастамалар қолға алынуда. Биылғы жылдың маусым айында облыстық «Салт-Дәстүр» фестивалінің бірінші кезеңінің өткізілуі – осының айғағы. Бұл шара аясында жергілікті жерлердегі этно­мәдени бірлестіктерге облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Ассамблея» корпоративтік қоры тарапынан тәжірибелік және әдістемелік қолдау-көмек көрсетілді. __________________________

Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.