• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Шілде, 2018

Ой айдыны терең толғаныстар (Эссе)

2465 рет
көрсетілді

1

Ерте ғасырларда Шығыста «Сөз кітабы», «Ой кітабы», «Тәрбие кіта­бы», «Аманат кітабы» деген айтулы еңбектер болған. Солардың көбі бүгін­гі күнге жетті.

Ибн-Синаның «Ем кітабы», Ясауи­­дің «Диуани хикметі», Әмір Те­мір­дің «Аманаты», Кей-Қауыс патш­аның «Қауыснамасы», Хан-темір жазған «Хумаюн қағидалары», Мұхаммед Ба­быр­­дың еркін жазбалары, Низамиддин Шамидің «Зафар­намасы», түркі қа­ған­­дарынан қалған «Бұй­рықнама», Шың­­­­­ғыс­ханнан қал­ған «Білік», Руз­бе­хан қалдырған «Сүлік әл-мүлік» (патшалардың іс-әре­кет­тері), Шәміл тура­лы «Дағыстан қылыштарының жар­қылы», Абайдың «Қарасөзі» соның дәлелі.

Жетпей жоғалғандары қаншама? Ар­найы жойылғандары қаншама? Біз білмейтін қоймаларда ғасырлар бойы тұншығып жатқандары қаншама?

XXI ғасырда Халықаралық Абай клубының «Amanat» кітапханасы Қазақ­стан Республикасының Пре­зиден­ті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақыл-парасат кітабын» оқырманға ұсын­ған болатын. Біз сол кітап туралы ой түзеуді жөн көрдік.

Ой толғанысқа толы кітапты оқу, санаға сіңдіру келелі рухани мектептен өтумен бірдей. Бұл кітаптағы ой-толғаныс сені бүкпесіз шындыққа то­лы кеңістікке жетелейді. Сенің бойың­нан желдей жылдам уақытқа төзіп берер аса қуатты күшті талап етеді. Уа­қыт пен кеңістікті бірдей қам­тып иге­ре алған кітаптар ғана аса құнды шы­ғар­малардың санатына қосылмақ.

«Ақыл-парасат кітабы» ой айдыны терең кітаптардың қатарынан.

Бұл кітап – адам тағдыры туралы көркем шығарма емес, тізбектеліп түс­кен адам ойының бұлқынысына ба­ғыш­талған ой әлемі. Адам ойының енді ғана сәуле шашқан таңғы нұрдай жарқыраған бейне суреті.

Дұрысы, адам ойының суреті.

Жанды сурет.

Күрсіндірер, күлдірер, күйзелтер, там­сандырар суреттерге толы толға­ныс­­ты сөз әлемі.

«Ақыл-парасат кітабын» адам ақы­лынан адасуға шақ қалған ХХІ ғасырда ұлан-ғайыр Дешті Қыпшақ даласында дербес мемлекеттің қабырғасын қа­лаған, Нұрсұлтан Назарбаевтың ала таң­нан қара бұйра түнге дейін дамылсыз ойға бөккен тірлік қамалының, «қа­ра терді төккен, қызыл қанды жү­гірт­­кен» рухани тыныс-тіршілігі деп біл­ген дұрыс.

«Ақыл-парасат кітабы» ерен тұлға­ның қара басының қамын емес, туған елінің бақытын аңсаған толассыз ой керуені. Қазақты қалай өрге сүйреп шығарсам деген үкілі үміт пен қалың күдікке толы ашық толғаныс.

Намыс толғанысы.

Рух толғанысы.

Жеңе де білген, жеңіле де білген пенде толғанысы.

Жаңыла білген жақ, сүріне білген тұяқ толғанысы.

Асылы, адам туралы Ана-Жерден ту сонау Ғарышқа дейін тартылған үздіксіз ой тізбегі.

Ал дәл осындай аласапыран заманда, қиямет толғаныстармен жанды қинау, Алла тағала таңдаған тұлға ғана бекінер тәуекел.

Сол тәуекелден тартынбауды Нұрсұлтан Назарбаев хош көріпті. Ықы­­лым замандардан бері ата-баба­­ла­рымыздың көңілі сенгені де, жаны қалағаны да тәуекел тірлік бол­ған. Елбасы сол тынымсыз жолды таң­дапты.

Сананы сандалтар ойларды бір жүйеге жыю қанша қиын болса, ой толғанысқа толы кітап туралы ой айту онан да өткен қиямет, асылы азап десем болар.

Әуелі кітап сөзіне жол берейік, оқыр­ман.

«Бұл дүниеде біздің бір ғана Ота­нымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан».

«Отаны жоқ адам – тамырсыз, тұр­­лау­­сыз қаңбақ сияқты».

«Отаншыл болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа риясыз сеніп, қоғамға қыз­мет ету. Бірақ Отаныңның тарихын, ана тіліңді, шық­қан тегіңді білмей нағыз отаншыл бола алмайсың».

«Менде туған елімді дамыған ел­дер­­дің санатына қосудан асқан мақ­сат жоқ».

«Ел болу үшін ұлттық рух, ұлт­тық қа­сиет және ұлттың өзіне деген нық сені­мі болуы қажет».

Нұрсұлтан Назарбаев халқының сан-салалы тірлік аясын жіті зерде­лейді. Перзенті ретінде де, Президенті ретінде де халқының бүгіні мен ертеңін қатар өрбітіп, өткенін жинақтап, то­лық­тырып отыруды азаматтық салты қылып ұстанған. Бұл ірі тұлғалар ғана бекінер тастүлек мінез. Елбасының ой аясы қашанда кең, қашанда терең болуы керек екенін осы кітап растап бергендей. Өкінішке қарай баба­лары­мыздың жазғандарын сақтай ал­май, көбіне иелік те жасай алмай, жат­тың қолында қалдырып кетіп отырдық. Жоғалғанымызды жоқтауға, асылымызды сақтауға салақтау халық екеніміз рас.

Абылай хан мен Кенесары ханның ой аясы да, сөз аясы да біздерге ер­кін жет­­пей жолда қалды. Шоқан, Махам­бет, Абай еңбектері де бізге түгел жет­кен жоқ.

Қазақ тарихының беттері алым-жұ­лым жыртылған, кей тараулары бүтіндей түбімен жұлынған ескерусіз қал­ған көне кітапқа ұқсайды. Бұл қазақ тарихының ғана емес, бүтіндей түркі халықтары тарихының тас-талқан болған, асылы ойрандалған бейнесі.

Орыс патшайымы ІІ Екатеринаның «Түркі халықтары туралы де­рек­терді тарихтан жойыңдар. Кітап­тарын өртеңдер. Оларға ертеде кім болған­дарын естеріне салмаңдар. Еске сала берсеңдер, олар әлемді тағы бір жаулап алулары мүмкін. Жаулайтын болса, бізге аяныш болмайды», деген сөзі бар. Сонан да түркі цивилизация­сы туралы деректердің бәрі аяусыз құртылған.

2

Екі жүз томдық «Amanat» кітап­ханасында түркі дүниесі, түркі әлемі атойлап рухани болмысын көрсетеді. Өзге өркениетті мемлекеттер құлақ ас­паған, жандарына дарытпаған түр­кі әдебиеті ерекше тереңдігімен, адам­­гершілік биігімен ғасырлар қой­науынан дауыс көтереді.

Алыстан талып жетер сол сөздерге құлақ асайық, оқырман.

Анахарсис

(шамамен б.з.д. 555 жыл)

Сенің сенгенің –

Сыбызғы сырнай мен ақшалы

әмия­­­­ның,

Менің сенгенім – садақ пен жебе.

Сондықтан да сен – сауықшыл

дүниенің құлысың,

Ал мен – еркін азаматпын ...

Қарлұқ Кегменер Үлгеұлы

(б.з.д. 760 жыл)

Шығыстан келген қорқаулар

тонау­да туған жұртымды,

Құтқарар шара таба алмай,

жүрегім менің бұлқынды.

Тоныкөк

(VII ғасыр)

Аты, даңқы өшпесін деп,

Түркі халқы үшін

Түн ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым

Қызыл қанымды төктім.

Қара терімді ағыздым

Күш-қуатымды аямадым

Інім Күлтегінмен бірге

Өліп-тіріліп жерді ұлғайттым.

Әбу Насыр әл-Фараби

(X ғасыр)

Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,

Әкімдікке күллісі жүгіреді.

Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,

Жаным менің түршігіп, түңіледі.

Махмұт Қашқари

(XI ғасыр)

Өзгерді заман күймелі,

Парасатты ой сиреді,

Естіні есікке сүйреді,

Білімсіз зұлым басшы боп.

Қожа Ахмет Ясауи

(XII ғасыр)

Жалмардай жұтқынына

жарты әлемді,

Құмарым ішпек-жемек арта берді.

Сазайын Сұм құлқынның

тартам енді,

Бетім жоқ Хазретке қалай

барам?!.

Көрмей ме таңда Махшар

зарымды Алла,

Көз тіксе таразыға тартылғанда -

Қылмысым бастан

асып-артылғанда,

Бетім жоқ, Хазретке қалай

барам?!.

Ахмет Иүгінеки

(XII ғасыр)

Адамгершілік – үй, қарапайым­дылық­

оның іргетасы сияқты.

Пайдасыз егестен,

орынсыз күлкі­ден­ сақтан.

Махамбет

(XVIII ғасыр)

Арғымақтың баласы

Аз оттар да көп жусар –

Талаудан татқан дәмі бар.

Азамат ердің баласы

Аз ұйықтар да көп жортар –

Дұшпанға кеткен кегі мен

Барымтаға түскен малы бар.

Соларға ілесе ұлы венгр қыпшағы дауыс қосады.

Шандор Петефи

(XVIII ғасыр)

Қайда кеткен мадьярдың қуаты?!

Қас-дұшпанын өз қанына жуатын?!

Әлде біздер жасықпыз ба? Аналар –

таусылған ба қайсар ұлдар туатын.

Бұның бәрі заманалар қойнауында ұмыт болған түркі дүниесінің жан ай­ға­йы.

Намыс оты.

Рух сыры.

Бабалар үні.

3

Қазақстан Республикасының Пре­зи­­­ден­ті халқының өткен қанқұйлы тарихын да, сөздері халқына толық жетпей қалған әулиелері мен хандарының өксікті өмірлерін де жақсы біледі.

Сонан да көне замандағы көне бабаларымыздай Нұрсұлтан Назарбаевтың ісі – сөз, сөзі  іс болып қалыптасқан. Ол туралы Президент былай деп ой кеседі:

«Мен ешқашан қолдан келмейтін іске уәде берген емеспін, ал уәде берген екенмін, орындап болғанша жаным тыным көрмеген».

Бұл жауапты адамның жауапты сөзі. Елбасы солқылдақ болса, елі қандай болмақ?!. Елбасына мәрттік пен өжеттік, ақыл мен парасат жарасады.

«Қазақфильмде»: «Бізге өжет ұлдар қажет. Соларды тәрбиелеу керек»,  деп айтқан сөзінде арман тұрған.

Өмірдегі ақыл-парасаты, саясаттағы әдіс-амалы, басына біткен кісілік мінезі Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдегі салиқалы саясаткерлердің қатарына қосты. Туа біткен мәрт мінез, ерекше байқампаздық Елбасының адамдық келбетін айқындай түскен. Әлемнің қай басшысы болса да, Қазақстан Республикасы Президентінің сырға толы бет-жүзін, байыптап айтар кемел ойын, қашанда ашық пікірталасқа атойлап шығар жанкештілігін ерекше құрметтейді. Президенттің адам­гершілігіне, көңілінің ақтығы мен ашықтығына күмән келтірмейді. Елбасының өзі де ешкімді алаламай, барлығына бірдей таза ықыласпен, шын пейілмен беріле сырласатынын қай-қайсы да жақсы біледі.

Нұрсұлтан Назарбаев алып Қытай мен империя құруды аңсаған Ресей ортасында сынадай еніп сіресіп жатқан Дешті Қыпшақ даласының өз ойы, өз арманы, өз тіршілік аясы бар екеніне өзгенің көзін жеткізді. Бес құрлықтың халқындай, қазақ халқының қаны да қызыл, жаны да таза, ойы да ашық, тілеуі де анық екенін мойындатты.

 «Ақыл-парасат кітабының» басты ерекшелігі келісті ой құдіретінде. Осы­ған орай көне Шығыс ғұламала­рының бірі айтқан сөз еске түседі.

«Кәміл ақыл тұрғысынан зерделеп қарағанымда, сөзден асыл, сөзден асқақ ешнәрсе таба алмадым. Сөзден артық күш болғанда, Алла тағала оны Пайғамбарына білдірген болар еді», деген.

Ат тұяғынан жаратылған қазақ үшін сөзден қуатты, сөзден асыл құді­рет болған емес. Бабаларымыз жығыл­ғанды сөзбен көтерген, жылағанды сөзбен жұбатқан, дұшпанды сөзбен тоқтатқан.

Сөз – дертке дәрмен болар ем, жас­қа ұлағат болар тәрбие, келешекке аманат қылып қалдырар асыл мұра.

Сөз өнері қазақтың қанына сіңген таусыл­майтын байлық.

Жастайынан тамыры тереңде жат­қан түгесілмейтін қазақ ойының қаза­нынан сусындаған қазақтың дара ұлы Нұрсұлтан Назарбаев сөзді түстеп те, салмақтап та, астарлап та таниды. Сөз қасиетін таныған адамның жаны да, ары да таза болуы керегі белгілі.

Ана-Жерде уақыт пен кеңістік сынынан қара үзіп дара шығар жандары ақиқатқа суарылған санаулы тұлғалар бар.

Ұлы жазушылар мен ұлы кітаптар уақыт өткелінен сұрыпталып өткенде, ұлы жазушының емес, ұлы кітаптың аты қалғанын дұрыс санаймын. Есіңізге түсірейін, оқырман:

«Соғыс пен бейбітшілік», «Өлі жан­дар», «Қарасөз», «Ағайынды Кара­мазовтар», «Абай жолы», «Гамлет», «Шағала», «Тынық Дон», «Моби Дик», «Шал мен теңіз» – бұл тізім көп те емес. Бірақ мұндай асыл тізім бары ақиқат. Сол тізімді мен ылғи санамда ұстай­мын. Сен де оны санаңда ұстап бақ, қадірлі оқырман.

«Қарасөз» кітабынан:

Мен көрдім дүние деген

иттің көтін,

Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін

Ойлы адамға қызық жоқ

бұл жалған­да

Көбінің сырты бүтін, іші түтін.

Абай бабамыздың осы сөздеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың тегеурінді ой легі ілеседі.

«Ақыл-парасат кітабынан»:

«Қазақтың ұлы болсаң, қазағыңа жаның ашыса, қазақтық намысың болса, қазақтың дүние жалғандағы жалғыз мемлекетінің өсу, көркею, нығаю жолында жаныңды сығып, қара теріңді төгіп еңбек ет. Жердің де иесі, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!»

«Дауы таусылмас елдің жауы да тау­сылмайды».

«Өсер елдің баласы арманшыл болса, өшер елдің баласы жанжалшыл болады».

«...Отандастарымнан бөлек уайымым да, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені болса да елмен бірге көремін, ел­мен бірге төземін, елмен бірге жеңе­мін».

4

Тән жолы өлшеулі, жан жолы өл­шеу­­сіз. Көк аспанның астында мәңгі еш­теңе жоқ.

Ел де.

Жер де.

Адамзат та.

Бәрінің ғұмыры шектеулі. Бәрінің тағдыры аспанда анық жазулы. Бірақ қай халық болса да өз елінің мәңгі жасағанын қалайды. Тәңірден соны тілеу етеді.

Ана-Жер адамзат баласы үшін бекет екенін әл-Фараби бабамыз сонау Х ғасыр­да айтып та, жазып та кеткен.

Сол бекетте Ана-Жері үшін, Адам­зат баласы үшін, Туған халқы үшін, Ана тілі үшін, жандарын шүберекке түйіп еңбек еткен отаншыл тұлғалар туады. Солардың легі таусылмасын.

Сол Ана-Жердің бақыты үшін ғұмыр­­ларын сарп етер халықтың өжет ұл-қыздарының легі де сарқылмасын.

Сол Ана-Жерге Тәңірім адал ақын­дар мен көзсіз батырларды жіберуін де тоқтатпасын.

5

Дәл осындай ғарыштық ритм толас таппай қозғалар болса, Ана-Жерде ғұмыр кешкен Ұлы тұлғалардың есім­дері ел есінде мәңгі сақталады.

Адамзат ойының кемелділігі кемі­месе, өрби өсе беретін болса, Ана-Жер­де дүниеге келген ойшыл кітаптар өшпей­тін мәңгі ояу ой мұхитында еркін тербелетіні айдай ақиқат.

Адамзат баласы сол күнді жақын­дату үшін жанын салуын доғармасын.

Сонда ғана елі үшін елжіреген тең­дессіз тұлғалар ел есінен ажырамайды.

Сонда ғана ұлы кітаптар өлмейді.

Халқына мәңгі ғұмыр тілеген Кон­фуций еді, сол қасиетті ойшылдың тілеуі Қытайдың аспанында айдай жар­қырап жанып тұр.

Қай халық та сол аспанға қызыға да таңдана қарайды.

Ал мен дербес елдің дара көсемінің тынымсыз ауыр ойларға толы «Ақыл-парасат кітабын» әлемнің ұлы ойшылдары мен жазушыларының көшіне қосып жіберіп, соңынан ақ тілеу тілеп қарап тұрмын.

Асыл Ана-Жердің бір төрі Дешті Қыпшақ даласына мәңгі ғұмыр тілейік, асыл қазақ жұрты.

Ана-Жер үшін, Ана-Отанның намысы үшін өлімге бас тігуге қашанда дайын тұр; ол үшін қорғанба да, қорық­па да.

Ол ақ өлім!

Ол Алла тағаланың саған арнаған қасиетті сыйы екенін біл!

Сен соны ұқ, ардақты қазақ оқырма­ны. Сол ойды жүрегіңе жеткізіп бақ!

Құдай тағала бізді өз елімізде құл болу­дан сақтасын.

Мынау алмағайып сатқын заманда жапа-жалғыз қалған кезіңде, мүжілген қара диваннан басыңды көтеріп кітап сөресіне қолыңды созасың, әрине Ал­тын Сөреге. Қолыңа сол сөредегі қай кітап түссе де қателеспейсің, батыл аш та оқи бер, бұл сенің рухыңды шың­дайтын, намысыңды қайрайтын, ар­маныңды асқақтатар асыл сөздер. Сол Алтын Сөреден «Ақыл-парасат кітабы» да алақаныңызға қонар. Сол сәтті қапы жіберіп алып жүрме, оқырман деп ой тербеген, қазақтың болашағының нұрлы болуына имандай сенген –

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ

Жидебай, Дешті Қыпшақ даласы