• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Шілде, 2018

Қоқыста қомақты қаржы бар

792 рет
көрсетілді

Астана тұрғындары шикізат қабылдайтын эко-пункттерге қоқыс өткізіп, ақша таба алады. Бүгінде елордада «Astana clean time» компаниясының 9 қоқыс қабылдайтын пункті орнатылып, жұмыс жүйелі жолға қойылып үлгерген. Компания оның санын жыл соңына дейін 31-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Қоқыстың бір килосы 20 теңге мен 70 теңге арасында бағаланады.

«Astana clean time» ком­па­­ниясының бас директоры Тимур Исмагуловтың айтуын­ша,­ қоқысты қабылдайтын пункт­­терді салмас бұрын «Жас Отан» жастар қанатымен бір­ле­се жүр­гізілген әлеуметтік сау­ал­нама нәтижесінде астана­лық­тардың 70 пайызы жобаға қол­дау білдірген.

«Идея осы жылдың басында пай­да болды. Біз өзге елдердің тә­жі­рибесін зерттедік. Соның ішінде Жапонияның қоқысты жинау жүйесін қабылдадық. Жобаны «Жасыл таңдау» деп атадық. Ең бірінші экожайды «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешеніне қойдық. Әрі қарай «Достар-1», «Достар-2», «Арман қала», «Эдем палас» тұрғын үй кешендеріне және «Шапағат» базарына орналастырдық», дейді Т.Исмагулов.

Қазіргі таңда экожайларда шикізаттың 11 түрін, оның ішін­де макулатура, ақ қа­ғаз, қа­ңылтыр құты, полиэти­лен, стрейч қаптама, пластик бө­тел­ке­лер, алюминий құты қал­дық­та­рын қабылдайды. Баға килограммен есептеледі. Кәсіпорын жыл соңына дейін Астанада тағы 22 экожай ашуды көздеп отыр.

«Баға әзірге 20-дан 70 теңгеге дейін, ал оны көтеру нарықтың қалай жауап беретініне бай­ланыс­ты болмақ. Жобаны бас­та­мастан бұрын нарыққа тал­дау жасадық. Назарбаев универ­си­тетінің ғылыми тобымен бір­ге жұмыс істедік. Ай сайын Аста­нада 6 мың тонна картон по­ли­­гонға шығарылады. Біздің мақ­сатымыз бизнес ретінде ақша табу болса, екіншіден эко­логиялық маңызын да ойлап отыр­мыз. Полигонға шыға­ры­латын қоқыс көлемін азайтуды көз­дейміз», деді Т.Исмагулов.

Әр қабылдау пункті күніне қайталама шикізаттың 500 килосын қабылдай алады. Қанатқақты жоба алғаш қолға алынған кезде тұрғындар күніне 20-30 кило ға­на өткізген. Пункттерде қо­қыс­ты кімдер қабылдап алады де­сеңіз, мұнымен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған адамдар айналысады, яғни экожайларда зейнеткерлер, мүгедектер жұмыс істейді.

«Жиналған қоқысты база­мыз­ға таситын арнайы 5 экомо­биль сатып алдық. Тағы да 3 көлік алмақшымыз. Шанхай ба­зар­ындағы базамызда қоқысты өң­­дейміз. Ал картон, макула­тура, пластикті Петропавл мен Ал­ма­тыдағы компанияға жө­нел­­те­міз. Шикізат шетелге шы­ға­рыл­майды», дейді компания директоры.

Азаматтар жинауға оңай материал картонды жиі өткізеді. Жұ­мыс күндері 15-20 адам қоқыс өт­кіз­се, демалыста олардың са­ны арта түседі. Компания қыз­мет­керлері балалардан қоқыс қабылдамайды. Балалар ата-анасымен, ересек туыстарымен келгенде ғана кәсіпорын қызметкерлері қоқысты өлшеп, ақша береді.

 

«Astana clean time» дирек­торының орынбасары Клара Иса­қызы мемлекет тарапынан осындай компанияларға қолдау болса, бұл кәсіптен жақсы табыс табуға болатынын айтады. Себебі Еуропа, Америка елдері қоқыс өңдеуді табыс көзі ретінде энергия өндіру, табиғи ресурстарды үнемдеу мақсатында қолдайды.

«Халықтан, шетелден келген қонақтар мен шетелде оқып келген жастардан осындай сұраныстар жиі түсті. Адамдар қоқысты үйінен сұрыптап өткізбейді. Сол себепті біз үйлерге, аулалар арасына осындай экожай орналастыруды ұйғардық. Қазір Астанада он шақты экожай бар, сегізі толық жұмыс істеп тұр. Макулатураны көп жинай алмайсың, кез келген жерге қоя да алмайсың. Же­ке­меншік иелігі бар адамдардан рұқсат сұрап немесе пәтер иеле­рінің кооперативінің келісімі бойын­ша жерді жалға алып, өз қара­жа­тымызбен экожайларды сал­дық», дейді ол.

Жалпы бұл бағыттағы жұмыс­тар елімізде жылдан жылға жолға қойылып келе жатыр. Айталық, былтыр тағы да елордамызда Дүниежүзілік қоршаған ортаны қор­ғау күніне арналған «ЭкоАсар» шарасы ұй­ым­дастырылып, шара аясында азаматтар қо­қыс тапсырып, бағалы сыйлықтар ұтып алу­ға мүмкіндік алған болатын. Сол кезде Астана қаласы әкімдігі мен өндірушілердің кеңей­тіл­ген міндеттемелері операторы қатты тұр­мыс­тық қалдықтарды екі фракцияға бөліп тас­тау­дың қанатқақты жобасы аясында 2018 жыл­­дың шілде айынан бастап қала­дағы 2070 қо­қыс алаңына 6 275 контейнер қойылады деп хабар­лаған.

Одан бөлек, елімізде IT уни­вер­ситетінің түлектері Айбек Рахым мен Ерсұлтан Налихан, сон­дай-ақ «Ақпараттық жүйелер» сала­сында оқып жүрген Елнұр Жек­сенов есімді жігіттер «Tazalyk» қосымшасын жасағанын ақпарат құралдары жариялаған болатын. Жоба авторларының айтуынша, «Tazalyk» қосымшасы арқылы да қоқысты сатуға болады.

«Қазіргі таңда еліміздегі қо­қыс­тардың 5-7%-ы ғана қайта өң­деуден өтеді. Қалған 93-95%-ы қоқыс полигонына жіберіледі. Оның қоршаған ортаға зиян тигі­зетіні айтпасақ та белгілі. Сол се­бепті қайта өңдеуге жіберілетін қоқыстардың үлесін көбейту керек. Қазіргі таңда Алматыда қоқыс жинайтын 40 пункт бар. Онда қоқыстарды әртүрлі категориялары бойынша тапсыруға болады. Сол үшін ақша аласыз. Көп адам бұл туралы біле бермейді. Білген күнде де қоқысты арнайы пункт­ке апарып тапсыруға ниеті жоқ», дейді А.Рахым.

Шынымен де кез келген қала тұрғыны үшін өзі тұрып жатқан шаһардағы барлық қоқыс жинау пункттері туралы, олардың жұмыс істеу уақыты, қоқысты қалай, кімге апарып беруге болатыны туралы, қандай қоқысқа қанша ақша төлейтіні жөнінде ақпарат беретін платформа керек. Өз идеяларын жетілдіру үшін жас жігіттер Астанадағы Назарбаев уни­вер­ситетінің nFactorial инкуба­торына қатысқан. Екі ай бойы оқып, қалған бір айдың ішінде өз өнім­дерін шығару керек болған. «Мен осы қосымшаны IOS-қа арнап жасадым. Бұдан кейін Ал­маты қаласының әкімдігі ұйымдас­тырған «Жас кәсіпкер» конкурсы­на қатыстым. Осы кезде команда жасақталып, жаныма Елнұр мен Ерсұлтан қосылды. Олар «Ta­zalyk» қосымшасын Android бағ­дарламасына жасады. Конкурсқа қатыстық, бірақ қалалық әкімдік қызығушылық танытып, қолдау білдірген жоқ», дейді Айбек.

Жоспарлы жобалардың біразы елімізде іске асырылып келеді. Бұл қатарға жуырда Астанада бірінші рет өткізілген «Green Heroes» халықаралық конференциясының жұмыстарын да қосар едік. Онда ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде елімізде алғаш рет «жасыл» сенбілік өтетіні хабарланған болатын. Аталған шара да қоқыстарды ірік­теп жинайтындығымен ерекшеленеді. Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауым­дас­тығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов айтып өткендей, Еуро­паның дамыған елдерінде қоқысты шикі­зат көзі ретінде пайдаланып жатқан­дығы белгілі. Яғни қоқысты өңдеу технологиясы жоғары дәрежеде жолға қойылған. «Қазақстанда да қоқысты өңдеу тәжірибесі жоқ деуге келмейді. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың жақсы жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Себебі бүгінде Қазақстанда жалпы қоқыстың 7 пайызы қайта өңделеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш 1-2 пайыз ғана болатын. Әрине бұл көлем жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айту керек», дейді Елдос Нұрболұлы. Оның пікірі елімізде қоқыс өңдейтін компания­ларды ынталандыру тетіктерін қарастыру керек дегенге саяды. «Яғни 1 кило пластик немесе шыны болсын, болмаса электр құрылғыларды қайта өңдеу болса да мемлекет тарапынан қаражат берілетіндей жағдай жасау керек», дейді басқарма төрағасының орынбасары.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»