Қыркүйекте де мамыр айы секілді жер дүние гүлдеп кеткендей, алуан түсті бояуға енеді. Жалпы, Торғайдың даласына табиғат шілдеден былай-ақ алтынның буын бүріккендей, сарғая бастайды. Алты ай жазда аспаннан түсетін нәр сирек болған соң да, шөп тоқ жасыл күйін ұстап тұра алмайды. Қыркүйек келгеннен-ақ тоқ сары дала қоңырқай тартады.
Торғай өңірі
Ал Арқалық қаласы маңын байырғы тұрғындар «Қызыл қозы» атаған екен. Тіл ұшына әдемі үйірілген сұлу сөз топырақтың түсіне қарап айтылған болар, бәлкім. Бұл жердегі саз кеннің белгісі екенін қазекем аңғармаған шығар, бірақ тілдің құнары топырақтан да асып түскен ғой, сірә, «Қызыл қозының» өзі осы жердің тегін емес екенін айтып тұрған жоқ па?..
Енді сол боксит кенін өндіретін Торғай боксит кен басқармасы елге де, егесіне де берерін беріп болғанға ұқсайды, «жақын жылдары кеннің қоры сарқылады» деген мамандар болжамы шындыққа күн сайын жақындап келеді. Өндірістің аты – өндіріс қой, ол жабылса, бюджеті арқасын сүйеп отырған Арқалық қаласына да, нәпақасын кен орнынан айырып отырған 800 арқалықтыққа да оңай тимейді. Тығырықтан шығар жол – Торғай өңірінде мал шаруашылығын дамыту болып отыр. Қыркүйектің шуақты күндерінде Арқалық қаласында мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында «Торғай ЕТ» қуатты, заманауи ет комбинатының құрылысы қарқын алған. Құрылысты облыстың оңтүстік өңірінде қарқынды жұмыс істеп жатқан жергілікті «Аллюминстрой» ЖШС қолға алды. Қазір Польшадан келген мамандар жабдықтарды құрастыру ісін жүргізіп жатыр. Бір-екі айда тұсауы кесіліп, сою цехы мал қабылдай бастайтын түрі бар.
Тамыздың тоқтығы қыркүйекте қайта қоймайды, малдың күйін келтіреді. Дала қоңырқай тартқанымен, буыны қатқан шөптің құнары төрт түліктің бойына жұға түседі. Қырды ақтылы қойдың тұяғы тоздыратын Торғайдың бұрынғы берекесін қалпына келтіру бүгінде осы өңірде туған әрбір жанның арманы болса, мемлекеттің бағдары да, облыстағы іс жоспары да соған орайластырылған. Елге алдымен азық-түлік керек, мемлекеттің ет экспортының әлеуетін арттыру – ауыл шаруашылығы саласының басты бағыттарының бірі. Өңдеу кәсіпорнының жоқтығынан осы уақытқа дейін Торғайдағы шаруалар етті тірідей салмақта оңтүстік өңірге жіберуге мәжбүр болды. Енді тәулігіне 10 тонна өнім өңдейтін ет комбинаты іске қосылғаннан кейін малдың бағасы шаруалар үшін тиімді болмақ. Осы өңірге келген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Торғай өңіріндегі Амангелді, Жангелдин және Науырзым ауданы мен Арқалық маңына тұрғындардың мемлекеттік бағдарламамен мал алуын дамытуды тапсырды. Қуатты ет комбинатына шикізатты даладан іздемейді, ол нақ Торғай өңірінен табылуы тиіс. Сонда ғана Торғай өңірі тұрғындары миллионнан асқан Астана қаласын етпен, ет өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Өкінішке қарай «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал алу жеткіліксіз. Мысалы, Амангелді ауданында «Сыбаға» бағдарламасымен 144 асыл тұқымды мал басы алынуы керек болса, қазір соның 90 басын сатып алуға құжаттар дайындалуда.
– Мал басын барынша көбейту керек. Міне, енді ет комбинаты ашылады, оған шикізат керек. Мал басы көбейсе, жұмыс та болады, адамдардың әлеуметтік тұрмысы жақсарады, экономика қуаты артады. Бұл өңірде ірі өндіріс жоқ, егін көлемі де аз, сондықтан тек мал шаруашылығын дамыта беруіміз қажет. Ауыл тұрғындарына мал басын көбейтуге қатысты мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізу керек, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Торғай өңірінде шағын және орта бизнес негізінен қызмет түрлерінен тұрады. Соңғы кезде өңірде мәдени-танымдық, экологиялық, әсіресе аңшылық-балықшылық туризмді дамыту қолға алына бастады. Үштөбеде аңшылық шаруашылық та құрылды. Облыстың оңтүстік өңіріндегі туризмді, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамыту да логистикаға тікелей тәуелді болып тұр. Жол жөнделмей іс оңға баспайды. Торғай өңіріндегі аудандарды байланыстыратын Арқалық – Торғай тас жолының 120-ші –135-ші километрінің арасына күрделі және орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мамандар бес жылға дейін мүлт етпейтініне кепіл беріп отыр.
Қыркүйек қаһарлы қыс туралы да ойлантады. Бұл орайда Арқалықтың өзге өңірге қарағанда мұңы бар. Көптеген жылдан бері қала республика бюджетінен қаржыландырылып, ең қымбат отын мазутпен жылытылады. Арқалықты жылыту жылына бір миллиардтан аса теңгеге түседі. Қазандықты мазуттан көмірге ауыстыру туралы жылда айтылады, бірақ іс әлі сөз жүзінде қалып келеді.
– Қазандықты көмірге ауыстыру туралы Үкіметтен қаржы сұрап, қуатты инвесторлар іздестіріп келеміз. Бізде Арқалық – Шұбаркөл темір жолы бар. Сапалы көмір Арқалықтан небәрі 214 километр ғана жерде тұр. Өте тиімді болар еді. Сонда коммуналдық қызмет те арзандайды, бизнеске де мол мүмкіндік туар еді, – деді Архимед Бегежанұлы.
Тобыл өңірі
Қыркүйек бар өрнегін Тобыл бойының ағашты-тоғайлы өңіріне салғандай. Аққайың, көк терегі сары алтыннан сырға тақты, ал үйеңкісі алқызыл түске малынды. Астық алқаптарына табиғат алтын жалатқалы қашан. Қостанайды Тәуелсіз Қазақстанның астық державасы атандыруы да Тобыл бойының арқасы екенін білесіз бе?! Биыл Қостанайдың онсыз да шыбынсыз жазы қамшының сабындай шолтиып, егінге аса қолайлы бола қоймаса да, диқан кеусені ортаймайтын түрі бар. Қазанның бас жағына қарай егін орағын аяқтап та қалады.
Бүгінгі уақыт диқандарды жаңа және цифрлы технологияға ұмтылуға итермелеп отыр. Ол жыл сайын беріп жатқан 5 миллион тонна астықтан көрінеді. Соңғы жылдары нарықтың ыңғайына барып, егін алқаптарын әртараптандыру бұрынғыдан жылдамырақ жүріп жатыр. Көптеген диқандар алқабының жартысына жуығын майлы, бұршақ дақылдарын екті. Дегенмен ас атасы нанның тегі бидай екенін де ұмытпаған жөн. Қыркүйектің басы нөсерлеген жаңбырлы болған соң, техника алқапқа түсе алмай, көңіл жүдеткен еді, соңғы апталарда аспан шайдай ашылып, диқан шекесін қыздырып-ақ тұр.
Сарыкөл ауданындағы «Мелитопольский» шаруашылығы 13 мың гектар алқапқа бидай сепкен. Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі агроном ғалым марқұм Валентин Двуреченскийдің ұлы Эдуард Двуреченский басқаратын шаруашылық та әке жолымен топырақ өңдеуге алдымен мән береді. Нәтижені қараңыз, биылғыдай қолайсыз жылдың өзінде гектар түсімі 18,7 центнерден айналып жатыр.
– Бидайдың 8 сортын егеміз. Элеваторға қамырлылығы 24 және одан да жоғары болатын үшінші класты бидайды тапсырамыз. Жоғары өнімді «Челябі 75» және «Кинельская юбилейная» жаңа сорттары беріп жатыр. Біз экспортқа шығаратын сапалы бидай өсіруді мақсат етіп отырмыз, барлық жұмыс осыған бағытталады, – дейді Э.Двуреченский.
– Біз астық жинауда былтырғыдан 10 процентке қалып отырмыз. Бірақ абыржудың керегі жоқ, барлық алқап бидайының 80 проценттен астамы қамбаға құйылды. Көктемгі дала жұмыстарына 76 мың тонна жанар-жағармай алған едік, енді тағы арзандатылған бағамен 13 мың тонна жанар-жағармайды астықты кептіруге алатын боламыз, өтініш бере беруге болады, – деді диқандармен кездескен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Күздің қарбаласы тек астық жинауда ғана емес, оны лайықты бағасына өткізу диқан жұмысының соңғы түйенің жүгіндей ауыр тұсы. Биыл алармандар тоннасына 50-55 мың теңге сұрап отыр. Азық-түлік корпорациясы әлі астықтың ресми бағасын жариялаған жоқ. Соны күткен диқандар астық сатуға әлі асықпайтын сыңайлы.
Сарысуға көрші Қарасу ауданында астықтың орташа түсімі гектарынан 10 центнерден айналуда. Қай ауданда болсын астықты сақтау өзектілігі күн тәртібінен түспейді. Бұл ауданда астық сақтайтын қоймалар мен элеваторлардың сыйымдылығы 786 мың тонна болады. Астық кептіретін 30 агрегат та жұмыс істеп тұр. Малдың қыстық жем-азығы астыққа аттаныстың тасасында қалмайды.
– 91 мың тонна шөп, 32 мың тонна пішен, 36 мың тонна сүрлем дайындалды, ал қазір сабан дайындалып жатыр, – деген ақпарат берді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Балжақаев.
Торғай өңірінде де, Тобыл өңірінде де қысқа дайындық дегенде алдымен отын ауызға ілінеді. Көмір тасылып алынды, мазут жыл сайын бір ду әңгіме болады да, қыстан шығарады. Аудандарда тұрғын үйлер салынып жатыр, ауылдың ескі үйлері осылай жаңара түсер. Зырғып-сырғып өтіп бара жатқан қыркүйек бояулары осындай. Алда қазанның өмірге, еңбекке ынтықтыра түсетін шуақтары бар әлі...
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы