• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Таным 11 Қыркүйек, 2018

«Jas Qalam» жобасының жастарға берері көп

593 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда отандық журналистиканы дамыту күн тәртібіндегі мәселеге айналып отыр. Заман талабына сай жедел әрі сапалы ақпарат тарату, қоғамдағы болып жатқан мәселелерге талдау жасау сияқты дүниелер журналистің біліктілігіне байланысты. Бұл мәселе төңірегінде жастарға көбірек тәжірибе алмасу маңызды. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры Қазақстан жастарының конгресімен бірге «Jas Qalam» жастар журналистикасын дамыту жобасын жүзеге асыруды бастаған болатын. Бұл ретте еліміздің журналистика саласында жетістікке жеткен журналистер қауымы жергілікті жерлерде шеберлік сабақтарын өткізіп, отандық баспасөз саласының бүгінгі деңгейін саралайтын болады.

М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің Тәуелсіздік залында «Jas Qalam» жобасының тұңғыш форумы өтті. Форум жұмысына өңірдегі барша жас журналистермен қатар, аталған университеттің «Журналистика» факультетінің студенттері қатысты. Жиынды Қазақстан жастары конгресінің төрағасы Тоқтар Болысов ашып, жүргізіп отырды. Әуелі Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен сөз алып, отандық журналистиканың мәні мен маңызына тоқталды. «Әлбетте, білікті журналист мамандардың артуына тәжірибелі жоғары буын өкілдері ықпал жасауы қажет. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының танымал журналистерінің көп жылдық тәжірибелерін бөлісуі салаға қызығушылығы бар жамбылдық жастардың алға қарай дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп Шерхан Мұртаза айтпақшы, журналистика ауыр еңбекті, тынымсыз ізденісті, ұшқыр шеберлікті және терең білімді талап ететін мамандық. Соңғы кездері біздің елімізде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде ақпараттық саланың рөлі артып келеді. Мемлекет тәуелсіздігін баянды ету, азаматтық, құқықтық, ізгілікті қоғамның қалыптасуына еліміздің баспасөзі орасан үлес қосып отырғанын Елбасымыз үнемі атап айтып, бағасын берумен бірге, журналистермен бірлесіп қызмет жасаудың үлгісін көрсетіп келеді», деді ол өз сөзінде.

Бұдан кейін республикалық «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл дәстүрлі журналистика төңірегінде әңгіме өрбітті. Ол өз сөзінде бұл мәселенің бүгінгі таңда елімізді ғана емес, әлемді толғандырып отырғанын атап өтті. «Бүгінде дәстүрлі журналистика сақталып қала ма әлде оның орнын әлеуметтік желідегі түрлі ақпараттар басып кете ма деген сауал елімізді ғана емес, бүкіл әлемді толғандыруда. Мәселен елімізде болып жатқан түрлі жиындарда дәстүрлі журналистика қандай бағытта дамуы керек деген ой айтылып жатады. Дегенмен, елімізде бұдан былай да дәстүрлі журналистика сақталып қала береді деген ойдамын. Сонымен қатар, журналистикада мамандану деген бар. Яғни, ол осы кәсіпті жақсы көру арқылы өзі білетін сала бойынша еңбек ету. Қазір көп жастар қай тақырыпқа жазатынын білмей қиналады. Теория бойынша білім алып келген жастарға мамандану қиын», деді ол.

Сонымен қатар, жиын барысында «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Мәселе» бағдарламасының авторы Нартай Аралбайұлы тележурналистика бойынша табысты бағдарлама жасаудың маңыздылығы жөнінде айтса, аталған бағдарламаның режиссері Жандос Қалтаев өзінің режиссерлік шеберлігімен бөлісті. Бұдан кейін жиналған жастар екі топқа бөлініп, Срайыл Смайыл және Нартай Аралбайұлы секілді танымал журналистердің шеберлік сыныптарына қатысты. Мұнда да отандық журналистиканы дамыту мәселелері сөз болды. Жиын барысында болашақ журналистер практика жүзінде де тәжірибе алмасты.

Айта кетейік, 11 қыркүйек күні Тараз қаласынан бастау алған жоба 16 қыркүйек күні Алматы қаласында, 25 қыркүйекте Семей қаласында және 5 қазан күні Астана қаласында өтетін болады.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы