• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
02 Тамыз, 2018

Жас ғалымның жаңа жобасы жаппай қолданысқа ене ме?

383 рет
көрсетілді

Кейде ғылымның жетістігі қалыпты қағида мен дәстүрлі түсініктен аттап өтетіні бар. Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қарашоқы ауылында тұратын жас ғалым, фермер Мағжан Ысқақтың ғылыми жобасы осылайша талайды таңғалдырып жүр. Ол Голланд әдісімен жылыжай ашып, өсімдіктерді топырақсыз өсіріп отыр.

Жас ғалымның ғылымдағы қадамы нәтижесіз емес. Оның бастамаларына отандық ғалым­дар қызығушылық танытуда. Болашақта биолог-дәрігер болуды мақсат тұтқан Мағжан қазір­дің өзінде бала күтімінде жұрт жаппай қолданатын жөргек­тердің денсаулыққа зиянды екенін ғылыми түрде дәлелдеген тұңғыштар қатарында.

– Осыдан бес жыл бұрын бір ғалымның «Нобель сыйлығын алғысы келген адам өсімдікті қолдан өсіруі қажет. Көміртек монооксидін сіңіріп, оттек шы­ға­ратын өсімдіктен басқа дүниені қашан ойлап табады?» деген сөзі мені ойға қалдырды. Бұйырса, екі жыл ішінде биофизиканы оқып, көміртекті сіңіріп, глюкоза түзетін және нәтижесінде оттегі шығаратын аппарат ойлап табуды мақсат етудемін. Бұл – болашақтағы үлкен жо­баларымның бірі. Қазіргі таңда бір реттік жөргектердің зиянын ғы­лыми тұрғыда зерттедім. Жұ­мысымды С.Асфендияров атын­дағы Қазақ медицина универ­ситетінің ұстаздарының демеушілігімен Денсаулық сақтау министрлігіне жолдадым. Енді, соның жауабын күтудеміз, – дейді жас ғалымның өзі.

Мағжан 17 жасында-ақ Ал­маты облысы әкімінің «Very Innovative People» атты инновациялар мен жаңа технологиялар байқауына қатысып, 2 600 000 теңге көлемінде грант ұтып алған болатын. Қазір бұл қаржыға жас ғалым жылыжайда голланд ботанигі Хуго де Фриздің әдісін пайдаланып, күн сәулесі мен топырақты қажет етпейтін бидай өсірумен айналысуда. Айтпақшы, Мағжанның әдісі автордан да асып түсті. Мысалы Голландияда бидай өсіруге 18 күн кетсе, Мағжанға 7 күн жетіп жатыр. Жас ғалымның жаңалығын естіген ауылдастары да жемдік бидайды өз үйлерінде өсіруге ниет танытуда екен.

Бұл әдістің артықшылығы көп. Өсімдік жыл мезгілін таң­да­майды, жылыжайда өсуін жал­ғастыра береді. Әрі көк қалпында орылып, бойындағы биологиялық құнарлығын сақ­тайтын бидайды жеген мал тез семіреді. Мағжанның есебі бо­йынша, шағын жылыжайдан алынған өнім 25 бас ірі қараны бордақылауға еркін жетеді екен.

Жас ғалым өз жаңалығын әлі де жетілдіріп, жаппай өндіріске енгізуді қалайды. Алыс ауылда тұратын ол жерлестерінің ғана емес, жалпы қазақстандықтар мал шаруашылығын дамытып, ет-сүт өндіруді көбейтсе екен дейді. Демек, күндердің күнінде жүздеген гектар жерді жыртып, өңдеп дән егіп, оны айлар бойы күтіп, баптайтын тәуекелді әдісті жаңа технология алмастырып, адамдардың еңбегі жеңілдейтініне сенімді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы