• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Тамыз, 2018

АЭС: экология vs экономика

3720 рет
көрсетілді

Атом энергетикасы – ғаламдық энергетика жүйесінің маңызды саласының бірі. Бұдан ондаған жылдар бұрын пайда болған АЭС электр энергиясы өндірісіне айтарлықтай үлес қосып, саланы алға жылжытқаны анық. Бүгінде АЭС-терде өндірілетін электр энергиясының көлемі әлемдегі барлық өндірілген энергияның 17 процентін құрайды. Бұл АЭС қызметінің зор маңызы бар екенін ұқтырады.  

Қоғамның АЭС-ке деген көз­қарасы әртүрлі. Тіпті ғылым мен техника дамыған ХХІ ғасырда оған деген күдіктің басым болуы қызық. АЭС-тен алынатын энергияның басымдығы тайға таңба басқандай көрініп тұрса да, ондағы қауіпсіздік мәселесінің түбегейлі шешілмеуі кейбір елдерде АЭС салуды кідіртіп тұр. Соған қарамастан АЭС-тер әлі күнге дейін ірі, арзан энергия көзі болып қала беруде.

Атомды бейбіт мақсатта пайдалану ісі бойынша сөз қозғағанда алдымен ойға оралатыны – АЭС. АЭС-пен күн көріп отырған елдер ең алдымен оның экологиялық тиімділігі жағынан және экономикалық пайдасы тұрғысынан қарайды. Жапония­дағы Фукусима апаты мен Черно­быль қасіретінен кейін атомдық энергетика өндірісін тоқтату мәселесі қозғалғанымен одан толық бас тарту мүмкін болмай отыр. Өйткені ірі өндіріс ошақтары жаңғырмалы энергия толық салтанат құрғанға дейін АЭС-ке тәуелді.

АЭС өндіретін электр энергия­сы­­ның өзіндік құны дәстүрлі электр стансаларынан алынатын энер­гия­ға салмақты бәсекелес бола алады. Жалпы, атомнан алынатын энергия­ның басты басымдығы, оны өн­діру барысында атмосфераға аэрозоль мен парниктік газ тарамайтынында.

Атом энергетикасы ықтимал апаттар көзі болса да оның дамуы бір­неше себепке байланысты тоқтамасы анық. Ең басты аргумент, АЭС арзан энергия көзі әрі көміртегі отын қол­данысын біртіндеп азайтады. Дамы­ған ғылыми-техникалық базасы бар елдер үшін АЭС қазірдің өзінде энер­гияның қауіпсіз әрі экологиялық таза энергия өндірісінің бірден-бір көзі ретінде қалып отыр.

Жалпы АЭС салудан бұрын, оның алдын ала табылған, кепіл­ді шешімі болуы тиіс. Бұл шешім атом энергетикасынан алынатын мол энергияның артығын энергия жетіспеушілігі сезілетін аймақ­тарға жеткізу логистикасына, АЭС құры­лысын қауіпсіз аймаққа салуға және басқа да жағдаяттарға тікелей байланысты. Бұл мәселелерге қатыс­ты нақты, кепілді шешім қабыл­данбаса, оны салудың мәні болмайды.

Атом реакторынан алынатын энергия көлемі жағынан көмір энергетикасы мен гидроэнергетикадан кейінгі үшінші орында тұр. Энергия өндіретін АЭС-тің саны жағынан АҚШ алда келе жатыр. Бұл елдің қолданысында барлық қуатын қоса есептегенде 100 ГВт-қа жететін 103 энергоблок жұмыс істеп тұр. Ал қуаты жағынан көшбасшылық орын Францияда. Франциядағы 59 энергоблок дүние жүзіндегі барлық атом энергиясының 75 процентін құрайды. Әлемнің 31 елінде 440 атом реакторы жұмыс істеп, 370 ГВт электр энергиясын өндіріп шығарады. Ұлттық өндірісінде электр энергиясының 78 процентін атомдық энергетикадан алатын Франция АЭС-тен бас тартпасы анық. Жапонияда 55 ядролық энергоблок өндірісте пайдаланылады. Бұл АЭС-тер  теңіз жағалауында, сейсмикалық белсенді аймақтарда тұрғызылған.

Отыз жыл бұрын Чернобыльде орын алған апат ешкімнің есінен шыға қоймағаны рас. Чернобыль апатынан КСРО елдері ғана зардап шекпеді, одан тараған радиоактивті бұлт көшкіні әлемді шарпыды. Осыдан кейін Батыс Еуропа елдері АЭС салудан бас тарта бастады. «Атом энергиясы өндірісінде апат қайталануы мүмкін» деген күдік халық арасында жаңа АЭС салуға қарсылық туғызып келеді. Жапониядағы Онагава және Фукусимада орын алған апаттар бұл қарсылықты одан әрі күшейтіп жіберді.

Қазақстан да АЭС салу жолайры­ғында тұр. АЭС-тің сақтандыру шараларын қолданбаса, қандай қасірет келетінін көрсетіп берген апаттар Жапонияда да орын алды. Кейінгі зерттеулерде бұл апаттың адамның қателігінен орын алғаны айтылып жүр. Егер АЭС құрылысы, оның жұмысы мамандар есептелген дәлдікпен жүргізіліп, жоспардан ауытқымаса бұл апаттар орын алмас еді деген орынды пікірлер айтылуда.

Айта кететін жайт, АЭС-тер салына бастаған уақыттан бері жыл сайын олардың негізі болып табылатын реакторлар қауіпсіздігі күшейтіліп келеді. Қауіпсіздік шаралары қатаңданып, бұрынғы АЭС-тердің реакторлары заманауи жаңа реакторларға ауысты. Назар аударатын мәселелердің бірі – радиоактивті қалдықтарды утилизациялау. Бұл – АЭС-і бар территориясы кіші мемлекеттер үшін өте өзекті мәселе. АЭС-тен шыққан қалдықтарды қаншалықты қауіпсіз сақтаймыз десе де, ешкім олардың ұзақ уақыт қауіпсіз болуына кепіл бермейді. 

Қазақстандағы атом энергети­касының алғашқы қарлығашы – Маңғыстау атом-энергетикалық комбинаты (МАЭК). Ақтау қаласында орналасқан ол бүгінде жабылған АЭС-тер санатына жатады. МАЭК 1972-1999 жылдар арасында жұмыс істеді. Оның әлемдегі басқа АЭС-терден негізгі ерекшелігі энергия алу көзі ғана емес, сонымен бірге түбектегі халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ететін қызметіне қатыс­ты еді. Деректерге сүйенсек, МАЭК қолданыста болған жылдар ішінде тәулігіне 120 мың куб метр таза ауыз су айдаған. Яғни, ол ащы суды халық тұтынатын таза ауыз суға айналдыратын сүзгіш атомдық құрылғысы бар, әлемдегі жалғыз АЭС болған. 1997 жылы халықаралық консорциумның қатысуымен МАЭК-ті біртіндеп тоқтату туралы шешім шықты. Қазір осы МАЭК-тің негізінде түбекті электр энергиясымен, жылумен және таза ауыз сумен қамтамасыз ететін 3 ЖЭС істеп тұр. Елімізде жаңа АЭС салу туралы мәселе көтеріле бастаған кезде, оны МАЭК негізінде салу туралы ұсыныстар түсті. Алайда электр энергиясының еліміздің батысында емес, шығыстағы тапшылығын ескере отырып, құрылысы салынуы мүмкін АЭС орны 2014 жылы Курчатов қаласы деп бекітілді.

Өткен жылы МАГАТЭ-нің (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) «озық энергетикалық келешек үшін ядролық энергетика әлеуеті» сессиясында Қазақстан өкілі Батыржан Қаракөзов Қазақстанда АЭС салынуы-салынбауы туралы шешім 2018 жылдың соңына дейін нақты белгілі болады деп жариялаған еді. Қазақстан АЭС салуды зерттеу барысында МАГАТЭ-нің стандарттары мен ұсыныстарын басшылыққа ала отырып, оны орналастыруды қажет ететін екі орынды белгіледі. Энергетика министрлігінің сол кездегі мәліметінше, бұл екі орынның бірі – бұрынғы Семей ядролық полигонына жақын Курчатов қаласы. Ал екіншісі – Қарағанды облысына қарасты Балқаш қаласына жақын орналасқан Үлкен ауылы. Бірақ АЭС-тің орналасу жерін анықтаудан өзге құрылысы басталғанға дейін шешілуі тиіс мәселелер жетер­лік. Нақтылай айтқанда, оның эколо­гиялық тәуекелі мен пайдасына, эко­номикалық тиімділігі мен муль­типликативтік әсеріне, елге керекті энергиядан арт­қан көле­мін жинақтайтын қуат көз­деріне, сұранысы бар елдерге тасы­малдауға, жалпы көмірге байланып отырған қазақстандық энергетика өндірісіне тигізер ықпалына қатысты мәселелер шешімін табуы тиіс.

Осы арада АЭС-ті салуға кететін қаржылық шығын қандай көлемде болуы мүмкін деген сауал туындайды. Әлемде салынған АЭС құры­лыстарына жұмсалған қаражат көлемі кем дегенде 5 млрд доллар шамасында. Мәселен, Беларусь екі реакторлық блокты АЭС құрылысын салу үшін Ресейден 9 млрд доллар несие алып, үстіне өздері 1 млрд қосқанын есепке алсақ, оның бір реакторын іске қосу үшін қанша кететінін болжау қиын емес. Деген­мен өндірілетін артық энергияны сатып алатын рынок анықталмаса, оған қаржы құятындар жобадан тартынары анық. Еліміздің Энергетика министрлігінің АЭС құрылысының есебін ұзақ жылдар талқылауының бір ұшы осында жатыр. Тек бір нәрсе айқын, егер АЭС іске қосылса, электр энергиясының құны арзандайды. Бұл бәсекелестікке ЖЭС пен ЖЭК қаншалықты шыдас бере алатыны белгісіз.

Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан»