– Жәмилә Үсіпжанқызы, «Архив-2025» бағдарламасын іске асыру үшін Президент Архиві тарапынан қолға алынатын маңызды істердің басында қандай мәселелер тұр?
– Президент Н.Назарбаев еліміздің мәдени мұрасының құрамдас бөлігі болып саналатын Ұлттық архив қорының сақталуына және ұлғайтылуына үнемі аса үлкен мән беріп, тұрақты түрде қамқорлық жасап келеді. Мемлекет басшысының жуырда ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұсынған «Архив-2025» бағдарламасы осының айғағы болып табылады. Өз мақаласында Елбасы Тәуелсіздік жылдарында еліміздің өткен тарихы мен мәдениетіне қатысты деректік құжаттар мен жәдігерлерді іздестіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Енді «Архив-2025» бағдарламасы аясында отандық тарихшылар мен архившілердің алдында барлық отандық және шетелдік архивтерде ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын іргелі зерттеулер жүргізу бойынша үлкен міндеттер қойылды. Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыратын тарихшылар мен деректанушылардан құралған арнайы топтардың іздестіру жұмыстарының тиімділігі архившілердің анықталған архив құжаттарына қажетті ғылыми-әдістемелік және анықтамалық құралдарды дайындауына, ол құжаттарға көпшіліктің қолжетімділігін қамтамасыз етуіне тікелей байланысты болмақ.
«Архив-2025» бағдарламасын жүзеге асырудағы маңызды мәселелердің бірі – жобаны лайықты деңгейде жүзеге асыратын мамандар. Бүгінде тарихқа қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Қазірде республика бойынша архив ісі және құжаттану саласының мамандарына деген қажеттілік жыл сайын 3 мыңға жуық адамды құрап отыр. Ал Қазақстанда осы сала бойынша мамандарды дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жылына 35-40 адамды әзірлейді. Сондықтан аталған бағдарламаның табысты жүзеге асуы үшін елдегі архив ісі мамандарын даярлау бағдарламасына бірқатар өзгеріс қажет деп санаймын.
– Ақпараттық, тарихи маңызы жоғары құжаттардың үлкен бөлігі Қазақстан Президенті Архивінде сақтаулы тұрғаны мәлім. Архив қоры және ондағы құжаттардың ерекшелігі қандай?
– Мемлекет басшысының №1502 Жарлығымен құрылған Архив алдағы жылы өзінің 25 жылдығын атап өткелі отыр. Қазіргі күнде Архив Қазақстан Президентінің, оның Әкімшілігінің, Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттық-архивтік қамтамасыз етуде негізгі міндеттерді атқаратын заманауи, технологиялық жабдықталған кешен болып табылады.
Архив қорында 1918-2013 жылдар аралығын қамтитын 805 мыңнан аса сақтау бірлігі есепке алынған, олардың 727 мың сақтау бірлігі қағаз түріндегі құжаттарды құраса, 11 мыңнан астамы дыбыстық бейнелік құжаттамада сақталған.
Мемлекеттік органдардың 2000 жылды қоса алғандағы уақытқа дейінгі архив қорлары қоғамдық пайдалануға ашық. Архив қорларында Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуының заманалық оқиғаларын, сыртқы және ішкі саясаттың көп аспектілі мәселелерін, халықаралық қатынастарды, экономиканы қайта құрудың маңызды үрдістерін, еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуын көрсететін бірегей мәліметтер топтастырылған. Мұнда сонымен қатар Қазақстан Республикасы заңдарының түпнұсқалары, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері, оның халықаралық конгрестерде, форумдар мен кездесулердегі сөйлеген сөздерінің мәтіндері сақталуда.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің және оларға дейінгі билік органдарының қорларындағы Қазақ АКСР-інің құрылуы, тоталитарлық режім кезіндегі күштеп ұжымдастыру мен саяси қуғын-сүргін, өлкені индустрияландыру, қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды Қазақстанға күштеп қоныс аудару, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы бірегей құжаттар зерттеушілер үшін ерекше қызығушылық тудырады.
1998 жылдан бастап Архив жеке тектік құжаттарды жинақтауды бастады.
– Бүгінде архив саласы ақпараттық технологиямен тығыз байланыста дамып келеді. Жалпы архив құжаттарын жаппай сандық форматқа көшіруде қандай жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр?
– Мемлекеттік архивтер мен мекемелерде ақпараттық технологияларды, оның ішінде электрондық архив жүйесін енгізу өте маңызды мәселе болып табылады. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 2014 жылы мекеменің ақпараттандыру тұжырымдамасын қабылдаған болатын. Сол жылдан бастап қағаз жүзіндегі архив құжаттарын жаппай цифрландыру жобасы қолға алынды. Осы төрт жылда 100 мыңнан аса сақтау бірліктері сандық форматқа көшірілді. Қағаз құжаттарды сандық форматқа көшіру жоғары жылдамдықтағы көпқызметтік құрылғыларда жүзеге асырылады. Орта есеппен алты көпқызметтік құрылғы арқылы аптасына 500 сақтау бірлігі цифрлаудан өтеді.
Архив құжаттарын цифрландырумен қатар Қазақстан Президентінің Архивінде «Электронды архив» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Жүйенің атқаратын міндеттерінің қатарына Архивтің негізгі бағыттарын ақпараттандыру, Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтау, есепке алу, сақтау және пайдалану кіреді. Жүйенің интерфейсі пайдалануда өте ыңғайлы. Зерттеушілер осы жүйе арқылы кейіннен тапсырыс беретін құжат туралы ақпаратты алдын ала көре алады. «Электронды архив» жүйесінің іске қосылуы зерттеушілер үшін құжаттардың тізімдемесіне қашықтан қолжетімділігін ғана қамтамасыз етіп қоймай, архив қызметкерлерінің жұмысын оңтайландыруда да үлкен септігін тигізіп отыр.
– Еліміздің архив тарихына үңілсек, оны С.Сейфуллиннің есімімен байланыстырамыз, ал алғашқы тарихи жазба деректер Бөкей ордасынан, Жәңгір ханның тұсынан ғана басталады екен. Архив ісін дамытуда шетелдік әріптестеріңіздің тәжірибесі озық қой, екіжақты серіктестік қарым-қатынастар қандай нәтижесін беріп отыр?
– Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 2003 жылдан бастап Архивтердің халықаралық кеңесі Еуразиялық бөлімінің мүшесі болып табылады. Соңғы жылдары іскерлік кездесулер мен тәжірбие алмасу аясында біздің мекеменің қызметкерлері Ресей, Германия, Оңтүстік Корея, Польша және АҚШ мемлекеттерінің архив қызметімен танысты. 2017 жылдың басында АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Сұраным бойынша халықаралық сапарлар» бағдарламасы аясында Архив қызметкерлері АҚШ-тың басты архивтері мен кітапханаларында болды. Бағдарлама аясында Вашингтон, Чикаго, Нью-Йорк, Бостон сияқты ірі қалалардағы архив құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету, пайдаланудың электронды қорын құру, зерттеушілермен жұмыс жүргізу, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарымен танысты.
Сонымен қатар соңғы екі жылда Архивтің үш қызметкері Корея Республикасының Ұлттық архивінде ұйымдастырылған «Жазбалар мен архивтерді басқару» (Records and Archives Management Program) бағдарламасы бойынша біліктіліктерін арттыру курстарына қатысып қайтты. 2018 жылдың басында Архив қызметкерлері Польшаның Гданьск қаласындағы мемлекеттік архивінде тағылымдамадан өтті. Іссапар барысында 2020 жылы Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейінде, Қазақстан Президенті Архивінің құжаттары негізінде, Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбындағы тарихи-құжаттық көрменің тұсаукесері өтетіні туралы келісімге қол жеткізілді.
– «Ашық қоғамға – ашық архив» акциясының басталғанына да бірталай жылдың жүзі болды. Тарихи маңыздылығы жоғары кейбір құпия құжаттар жария болса, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келетіні тағы бар. Мекемеде көпшілік түгілі, тарихшы ғалымдардың қолы жете бермейтін «ерекше құпия» құжаттар әлі де көп пе?
– Архивте Қазақстан тарихының өзекті мәселелері бойынша зерттеулер жүргізуге, мемлекеттік және қоғамдық қажеттіліктерді қамтамасыз етуге бағытталған Ұлттық архив қорының құжаттарын кеңінен пайдалану және жариялау ұйымдастырылған. 2004 жылы Архивтің бастамасымен құжаттарды құпиясыздандыру бойынша Ведомствоаралық комиссия құрылып, комиссияның жұмысы нәтижесінде 2004-2008 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің және оларға дейінгі билік органдарының 1937-1991 жж. аралығындағы 40 мың істің құпиялылығы жойылды. Осы жұмыстың нәтижесінде Архив «Рассекреченная война: «особые папки» ЦК КП (б) Казахстана. 1941-1945 гг.» жинағы мен 1930-1945 жж. аралығын қамтитын «Из истории депортаций» құжаттар жинағының үш кітабын жариялады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ