• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қыркүйек, 2018

Астананы ауыстыру: Әлемдік тәжірибе һәм Қазақстан бастамасы

6796 рет
көрсетілді

БАҚ беттерінде талай жарияланды, алғаш рет, осыдан 24 жыл бұрын Елбасы астананы ауыстыру идеясын жариялағанда, бұл тың бастама бірауыздан қолдау таба қойған жоқ. Өйткені тәуелсіздігін енді ғана алған мемлекет үшін бұдан басқа саяси әрі экономикалық маңызы жоғары мәселелер жеткілікті болатын. Алайда, бүгінгі Астананың келбеті мен әлемдік аренадағы саяси маңыздылығы Елбасы саясатының үлкен жетістігіне айқын дәлел болып отыр.

Әлемдік практика

Ел астанасын бір жерден екінші жерге, бір қаладан екінші қалаға көшіру әлем елдерінде, мемлекеттер тарихын­да бар құбылыс. Олардың қатарында Түркия, Австралия, Үндістан, Пәкістан, Бразилия, Германия, Малайзия және Африканың көптеген елдері бар. Сондай-ақ, бүгінде астанасын ауыстыру идеясы әлемнің көптеген елдерінде қызу талқылануда. Бұның қатарында Жапония, Иран, Индонезия, Оңтүстік Корея, Египет, Аргентина, Венесуэла, Моңғолия, Румыния, ондаған африкалық және посткеңестік бірнеше мемлекет бар. Алайда астана ауыстыру мәселесі барлық мемлекет үшін әрдайым сәтті жоба болған жоқ. Оған дүние жүзі тарихындағы сансыз мысалдар куә. Сонымен бірге әлемде Астана көшіруде қызықты эксперименттер де кездеседі. Оған мысал ретінде Бирма, Шри-Ланка және Чили елдерін келтіруге болады.

Астананы ауыстыру процесі әр елдің саяси және экономикалық ахуалына, елдегі проблемалар мен ұлттық идеялардың үндесуіне байланысты жүзеге асады. Мысалы, 1959 жылы Пәкістан үкіметі астанасын оңтүстіктегі Карачи қаласынан елдің солтүстігінде Исламабадқа көшіру туралы шешім қабылдады. Бұған басты себеп қала халқының тығыздығы, теңіз жағалауы мен әскери қаланың қасында орналасуы болды. Ал, Бразилияның астанасы Рио-де-Жанейродан Бразилиаға 1961 жылы ауыстырылды. Бұл маңызды оқиға қала халқының тығыздығы және астананың елдің басқа бөліктерінен алыс болғанымен байланыстырылды. Қала құрылысы ел астанасы ретінде 1956 жылы басталды. Бразилиа қаласы тез даму жолына түсіп, әлемде сәтті ауысқан астаналардың қатарынан көрінді. Сонымен қатар, әлемде өз астаналарын мәжбүрлікпен өзгерткен елдер қатарында Белиз мемлекеті бар. 1961 жылы хатти дауылы елдің бұрынғы астанасы Белиз қаласының күл-талқанын шығарды. Осыған байланысты 1970 үкімет табиғаттың тосын жағдайынан сақтану үшін, үкімет жұмысын, маңызды құжаттарын және адамдарды қорғау мақсатымен Бельмопан Белиздің жаңа астанасы етіп жарияланды.

Сондай-ақ әлем тарихында астаналардың көшірілуі жартылай немесе сәтсіз аяқталған жағдайлар да кездеседі. Мысалы, 1970-шы жылы Танзанияның астанасы Дар-эс-Саламнан орталық жағалауда орналасқан Додомаға көшті, алайда бұл жайт осы уақытқа дейін толықтай аяқталған жоқ. Ал 1983 жылы Ямусукро Кот-д'Ивуардың астанасы болып жарияланғанымен, көптеген мемлекеттік мекемелер мен елшіліктер бұрынғы астанасы Абиджанда қалды. Жаңа астана елдің сол кездегі президенті Феликс Уфуэ-Буаньидің туған қаласы болатын. Ол осылайша мемлекеттің орталық аймағындағы дамуды ынталандырғысы келгенімен, бұл идея елдегі экономикалық жағдайлардың әсерінен сәтті жүзеге асқан жоқ.

Бүгінде әлемде екі қаласы да астана ретінде қызмет атқаратын елдер бар. Мысалы, 1982 жылдан бастап Шри-Ланка астанасы Шри-Джаяварденепура-Котте саналғанымен, алайда көптеген мемлекеттік функциялар Коломбода қалды. 1999 жылы Малайзия өзінің кейбір әкімшілік функцияларын Путраджаяға ауыстырғанымен, ресми астанасы Куала-Лумпур саналады.

Ал Бирма мемлекеті астанасын неге ауыстырғаны осы күнге дейін жұмбақ. Бирманың бұрынғы астанасы Янгон болатын. Алайда 2005 жылдың қарашасында мемлекеттік қызметкерлерге әскери хунта тарапынан 2002 жылдан бері салынған, бірақ ешқашан жария етілмеген солтүстікте орналасқан Нейпьидо қаласына көшу туралы бұйрық берілді. Сарапшылар бұл өзгеріс астрологиялық кеңес пен мемлекетті сырттан төнетін қауіптен сақтау мақсатынан туындаған болуы мүмкін деп түсіндіреді.

Қазақстандық тәжірибе

Ал еліміздің астанасын ауыстыруға қандай жағдайлар түрткі болды? Бұл туралы Елбасымыз «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында «Қазақстанның жаңа астанасының жобасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Тәуелсіздік алған күннен бастап жаңа жағдай, сол жағдай ерекшеліктерін көлденең тартқан мүлде басқа мемлекеттік ахуал қалыптасты. Қазіргі уақыттың шындығы мен бірқатар геостратегиялық факторлар бізді өз геосаяси кеңістігімізді қайтадан қалыптастыру процесіне жаңа көзқараспен қарауға мәжбүрледі» деп жазды.

Астана ауыстыру кез келген мемлекет үшін айрықша тарихи кезең саналатыны рас. Бүгінде еліміз астанасын ауыстырғалы жиырма жыл өтті. Содан бері елдегі ахуал мен саяси экономикалық жағдай қалай өзгерді? Астанамызды ауыстыруға мәжбүрлеген негізгі себептер мен оның қаншалықты деңгейде жүзеге асқанын саралап көрейік. Ел Президенті астананы таңдауда қаланың географиялық жағдайы, табиғаты мен климаты, әлеуметтік-экономикалық, әскери-стратегиялық, көлік және инженерлік инфрақұрылым, құрылыстық, демографиялық, ғылыми және мәдени даму мүмкіндіктері басты назарда болғанын айтқан болатын.

Геостратегиялық жағдай

Ел астанасын көшірудің басты себептердің бірі астананы еліміздің гео­графиялық орталығына көшіру болды. Астананың елдің орталығында орналасуы елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына тікелей әсер ететіні белгілі. Бұрынғы астанамыз Алматыдан республиканың маңызды экономикалық аймақтарына самолетпен жету тез әрі тиімді болса, Ақмола жері тек Қазақстанның ғана емес, жалпы Еуразия кеңістігінің геогра­фиялық орталығы ретінде коммуникация, көліктік инфрақұрылым тиімділігімен ерекшеленді. Астанадан еліміздің басқа аймақтары қатынау тиімділігі мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысына, коммуникация, көліктің инфра­құрылым, жол қатынастарына ыңғайлы болды. Мысалы, бұл аймақ солтүстіктегі Петропавлдан 500 км, шығысындағы Семейден 800 км, батысындағы Ақтөбе қаласынан 1500 км, ал оңтүстігіндегі Шымкенттен 1500 км қашықтықта орналасқан.

Астана елдің барлық өңірлерімен қатар, сондай-ақ әлеммен автомобиль, әуе және темір жолдары желісі арқылы сабақтаса байланысқан. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі көлік торабы. Ақмола көлік­ коммуникация инфрақұрылымы дамыған, Еуропа мен Азияның экономикалық бай­ланысының, тауар алмасуының алтын көпірі болуға толық мүмкіндігі бар қала. Теміржолдың жаңа жүйесі жасалып, еліміздегі ең алғашқы «Астана – Бурабай» автобаны ашылған соң, бұл тораптың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Қаланың республика орталығында болуы еліміздің өндіргіш күштерін ба­рынша тиімді дамытуға, жұмыссыздықпен күресуге өз әсерін тигізді.

Астананы мемлекеттің орталығынан таңдау мақсатымен ауыстыру әлем тарихында да кездеседі. Мысалы, мемлекеттегі қиын жағдайға қарамастан, Испанияның сол уақыттағы королі ІІ Филипп ел астанасын Толедодан елдің орталығындағы Мадридке көшірген. Мұндай түбегейлі өзгеріс ол елде де біздің еліміздегідей қызу пікірталас пен айтыс-тартысқа толы болған еді. Алайда, нәтиже екі мемлекетте де көңіл қуантарлық еді.

Экологиялық жағдай

Алматыдағы қиын экологиялық ахуал - астананы өзгертуге себеп болған маңызды факторлардың бірі. Бұл туралы Елбасы бір сөзінде «Қаланы (Алматыны) батыс, шығыс және оңтүстік бағытта дамы­туға табиғи шектеулер көп, ол ас­танада құрылыс салуға тежеу бола­ды. Алматыда сейсмикалық қауіптің жоғарылығына байланысты ондағы құрылыс құны қымбат. Алматыны одан әрі дамыта беру мемлекетке тым қымбат түседі. Ондағы мен мұндағы құрылыстың айырмашылығы 2,5 есе. Алматының экологиялық жағдайы қыл үстінде... Ақмоланың экологиясы қалыпты» деп астананы ауыстырудың басқа да себептерін атап көрсеткен болатын.

Құла түзде бой көтерген Астана ерекше қатал табиғатына қарамастан, бүгінде жасыл желекті қалаға айналып келеді. Бүгінде елордамыздың көз тартар әсем саябақтары мен гүлзарлары Астананың, қазақтықтың символын айшықтап тұр. 1997 жылдың қыркүйегінде Елбасы қаланы желден сақтап, халықтың қолайлы климатта тұруын қалыптастыру үшін жобаны жүзеге асырудың қиындығына қарамастан Астананың жасыл белдеуін құру туралы шешім қабылдады. Бүгінде жасыл белдеудің жалпы ауданы 14 827 гектарды құрайды, сол аймақта 9,6 млн ағаш пен 1,8 млн-дай бұта егілген. Елорданы қоршай егілген жасанды орман жайылып өсе келе, қаланың теріскейіндегі табиғи ормандарға қосылып кетуі Елбасының идеясы болатын. Айта кетейік, көгалдандырудың мұндай орасан зор жобасы елімізде бұрын-соңды болмаған. Бұл жобаның негізгі идеясы – жасанды бірегей экожүйе ретінде жасыл белдеуді сақтау.

Жасыл белдеудін бірінші кезеңі ағаштарды орман алқабы етіп отырғызу жолымен жүргізіліп, қазір бірінші кезеңнің жұмысы толығымен аяқталды. Осы орайда, қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді пайдалануы үшін Астананың «Жасыл белдеу» «Оңтүстік-батыс бөлік» учаскесі аумағында ұзындығы 23,2 км велосипед жолы құрылды. Қазір веложолды кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Міне, осылайша елордамыз жазық жерде бой көтерген әлемдегі астаналар тарихында жазылды. Әлемде елсіз далада бой көтерген астаналардың бірі Вашингтон қаласы да елдің алғашқы президенті Джордж Вашингтонның тапсырмасымен салынған. Алпауыт держава саналатын АҚШ астанасы бүгінде әлемдегі ықпалды әрі тамсанып қарайтын астаналардың қатарында. АҚШ үшін жаңа астана британ тәжінен азат болудың символы ретінде де аса зор саяси мағынаға ие болды. Сондай-ақ  Қазақстанның астанасын ауыстырудағы түпкі идеясы да қазақ ұлтының ұлттық мүддесі, қауіпсіздігі мен тәуелсіз мемлекет құрудың негізгі идеясымен астасып жатты.

Саяси-экономикалық жағдай

Бұл туралы Елбасы: «Астананы көшіру бірқатар өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететінін, соның нәтижесінде Қазақстан халқын ұлттық идеяларға ұйыстыратын жаңа саяси орталық құруға болатынын, аймақтардың бір-бірімен ықпалдасуы күшейіп, ел дамуының алтын діңгегіне айналатын тың қозғаушы күштің туатынын түсіндім. Солардың ішінде саяси-символикалық идеяның маңызы өте жоғары болды. Жаңа астана – егемен мемлекеттің өзіндік аңсар-арманы, ұлттық мүдделері мен қажеттіліктері негізінде құрылатыны белгілі еді» деген болатын.

Тәуелсіздік алған жылдан бастап еліміз өз дамуында қарқынды экономикалық серпіліс жасады. 1994 жылы ІЖӨ жан басына шаққанда 700 доллар болса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 13 есеге артып, 12 мың долларға жетті. Ел экономикасының дамуына қарқынды серпін берген маңызды оқиғалар Астанамен де тікелей байланысты.  Астананың елге тартылған инвестициялардың республикалық көлеміндегі үлесі 10 пайызға, ал ел экономикасындағы өңірлік жалпы өнімінің үлесі 10,2 пайызға жетті. Қазір қаладағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 102 015 бірлікке жетті. Өткен жылы ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 57,4%-дан асты.

Қысқа уақыт аралығында жаңа астанамыз тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ғана емес, сондай-ақ дипломатияның, бітімгершілік пен халықаралық дамудың басты орталығына айналды. Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ аясын­дағы ауқымды саммиттер, Сирия бойынша Астана процесі шеңберіндегі халықаралық кездеулер, Астана экономикалық форумы осы сөзіміздің айқын дәлелі.

Астананы көшіру елдегі демографиялық өзгерістердің оң бағытта шешілуіне де оң әсерін тигізді. 2000 жылдан 2013 жылға дейін Астана тұрғындарының саны 300 мыңнан 800 мыңға жетті. Ал 2016 жылы елордамыз Қазақстандағы екінші миллионер қала атағына ие болды.

Түйін

1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағын иеленді. Бұл марапат аз уақытта әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда айтарлықтай жетістікке жеткен әлемнің жас қалаларына беріледі. Тарих үшін қас-қағым сәт болып саналатын уақыт аралығында Астана әлемнің атақты астаналарымен иық теңестіріп, халықаралық мәселелерді талқылап, түйінін тарқататын халықаралық диалог алаңына айналды.

Міне, осылайша әлем тарихындағы астаналардың көшірілуі әр мемлекетте әрқалай аяқталды. Бірі сәтті, бірі сәтсіз, тіпті бірі аяқсыз қалған жағдайлар тарих беттерінде кездеседі. Ал Қазақстандық тәжірибе, Астананың бүгінгі саяси аренадағы келбеті мен маңыздылығы әлі талай әлем мемлекеттеріне  үлгі болатыны анық.

 

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»