Қарасайдың әкесi – Алтынайды ел абыз деп атайды. Абыз дегенi – көрiпкел, айтқаны келген әулие деген сөз. Қарасай iрi денелi, орасан күш иесi, көзi шоқша жайнаған алғыр болып өсiптi. Iрiлiгi сонша бiр өгiздiң терiсi екi аяғына етiк тiгiп беруге әзер жетедi екен. Қарасай он алтыға толғанда әкесi шақырып алып айтыпты:
– Құдайға шүкiр, алдыма он мың сан көк ала жылқы бiттi. Бiрақ биыл әлемет жұт болады. Сен жаныңа қарулы жiгiттердi таңдап ал да, жылқыларды алдыға салып айдап жай да отыр. Жылқы малы өте кiрпияз, алдын қайырма, өрiсiн өзi табады.
Қар кiсi бойынан асып, қақаған қыс ұзаққа созылып, ақсүйек жұттан елдiң тiгерге тұяғы қалмай қырылады. Күн жылына көктеуге, жазғасалым ел жайлауға көше алмай қалады. Сол кезде алдына салып берген биелерiн құлындатып, шұрқыратып дiн аман Қарасай елге оралады. Алтынай абыз Қарасайды шақырып алып:
– Қойды серке бастар, тойды ерке бастар, ал елдi ханием өрге бастар деген. Ал ел – ерге қарайды. Ел басқарған ханиемiздiң малы түгел қырылып, хан ордасымен көше алмай ескi жұрт – қыстауында отырып қалды. Ол алты атасынан берi қыдыр дарыған төре атаның баласы, жерге қаратпайық.
Ендi балам, мына жылқының қақ жартысын ханға сыйла, апарып бер! – деп жолға салады.
Тiгерге тұяқ қалмай жұртта отырған хан қалың шаңды үлкен тобырды көрiп:
– «Жұт – жетi ағайынды» деушi дедi. Мыналар жұтаған елдi шапқалы келе жатқан жау болмаса игi, – деп үрейленедi. Жаяулап болса да жауға қарсы тұруға дайындала бастағанда шапқыншы келiп сүйiншi сұрапты:
– Алтынай абыздың ұлы Қарасай қаптаған қалың жылқыны айдап әкеле жатыр, – депті.
Қарасай, сондай-ақ ханға жүк артар келе-келе түйе, сауынға табын-табын сиыр да әкеп тарту етiптi.
Ел аққа жарып, тойынып, ханды жайлауға көшiрiсiп, Қарасай хан ордасында ай жатып мейман болыпты. Ханға келiп Қарасай қайтуға рұқсат сұрайды. Сонда хан:
– Бүкiл ел-жұртымды ашаршылықтан аман алып қалдың. Не тiлегiң бар, балам! Үкiдей ғып өсiрiп отырған үш бойжеткен қызым бар, таңдағаныңды ал, күйеу балам бол! Күйеу демейiн ұлым бол! – дейдi хан шын разы болып, ниетi қатты ауып.
– Ниетiңiзге рахмет, ханием. Маған мына өзiңiз отырған қара босағаңызды берсеңiз өмiрлiк ризамын, – дейдi Қарасай. Сонда хан тағынан атып тұрып, екi санын сарт ұрып:
– Алтынай, абыздығын iстедi. Айтқаның болсын, балам, мына қара шаңырақ – сенiкi. Ақ батамды берейiн, – деп шыға жүре берiптi де, өзiнiң екiншi отауына барып кiрiптi. Сонда хан тағынан тұра бергенде оң жақ иығына қызыл шұбар жолбарыс пайда бола кетiптi. Ханның соңынан iлесе шығып барып екiншi отауына кiрмей қайта бұрылып кеп ақ ордада тапжылмай отырған Қарасайдың етiгiн жалап, оң жақ иығына басын артып, еркелеп жанына шоқиып отыра кетiптi.
Қарасайдың қара босағасы мен қызыл жолбарысы елiмiзге солай келген екен!
Жақсы адамға көз бен сөз тигiш болады. Қарасай батырдың келiншегi жылда босанады, жылда шекесi торсықтай, әкесiнен аумайтын ұл туады. Бiрақ та жарық дүниеге келген сол нәресте келесi сол уақытына жетпей шетiней бередi, шетiней бередi. Бiреулер Қарасайға көз тиген, содан мұның баласы тоқтамайды деседi, ендi келесi жолғы бала тұрып қалады деп үмiттендiрiп, жұбатады. Әйелi босанды деп бүгiн сүйiншi сұрап келсе, ертесiне ұлы толық өмiр сүрмегенiн естiртуге шапқыншы жетедi. Осылай келiншегi үш құрсақ көтерiп, шекесi торсықтай үш ұл тауып, үшеуi де шетiней берiптi.
Қанша батыр болғанымен Қарасай да ет пен сүйектен жаралған жан, сырттай сыр бермегенсiгенiмен, iштей қатты мүжiлiп, опыныпты. Ұлтарақтай жерiмдi бөтенге таптатпаймын, елiмнiң намысын ешкiмге бермеймiн деп жүрiп талай жауының қанын суша шашып едiм. Олар да пенде, солардың көз жасы жiбермегенi ғой. Олардың ұрпақ-жақындары қарғап, мына дүниеден қубас болып өтпекпiн бе? – деп күңiренiптi. Үшiншi ұлын жерге бергенде самай шашы ағарып сала берiптi.
Төртiншi мәрте келiншегi жүктi болып, айы-күнi жақындаған сәтте бар қару-жарағын асынып:
– Мен аң аулауға кеттiм. Мына найзамды тастап кетемiн. Егер туған бала тiрi болса отауымның төбесiне бөрiлi байрақ iлiңдер. Егер олай-бұлай болып кетер болса тұлдандырып, қара жылқының қара құйрығын байлаңдар. Көз көрмес, құлақ естiмес алысқа кетемiн. Сүйiншiлерiңдi үш күннен кейiн ғана келiп сұраңдар. Сүйiншiсiне қалағаныңды беремiн. Ал егер сәби өлiп қалып, жаман хабар әкелген жанның тiлiн кесемiн. Үш күн күтемiн, – дептi.
Аң қағып, құс салып, тау-тасты аралап қанша серуен құрса да батыр көңiлi алаңдай бередi. Бiр күнi үйiнiң үстiне бөрiлi байрақ iлiнгенiн көрiп: «Иә тәубе, тәубе, ұзағынан сүйiндiре гөр», деп көзiнен жасы ағып, қайта қарауға жүрегi дауаламай әрі ұзай бередi, кете бередi. Қанша жанарын сарқып қараса да ту алыстан түк көрiнбейтiн жаққа кетiп, алабұртып ендi жақсы хабар күтедi. Екiншi күнi де еш хабар болмайды. Үшiншi күнi таң атысымен бiр орнында тұра алмай, жаны байыз таппай, сергелдең күйге түседi. Елi жаққа мойнын созып, аузына күнi бойы түйiр ас-су алмай сүйiншi сұраған жан келе жатқан жоқ па деп, тесiле-тесiле шаршайды.
Үшiншi күнi кеш батып бара жатқан сәтте көз ұшынан шөкiмдей шаң көрiнедi.
«Иә, ақсарыбас, ақсарыбас!» дегенше болмады әлгi шаң аннан бiр, мұннан бiр бұрқ-бұрқ етiп жанына жетiп-ақ келiптi. Анықтап қараса – өзiнiң жауға мiнiп шабатыны – Айтұяқ тұлпары! Асыл туған жануар күмбiр-күмбiр кiсiнеп, батырды үш мәрте айналыпты. Тұлпарының құйрық-жалын тұттай ғып күзеп тастапты, алақандай екi көзi қанталап, шатынап батырдың қарсы алдына басын тосып, дiр-дiр етiп тұра қалыпты.
– Ә, жаманат хабар әкелген сен екенсiң ғой. Бұ жалғанда қубас өттiм десеңшi! Дүниенiң бәрi тәрк! Қубас, сорлап қалдың, сорлап қалдың десеңшi! Ендi сен де өлiк, мен де өлiк – деп алмас қылышын алып, қақ шекенiң тұсы деп, өлер жерiң осы деп тұлпарының маңдайын ала перiп кеп жiбередi. Сонда өмiрi сiлтегенiн жiбермеген батырдың батпан қолы тұңғыш рет қалт кетiп, тұлпарының оң жақ құлағын шорт кесiп түсiптi.
Тұлпары да аузын кере ашып аспанға шапши бiр секiрдi де иесiнiң алдына бас кессең мiне дегендей сұлқ жата кетедi.
Батыр мына адамнан артық туған асыл тұяқты тұлпарын құшақтай өгiздей өкiрiптi. Баяғы төгiлген жiбек жалы жоқ, ендi бiр құлағы шұнақ болған аттың алақандай екi көзiнен де жас бұлақтай ағыпты дейдi. Кенет жануар атып тұрады, үстiнде батыр, ауылға қарай құс болып ұшады, жел болып еседi, құйын болып ұйытқиды. Әне-мiне дегенше ауылына жетiп-ақ келедi. Қараса әйелi есiк алдында баланы бесiгiне салып, боздап отыр екен. Сол шапқан күйi бесiктi iлiп ала сала бетi ауған жаққа ағызып кете бередi. Iшiнде өлген баласы бар бесiктi құшақтаған Қарасай тау асады, құм басады, орман кезедi, айдыны шалқыған көлден өтедi, айбыны асқақтаған тау-белдерден өтедi. Асыл туған жануар тоқтамастан бiр күн, бiр түн шауыпты. Бiр кезде тұлпары тоқтағанда дiр-дiр етiп, құлағының түбiнен аққан қара тер тұяғынан бұлақ боп жерге құйылыпты.
Қарасай батыр атынан түсiп шетiнеген нәрестенi бауырына басып күндей күркiрептi, түндей түнерiптi. Қапаланып, күңiренiп: «Әй, бүйтiп бұ жалғаннан қубас атанғанша, осы баламмен бiрге өлiп-ақ кетейiншi… Ел-жұрттың көзiне көрiнбей-ақ қояйын бiржола», – деп өлi бала бар бесiктi тербете-тербете әбден қалжырап, таңға жуық көзi iлiнiп кетiптi. Көзi iлiнiп кеткенде түсiне жарықтық абыз әкесі – Алтынай кiрiптi. Күмiстей аппақ сақалды, аппақ киiнген абыз әкесi қасына келiп:
– Ау, балам, тұр, еңсеңдi көтер! Құдайдан әр нәрсенiң түбiн сұра, қайырын сұра! Елiңнiң төрт құбыласына қорған болар төрт ұлың болады. Мiне, сенiң көз жасың, ақ тiлеуiңе қырық шiлтен Қыдырбаба берген балаң мiне, қабыл ал! Аты – Әуез балаңның! – деп бесiкке қол аяғы тырбаңдаған балпанақтай баланы салып берiп, абыз атасы ұзап барып, көрiнбей кетедi.
Ояна кетсе кеудесiн түртпектеген бесiктегi бала тiрi, маңдайы торсықтай ұл шырылдап жылап жатыр. Жалаңаш қойнына сала сап, бешпентiн қаусырынып, белдiгiн буынып, тұлпарына мiнедi. Айтұяқ та тып-тың.
Ауылға келiп, отауына жақындайды. Шашын жайып жiберген, бетiн керегеге осқылап, сұңқылдап жоқтау айтып жатқан әйелiне:
– Қане, тоқтат, өшiр үнiңдi! Мiне, қырық шiлтен Қыдырбаба қолдап-қорғап баламыз тiрi қалды! Тiрi! Мә, емiз!.. Абыз атам аян бердi, аты Әуез болады. Мал сойыңдар, той жасаймын, – дептi қуаныштан жарыла.
Осы Әуез ақжолтай болып, одан кейiн Қарасай үш ұлды болады.
* * *
Иә, шынында да аты ұрпақтан-ұрпаққа тараған Қарасай батыр кiм? Ол жөнiнде қысқаша мәлiмет бере кетудi жөн көрдiк. Ұлыларды заман туғызады. Жақсылардың аты ел санасынан ешуақ өшпейдi.
Қарасай Алтынайұлы 1598 жылы Алатау бөктерiндегi Суықтөбе тауының бауырында Қарасаз деген жерде дүниеге келедi. Қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысқан батыр, қолбасшы. Ұлы жүздегі шапырашты руының есқожа тармағынан шыққан. И.Э.Фишердің «Сібір тарихы» атты кітабында Қарасайдың 1653 жылы Сібір-Тобыл ұрысына қатысқаны айтылады. Сондай-ақ оның 1643 жылы Орбұлақ шайқасына қатысқандығы туралы дерек бар. 1652 жылы Қарасай қазақ жасақтарын басқарып, жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ержүрек, көреген қолбасшы ретінде көзге түседі. П.П.Румянцевтің «Жетісу облысының материалдары» деген еңбегінде: «Батыс Қастек өңірінде шапырашты руынан шыққан Қарасай батырдың ұрпақтары тұрады. Қарасайдың бейіті Көкшетау уезінің Айыртау деген жерінде орналасқан» деп жазды. 1997 жылы тамыз айында Қарасай мен оның жорықтас жолдасы Ағынтай батыр жерленген төбеге ескерткіш-белгі қойылды. Қарасай батыр есімі шапырашты руының ұранына айналған. Сүйінбай Аронұлының «Қарасай батыр» атты тарихи дастаны бар. Оның ерлігін Жамбыл да көп жырлаған. Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылының маңындағы биік жота, сондай-ақ бұрынғы Қаскелең ауданы Қарасайдың есімімен аталады. Ұзынағаш ауданында батырға ескерткіш орнатылған. 1999 жылы батыр туралы телефильм (сценарийі проф. С.Садырбаев, реж. Б.Құсанбек) түсірді.
Қарасайдың тарихқа келуi Тәуекелден кейiн Есiм ханның таққа отыруымен тұспа-тұс келедi. 1620 жылы Есiм хан Алтын ханмен, Ноғай ордасымен бiрiгiп, отыз мың қолымен ойратқа шабуыл жасады. Бұл ұрыста 79 жасар Сүйiндiк Жанай батыр бөрiлi байрақ туды жас жолбарыс Қарасайға тапсырды. Қара Ертiстiң оң қанатындағы осы соғыста Есiм «Еңсегей бойлы ер Есiм» атанды. Осы жылы Тобыл бойындағы соғыста Қарасай ойраттың екi тайшысы Тойлы мен Қарақалды қолға түсiрiп, хан алдына айдап әкелдi. Сонда Есiм хан риза болып: «Сен ендi бүкiл қазақтың Қарасай батыры болдың» деп айтыпты. Шынында да қазақ жерiнде Қарасай батырдың тұлпарының тұяғы тимеген жерi жоқ деуге болады.
1627 жылы Тобылдан ығысқан ойраттар ес жиып, Едiл мен Жайықтағы алшындарды шауып тыныштық бермегенi, Едiлдiң Хазарға құяр жерiндегi қазақтарды қырғаны жөнiнде суық хабар жеттi. Осыған байланысты Есiм хан Түркiстанда жиын өткiздi. Хан қазақтың Қарасай батырын, Арғын Ағынтай, Найман Көксерек, Қаңлы Сарбұқа, Төртқара – Жиембет батырларды шақырып, әрқайсысына бес мың қол сарбаз берiп, Жайыққа аттандырады. Хазар теңiзiнiң жағасында 83 күн ұрыс болып, бiр жарым ай батырлардың жекпе-жегiмен өттi. Қарасай батыр тоғыз рет майдан алаңында жекпе-жекте Манжы, Танжы бастаған жаудың он бiр батырын жеңдi. Ал Ағынтай батыр бұл соғыста жетi рет жекпе-жекте шайқасқан. Осы ұрыста ойраттар жеңiлiп, орыс елiне қарай қашты. 1635 жылы Есiм ханның ұлы Жәңгiрдi қалмақтар тұтқындап әкетедi де, қазақ қолын Қарасай батыр басқарады. Қалмақтар бұл шақта Жетiсудың терiстiк-шығысын басып алып тұрған. Қазақ қолы күш жинап тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды Жоңғар қақпасына дейiн қуып, күйрете соққы бердi. Қарасай мен досы Арғын Ағынтай батыр екеуi бiрiгiп, Жәңгiрдi үлкен ерлiкпен қалмақ тұтқынынан босатып әкелдi. 1640 жылы Есiм ханның орнына Жәңгiр таққа отырды. 1643 жылы Алтын ханның ұлы Омбы бастаған елу мың ойраттар қазаққа лап қойды. Жәңгiр мен Қарасай Доңызтауына кiрiп келе жатқан жауды көп қырды. Осы кезде Алшын Әлiмұлы Төртқара, Жалаңтөс баһадүрлер келiп, көмекке жеттi.
1646 жылы қазақ-қалмақ соғысы Қосқолаң тауының арасында өттi. Қарасай мен Ағынтай қолын оқпанға жасырды. Ордағы сарбаздарды көрмеген қалмақтар үлкен шығынға ұшырады. 1652 жылы қалмақтар қырғыздарға шабуыл жасады, оған болысуға Қарасай батыр сарбаздарымен көмекке барды. Осы соғыста Қарасай батыр қалмақтың қолбасшысы Батыр қонтайшының қолын шауып түсiрiп, ол содан өлдi. Жәңгiр хан қайтыс болған соң орнына Тәуке отырды. Батыр қонтайшы өлген соң, алты жылдан кейiн оның үлкен ұлы Сенге бастаған қалмақтар тағы да шабуыл жасады. Оның 23 мың қолы Үш Алматыны басып алды, одан Далатау Таласқа жеттi. Құлан төңiрегiнде алты күн ұрыс болды. Осы жерде Қарасай мен Ағынтай әрқайсысы қол бастап, 200 мәрте ұрысқа кiрген екен. Осы өңiрде екi батырдың есiмiмен жер аталып қалыпты.
1664 ұлу жылы Арқас аңқайынан (Жоңғар қақпасы) екi мың торғауыт Наймандар мен Жалайырларға шабуыл жасап, Қарасай мен Ағынтай ұрысқа бiрге кiрiп, жауды қуысқан. Осы соғыста Ағынтай батыр аяғынан жараланып, ақсақ болып қалған, Қарасай батыр да жараланған. Ел iшi тынышталғанда Қарасай батыр бiрсыпыра туғандармен, өзiнiң қандымайдан досы Арғын Ағынтай елiне барды. Көкше өңірінде бiр жылдай тұрып, 1671 жылы тамыз айында қайтыс болды. Келесi жылы Арқада ат шауып, ас берiлдi. Досының асын берген соң сол жылы Ағынтай батыр да қайтыс болып, оның да сүйегi Айыртаудағы Құлшынбай төбесiнде Қарасай батыр бейiтiнiң жанына өз өсиетi бойынша жерленген.
* * *
Профессор П.Румянцевтiң жинатып, соның басшылығымен 1913 жылы шыққан «Верный уезi» деген кiтапта былай жазылған: «…Қарасай мүрдесi Көкшетау уезiнiң Айыртау сағасында!» Қарасай батырдың есiмiмен екi жүздей жер, су, тау, сай аттары аталған, бүкiл бiр тайпаға есiмi ұран болған. Қарасай батыр жөнiнде Шоқан Уәлиханов өз еңбегiнде атап кеткен. Зерттеушi-қайраткер Мұхамеджан Тынышпаевтың 1925 жылы Ташкент қаласында шыққан «Қырғыз-қазақ халқы тарихынан материалдар» деген еңбегiнде (25-бет) «Шапыраштының ұраны – Қарасай, таңбасы – Ай, Тұмар» деп атап көрсетiлген.
Жалпы, ұлы тұлғалардың ұлылық қасиетi көп болады. Қарасай тек iрi батыр ғана емес, айтқаны дәл келетiн әулие көреген, бiреуге қатты ренжiп, зiл тастаса, терiс бата берсе, қара жер қарс айырылғандай қара жамылтатын арқалы, аруақты жан болған. Қартайған шағында шыбық мiнiп, ойнап жүрген бала Төленi өзi iздеп барып, ақ батасын берген екен. Төле кейiн күллi Қазақ елiнiң тiзгiнiн ұстаған әз Төле би атанғаны белгiлi. Атақты да аруақты, қасиеттi жандардың киесi, пiрi болады. Қарасай бабамыздың жолға шығарда, ұрысқа аттанарда соңынан қызыл шұбар жолбарысы бiрге ерiп жүредi. Ол батырдың өзiне ғана көрiнiп, аян беретiн қасиеттi киесi, қыдырлы қызыры екен. Қарасай бабамыз бұл дүниеден өткен соң қызыл шұбар жолбарысы Төле биге, одан Сұраншы батырға, одан Сарыбай биге, кейiн Жамбыл атаға ерiптi, дейдi.
Ел арасында Қарасай батыр жайлы аңыз-әңгiме, деректер көп-ақ. Биыл туғанына 420 жыл толып отырған Қарасай батырдың ғұмыры мен елi үшiн iстеген ерлiгiн зерттеу, екшеу, тұғырлы өмiрiн қазiргi күн тұрғысынан зерделеу – бүгiнгi ұрпақтың асыл парызы...
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы
АЛМАТЫ