«UMC» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы балалардың ағза трансплантациясына мұқтаждығын толық қамтамасыз ете алады.
Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы басшысының орынбасары Венера Алтынова орталықтың балалар трансплантологиясы бойынша мүмкіндіктерін таныстырды. Оның айтуынша 2012 жылдан бері, яғни 6 жыл ішінде балаларға 81 бүйрек трансплантациясы жасалған болса, операцияның 89 пайызы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында өткен.
«Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында 2012 жылдан бері терминалды кезеңдегі бүйрек, бауыр созылмалы ауруларын емдеуде жоғары технологиялық әдістер енгізіп келеді. Осының арқасында қазір бүйрек пен бауыр трансплантациясы үшін науқас балалар шетелдік клиникаларға бармайтын болды. Қазіргі уақытта елімізде 61 бала бүйрек донорына, 21 бала бауыр донорына мұқтаж. 2015 жылдан бері балаларға мәйіт ағзаларынан бүйрек трансплантациясы жасала бастады. Былтыр алмастырылған органды ағзасы қабылдамаған балаға қайтара бүйрек трансплантациясы жасалды. Бұл салада ағзасы алмастырылған балалар мен трансплантаттың аман қалу деңгейі Еуропа елдерімен бірдей. Біздің орталықта бұл көрсеткіш 94,4%-ға жетіп отыр», деді В.Алтынова.
Бұл орталықта 2014 жылдан бастау алған бауыр трансплантациясы да айтарлықтай дамыған. Клиника басшысы қазірге дейін Түркияның Башкент университеттік клиникасы, Беларусьтың Республикалық ағзалар мен тіндер трансплантациясы ғылыми-тәжірибелік орталығы мамандарымен бірлесіп 6 ай мен 1 жас 2 ай аралығындағы 7 балаға бауыр трансплантациясы сәтті жасалғанын жеткізді. Оның ішінде екі трансплантацияны орталық мамандары өздері жасаған.
Сондай-ақ былтыр кемік майы трансплантациясы 527 балаға жасалды. Оның ішінде күрделі обырмен 116 бала, лейкозбен 411 бала ем алып шықты.
Алайда донор тапшылығы балалар трансплантологиясында да түйткілді мәселе болып отыр. «Жыл сайын бүйрекке мұқтаж балалардың қатары 14-18-ге көбейіп отырады. Бірақ балалардың кейбірінің әке-шешесінің жоқ болуы немесе қан тобының сәйкес келмеуі, ата-анасының денсаулығының болмауы, донордың табылмауы жағдайды қиындата түседі. Сондай жағдайларда мәйіттен ағза ала алсақ, балаларға жақсы мүмкіндік туар еді. Донор болмағандықтан, көп бала қайтыс болып кетеді» деді В.Алтынова.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»