Көзі тірісінде көп мақталмаған, лауреат атануды аңсамаған, мерейтойының ең болмағанда біреуін де дүрілдетіп өткізіп үлгермеген қазақ әдебиетіндегі қарымды қаламгерлердің белді, беделді өкілінің бірі Қайнекей Жармағамбетов болатын.
Қайнекейдің сөз өнеріне, жанға рухани азық әдебиетке ерекше ықыласы, зор сүйіспеншілігі ерте басталды. 1932-1934 жылдары көне Торғай қаласындағы жетім балалар үйінде тәрбиеленіп, жоғары сыныпта оқып жүріп қолына қалам ұстады. Шамасы ақынның:
Әлі есімде онда жетім баламын,
Үйренбеген дәстүріне қаланың,
Панасыздар мектебіне сан қилы
Алып кірдім дүлейлігін даланың,–деп жазған әйгілі жыр жолдары сол жылдары туса керек.
Көне Торғай топырағында кіндік қаны тамған қара бала іркіліссіз ізденісімен, қарымды қабілетімен, табиғи талантымен зиялы қауымның назарын өзіне аударған. Ірі лауазымды қызметтердің жұмсақ орындықтарына жайғасқан. Атап айтсақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, доценті, директордың орынбасары қызметтерін абыройлы атқарған. Әр жылдары «Әдебиет және исскуство» (қазіргі «Жұлдыз»), «Ара» – «Шмель» журналдарының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында жауапты хатшы, әдеби кеңесші болған. Қазақстан ЛКСМ орталық комитетінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшысы қызметін атқара жүріп, жастарды ата-баба өсиеті рухында тәрбиелеуге жанды басшылық жасап, 1964 жылдан бастап шығармашылық жұмыспен біржола айналысады.
Қайнекей Жармағамбетовтің алғашқы жинағы «Заман біздікі» деген атпен 1950 жылы басылып шықты. Бұдан кейін ақынның әр жылдары әртүрлі баспалардан «Адам туралы аңыз», «Мұғалима туралы баллада», «Балладалар», «Соңғы түн», «Сырлы тал», «Шыңдағы шамшырақ», «Дәурен», «Сәмбі тал» деп аталатын кітаптары талғампаз оқырман қауымның қолына тиді. Сондай-ақ 2008 жылы туыс-туған қолдауымен «Бетпақдала аңызы» жинағы жарық көрді.
Жармағамбетов қазақ әдебиетінің проза жанрына да белсенді түрде атсалысқан қаламгер. Оның қаламынан туған 1951 жылы қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрген «Әнші азамат» повесі кейінгі жылдары да сұранысқа ие болып, бірнеше мәрте басылып шықты. Әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың өнердегі өзіндік бейнесін шебер сомдауға негізделген шынайы шығарма ұлттық әуезіміздің зеңгір көгіне шарықтап көтерілген табиғи тұлғаға қара сөзден қойылған мәңгі әрі берік ескерткіш іспеттес.
Жармағамбетовтің оқиғалы өлеңді жазуға, балладаға бет бұрғанына таңдай қағып, тамсану артығырақ. Ол қазақы, қасиетті топырақта туды. Көне Торғайда ежелгі ел байлығы, оқиғасы тартымды, сөздері жүйелі, мазмұны терең қисса, дастандарды айтатын айтулы жыраулардың көзін көрді.
Оқиғалы өміршең өлеңдерді жазудағы Ерубаевтың жақсы дәстүрін ілгері дамыта білген, балладаны ұлттық әдебиетке әкеліп берік орнықтырып, жайғастырып, кемелдендірген Қайнекей Жармағамбетов шығармашылығы туралы тереңнен сөз қозғау қалың оқырманның өз сұранысы, уақыттың өз талабы.
Кезінде Қайнекейдің «Кекті бала», «Мұғалима» балладалары орта мектеп оқулықтарына да енгенін ересектер жағы жақсы біледі.
Әлі есімде мектепке алғаш барғаным,
Сумка асынып дәптер, қалам алғаным,
Бір бұрышында сол сумканың жатқаны
Кеней сақа, кендір баулы қармағым, деп төгіле жөнеліп, оқырманын оқиға ортасына қолынан жетелеп әкететін балладаны аға-апалар, замандастар оқып-тоқып қана қоймай, сонымен бірге жаттап өскенінен хабардармыз. Өзекті өртер өкініш, қатты қателік сол, осы оқиғалы өлең әлгі кітаптардан беймәлім, түсініксіз себептермен алынып тасталған. Жалғыз емес, басқа да қазақтың ақын-жазушылары тамаша туындыларының әдебиет пәні оқулықтарына енгізілмей, ескерусіз қалуын түсінбей жүрген, бұл жөніндегі сауалды кімдерге қоярын білмей сандалып жүрген сабазыңның бірі біз болармыз шамасы.
Көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың «Қазіргі қазақ поэзиясында баллада мен поэманың жігін жымдастыра жақындастырған да Қайнекей еді. Жақындастыру дегенді екі түрдің ерекшелігін жойып жіберу екен деп түсінбеу керек. Меніңше Қайнекей балладаға поэманың жүгін арқалатса, поэмаға балладаның ықшамдылығын, шымырлығын, динамикалылығын әкелді. Сонымен Қайнекейдің бірталай дүниесін мен баллада поэма, немесе поэма баллада дер едім» деп жазуы бекер емес.
Қазақ поэзиясының қарапайым қойторысы осы бір адамның 50 жылдық шығармашылық өмірінің қорытындысындай болған «Дәурені» менің қара басымды қатты қуантты. «Дәуреннен» бүкіл бір адам ғұмырының жарты ғасырлық қорытындысын ұғындым. Мынадай өлең жолдары үңіле қарамауыма, бұрылып, сәлем бере кетпеуіме еркімді қоймады:
«Өскенді де көргенбіз,
Бөскенді де көргенбіз,
Өсіп, бөсіп ақыры
Өшкенді де көргенбіз.
Асқанды да көргенбіз,
Тасқанды да көргенбіз.
Асып, тасып ақыры
Сасқанды да көргенбіз», дейді ақын. Аумалы-төкпелі адам ғұмырының ақиқаты мен шындығы іспеттес осы өлең. Тіптен де ақыл айту, тәубесіне келген жалған мещандық емес бұл өлең. Бұл өлең ақын жүрегінің ұяты мен уайымы», деп жазады ұлттық поэзияның ұлы тұлғаларының бірі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев.
Көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Ілияс Омаров кезінде Қайнекей ақынның өзіне хат жолдап, бір өлеңіне байланысты ойларын былайша өрбіткен.
Қ. Жармағамбетовке!
«Өзім Алтайды жақсы көретін болған соң «Алтай аясы» деген өлеңіңді зейін қойып, оқып едім. Әр жерінен астын сызып, бюрократтығымызға салып, бұрыштама жазып, қағаздарымның ішіне салып қойып едім. Бүгін «татарларым» қағаздарың бұрқырап кетті, тәртіпке салсайшы деп әмір еткесін, көп қағаздың ішінен сенің өлеңіңнің үзіндісі шыға келгені. Менде жай жата бергенде не қажет бар деп, осы үзіндіні өзіңе жібергелі отырмын. Менің барлық бағам бұрыштамада айтқаным.
Жол түсіп араласаң Алтай маңын,
Көресің тарлан таудың
қартайғанын,
Тентек жел, долы нөсер
әжім салған
Жартастың тынығуға
жантайғанын.
Мінеки,тарих, шындық. Көркем теңеулер осылай жымдасу керек. Сонда ғана өлең поэзияға айналмақ, поэзия қоры байымақ. Тек поэзияның қарышы мол болғанда ғана бір ауыз өлең мен шағын романдық өмірді беруге болады. Артық кетсе де айтайын, осы төрт ауыз өлең әдебиет табысына лайықты сый. Автордың өзі қиып алып қойғанынан оқушының қиып алып авторға жіберген үзіндісі қымбаттырақ бола ма деп отырмын»
Құрметпен Ілияс Омаров.
Қарашаның 6 жұлдызы 1965 жыл.
Қайнекей Жармағамбетов қазақ және орыс тілдеріне бірдей, жетік адам болған. Ол өз пәтерінде аса бай, республиканың орталық кітапханасынан да ешқашан кездестіре алмайтын кітаптарды ұстаған. Халық жауы ретінде әлі ақталып үлгермеген, алты алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың әдебиеттану ғылым үшін аса маңызды жинағын жұртшылық осы кісінің үйінен ең алғаш көргенін көбі естелік ретінде емірене айтады. Үздіксіз оқуы, ұдайы ізденісі арқасында орыс тілін бір адамдай жетік меңгерген жазушы қазақ әдебиетінің аударма саласына да аянбай айтарлықтай үлесін қосты. Чилидің патриот ақыны Павло Неруданың «Қашқын» поэмасын, С.И.Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романын, Б.Ершовтың «Тұлпартай, сұңқартай» ертегісін, жапон жазушысы Карридің «Шығыстағы бір бейбақ» драмасын, И.Шиллер, А.Мицкевич, А.Барто, М.Лермонтов, А.Пушкин, В.Маяковский сонымен қатар көптеген туысқан қырғыз ақындары өлеңдерін қазақшаға тәржімалаған.
Қайнекей Жармағамбетов – 50-60-жылдары қазақ сатирасына да аянбай атсалысқан қаламгер. Ол республикалық «Ара-Шмель» журналдарының бас редакторы қызметтерін атқарған. Мәскеуден жарық көретін, басқа түгіл, түкірігі жерге түспей тұрған, коммунистік партия басшыларының өзі жалтақ-жалтақ қарап, жасқанып, ығып жүретін «Крокодил» журналының Қазақстандағы меншікті тілшісі куәлігін иеленген. Өмірлік маңызға ие сатиралық туындыларды көптеп жазды. Белгілі ғалым, қазақ сатириктерінің бапкері Темірбек Қожекеев Қайнекей Жармағамбетовтің «Хадишаға хат» атты еңбегі тұңғыш фельетон-баллада есебінде ұлттық поэзияның тарихына алтын әріппен жазылып қалғанын жазды.
Бас-аяғы 56 жыл өмір сүрген көрнекті ақын Қайнекей Жармағамбетов өзінің туған жері Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Шилі ауылына жерленді. Әріптестерінің естелік әңгімелеріндегі деректерге мән берсек, Жармағамбетовтің шығармашылық жоспарының аясы кең болған. Әттең ғұмыры қысқа болды. Артында қалған азды-көпті мұрасына сан мәрте тәубе-тәубе деуден басқа амал қалмай тұр. Алматы қаласындағы Абай және Абылай хан көшелерінің қиылысындағы соңғы жылдары өзі тұрған үйге тақта орнатылды. Торғай селосында ақын есімінде орталық кітапхана жұмыс істейді. Шилі ауылындағы орта мектеп жерлес ақындарының есімінде.
Қайнекей Жармағамбетовтің 1973 жылдың қазан айының 10-ншы жұлдызында жазған «Тоқтам» деп аталатын өлеңі бар. Менің жеке мұрағатымда осы туындының қолжазба түріндегі нұсқасы сақталған. Сол өлеңнің соңғы шумағында:
Қиялменен төңіректі түгендеппін,
Адамдыққа арамдық жібермеппін,
Азап көрсе, азамат ер болмай ма,
Ашуымды ақылға жүгендеттім,– деп жазыпты.
Көлеңкеде кідіріп, мүдіріп, қалтарыста қалт тұрып қалмай күнгей жақтан өзінің өзгеше кескін-келбеті көркем, айқын көріне бастаған Қайнекей қазынасын ақтара берсеңіз олжалы боласыз. Жауһары да жеткілікті, гауһары да мол. Артында қалған азды-көпті әдеби мұрасына адал болайық. Ежелгі елде, көне Торғайда кіндік қаны тамып, барша қазақтың танымал қайраткері, қарымды қаламгері қатарына қосылған көрнекті ақын, табиғи талант Қайнекей Жармағамбетовті, ұлттың ұлағатты ұлын ұмытпайық.
Нағашыбай МҰҚАТОВ,
ақын, қайнекейтанушы,
филология ғылымдарының кандидаты