• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Тамыз, 2018

Ауылдық кооперативтерге серпіліс керек

500 рет
көрсетілді

«Аршалы» брендімен сатылатын сүт өнімдерін өткізуде еш қиындық жоқ. Тұтынушылар өнімнің сапалы екендігіне әлдеқашан көз жеткізген. Санаулы уақыттардың ішінде пышақ үстінен бөліп алады. Дегенмен барлық сүт өндіруші кәсіпорындардың ісі сүттей ұйып тұрған жоқ. 

– Өнім түрлерін де көбей­ту­деміз, – дейді «Капитал Натур Про­дукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Вальдемар Хильдт, – өндірісті де ұлғайта алар едік. Тек сапалы сүт жетіспейді.

Бұл мәселе жалғыз осы кәсіп­орынға немесе Аршалы ауданына ғана қатысты емес, жалпыға ортақ жай болып отыр. Сүт өнімдерін өн­дірушілер қазір өндірістің то­лық қуатында жұмыс істей алмай отырғандығын айтып зар илейді. Отандық өнімдер табиғи, сан мәрте сынақтан өткен сапалы болса да, одан әлдеқайда арзан импорттық өнімдермен бәсекеге түсе алмай отырғандығының бір себебі осында жатыр.

Ұсақ тауарлы өнім өндірушілер әзірге кәсіпорындардың қажетін толық көлемінде тауып бере алмауының бірнеше себептері бар. Айталық, жеке шаруада екі-үш бас сауын сиыры бар екен делік. Жазғы маусымда сиыр екі рет сауылады. Таңғы және кешкі сауын. Таңғы сауындағы сауылған сүтті кешкі сауынға дейін сақтаудың өзі ауыл тұрғындары үшін мұқыл сиырдың мүйізін сырқыратқандай мәселе. Ал екі рет тасымалдау сүт өңдеуші кәсіпорындар үшін басы артық шығын. Өйткені жанар-жағар май қымбат. Жүздеген шақырымнан тасымалдау қажет. Тығырықтан шығар төте жол жоқ емес, бар. Ең алдымен жергілікті жерде ауыл тұрғындарының бірер қарасынан сауған сүтті қабылдап алып, екі сауынның басын қосып сүтті салқындатқышта сақтайтын орын ашу қажет. Сонда ғана сүттің өзіндік құны арзандап, өңдеуші орын мол сүтке мелдектейтін болады. Әрі жаңадан жұмыс орындары ашылады. Сүт сапасының өзі әртүрлі. Біреуінің майлылығы жоғары, ал енді біреуінікі сәл кемшін. Бір жағы ашылған орын сүттің майлылығына ғана емес, тазалығына да көңіл бөлер еді.

Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігінің ақпаратына қарағанда, ел тұтынатын ет пен сүттің 82 процентке жуығы бағымындағы бірер қарасы бар ауыл адамдарының есебінен өтеліп келе жатыр екен. Осы арада жекені біріктіретін, қуатты күшке айналдыратын селолық кооперативтерге соны серпіліс қажет болып отыр. Салаға серпіліс бітсе, ауыл шаруашылығы бизнесінің тиімділігі көп-көрім жақсарып қалар еді. Жұмысты алға бастыруға заңдық тұрғыдан демеу де бар. 2015 жылдың қазан айында қабылданған «Ауыл ша­руа­шылығы кооперативтері туралы» Заңына сәйкес, жұмыс істеу­ге әбден болады. Мемлекет бұл та­раптан айтарлықтай көмек көр­сетіп отыр. Өткен жылы ғана ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қолдау көрсету мақсатында 25 мил­лиард теңге қаражат бөлінген. Министрліктің ақпаратына қара­ғанда, құрал-жабдық сатып алу­ға 329 ауыл шаруашылығы коо­перативі қатысқан.

Ең өкініштісі, құрал-жабдық сатып алуға несие алған кооперативтердің бір бөлігі өндірістік қуатын толық көлемінде пайдаланбай отыр. Тіпті арасында бір мәрте де пайдаланып көрмегендер бар екен. Мемлекет тарапынан бөлінген қаражат көзін таппаған соң бұл ісіміз ағаш оқпен аң аулаған тәрізді болып шықпай ма?..

Кәсіпкерлердің айтуына қарағанда, бағдарламаның болашағы зор. Тек осы бағдарламаны түзген мамандар жергілікті жердегі тыныс-тіршілікті толайым білмейтін тәрізді. Сүт өнімдерін өңдеуші кооперативтер әзірге ештеңе ұтпаған. Бұрын сүттің әр литрін 80 теңгеден сатып алса, әлі де сол баға ұсталып отыр. Кәсіпорын қабылдайтын сүт көлемі де өсе қоймаған. Бағымдағы мал басы да бұрынғы деңгейде. Мал сүмесімен күн көріп отырған қарапайым халықтың қорасына кіріп-шығатын қара малдың басы өзгеріске түспеген. Әр литр сүтке бөлінетін 10 теңге субсидияны қалауларынша жұмсайды. Оған хақылары бар. Ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшесі ретінде мал басын көбейтуге, өнімін молайтуға міндеттейтін ешбір тетік жоқ. Мәселен, «Аршалы» ауыл шаруашылығы кооперативіне қажетті сүттің 50 проценті ғана жеткізілуде. Жекеменшік сүтінің жарым-жартысын кооперативке қатысы жоқ дайындау орындары сатып алуда. Сапасын жақсартуға да әсерін тигізе алмаған.

– Кейбіреу сауын алдында шелегін тазалап жуса, енді біреуі жумауы да мүмкін, – деп күйінеді өңдеуші кәсіпорындардың өкілдері, – кім кінәлі екендігін қайдан табарсың. Ал бұл біз үшін шығын. Тұтынушылар да салақтықтың салқынын сезінеді. Осыдан барып өнім сапасы нашарлайды. Сенімге селкеу түседі. Құрал-жабдықта да кінәрат пайда болуы мүмкін.

Осы тығырықтан шығу үшін әр кооперативте ұжымдық жауапкершілік болуы керек. Сонда ғана іс бағытын оңынан туғызуға болады. Әрине, кәсіпорынға тапсырылатын сүттің сапасын бақылаушылар іріген, лас сүтті қабылдамайтыны белгілі. Бірақ бұл жерде ең алдымен дәмі мен түріне ғана назар аударылады ғой. Енді осы талапқа әрбір сүт тапсырушының ұятын үстемелесек, ұшпаққа шығар едік дейді олар.

Сүт өңдеуші кәсіпкерлердің айтуына қарағанда, әзірге селолық кооперативтер субсидия алу үшін ғана құрылған тәрізді. Бастапқы мақсат тұтасу, бірлесе еңбек өнімділігін арттыру болатын. Тиімді тұсы да аз емес, жылдық өсімі 6 процентті құрайтын жеңілдетілген несие де алуға болады. Жалпы кәсіпкерлерге тиімді жағдай туғызылуда. Сүт қабылдайтын орындарға қажетті жабдықтармен қатар сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарға қаншама құрал-жабдық сатып алуға жол ашылып отыр. Егер әр литр сүтке бөлінетін 10 теңге көлеміндегі субсидия кооперативтің кассасында қалса, олар жекеменшік мал бағушыларға мал азығын жинауға және сүт сауатын аппарат сатып алуға көмек көрсете алар еді. Қазір субсидия бар болғаны село тұрғындарына көрсетілген әлеуметтік көмек тәрізді.

«Родина» АФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Иван Сауэр кооперативтер туралы сұхбатында былай деген еді:

– Кооперативтер ауыл шаруашылығына күш-қуат беретін бұлшық ет тәрізді. Біз алдағы уақытта өндірістің ұйымдасқан түріне көшуіміз керек. Сонда ғана сапа, өнім көлемі, еңбек өнімділігі болады. Кей кезде үйдегі ойды нарықтың бұзатыны болады. Серпілісі селкеулі болып тұрған селолық кооперативтердің механизмдерін жетілдіру қажет. Оған қоса, сүт туралы барлық бүге-шігесіне дейін ескерілген, ел мүддесін көздей жазылған заң да керек деп армандайды сүт өндірушілер. Сүт бизнесі табысы көл-көсір мұнай бизнесі емес қой, дейді сүт өңдеуші кәсіпкер Мария Новикова. Бұл әлеуметтік бағыт. Әрбір тұтынушы өзің өндірген сапалы өнімнен дәм татып, ағзасы қуат алғанын сезінсең, бойыңды қанағат сезімі шарпиды. Жауапкершілігің бұдан да арта түседі дейді ол.

Жергілікті өнім өндірушілердің жан айқайы ең алдымен мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықты қағыс жібермеу.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Аршалы ауданы