• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қыркүйек, 2018

Ербол Әлімқұлұлы: Енді кез келген деңгейдегі көрмелерді абыроймен өткізе аламыз

172 рет
көрсетілді

Қазақстанның атын әлемге танытқан ЭКСПО-2017 Халық­ара­лық көрмесінің аяқ­талғанына 10 қыркүйек күні бір жыл толды. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы­­ның басқарма төрағасы Ер­бол Шормановпен әңгі­ме­лесе отырып, көр­ме­­ден қалған нысан­дар­­дың бүгінгі тыныс-тір­ші­лігін, көрменің бізге не беріп, қандай жәді­гер қал­дырғанын сұрап, білдік.  

– Ербол Әлімқұлұлы, сұхба­ты­мызды бастамас бұрын, бір жылға кері шегініп, тарихқа айналған «ЭКСПО-2017» көр­месін еске алайықшы?

– Ең алдымен айта кететін жайт – Қазақстан посткеңестік елдер арасында осындай халық­ара­лық көрме өткізген жалғыз ел және бұл Президенттің бас­т­а­масының арқасында мүмкін болған дүние. Ұзақ таластан кейін 2017 жылғы халықаралық көрменің өтетін орны ретінде Бельгияның Льеж қаласы емес, Қазақстанның елордасы – жас Астана таңдалды.

Естеріңізге сала кетсем, көр­меге бүкіл әлемнен жалпы саны 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. Жалпы, Қазақстан көр­меге 2,5 млн адам келеді деп бол­жаған. Бірақ, көрмені 4 млн адам тамашалады.

Көрме 93 күнге жалғасты, сол 93 күн бойы көрме аясында әртүрлі мемлекет басшыларының қатысуымен 220 ресми шара ұйымдастырылып, энергетика, құрылыс, инвестиция сияқты салалардағы Қазақстанның іскер және ғылыми-білім орталары көрмеге қатысқан елдермен 39 келісімге қол қойды. Бұл әрине, бүкіл елдің, үкімет пен мем­лекет­тік органдардың үй­лесе, бір­лесе жұмыс істеуінің арқа­сы­н­­да сәтті өткен көрме болды.

Ал, көрме кезінде Қазақ­стан­ның астанасы жаһандық назардың ортасында болды. Олай деуіме себеп жоқ емес. Мысалы, маңызды оқиғалар өткізетін қалалар әлеуетінің рейтингісінде, Қазақстан елордасы ШЫҰ мен ТМД елдері арасында ТОП-5-ке еніп, «National Geographic» журналының «Бола­шақтың қаласы» атты номинациясына ие болды. Ал, әлемге әйгілі «New York Times» журналы Астананы әлем бойынша барып көруге тұрарлық қала­лар­дың ондығына енгізген.

– Ал осы көрме Қазақстан­ға қандай да бір мультипли­кативті табыс бере алды ма?

– Жалпы, мен ЭКСПО-2017 көр­месін дағдарысқа қарсы жоба дер едім және бұл жобаға ел­дің бүкіл аймақтары қатысты. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлт­тық компаниясы мен облыс әкім­­діктері, сондай-ақ, Астана мен Алматы әкімдіктері арасында көрме нысандарының құрылысына отандық тауар өндірушілердің тауарын пайдалану туралы меморандумдарға қол қойылған болатын. Осының нәтижесінде 408 отандық кәсіп­орын тапсырыс алыпты. Олар­дың барлығы бірігіп 414 млрд теңгенің жұмысын атқарған. Осылайша, 50 мың жаңа жұмыс орны, соның ішінде Қазақстан аймақтарында 17 мың жаңа жұ­мыс орны ашылды. Сондай-ақ көр­меге дайындық кезіндегі жұ­мы­с­тарға шағын және орта кәсіп­тегі 1400 субьект тартылды.

Тек қана туризм саласының өзінде туроператорлардың қыз­мет­тері 78 пайызға артқан. Әуе және темір жолмен қатына­ған жолаушылар саны да 25 процентке көбейген.

– Қазақстан «Болашақтың энергиясы» атты тақырып ұсынудан не ұтты деп ойлайсыз? Біз ұсынған тақырып әлемдегі ғылыми өркениеттің кіндігіне айнала алды ма?

– Әрине, көрме тақырыбы ЭКСПО-2017 шарасының сәтті өтуіне себеп болған фактор­лар­дың бірі. Себебі, көрмеге қо­йыл­ған сан түрлі технологияға қарап, әлем баламалы энергияны тұрақты қолдануға бір табан жақындап қалғанын байқа­­­дық. Ал «ЭКСПО-2017» көрмесі болса Қазақстандағы «жасыл эко­но­миканың» ізін салып, жас мамандарға, қарапайым азамат­тарға, жастарға осы саладағы идея­лары мен ойларын одан әрі дамыту керек деген ой сал­ды. Мына дерекке назар ауда­­ра­­йық­шы: көрмеде әлем ел­дері 150 ең озық технологияны әкеп көр­сетті. Солардың іші­нен таң­дал­ған 115 технология елі­міздің ай­мақ­тарында іске асырылып жатыр.

– Есіңізде болса, көрме­нің жабылу салтанатында Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев ЭКСПО-2017 көр­ме­сі аяқталса да, оның ны­­сан­дары халыққа қызмет ету керек деп, атап көрсеткен бола­­тын. Бұл тапсырма қалай орын­­далып жатыр?

– Иә, дұрыс айтасыз, бұндай тапсырма болған. Тіпті, Мемлекет бас­шысы ЭКСПО-2017 көр­месі­нің нысандарын көрмеден кейін пайдалану туралы тұ­жы­рым­дамасын бекітіп берген. Сол құжаттың негізінде көр­ме базасында «Астана» Халық­а­ралық қаржы орталығы, Халық­аралық «жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар» орталығы, «Astana Hub» халық­аралық IT-стартаптар тех­нопаркі, IT университет пен бизнес орталығы жұмыс істемек.

Осы нысандардың ішінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығы Еуразиялық кеңіс­тік­тегі ең озық қаржы орталығы болуды көздейді. Орталықтың ел инвестициясына әкелер пайдасы да зор болмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл орталық Қазақстан эко­номикасына инвестиция әке­летін негізгі драйвер болу керек.

Елбасы экономикадағы ин­вес­­тициядан басқа, оның (эко­но­миканың – авт.) цифрлануына да зор көңіл бөледі. Сондықтан, «Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен IT университет те өте қызықты жоба деп есептеймін. Бұл екі жоба – ел экономикасының сан­­дық фор­матқа ауысуын жы­л­дам­­дата­тын қарқынды қадам­­дар. Міне, сондықтан да, ЭКСПО-2017 көр­месі артта қалса да, көрме кешені елімізде жаңа ин­но­вациялық әрі серпінді тех­но­ло­гияларды жүзеге асыруға бола­тын жаңа экожүйе құрылып ж­атыр деп айтуға толық негіз бар.

– Өзіңіз айтып отырған жобалардың біразы басталып кетсе, біразы болашақтың еншісіндегі жобалар. Ал көрме аяқ­тала сала да жұмысын тоқ­татпай келе жатқан қандай нысандарды ерекше атап көр­сетер едіңіз?

– Бұл жерде әрине, ең алдымен «Нұр Әлем» сферасын айтуға болады. «Нұр Әлем» сфера­сы көрме аяқталса да жаһан­дық нысанға айналып, болашақ энергиясының жаңа символына айналды. Және де Қазақстан мен Астана туралы айтқанда, ойға оралатын ең озық нысандардың бірі болып қалды. Бұл жай ғана музей емес екенін түсінуіміз керек. «Нұр Әлем» – күніне мыңдаған адам келіп, жаңа ақпарат ала алатын үлкен ғылыми-танымдық орталық деу­ге болады.

«Нұр Әлем» сферасында үнемі ашық сабақтар өтіп, әртүрлі тақырыптарда лекциялар оқылып тұрады. Сондай-ақ, Kids & Students Future Energy атты арнайы білім беру жобасы бар. Бұл жобаға еліміздің өңір-өңірінен жыл басынан бері 20 мың оқушы мен студент қатысып үлгерген. Мұндай жобалар «Нұр Әлем» сферасында тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратынын айтқым келеді.

«Нұр Әлем» сферасынан басқа, Конгресс-орталық та аса маңызға ие бірегей жоба. Бұл кешеннің ерекшелігі – қыз­меті­­нің жан-жақтылығында. ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі­нің ашылу және жабылу сал­танаты тура осы Конгресс-орта­лықта өткен болатын.

Бұл үлкен нысандардан бас­қа, көрме аумағында «Қаз­пошта»-ның сандық кеңсесі, Азаматтарға арналған үкіметтің халық­қа қызмет көрсету орта­лығы ашылған. Осы кеңселерде халық диджитал форматында өз өздеріне қызмет көрсете алады.

– Яғни ЭКСПО көрмесінің аумағы халықтың демалып, сонымен қатар, пайдалы ақ­парат­тар ала алатын орнына айналды деп нық сеніммен айтуға болады ғой?

– Біз көрме аумағына келген әрбір адамға ыңғайлы жағдай жасауға тырыстық. Астананың 20 жылдығын тойлау аясында біз әдейі жазғы сахна ашып қойдық. Ол сахнада қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен үнемі концерттер өтіп тұрды. Кейбір концерттерге тіпті 8 мың адам жиналып жатты. Ал, бала­ларға арнап ол сахнада арнайы театрландырылған қойы­лымдар мен цирк шоулары өтіп тұрды. Бұл бастаманы келесі жылы да қолға аламыз деген жоспар бар.

Көрменің аумағында балалар ойнайтын бірегей алаң бар. Ол алаңның бір ерекшелігі – ол жерде мүмкіндігі шектеулі балалардың келіп ойнауына да жағдай жасалған. Сондай-ақ, 6 гектар аумақты алып жатқан жаңа саябақ аумағы бар.

Сөзімді қорыта айтсам, ЭКСПО-2017 көрмесінің арқа­сында біз енді кез келген деңгей­дегі, кез келген фор­мат­тағы ірі халық­аралық көрмелер мен өз­ге де шараларды абырой­мен өт­кізе аламыз. Ол үшін тиіс­­ті ин­ф­ра­құрылымның бәрі бар. Ал біз­дің, яғни, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компа­ния­­­сы­­ның ендігі мақсат-міндеті – осы жобаларды сәтті жүзеге асы­­ру­ға барын­ша ат салысу және көр­ме аума­ғын­да­ғы инфра­құры­лымды тиімді пай­даға жарату.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 

Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан»