• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2011

Кәсіби армия – қорғанымыз

467 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік! Жасампаздықтың 20 жылдығы жақындаған сайын осынау бір ауыз сөздің адам жанына ерекше әсер ететін қасиеті мен құдіретін анық танығандай боласың. Жақсы мен жа­манның, асыл мен жасықтың, адал мен арамның парқын айыра білетін жан астарында теңіздей терең мағына, шы­ңыраудай түпсіз тарих жатқанын және пайымдай алады. 1991 жылға дейінгі қазақ елінің әрбір алға басқан азаттық, теңдік деген ұлы ұғымның аясына сы­йып кетерліктей, жатса түсінен, жүрсе есінен кетпеген ата-бабаның сан ғасыр­лық арманы, жүрген жолы, көрген аза­бы сол бір ғажайып тәуелсіздікке ұмты­лыс емес пе? Қаншама қазақтың ханда­ры, батырлары халқының азаттығы үшін қанын төкті, жанын пида етті! Ақын-жырауларымыз жырларына қо­сып, күңіреніп өтті. Амал нешік, елінің, жерінің біртұтастығын, бірлігін сақтап, қасық қандары қалғанша соғысса да, бағзы арман күйінде қала берді. Қана­тын қомдаған мұзбалақша жауларына шүйліккен Ағынтай батырдың Қарасай батырмен мәңгі достығы жоңғарлар шапқыншылығы кезінде тоғысқан жоқ па? Қос батыр ерлік істерімен аңызға ай­налды. Оларды өлім де айыра алма­ды. Елі қос батырын бірге жерледі. Адал достықтың берік символы іспетті олардың бейнелері, ерліктері – бүгін үлгі. Облыс орталығы Петропавл қала­сы­ның қақ төрінде ескерткіш қойылып, Айыртау өңірінде күнмен таласқан күм­без орнатылды. Қазақ хандығының тұ­тас­тығы мен тәуелсіздігі жолында шау тартқанша аттан түспеген жүрек жұтқан ержүрек, «Ақтабан шұбырынды, алқа­көл сұлама» қасіретін «Елім-ай» дас­та­нына арқау еткен арқалы ақын Қожа­бер­ген жырау қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен әскерін бас­қа­рып, жауға қаймықпастан қарсы шап­қан. Елім деп еңірегенде етегі жасқа то­латын мұндай тұлғалар еліміздің әр қиы­рынан көптеп шыққан. Екінші дү­ние­жүзілік соғыстың Ұлы Жеңісі – тә­уелсіздігімізге жету жолының бірі, ға­сыр­лық ұмытылмас оқиғалардың бірегейі. Ж. Қизатов, Т.Позолотин, Ы. Ыбы­раев, Ә. Досмұхамбетов, Е. Дәуітов, Ә. Дәрменов, тағы басқа жерлестеріміз Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыр­ла­ры атанды. Олардың есімдері халық арасында зор құрметпен аталады. Те­рең­нен ойлана қарасақ, халқымыздың бар­ша тарихы тәуелсіздікпен тығыз бай­ланысты екенін көреміз. Міне, Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев әлемге айдай танытқан елімнің Тәуелсіздігінің 20 жылдық ме­рейтойын жұртшылық болып тойла­ға­лы отырмыз. Бұл жай ғана жиын емес, Қазақстанның жеке мемлекет ретінде өсу, өркендеу, даму, төрткүл дүниеге та­нылу кезеңі. «Дәстүрлі ұлтаралық тату­лық­­­­­тың және басқа елдермен тату көр­шілік, өзара пайдалы қарым-қатынасының қажетті элементі ретінде берік те іргелі бейбітшіліксіз мемлекеттің бақытты болашағы жоқ, болуы да мүмкін емес»,  деп есептейтін Елбасы өз халқын игі істерге бастап, жол көрсетіп келеді. Тәуелсіздіктің тірегі – оның армия­сы, ішкі және сыртқы қорғаныс жүйесі. Аз ғана уақыттың ішінде Қарулы Күш­те­ріміз ірге көтеріп, мемлекет өмірін­де­гі рөлі мен маңызы арта түсті. Респуб­лика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н. Назарбаев тәуелсіз ел­дің қорғаныс саласының қалыптасуына тікелей басшылық етіп, замана талап­та­рына сай жоғары сапада жетілдіру мә­се­лесін басты назарда ұстап келеді. Жаңа үлгідегі армия құрудың заңна­ма­лық негіздерін, тұжырымдамасын бекітіп берді. Қиын кезеңнің өзінде Қор­ғаныс министрлігі, Республикалық ұлан жасақталды. Әскери мамандар даярлау қолға алынды. Тәуелсіз елдің тұңғыш Ата Заңы қабылданып, адамдардың құ­қықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше мән берілді. Орталық Азия аймағындағы геосаяси жағдайдың өзгеруі, қауіпсіздіктің жа­ңа қатерлерінің пайда болуы, мемле­кеттің әскери ұйымдарын нарық жағда­йы­на бейімдеу жаңа әскери доктрина қабылдауға әсер етті. Бұл да тереңнен ойластырылған шешім. Әскери доктрина дегеніміз – мемлекеттің әскери қау­іп­сіздігін қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы жанжалдарды болдырмауға, Қа­р­улы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды дамыту мен қол­дануға негіз қалаушы көзқарастар жү­йе­сін білдіретін құжат. Онда бірыңғай мемлекеттік әскери-техникалық саясат жүргізу және мемлекеттік қорғаныс тап­сырысын қалыптастыру туралы анық жазылған. Қарулы Күштерді құру және дамыту тәжірибесі келісім-шарт бойын­ша әскери қызметшілердің, армия­ның тыныс-тіршілігіне барлық жағынан оң ықпал ететінін көрсетіп отыр. Армияда қатаң тәртіп пен әскери қызметші­лер­дің, сарбаздардың жауынгерлік әзір­лі­гі­нен басқа, олардың денсаулығы, азық-түлікпен қамтамасыз етілуі, киім-кешегі бүтін болуы шарт. Онсыз армия бекем бола алмайды. Қазіргі заман армиясын құру – техника мен қару-жарақты жаң­ғыр­ту ғана емес, ең алдымен, заманға лайық әскери қызметші, жаңа кадрлар тәрбиелеу. Кәсіби армия құрудың ірге­тасы ретінде біліктілігі жоғары әскери кадрларды даярлау Қазақстан Респуб­ликасының Қарулы Күштерін жаңарту жолындағы іргелі қадам болды. Бұл тапсырманы біздің алдымызға Жоғары Қолбасшының өзі қойып, іргелі міндеттерін белгілеп берді. Қазір көптеген мемлекеттер Қарулы Күштерін аралас сипатта жасақтауға біртіндеп көшіп жа­тыр. Олардың қатарында Италия, Франция, ГФР, Оңтүстік Корея және басқа да елдер бар. Біздің әскерімізді де кәсіби деп айтуға болады. Себебі Қарулы Күш­тердің 70 пайызын офицерлер мен келі­сім-шарт бойынша қызметкерлерден тұ­ратын кәсібилер құрайды. 1991 жыл, 16 желтоқсан! Әр қазақ­стан­дықтың есінде ерекше сақталатын тарихи оқиға, қуанышты күн! Бұл жы­лы мен Боралдайдағы әскери бөлімнің үгіт отрядының командирі қызметінде едім. Офицерлер арасында қазақ жігіттері аз. Бірге қызмет етіп, күліп-ойнап жүрген басқа ұлт офицерлері елдеріне қайтарда: – «Сендер әскери қызмет істейміз дейсіңдер, арнайы кадр жоқ қой», – дегені. Өздерінше мұқатқан түрлері. Шүкіршілік, 20 жылдың ішінде біз бас­қа мемлекеттерден еш кем емес жоғары білімді әскери кадрлар шоғырын тәр­бие­леп шығардық. Қару-жарағымыз да, әскери техникамыз да талапқа сай. Қа­зіргі таңда қазақстандық әскери қыз­мет­шілер әлемнің жетекші 55 әскери оқу орындарында 160-тан астам маман­дық бойынша білім алады. 1996 жыл­дан бастап күні бүгінге дейін Қазақстан Республикасының 3600-ден астам әске­ри қызметшісі Ресей Федерациясының әскери және азаматтық оқу орындарын, сондай-ақ академиялық және офицер­лердің курстарын тәмамдады. Ресейдің 42 әскери оқу орындары мен оқу орта­лық­тарында оқудың толық бағдарла­ма­сы бойынша және қысқа мерзімді курстарда мыңнан астам қазақстандық әс­кери қызметші даярлықтан өтуде. Біздің армия туралы беделді әскери шолу­шы­лардың бірі В.Литовкин әскери жатты­ғуларды көргеннен кейін «Качеством призывного контингента может похвастаться не каждая страна. Быть офицером и солдатом в Казахстане престижно», деген екен. Қазір бәріміздің маңыз­ды мақсатымыз – мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агрессия­ны немесе әскери жанжалдар тұтанды­руды болдырмау, қоғамды қорғау, елі­міздің саяси және экономикалық мүдде­лерін іске асыру үшін қолайлы жағдай жасау. Сондықтан әлемдік стандарттар бойынша қазіргі заманғы қару-жарақ­пен және техникамен жарақтан­ды­рыл­ған жоғары кәсіби армияның болуы Қа­зақстан Республикасының өмірлік ма­ңы­зы бар ұлттық мүдделерін сенімді қор­ғау шарттарының бірі болып табылады. 1997 жылдан бастап елімізде халық­ара­лық әскери жаттығулар өткізіліп келеді. Осы жылы «Ортазбат» жатты­ғуы­на 6 елдің әскери қызметшілері мен әскери атташелері қатысты. Ол кезде Тәуелсіздік алғанымызға 6-ақ жыл бо­латын. Содан бері «Рубеж-2006», «Дала қыраны», «Әскери достастық-2011», «Шы­ғыс-2011», «Өзара іс-қимыл», т.б. бірлескен жедел-тактикалық оқу-жат­ты­ғулар өткізілді. Елбасы Қазақстан хал­қымен болған тікелей желіде «Қазір­гі әлемде саны көп армиялардың қажеті шамалы. Ыңғайлы, ұтқыр, жақсы жаб­дық­талған, әзірлігі мол армия керек. Армия халқымыз мақтанатындай бол­сын. Өйткені, ол – Қазақстан халқының армиясы. Армиямыздың беделін артты­ра түсейік», деген болатын. Қазақстан – бүгінде даму әлеуеті қар­қынды мемлекет. Қазақтың маңдай­ы­на біткен хас батыр Бауыржан атамыз­дың абырой туралы айтқан мынадай пікірі бар: «Абырой – жеке адамның ар-намысын ұғыну деген сөз. Абыройды жоғары моральдық рухты сақтау жо­лын­да өз өмірін қиюға дейін баруға ниет ету намыс деп аталады». Біздің департаментте әскер қатарына алынушы­ларды шығарып салу шаралары жүйелі өткізіледі. Ондағы мақсат – отансүйгіш қасиеттерге тәрбиелеу. Бүгінгі күні әрбір қазақстандық азамат – қазақ елінде туғанын мақтаныш етіп, өз жерінің патриоты болуға тиіс. Ғасырлар бойы ұмтылған басты байлығымызды – ел тәуелсіздігін сақтауға үлес қосу – әр қазақстандықтың абыройлы міндеті. Бақыт – еліміздің тыныштығы мен бір­тұтастығында. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, бәріміз жұмыла еңбек етіп, қызмет жасауымыз керек, сонда біздің елімізді, Отанымызды қаншалық­ты сүйетінімізді көрсете білеміз. Отанға деген сүйіспеншілік, яғни бейбіт өмірде халыққа адал еңбек етіп, еліміздің жа­расымды одан әрі алпауыт мемлекет бо­луына күш салу. Сондықтан әрбір қа­зақстандық өз еліне, Отанына деген құр­меті мен сүйіспеншілігін іспен дә­лел­дей білуі керек. Ол – әрбір азамат­тың қасиетті парызы. Мұратбек ЗЕЙНУЛЛИН, Солтүстік Қазақстан облыстық қорғаныс ісі жөніндегі департамент­­тің бастығы, полковник.