• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Тамыз, 2018

Медиация институтын дамытудың маңызы зор

1319 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Азаматтардың конституциялық құ­қық­тарын қамтамасыз етудегі медиа­цияның рөлі» тақырыбына арналған республикалық семинар-тренинг өтті. Семинар жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко, Мәжіліс депутаттары, кәсіби және қоғамдық медиаторлар, сот және «Нұр Отан» партиясының өкілдері қатысты.

 

«Медиация институты – қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды элементтерінің бірі. Соңғы уақытта қазақстандықтар дауды шешу үшін сотқа емес, кәсіби медиаторлар көмегіне көбірек жүгіне бастаған. Өйткені сот процестері арызданушы екі тараптың бірнеше ай уақытын алса, медиация процесі таласты тараптарды бірнеше сағат ішінде татуластырып, шешім шығарады. Бұл – уақыт үнемдейді. Екіншіден, сотқа емес, медиаторлық көмекке жүгінген азаматтардың қаржылық шығыны азаяды. Құқық қорғаушы жалдаудың, көптеген сараптамалар жасаудың қажеті болмай қалады. Бұл да қаржы үнемі. Үшіншіден, әрі ең бастысы, соттағы сияқты екі тараптың бірі жеңіліп, бірі жеңбей, екі жақтың да көңілінен шығатын ортақ шешім қа­былдайды. Бұл азаматтардың медиацияға деген оң көзқарасы, оң ортақ шешімге келуге дайын екендіктерінен, құқықтық мәде­ниеттің дамып келе жатқандығынан хабар береді. Жалпы, медиация қоғамдағы тұрақ­тылыққа жағымды әсер береді», деді ҚХА хатшылығының меңгерушісі Л.Прокопенко.

Л. Прокопенконың айтуынша, ҚХА-ның ендігі басты миссиясы – медиация институтын насихаттау. Осы орайда ҚХА медиация саласы Жоғарғы сотпен, Адвокаттар коллегия­сымен және басқа да құқықтық институттармен келісімдер орнатты. Соның нәтижесінде 3 тамыз күні ҚХА «Бірыңғай медиация күнін» өткізіп, оған 800 медиация кабинеті қатысып, 3 мыңға жуық қоғамдық медиатор жұмылды. Шара барысында республика бойынша 5 мың адам кеңес сұрай келіп, 150-ге тарта медиативтік келісімге қол жеткен. Сол себепті медиацияның мүмкіндігі, мақсаты мен пайдасы туралы халық көбірек білуі керек. Алдағы уақытта ҚХА өзінің қоғамдық алаңдарын медиация институтын насихаттау бағытындағы жұмыстарға арнамақ.

Семинарда сөз алған «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Ботагөз Рақышева «полиэтникалық қоғамдағы медиацияның мүмкіндіктері» туралы баяндама жасап, онда медиация мамандарын дайындау, медиация мектептерін ашу мәселесіне баса мән берді. Мәселені шешу жолдарына тоқталды. Ал Азаматтардың құқықтары бо­йынша Ұлттық орталықтың бас сарапшысы Ажар Сүлейменова қатысушыларға өз саласы мен медиация саласының тоғысқан тұстары көп екендігін, тізе қосып атқаратын жұмыстар жетерлік екенін жеткізді. Қалалық сот судьясы Гүлжанат Рахметова таласты істің шешімін сот әлде медиация жолымен табуды өздері таңдайтындығын жеткізіп, жалпы медиация саласының артықшылықтарын сөз етті. «Яғни медиацияда тараптар бір-бірін жеңуді мақсат тұтпай, татуласуға бет бұратын альтернативті шешім жолы екендігіне мән беру керек. Сонымен қатар медиатордың шешімі соттың шешімін шығарудан да күрделі. Кәсіби медиаторда терең психологиялық дайындық, өмірлік үлкен тәжірибе болып, олар конфликтология негіздерін білуі керек», деді ол.

Семинар-тренинг барысында «Тұран-Астана» университеті мен ҚХА арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»