• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Қараша, 2018

Мұғалім қолбала емес, көшбасшы болуға тиіс

613 рет
көрсетілді

Көкшет­ау қаласындағы Ш.Уәли­ханов атындағы орта­лық көшенің бойы қашанда ығы-жығы. Жаяу жүргінші де, жүк тиеген автокөлік те мол. Жұмыс күні болатын. Түс әлетінде тіршілік қамымен осы көшенің бойындағы құрылыс заттарын сататын дүкеннің алдында тізгін тартқанбыз. Бір топ қыз-келіншек көше бо­йын сыпырып, тазалап жатыр екен. Арасында көзтаныстар да бар. Орталықтағы №1 орта мектептің мұғалімдері.

Күн желкем. Әуеде жел жұлмала­ған полиэтилен пакеттер мектеп мұғалімдерін мазақтағандай ұшып-қонып жүр. Соңғы кездері қала бірша­ма таза болғанымен, жүргінші көп болған соң ластанбай тұра ма? Әсіре­се, бір-біріне иық тірестіре орна­лас­қан құрылыс заттарын сататын дүкеннің зат ораған орама қағаздары, темекі тұқылы, босаған бөтелке.

– Біз қаламыздың таза болғанын қалаймыз, – дейді көзі таныс мұғалім келіншек, – осындай сенбіліктерден қашпаймыз. Бірақ бір айтарымыз, білім ошағымыздың жанын тазаласақ бір сәрі, неге екенін кім білсін, қала­лық әкімдік біздің еншімізге осы бір мүйісті бекітіпті. Өкініштісі сол, дүкен иелері саудаларын жасап, өз пайдаларын тауып тұр ғой, ендеше өздерінің ластаған жерін, өздері неге тазаламайды. Мына бір дүкеннің иесі – менің кешегі оқушым. Енді келіп соның есігінің алдын тазалап жүрмін. Қалай намыстанбайсың, мынаны қараңызшы, мына темекіні кім тартты, мүмкін жұқпалы аурумен ауыратын адам шығар. Неге мұғалімдер осындай лас жұмысқа жегілуге тиісті?!

Мұңын шаққан мұғалім қарындас көптен бері ойларында жүрген мәселенің биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауында көрініс тапқандығына қуанған. Осы Жолдауда келесі жылдан бастап «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленетіндігі барша ұстаз­дар қауымының үміт отын тұта­тып отырғандығын қаузады. 

– Шынында да, – деген ол, – мұғалім­­нің шаруасы басынан асады. Жаң­ар­­­тыл­ған оқу жүйесі бұрынғы жүк­те­­ме­мізді молайтып отыр. Элект­рон­ды күн­деліктің де шаруасы шаш етектен. 

Осы жерде тыңдайтын құлақ болса, ұстаздар қауымы біраз мәселені айтып-ақ тастады. Олардың айтуына қарағанда, соңғы жылдары мұғалім қолбалаға айналып кеткен. Әлдебір жиында зал толтыру керек пе, аттай шауып мұғалім барады. Көрермен жинай алмайтын көдедей көп, мәнсіз концерттің билетін сатып алатын да осы мұғалім. Айтпақшы, олардың айтуына қарағанда, мектепке он билет бөлінсе, соның ақшасын жүз мұғалім жинап береді екен де, сол жүздің бірде-біреуі әлгі концертке бармайды екен. Баспасөзге жазылу да солай. Онда анық газеттің өзі көрсетілмейді. Ортақ ақша жиналады. Сол ортақ ақшаға республикалық дейсіз бе, облыстық дейсіз бе, газеттерді жаздырып алады. Жоғарыдан түскен тапсырмаға орай. Бұл басылымдар мұғалімдерге қажет пе, жоқ па, оны ескеріп жатқан бірі жоқ. Тапсырма түскен екен, орындалуға тиісті. 

Біз осы салмақты сауалдарды арқалап, облыстық білім басқарма­сы­на бардық. Басқарма басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованың айтуы­на қарағанда, қазір мұғалімдерге мұндай тапсырма беру, қосымша жүк арқалату тыйылған. 

– Мұғалімдердің мәртебесі заң қабылданғаннан кейін айқындалмақ, – дейді Ботагөз Балапайқызы, – негізінде Елбасы өте маңызды мәселе көтеріп отыр. Қосымша жұмыстың бәрі мұғалімдер үшін кедергі. Қазіргі заман талабына сай онсыз да олардың шаруасы шаш етектен. Ал тексерістер туралы айта-тұғын болсақ, осы күнге дейін белгіленген жоспар бойынша жүргізіліп келді. Оның барлығы білім сапасын жақсартуға, кем-кетігімізді анықтауға бағытталған шаралар. Ал міндеттерінен тыс фунциялардан арашалау, яғни мұғалімді жөн-жосықсыз көлденең шаруаға жеге бермеу өте орынды айтылған. 

Осы арада ұстаз беделі туралы бір ауыз сөз айта кетуге болатын тәріз­ді. Ілкідегі ұстаз өзінің білім-білігі, адам­гершілік ажары, кісілік кел­беті арқылы ауыл-аймаққа үлгі еді. Оқу­шы балалар түгіл үлкендер де ұс­таз­ды құрметтеп, алдын кесіп өтпей­тін. Ұстаздар да сол құрметке лайық, ел ішіндегі елдік мәселелердің ұйытқысы болатын. Қазір де солай. 

– Мұғалімнің мәртебесін түсірген жайт, оның қолбалаға айналуынан болды, – дейді қарт ұстаз Мейірбек Бота­қанов, – біздің уақытымызда әр мұға­лім бір-бір тұлға болатын, сана­са­тын, сыйлайтын. Кейін әркім мұға­лімге басшы болды, жөнсіз жұмсауға айналды. Қолбалада қадір бола ма?! Қадірінің қашқан жері осы!.. 

Ендігі арада аға буынның пайым­дағаны тәрізді «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін ұс­таз­дар қауымы сол заң аясында қыз­мет етіп, өз беделдерін өсірулері керек-ақ. 

– Қазір бұрынғыдай мұғалімдерге билет тықпалау, жөнсіз жұмыстарға жегу жоқ, – дейді Көкшетау қаласы әкімі­нің орынбасары Алтынай Әмі­ренова, – әркім өз ісімен айналы­су­ға тиісті. Рас, кейбір шараларды өткізуге көмектесуімізді қолқалайтындар болады. Бірақ соңғы жылдары бұрынғы орын алған жөнсіздіктер тыйылды. Ал сенбілік туралы айтатұғын болсақ, бұл қала тұрғындарының барлығына ортақ дүние. 

Қазір ұстаздар қауымы «Педагог мәрте­бесі туралы» заңның қабылда­нуын асыға тосуда. Өз пікірлерін де, ұсыныстарын да айтып жатыр. Білім жорығындағы барлық күш-жігер, ақыл-ой көздеген мақсатқа жұмсалса, іс те нәтижелі болмақ. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»