• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Парламент 08 Маусым, 2018

Қасым-Жомарт Тоқаев Ватикан мен Италияда кездесулер өткізді

615 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағанына ширек ғасырдан асыпты. 26 жыл ішінде екі мемлекет саяси диалог пен мәдени-гуманитарлық және ғылыми ынтымақтас­тыққа қол жеткізді, өзара құрметке негізделген бай­­ланыстар орнады. Әсіре­се, бейбітшілік пен тұрақ­тылықты, дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайту бойынша екі мемлекеттің әріптестігі ерекше мәнге ие.

5-7 маусымда Ватиканда және Италияда сапарда болған Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесулер өткізді.  Қ.Тоқаев әуелі Ватиканда Киелі Тақтың Мемлекеттік хатшы­сы Пьетро Паролинмен кез­десіп, халықаралық күн тәрті­бінің негізгі мәселелері бойынша келіссөз жүргізді. 

Сенат Төрағасы Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипло­матиялық қатынастар орнаған 26 жылда жоғары деңгейдегі өзара толық түсіністік пен сенімге негізделген сындарлы ынтымақ­тастық қалыптасқанын атап өтті. Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің 2001 жылы Астанаға сапары тарихи оқиға болды. Қ.Тоқаевтың айтуынша, бұл сапар қазақстандықтардың әлі есінде, көптеген ұлттар мен конфессиялардың, оның ішінде католик дінінің өкілдері үшін туған жеріне айналған біздің еліміздің ішкі және сыртқы саясатына жоғары баға ретінде санайды. 

Жер аумағы алақандай ғана (0,44 км2) болғанымен, әлемдік қауымдастықта Ватикан қала-мемлекетінің және қолына заң шығару, атқару, сот төрелігі сияқты өз еліндегі барлық билікті шоғырланған Рим Папасының халықаралық беделі жоғары. 1984 жылы италиялықтарға дін еркіндігі берілді. Олардың ішінде әлем бойынша Рим Папасының саясатын жүргізетін 1,7 миллион дін қызметкері, 0,4 миллион священник, екі мыңнан аса монастырь бар. Бұған қоса Ватикан әлемдік қауымдастықта кәсіподақ, жастар, әйелдер, басқа да діни емес ұйымдар арасында да үлкен беделге ие. Оның сыртында Ватикан басшылығы қарулы қақтығыстар, жұмыссыз­дық, кедейшілікпен, аштықпен күрес, тағы да басқа әлемдегі шешуі аса күрделі мәселелерге үнемі араласып отырады және әлемдік қауымдастық олардың пікіріне құлақ асады. Бұл қызмет­теріне кететін шығынды олар өз есептерінен төлейді. Ватикан алтын қоры 13 миллиард долларды құрайтын, дүние жүзіндегі аса бай мемлекеттердің бірі саналады. Осы айтылған ерекшеліктер бұл елдің әлемдік қауымдастық алдындағы беделін еселей түседі. 

Әлем қауымдастығы Рим Папасы Иоанн Павел II-нің Орта­лық Азиядағы мемлекеттер арасында тек Қазақстанға мем­лекет­тік сапармен келуін екі­жақты қатынастардағы ерекше тарихи оқиға ретінде қабылдады. Тиісінше, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев та Ватиканға достық пен түсіністікке негізделген қарымта сапарлармен барып, Астана мен Ватикан арасындағы мемлекетаралық қатынастардың серпінді дамуына негіз салды. Осы ынтымаққа негізделген байланыстарды атап өткен Қ.Тоқаев, жаһандық қауіпсіздікті нығайту және діндер, мәдениеттер мен өр­кениеттер арасындағы үнқа­тысуды жалғастыруға екі мем­лекеттің ұстанымдарының жақын­дығын айта келіп, биылғы 10-11 қазанда Астанада «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында» тақырыбы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI кезекті съезі өтетінін жеткізді және Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Рим Папасы Францискке арналған алдағы форумға қатысуға шақы­руын Ватиканның Мемле­кеттік хатшысы, кардинал Пьетро Паро­линге табыс етті.

Қазақстан астанасына келуге және Съезге қатысуға шақыру кардинал Пьетро Паролинге де берілді. 

Сондай-ақ кездесу барысында Парламент Сенатының Төраға­сы Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысқаны үшін Киелі Таққа алғысын білдірді. Халықаралық көрмеде «Жалпы игілікке арналған энергия: ортақ үйімізге қамқор» тұжы­рымдамасымен қатысқан Ватикан энергия мен тіршіліктің жасампаздығын паш ете отырып, жаһандық энергияны адамзат игілігі мен бейбітшілік ісіне пайдалануға, сондай-ақ энергия көздері баршаға қолже­тімді болуы үшін барлық дін­дерді ынтымақтастыққа шақыр­ған болатын. Ватикан павильоны қазіргі кездегі өзекті мәсе­лелер мен барша адамзаттың болашағы үшін табиғат үйле­сімі маңызды екеніне католик шіркеуі баса назар аударып отырғанын көрсетті.

Өз кезегінде Пьетро Паролин Киелі Тақты Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VI съезіне шақырғаны үшін алғыс айтты. Ол форум әлемге кеңі­нен танымал бола бастағанын атап өте келіп, Ватикан алдағы уақытта да барлық діни наным-сенімді ұстанушылар арасында бейбітшілік пен келісімді орнықтыру жөніндегі Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамаларына қолдау біл­діруді жалғастыра беретінін нақ­тылады.

Қазақстан Сенатының басшысы сол күні Италия Сенатының Төрағасы Мария Элизабетта Альберти-Казеллатимен келіссөз жүргізді. 

Қ.Тоқаев дипломатиялық қатынастар орнаған 26 жылда Қазақстан мен Италия екіжақты ынтымақтастықты дамытуда жоғары табыстарға жеткенін атап өтті. Италия біздің еліміздің үшінші сауда әріптесіне айналды, өзара сауда айналымының көлемі 10 миллиард долларға жетті, 2006 жылдан бері 10 жылда италиялық тікелей инвестициялар көлемі 6 миллиард долларды құрады. 

Кездесу барысында Қазақ­стан­ның көлік-логистика­лық әлеуетіне және Жібек жолының жаңа тұжырымдамасын іске асыруда біздің еліміздің негізгі рөліне баса назар аударылды. Қ.Тоқаевтың пікірінше, Қазақ­стан мен Италия бір-бірінен алшақ орналасса да көліктердің дамуының арқасында екі ел жақын әріптес бола алады. 

Келіссөздер қорытындысы бойынша қарқынды парламен­таралық байланыстарды жал­ғас­тыруға уағдаластыққа қол жетті. М.Э.Альберти-Казеллати Қазақ­станға сапарлап келуге шақыруды қабыл алды.

Жалпы, Рим Қазақстанмен өзінің ынтымақтастығына стра­те­гиялық маңыз береді. Бұл екі ел арасындағы экономикалық, мәдени байланыстардың арта түсуіне себепші болып отыр. Мәселен, Италия мұнайға деген сұранысын Каспий аймағы арқылы шешуге ұмтылады. Сауда-саттықта Қазақстаннан мұнай, табиғи газ, асыл металдар, мұнай өңдеу өнімдері, мыс, мырыш, басқа да түсті металдар мен одан жасалған бұйымдар, қара металдар, мақта, химиялық өнімдер, құрылыс материалдары, машинаға қатысты құрал-жабдықтар экспортталса, Италиядан киім-кешек, аяқ-киім, жиһаз, жабдықтар, тамақ өнеркәсіп тауарлары, көлік, химия және фармацевтік өнімдері әкелінеді.         

Экономикалық байланыстар мен сауда-саттық көлемі жыл санап өсіп келеді. 

Сенат Төрағасы кездесу барысында толымды экономикалық байланыстар туралы айта келіп, Қазақстан 2017 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 9,6 миллиард АҚШ долларын құраған Италияны сауда әріптестері арасында Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші маңызды әріптесі ретінде танитынын айтты және болашақта екі ел арасындағы тиімді байланыстар одан әрі қарқынды дами беретініне үмітті екенін жеткізді.

Әділбек Қаба