• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
07 Тамыз, 2018

«Хат қоржын»

916 рет
көрсетілді

Оқырман...

...үн қосады                                                     Латын әрпінде диктант жазды Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақ елі 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көші­ріледі делінген болатын. Осы мақаланы басшылыққа ала отырып Шетпедегі Маңғыстау техникалық колледжінде 30-ға жуық студент Н.Назарбаевтың «Жылдар мен ойлар» атты кітабын негізге ала отырып даналық сөздерді латын әліпбиін негізге алып диктант жазды. Мақсат – ауыл жастары мен тұрғындарын бүгіннен бастап латын әліпбиіне көз жүгіртіп, қолдарын үйрету арқылы жазуға машық­тандыруға шақыру, латын әліпбиімен насихаттау, үгіттеу. Осындай іс-шара аудандық орталық кітапхананың оқырман залында да өткізілді. Жастардың латын әліпбиімен жазуға деген икемі көңіл қуанарлықтай дәржеде.  «Бүгінгі жазу мен үшін ерекше болды. Қазақ графикасындағы ғ, ұ, ө, ы әріптерінің таңбаларын салу қиындықтар тудырды. Деген­­мен ықылас-ниетімнің арқасында диктантты 45 минутта жазып бітірдім. Жазуды үйреткен апайларыма және шараны ұйым­дастырушы Жастар орталығына алғысымды айтамын. Ең бастысы, ниет пен жігер керек» дейді «Жас Отан» мүшесі Әлия Жетібаева. Аллаберген ҚОНАРБАЕВ Маңғыстау облысы 

...үлгі тұтады                                                     Мерейіміз асқақ болатынына сенімдіміз Түркістан облысын «Шатқал» көгалдандыру-көріктендіру бағдарламасының жүзеге асып жатқаны Алматы қаласында оқи­тын түркістандық жастарды мақтаныш сезіміне бөлейді. Бағдарламаның мақсаты – қараусыз қалған шатқалдарды халық демалатын саябаққа айналдыру. Сай-салалар негізінен қаланың сыртқы аумағында көптеп кездеседі. Осы ретте қаланың дамуы кенжелеп қалған шеткі аудандарын аталған бағдарлама аясында абаттандырып, саябаққа айналдыру жұмыстары басталғанына біршама уақыт болыпты. Ағаш егілетін 5 шатқалдың алғашқысына, яғни Тассай тұрғын алабындағы сай-салаға тал-терек көшеттері отырғызылып, оған «Шымсая» деген атау беріліпті. 25 гектарға қарағай, арша, емен, шаған, талшын секілді бойшаң ағаштар отырығызылған екен. Бағдарламаның арқасында қала сыртындағы сай-салалар қалдықтар мен төгілген күл-қоқыстардан арылды. Саябақтар салу экологияны жақсарту мақсатында туындаған ой. Ең бастысы, туған қаламызға еліміздің түкпір-түкпірінен ертіп келген достарымыздың, таныстарымыздың алдында мерейіміз асқақ болатынына қуанамыз.   Елнұры ЖЕҢІС, «Тұран» университеті журналистика  факультетінің студенті Алматы 

...үміт артады                                                   Биік тұғырдан көрінуіне  тілектеспіз Дәстүрге айналған «Абай оқуы» биыл да өз деңгейінде өтті. Әр жақтан келген үміткерлердің жанары жалынды, көкейлерінде «Жеңіске жетсем» деген мақсат тұрды. Қазылар алқасы шешім шығарып, сайыс дүлдүлін анықтап, облысқа жолдама берді. Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектептің оқушылары «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациялары бойынша қатарластарынан озық шығып, үміт артқан мектебінің, ұстаздардың сенімін ақтады.  «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша жеңіске жеткен 8-сынып оқушысы Мөлдір Сапар Абайдың бірнеше өлеңдері мен қарасөздерін нақышына келтіре орындады. Қанжығасына 1-ші орынды байлаған шәкіртіміз мақтан етуге тұрарлық. Бос уақытында кітап оқумен шұғылданатын Мөлдір Махамбет ақынның 100-ге жуық өлеңдерін жатқа оқиды. Аудандық бірнеше конкурстардың, ғылыми жобалардың жеңімпазы атанып жүрген Мөлдірдің алдағы уақыттарда да жеңістің биік тұғырынан көрінуіне тілектеспіз. 

Қ. ҚАРАБАСОВА, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы  білім беретін орта мектептің мұғалімі  Қостанай облысы,  Аманкелді ауданы 

...пікір бөліседі                                           Ермакты өлтірген – Сәтбек батыр 1584 жылы көктемде Ертіс жағасын мекендейтін уақ тайпасының батыры Сәтбек қыстаудан көктеуге көшіп келе жатады. Өзі сүзек дертіне ұшырап әзер беті бері қараған, әлі толық сауыға қоймаған кезі екен. Жолай бәйбішесінің ауылына соқпақ болғанда жол бойында шашылып жатқан 17 адамның өлі денесін көреді. Ішінде бәйбішесі, жақын туыстары бар екен. Сәтбек батыр бұл атышулы Жармақтың (Ермактың) ісі екенін біліп қалайда кек алуды ойлайды. Көшті тоқтатып, марқұмдарды жерлеуге қалдырады. Өзі баспалап қараңғы түсе бәйбішесінің ауылына келеді. Сөйтсе, Жармақ қасындағы сегіз қарақшысымен үйінде шалқып отырғанын біледі. Иті иесін танып үрмейді. Қарақшылардың ұйықтар алдында сыртқа шығуын тосып, жендеттерін қылышпен шауып өлтіреді де, ең соңынан Жармақ шыққанда шапқан қылышы тайқи тиіп, бір қолын салбыратып тастайды. Ана дәу өте қарулы екен, алыса кеткенде Сәтбекті астына басады. Сәтбек те бой бермейді, бірақ сүзектен тұрған кісіде қаншалықты әл болсын. Бір кезде қызына: «Итті босат!» деп айқай салыпты дейді. Арсылдап аласұрған ит босасымен иесін қорғап Жармаққа ауыз салғанда ол жақын жердегі Ертіске қарай тәлтіректеп тұра қашыпты. Сәтбек батыр артынан қуғанда Жармақ суға қойып кетіп, жалғыз қолымен жүзе жөнеледі. Алайда арғы жағалауға жете алмапты. Орыстар бір айдан соң судан Жармақтың сүйегін тауыпты. Сәтбек батыр сөйтіп қазақтың кегін қайтарыпты дейді. Менің баяндауым ертеректе Қаратай деген кісіден естіген әңгіме. Оның анық емес тұстары да бар шығар. Білуімде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Сәтбек батыр» жырының қолжазбасы болуға тиіс. Сонда осы оқиға толық баяндалады.  Марат ТОҚАШБАЕВ

...алғыс айтады                                                  Шипагер шапағаты «Қырық тістің қадірін қақсағанда білерсің, қос аяқтың қадірін ақсағанда білерсің» дегендей, адам ауырмай сау жүрген кезінде денсаулықтың қадірін біле бермейді. Жүрегім шаншып, жаным қысылған кезде қасымнан табылған медбике Айнаш Бисемалиеваға алғысым шексіз. Орал қалалық клиникалық ауруханасында бас дәрігер, әрі директор Арман Қалыбеков бастаған дәрігерлер сауығып шығуыма үлкен көмектерін берді.  Мұндағы дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің бәрі де бесаспап маман, өз ісінің шеберлері. Сондай-ақ осы риза­шы­лығымды бөлім меңгерушісі Айгүл Жолдығұловаға, емдеуші дәрі­гер Жандос Шоқановқа айтқым келеді. Тіпті, үш ай өткен соң ақ халат­ты абзал жандар денсаулығымды қайта қарап, тағы да тиіс­ті емдік курстан өтуіме жағдай туғызды. Оларға еңбектерің жа­нып, алғысқа бөлене беріңдер демекпін.  Мұтиғұлла МӘДЕНОВ,   Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары ОРАЛ