ШЫҰ-ның мүше елдерінің экономикалық байланыстарының тереңдей бастауына қатысты тауарлар мен қызмет түрлеріне қолжетімділікті ортақ жеңілдету бағдарламасын әзірлеу – Циндао қаласында өткен ұйым саммитінің маңызды қорытындысы болып отыр. Жалпы соңғы жылдары ШЫҰ өз қызметінің экономикалық бөлігін бұрынғыдан бетер жандандыра түсуде. Бұл заңдылық. Өйткені ұйым мүшелері арасындағы өзара экономикалық байланыстар күшейе түсуде.
Қытай тарапы технологиядан қаржыға дейінгі түрлі сала бойынша ұйымға мүше елдердің барлығына ортақ бірыңғай стандарт енгізу бастамасын көтеріп отыр. Импорт пен экспорттағы орын алатын кедергілерді жеңілдету өзге елдердің экономикасына да пайдалы. Әсіресе Қазақстан ШЫҰ елдерінің нарығына, оның ішінде қытай рыногына еш кедергісіз кіруге мүмкіндік алады. Осы орайда Қытаймен арадағы «Қытайға қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау көлемін кеңейту туралы» екіжақты келісімшартты атап өтуге болады. Осылайша, ШЫҰ елдері аясында экономикалық іс-шараларды жеңілдету мен ортақ стандарт енгізу осындай екіжақты ұйымдасуға ықпал ететін болады.
Қазіргі таңда біз іс жүзінде жинақталған саяси капиталдың экономикалық өзара қарым-қатынасқа біртіндеп ауысуын бақылап отырмыз. Батыс елдерімен саяси мәселелері бар Қытайдың бұл күні өзіне одақтас ШЫҰ-ға мүше елдердің компанияларын өз рыногында көруге аса қатты мән беріп отырғанын біліп отырмыз. Ал ШЫҰ-ға мүше елдер жаңа рыноктың ашылуына байланысты экономикалық байланыстарын әртараптандыруды қолға алып отыр.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ бағдарламасын дайындау туралы шешім ШЫҰ-ға мүше елдердің біріне әлеуметтік тұрақтылық үшін керек болса, екіншілерін құжаттың экономикалық тұрғыдағы пайдасы көбірек қызықтырды. Мысалы, Қытай және Үндістан халқының саны өсуіне байланысты Ресей мен Қазақстан елдерінен жеткізілетін азық-түлік көлемін көбейтуді жоспарлап отыр. Қытайдың өз елін азық-түлікпен қамтамасыз етуі жоғары деңгейде болса да жоғары сапалы өнімді еліне кіргізуге және өз импортын әртараптандыруға құлшынысы өте жоғары. Өз кезегінде Қазақстан отандық ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беретін экспорт көлемін арттыра алады.
Азық-түлікпен қамтамасыз етудің қауіпсіздігі туралы бағдарламаның әзірленуінің қаншалықты нәтижелі боларын болашақта көретін боламыз. Дегенмен ШЫҰ-ға мүше елдер ауыл шаруашылығы саласында бір-бірімен әріптестік орнатуға үлкен қызығушылық танытып отыр.
Антон БУГАЕНКО,
Әлемдік экономика және саясат институтының
сарапшысы (IWEP)