• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
02 Тамыз, 2018

«Жайық-Орал» экожорығы жолға шықты

811 рет
көрсетілді

Жуырда Орал қаласында трансшекаралық Жайық өзенінің жай-күйін талқылаған дәстүрлі жиын өтті. «Трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің өзекті мәселелері. Шешу жолдары. Трансшекаралық бассейндердің экожүйесін басқарудағы озық тәжірибелер» атты дөңгелек үстел мәжілісіне Қазақстан, Аустрия, Ресей және Өзбекстан ғалымдары қатысты.

Алқалы  жиында сондай-ақ Батыс Қа­зақстан облысының әкімі Алтай Кө­лгінов, Ресей Федерациясы Орын­бор облысының губернаторы Юрий Берг, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев, Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары Шавхат Өтемісов пен Сәуле Айтбаева, Ресей Федерациясы Мем­ле­кеттік Думасының депутаты Юрий Мищеряков, ЕҚЫҰ Астанадағы бағ­дарламалар офисі басшысының орынбасары Диана Дигол сынды ел тізгінін ұстаған азаматтар болды.

Аталған шара жыл сайын транс­ше­ка­ралық Жайық өзенінің бойымен ұйымдастырылатын «Жайық-Орал» атты тарихи-мәдени экожо­рығы аясын­да өтіп отыр. Әу баста «Прав­духин­нің ізімен» аталған қайық жоры­ғы­ның идея авторы, бүгінде Қазақ­стан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демо­графиялық сая­сат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко бұл шараның басты мақсаты – Жайық өзенінің экологиялық жағдайын саралау, Жайық өңірінің туристік ресурстары және экологиясын насихаттау, Батыс Қазақстан және Орынбор облысы тұрғындарының арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту екендігін айтады.

– Көршілес қос ел үшін де пайдалы ұсынысымызды қолдап, игі бастамаларда үнемі жанымыздан табылатын Юрий Берг бастаған орынборлық делегацияға алғысымыз шексіз. Өзекті мәселеге арналған мұндай басқосудың дәстүрге айналғаны бізді қуантады. Тура бір жыл бұрын дәл осындай кездесу Орынбор облысының Елек қаласында өтті. Сол жолы «Жайық күні» мерекесі тұңғыш тойланған болатын. Биыл біздің қатарымызға көршілес Атырау облысы да қосылып отыр. Енді бұл мереке үш облыс көлемінде аталып өтілетін болады. Қарт Жайық біздің ортақ байлығымыз, мақтанышымыз. Оны осы қалпында сақтап, келер ұр­паққа аман жеткізу – бірлікпен атқа­рылатын іс. Жайық өзенінің бойында Батыс Қазақстан облысының 87 елді мекені орналасқан, бұл жерлерде өңір халқының 75 проценті мекен етеді. Облыс аумағындағы өзен-көлдерге құятын судың 80 проценті көршілес Ресейден келеді. Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы Астана қаласында Қазақстан мен Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин «Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақ­тау жөніндегі» мемлекетаралық келісім­­шарттың жобасына қол қой­ған бо­латын. Бұл да болса 20 жылдан астам уақыт өткізіліп келген екі ел ара­лық экспедицияның нәти­жесі. Қа­зақ­стан Республикасының Энер­гетика министрлігі мен Ресей Феде­ра­ция­сының Табиғи ресурстар және экология министрлігі бұл маңызды келі­сімді одан әрі іске асырады деген ойдамын. Бұл кездесу екі жаққа нақты ша­ралар мен ұсынымдар әзірлеуге мүм­кіндік берері сөзсіз, – деді Батыс Қазақ­стан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

– Жайық – жәй өзен ғана емес, үл­кен экожүйе. Өзеннің жағдайын жақсарту мақсатында біздің тарапымыздан да бірқатар жұмыс атқары­луда. Бұл мақсатта қомақты қаржы бөлінді. Тиісті мекемелер жұмыл­ды­рылды. Жайықтың тағдыры – ха­лық­тың тағдыры екендігін еш естен шы­ғармауымыз керек, – деді Орал қаласына арнайы келген Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг.

Жиында Парламент депутаты Шавхат Өтемісов те Жайық өзенінің жағдайы Қазақстан Республикасы Пар­ламентінің қос палатасында жиі талқыланатынын атап өтті. «Мем­ле­кетаралық келісімге қол қойылуы – біздің көпжылғы еңбегіміздің нә­ти­жесі. Бұл бағытта бірқатар шаралар қолға алынғанымен, белгілі бір жүйе жоқ екенін мойындау керек. Біз Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жақсартамыз деп жыл сайын экспедиция ұйымдастырғанымызбен, нақты бағыт пен нәтиже болмаса жағ­дай өзгермейді. Менің ойымша Жайықты құтқару мақсатында өзен жағалай орналасқан облыстар ортақ инвестициялық қор құру керек. Ті­ке­лей осы мәселемен айналысатын құзырлы орган жасақталуы тиіс. Жайық­­қа ең алдымен мол су керек.

Одан әрі дөңгелек үстел мәжілісі аясында «Жайық – өмір өзені» кітабының тұсаукесері болды. Жинақта «Жайық-Орал» тарихи-мәдени экожорығының тарихы, әр жылдары жарияланған мақалалар топтастырылған.

Осыдан тура бір жыл бұрын Орынбор облысының Елек қаласында, Жайықтың жағасында Қазақстан мен Ресей Федерациясы мемлекеттерінің достығы белгісіндей бір ескерткіш салтанатты жағдайда ашылғанын жазған едік. Енді дәл осындай белгі Орал қаласында да орнатылды. «Жайықты ұрпақ үшін сақтайық» деген жазуы бар белгіні Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг ашты. Осыдан кейін «Жайық-Орал» тарихи-мәдени экожорығы ХХІІ мәрте старт алды. Бұл жолы экспедицияға қатысушылар байдарка қайығымен 400 шақырымнан астам жол жүріп, Атырау облысындағы Сарайшық елді мекеніне дейін жүзіп өтпек.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ