• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 06 Маусым, 2018

К.Нұр­­баев атындағы қазақ орта мек­тебіне – 90 жыл

1342 рет
көрсетілді

Таяуда Қытай елімен арадағы шекараны бөліп жатқан Тарбағатай тауының теріскейіндегі таумен аттас ауданға жолымыз түсті. Осы өңірдегі тұңғыш мектеп 1926-1927 жылы үш сыныптық тірек мектебі аталып, 1927-1928 оқу жылында жүйелі білім ұясы болып ашылған екен. Балаларын оқу-білімге жетелеген ата-аналардың мектеп төңірегіне шоғырлануы Ақсуат ауылының аудан орталығына айналуына себеп болған. 

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп тегін айтпаса керек. Бүгінде ауданда жеке шаңырақ құрған А.Байқыдыров атындағы музыка мектебі, М.Имашев атындағы балалар спорт мектебі және орыс тілінде оқы­татын мектептердің арасында үш қабатты ғимаратта орналасқан қазақ орта мектебі де жемісті еңбек жолын жалғастырып, ата-аналар қауымы мен мұғалімдер ұжымының, мыңдаған шәкірттері мен түлектерінің сағынып тұра­тын білім ордасы болып отыр. 

Биыл Тарбағатай ауданының орталығында орналасқан К.Нұр­­баев атындағы қазақ орта мек­тебіне – 90 жыл. Саналы ғұмырын жеткіншектерге білім мен тәр­бие беруге арнаған осын­­дағы оқу ісінің майталман­дары мен қамқоршы азамат­тар­дың атында бастауыш сынып, физика, жаратылыстану пәндерінің кабинеттері ашылуда. Аудан жұртшылығы, еліміздің түкпір-түкпірінен келген мектеп түлектері бас қосқан аудандық мә­дениет үйінде өт­кен терең маз­мұнды шежірелі жиын ғасырға жуық тарихы бар білім ұясының мерейін асырып, көпшілік көңілінен шықты. 

Әлбетте, мектеп ұжымы жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру ісіндегі басты тұлға мұға­лім­дерімен, оқуда озат, өне­гелі шәкірттерімен, еңбектің әр саласында ел ықыла­сына бөленген түлектерімен мақ­танады. Мектеп директоры Е.Аб­салямов ұстаздар мен түлек­тердің білім ордасының мерейін өсіретін өлшеусіз қызметін ай­рықша атап өтті. Мәселен, әр жылдары осы мектептің орта білім ордасына айналуына атсалысқан, соғыс жылдарында жауынгерлік ерліктерімен ел құрметіне бөленген Тілеген Қинаубаев, Игембек Төлеутаев, Қасым Сәрсенбаев, Кәрім Нұрбаев есімдері ерекше аталды. Айталық, Зайсан педагогикалық училищесінің отызыншы жылдардағы түлегі, бас-

тауыш сыныптың орыс тілі пәнінің мұғалімі, аудандық оқу бөлімінің қызметкері, 1940-1941 оқу жылында Ақсуат орта мектебінің директоры Тілеген Қинаубаев майданға шақырылып, Мәскеуге әскери десанттар оқуына жіберілді. Сұрапыл шайқаста ерлігімен гвар­дия сержанты атағына жетті. Қызыл Жұлдыз орденін алды. 1945 жылы 16 нау­рызда Венгрия жерінде қаза тапты. Бүгінде Будапешт қаласындағы бауырлас­тар зиратындағы мемо­риалдық тақтаға тасына есімі ойып жазыл­ған. Жауынгерлік ерлік жолының құжаттары еліміз­дің Қорғаныс министрлігінің республикалық әскери-тарихи мұражайы қо­рында сақтаулы. Ұлы Жеңіс­тің 70 жылдығында аудан орталы­ғындағы көшелердің біріне есімі берілді. Сондай-ақ бұрынғы «Ақ мектеп» 1938-1939 оқу жылы орта білім ордасы болғанында бірін­ші директоры Кәрім Нұрбаев соғыстан қайтқаннан кейін жауапты басшылық қызметтер атқарып, мемлекет, қоғам қайраткері дәре­жесіне көтерілген. Үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған. 2001 жылы осы мектепке есімі берілді. Елдің қиыр шетінде, облыс орталығынан 400 шақырым, темір жол бекетінен 300 шақырым шалғайда, жол қатынасы аса қиын кезеңде оқыған, өмір жолы аңызға айналған ақсуаттық түлектердің бірі – Қаби Мыңжанов. Ол жеті­жылдықты бітіріп, Қара­ғанды қаласының жұмысшы факуль­тетіне шақыруды естіп, жол-жөнекей жаяулап, кезіккен арба, маши­намен селбесіп, қалаға жетіпті. Маман жұмысшы оқуын бітіріп, Қарсақпай көмір кені­шінде еңбек жолын бастады. Ауыр жұмыстан қолы қалт еткенде газет-журналға мақала жол­дап, қалам қуатымен танылды. Ағамыздың «Социалистік Қазақ­стан» газе­тіне келу тарихы осылай еді. Ұзақ жылдар бойы аға газеттің өнер­кәсіп бөлімін басқарып, зейнетке шығып, дүниеден өтті. Сөйтіп баспасөзге барын арнаған атамызды о дүниелік болған мұғалімдермен, түлектермен бірге 90 жылдық салтанатқа жиналған қауымның бір минут орындарынан тұрып үнсіз еске алғаны жүректі шымырлатты. Еліміздің аса танымал журналисі Нұрғазы Шәкеев те осы мектептің түлегі. Нұрғазы ағамыздың еліміздің баспа ісіне сіңірген ерен еңбегі, қазақ баспасөзі тарихында сын-сықақ әлемінің көшін бастаған «Ара» журналының бас редакторы болғаны өскен жұрты мен оқыған мектебі ұжымы үшін зор мерей. Сондай-ақ мектепті ерекше биікке көтерген бір шыңы дейтіндей түлегі – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақ­станның еңбек сіңірген архитекторы, 1971-1983 жылдары Алматы қаласының бас архитекторы болған Адамбек Қапанов. Халқымыздың «өлі риза болмай, тірі байымайды» дейтін даналық салтын сақтай отырып, салтанатты жиында сахналық жүгіртпе бейнелерде көрініп, сондай-ақ мінберге көтерілген үлкен-кішінің естеліктерінде олар санамалап аталып, еске алынды. Математикада Тоқ­тар Нұрекенов, әдебиетте Төкен Абдрахманов, Өжікен Тыны­баева, Төкен Ибрагимов, жазушы Ахмет Жүнісов, қазақ тілі диалектология ілімінің білгірі Қабдолла Қалиев, әлем әртісі Балтабек Жұ­мағұлов, заңгер Қадыр Шы­ны­баев, дәрігер ғалым Қи­наят Оразаев, техника ғалы­мы Мұса Шоқаев, подполковник Мәлік Тұрысбеков, мәде­ниет қайраткері Қонысбек Ақжасаров, күрестен КСРО спорт шебері Марат Имашев бар. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. 

Абыройы асқақтаған білім ұясы мұғалімдерінің ел өр­кение­тіне қосар үлесі жылдан-жыл­ға еселене түсті. Шәкірт­тері­нің шам­шырақтай жарқы­раған жұлдызды жолдары жалға­са берсін демекпіз.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері