Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын оқып шыққанда, қазақ халқының сан ғасырлық аңсаған арманы, неше түрлі қанды қырғындарды бастан кешіре жүріп, жетсем деген мақсат-үміті тізіліп көз алдыма келгендей болды.
Бұл мақаладан түйгенім – қазақ халқының рухани құндылықтарын қалыпқа түсіру, түгендеу, саралау, заман талабын ескере отырып тура жолға қою және дамытуға арналған бағдарламалық құжат деуге толық негіз бар. «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Ол – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», дейді Елбасы.
Бұл ретте рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал. Ұлттық код дегеніміз – қазақ халқының жаратылысы, табиғаты, рухани бітімі, өмір салты. Менің ойымша, қанымызға сіңген ұлттық рухымыз – небір күйзелістерден аман алып келе жатқан темірқазық іспеттес. Рухани құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыруға атсалысып жатқан ел ағаларына алғысым шексіз.
Расында да, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, жалпыұлттық рухымыз бойымызда қалуы тиіс. Қорыта айтқанда, ұлы тұлғалардың құндылықтарға толы мұралары – рухани байлығымыздың қайнар көзі. Бұл байлықты ұрпақ игілігі үшін пайдалансақ, бізді жарқын болашақ күтіп тұрғаны айтпаса да түсінікті. Бұл жаңғыру ұлтымызды өрге, ғұрпымызды төрге бастайды. Сондықтан әрбір жастың санасында «Ұлттық кодым – менің ұлттық мақтанышым» деген патриоттық сезім болуы тиіс. Ұлттық жаңғыру – жас ұрпақты жаңаша ойлап, жаңаша іс істеуге үйретеріне сенімім мол.
Гүлжайна БЕЙСЕНБАЙ,
Б.Момышұлы атындағы
№6 мектеп-гимназияның
10-сынып оқушысы
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Мақтаарал ауданы