• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
02 Тамыз, 2018

Шығыс Қазақстанның ономастика саласы: іркілістер пен ілгерілеушіліктер

963 рет
көрсетілді

Отарлық таңбасындай орысша атаулардан құтыла алмай келе жатқан Шығыс Қазақстанның ономастика саласында соңғы жылдары ілгерілеушілік байқалады. Өңірде зиялы қауымның, ақсақалдардың, әртүрлі ұйымдардың батыл қадамдарының нәтижесінде көше, елді мекен атаулары біртіндеп ауыс­тырылып жатыр.  

Ворошилов көшесіне Шәкәрімнің аты беріледі

Жақында Өскеменде өткен көше­лерді қайта атау бойынша тұрақты ко­миссияның қоғамдық тыңдауында шаһар­дағы ең үлкен көшелердің бірі Во­рошилов көшесіне биыл 160 жылдығы тойланатын ақын, ойшыл, ғұлама Шәкәрім Құ­дай­­бердіұлының есімін беру мәсе­лесі талқыланды. Кеңес­тік көсем атындағы көшеге ұстаз, 40 жылдан астам уақыт Көкпектідегі балалар үйін басқарған Жа­қия Шайжүнісовтің атын беру керек деген ұсыныс та ай­тыл­ды жиында. Дегенмен қа­лалық мәслихат депутаттары тарап­тардың пікірін тыңдай келе «Алтай асуы» қоғамдық бірлес­тігі тарапынан ұсынылған Шә­кә­рім Құдайбердіұлының есі­мін беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Қоғамдық тыңдауда бұдан бөлек Питер коммунарлары көшесін Лев Тол­стой, Лениногор көшесін Темір­жолшылар, Комсомол көшесін Жастар деп қайта атау жөніндегі ұсыныстар да депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Сондай-ақ қаланың қақ ортасындағы «Жастар» саябағына Халық қаһар­маны Қасым Қайсеновтің есімін беріп, батыр­дың жанар­­­май бе­кеті жанындағы кеу­де мү­сінін саябақтағы Киров ескерт­кішімен алмастыру мәселесі де қоғамдық тыңдауда тілге тиек етілді. «Ұсыныстарды қа­ла­лық мәслихаттың депутат­тары бір ауыз­дан қолдады. Қо­ғам­дық тыңдау бо­йын­ша қау­лы дайындалып, құжат енді рес­пуб­ликалық ономастикалық комиссияға жіберіледі. Соңғы шешім сол жерден шыға­ды», дейді қалалық мәслихаттың депутаты Майраш Екібасова.

Осы жиында қаладағы 23 атаусыз көшеге есімдер беру мәсе­лесі де қа­рас­тырылды. Мә­селен, 20 ықшам аудандағы әлі атау берілмеген көшелерге ғұлама ғалым әл-Фараби, атақ­ты жазушы Анатолий Иванов, әйгілі хоккейші Борис Алексан­дров, Байқошқар батыр, ұстаз Құсайын Жаманбаев, дәрігер Андрей Кашкаров, металлург Қайырбек Ақжігітов, Ақбауыр, Толағай, Өсиет, Жерұйық, Ақжол, Шапағат, Думан, Үркер, 16 ық­шамауданға Арасан, Ақ­шоқы, Аялы атаулары ұсыныл­ды. Қоғамдық тыңдауда қа­лам­гер Әлібек Қаңтарбаев «Өс­ке­менде спортшы Борис Алек­сандров атында Спорт сарайы бар. Сондықтан бұл көшеге композитор, КСРО халық әр­тісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Еркеғали Рахмадиевтің атын берсек орынды болар еді. Ал жұрттың көпшілігі бі­ле бермейтін Байқошқар батыр­дың орнына Қаракерей Қабан­байдың немере інісі, үзеңгілес серігі, өз заманының батыры, сөз ұстаушысы әрі әділ биі бол­ған Дәулетбай батырдың есімін неге бермеске?! 20-ық­шам аудандағы атауы жоқ кө­ше­лерге ел көп танымайтын Құ­сайын Жаманбаевтан гөрі биыл 130 жылдығы аталып өтіп жатқан әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың, дәрігер Андрей Кашкаровтан гөрі абайтанушы, Ақбауыр үңгірін зерттеуші, жазушы Евгений Курдаковтың атын беру қажет деп ойлаймын» деп өз ұсынысын айтты.

Алаштың рухани астанасы саналатын Семейде де көше атауларын ауыстыру мәсе­лесі аздаған қар­сылықтарға қа­ра­­мастан жүйе­лі түрде жал­ғасып келеді. Жа­қында осы қалада өткен қоғамдық тың­дауда шаһардағы Строи­тельная көшесін дәстүрлі әнші, сазгер Тұр­сынғазы Рахимов, Парковая көшесін Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұң­ғыш Қорғаныс министрі болған Са­ғадат Нұрмағамбетов, Н.Крупская кө­шесін жазушы Әзілхан Нұршайықов, Краснознаменная көшесін сұрмерген, батыр қыз Баян Байғожина есімдерімен атау жөніндегі ұсыныстар талқыға түсіпті. Сонымен қатар Семейдегі Комсомольская көшесін – Жібек Жолы, Кутузов көшесін – Алтай, Колхозная көшесін – Берел, Первомайская көшесін – Алаш, 1 декабрь көшесін – Самал, Декабристов көшесін – Звёздная, Восход кентіндегі Туктабаев көшесін – Сонар атты тарихи атауларға ауыстыру жайы да сөз болыпты.

 

«Ленин, Киров, Орджоникидзе, Дзержинский деген секілді атауларға неге жабысып қалдық?»

Шығыстағы орысша атауларға тұ­нып тұрған ауданның бірі – Зырян. Жақында бұл ауданда да аудан орта­лығындағы идеологиялық тұрғыдан ескір­ген көше атауларын ауыстыру­ мә­се­лесі талқыланды. Мәселен, Ле­нин көшесін Астана, Советская кө­ше­сін Тәуелсіздік, Лениногорская кө­шесін Вишневая, Канавная көшесін Родниковая, Пролетарская көшесін Спортивная, Ворошилов көшесін Труд, Советский переулок көшесін Те­нис­тый, Комсомольская көшесін Кеңес Ода­ғының Батыры Павел Кольцов және Коммунистическая көшесін Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың есімімен қайта атау жөнінде ұсыныстар айтылыпты. Астана мен Тәуелсіздік, Павел Кольцов пен Төлеген Тоқтаров атауларын беру дұрыс-ақ. Ал Лениногорская көшесін Вишневая, Канавная көшесін Родниковая, Пролетарская көшесін Спортивная, Ворошилов көшесін Труд, Советский переулок көшесін Тенистый деп орысша атауды қайтадан орысшаға ауыстырғаннан не ұтамыз?

Жуықта Зырян ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ах­метов те аудан орталығындағы көп­теген көшелердің атаулары бүгінгі заман талабына сай келмейтіндігін айтып, оны өзгертетін кездің әлдеқашан жеткендігін алға тартты. Аймақ басшысы кезінде өзі де коммунистік партия қатарында болғанымен, өткен ғасырдың басындағы ауқымды саяси қуғын-сүргінге нақ осы «қызылдардың» кінәлі екенін атап көрсетті. «Ленин, Киров, Орджоникидзе, Дзержинский деген секілді атауларға неге жабысып қалдық? Нақ осы «қайраткерлердің» кесірінен миллиондаған адамдар қырылды. Біз өскелең ұрпақты достыққа, тәуелсіздікке баулуымыз керек. Ендеше көшелерді Достық, Тәуелсіздік деп атайық. Бізге өз заманымыздың қаһармандарын дәріптеу қажет. Айталық, Сағадат Нұрмағамбетов осындай құрметке әбден лайық. Зырянның өзінен шыққан қаншама соғыс батырлары бар. Ұлыларымыз – Абай, Әуезов бар, Жамбыл бар, Лермонтов пен Пушкин бар. Қаншама даңқты жерлестеріміздің – жұмысшылар мен инженерлердің, мұғалімдер мен дәрігерлердің есімдері ескерусіз қалып жатыр. Осы бағытта жұмыс істейік», деді Д.Ахметов.

Алдағы уақытта Зырян қаласында 28 көшенің атауы өзгереді деген сөз бар. Ендеше, облыс әкімі айтқандай, Абай, Әуезов, Жамбыл секілді ұлы тұлғаларымызға көше есімі берілсе құба-құп.

Малеевск, Северное, Средигорный, Чапаев, Парыгино, Никольск, Со­ловьево, Первороссийск... Бұл – Зырян ауданындағы ауылдық округ атаулары. Көріп отырсыздар, айналдырған 9 ауылдық округтің 8-і орысша (Тұр­ғысыннан басқасы). Тоғыз ауылдық округтің ішіндегі орысшаға тұнып тұрған Александровка, Андреевка, Ермаковка, Бедаревка, Путинцево, Богатырево, Снегирево, Крестовка, Пролетарка, Ор­ловка, Ленинск, Бородино, Подорленок, Огнёвка, Васильевка, Дородница, Быкова, Новокрестьянка секілді ауылдардың атын айтып жүйкелеріңізді тоздырмай-ақ қояйық.

Біреу білсе, біреу білмес, облыстағы Лениннің қасқайып, «болашаққа жол сілтеп» тұрған жалғыз ескерткіші де осы ауданда. Ауданда болғанда, аудан орталығында орталық көшелердің бірінде тұр.

«Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім» дегендей, Зырян ауданына келгенде ұялғаннан үніміздің шықпайтыны рас.

Айтпақшы, соңғы кездері осы Зырян ауданының атын Алтай деп ауыстырады деген әңгімелер ел арасында жиі айтылып жүр. Несі бар, ауысса, ауысып қалар. Аудан атауы өзгерсе, рет-ретімен ауыл, көше атаулары да өзгерер.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы