• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Желтоқсан, 2018

Өнерге жақынның өресі биік

533 рет
көрсетілді

Ұлт зиялыларымен, өнер, мәдениет қайраткерлерімен байланысын үзбей отыратын Президент Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы білетіндердің тамсанып, тәнті болып айтатын бір әңгімесі – Елбасының ән десе ерекше елеңдеп, бұрауы келген домбырадай бабында отырса, көне аспаптың шанағын шертіп-шертіп жіберіп, көмейінен ән саулататын өнері.  

Жұмсақ майдақоңыр үнін домбыраның көмейінен қайырып, аспаптың сазына қосып сұлу әндерді салғанда тыңдаушысын еріксіз елітетінін байырғы досы, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаевтың аузынан талай естідік. Әсіресе Президенттің сөзі де, әуені де жүректі тербейтін, тәрбиелік мәні бар, тағылымды өсиетпен өрілген философиялық әндерді ерекше жақсы көретінін, ондайда алтынның буымен апталған мазмұны терең сөздерінің шұғылалы нұрына шомылғандай шалқып та кететінін білетіндер айтып жүреді. Бір сенген, бір шешілген адамының алдында Елбасының ғажап әңгімешіл, әзілқой адам екенін Сәбит ағадан өзге қайраткерлер де қуаттап жатады. Тіпті жеке адамдармен өткізетін басқосуларды, отбасылық отырыстарын айтпағанда, өнерге жаны жақын Нұрсұлтан Әбішұлының арнайы, салтанатты, мерекелік қабылдаулардың өзінде қазақы арқасы ұстап «әу» деп жіберетін әдеті барын барша елі де бұл күнде жақсы біледі. «Елбасы әсіресе қандай әндерді жақсы көреді?» деп сұраймыз Сәбит ағадан. «Көп қой, – дейді қазақ театр өнерінің абыз ақсақалы. – Әнді қалай айтса, биді де солай билейді. Қай жағынан алсаң да, әмбебап адам ғой».

– Нұрекең ән мен жырды айтып қана қоймай, сөзінің мәніне бойлай білетін сауатты орындаушы. Жайлап бастап, дауысын бірте-бірте шарықтатып мұң аралас арман ақтарыла айтылатын «Көзімнің қарасын», ырғалып отырып «Бір баланы» шырқағанда, қара сөздің тұңғиығына батырып жібереді. «Дудар-ай» да Президенттің сүйікті әндерінің бірі. Әлі есімде, жастау кезімізде, алғаш Нұрекеңмен танысқан күні таң атқанша ән салдық, ол менен Төле бидің толғауларын айтып беруімді қолқалап, жанына жаққаны болар, екі қайтара айтқызды. Содан келер жылы Теміртауға іздеп барғанымда тағы да осы өсиетнаманы айтып беруімді өтінді. Сөйтсем өзі де жаттап алған екен. Құдая тоба, осы толғауды айтып берген сайын Нұрекең құдды бір алғаш рет естіп отырғандай ерекше ынтамен құлақ қойып тыңдап, бабамыздың құрыштан құйғандай қуатты сөздерінің қасиеті кеудесіне сыймағандай, көкірек тұсы көтеріліп, арқаланып отырады.

Бұл қазақтың баласы

Тегінде нені көрмеген,

Неше бір жайсаң данасы

Шешен де болып сөйлеген.

Көсем де болған ойменен,

Бірақ соның бәрі де,

Ыдырап жатқан қазақтың

Қоса алмады бастарын.

Мен боламын дегендер,

Ақтамады сенімді.

Көкірек қаққан хандары,

Лауазымға таласып,

Быт-шыт қылды елімді, – деген Төле би бабаның ұзын-сонар толғауын алабөтен қадір тұтатынын орайы келе қайта-қайта орындатуы­мен сан рет байқатқан. Талай басқосуларда, шағын отырыстарда осы толғауды өзінің де домбырамен нақышына келтіріп орындағанын естідім. 

Теміртауда қызмет істеп жүргенінде мен үйі­не қонақ болып, қазақы дәстүрмен менің ке­лу құрметіме жолдастарын шақырып, тағы да таң сібірлеп атқанша кезек-кезек ән айтқан едік. Сонда Нұрекең: «ей, жігіттер, көрдіңдер ме, бі­реу­ді алыс, біреуді жақын көрме, жұмысы болсын тегіс әлеуметшіл дейді. Осыны еске сақтайық, ұмыт­пайық!» деген еді жолдастарына қарата. 

Ұзақ жылдардан бері есімде жүрген тағы бір жайт, Нұрекең тыйым салынған Иманжүсіпті ерте таныды. Айтсам, мақтангершілік бола ма, тануына себепкер болған тағы да мен едім. Сол жылдарда біздің М.Әуезов атындағы дра­ма театры­на Шымкенттегі Жұмат Шанин атын­дағы облыстық драма театрдан Мұхтар Өтебаев деген актер ауысып келді. Керемет әнші еді. Екеуміз «Жаяу Мұсада» кезек-кезек ойнаймыз. Арасында маған Иманжүсіптің әндерін үйретеді. Иманжүсіпті Мұхтар Ш­аниндерден үйренген екен. Ол кезеңде Иман­жүсіптің аты ауызға алынбайтын, әлі ақталмаған ақын­дардың қатарында еді. Соған қарамастан, ақ­тал­май тұрған кездің өзінде Нұрекең толық нұс­қасымен Иманжүсіптің әндерін айтатын. 

Абылай аспас Арқаның сар-ай белі, 

Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі. 

Қырық мың жылқы айдасаң ылайланбас, 

Нияздың Аюлы мен Қаракөлі, – деп бас­талатын Иманжүсіптің әнін Нұрекең бабына келтіріп шырқайды. 

 Тағы бір байқағаным, әзілге ұста, мінезі ашық-жарқын Нұрсұлтан Әбішұлы мінезіне сай халық әні «Маусымжанды» да өте жақсы көреді. Ара-тұра «Аса байлық не керек, ден сау болса, болғаны» деген қайырымдармен келетін биязы, майда, сағыныштың сарынымен айтылатын Жетісу әндерін шырқайтыны бар. Өзінің де дауысы зор. Жоғары нотадағы әндерді қи­налмай айтады. Жас кезінде италиялық әнде­рін, романстарды шырқағанын талай рет ес­тідім. Нұрсұлтан Әбішұлының өресінің биік болуының да, халыққа жақын болуының да бір сыры, осындай халықтың өнерін айрықша қадір тұтатындығынан болар деп ойлаймын.

Дайындаған 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ