Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына бүгінде мемлекет тарапынан едәуір көңіл бөлініп келеді. Елбасы әр Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Қазақстанда кедергісіз орта құру керектігін айтады. Дей тұрғанмен, кейбір мәселенің көлеңкелі жақтары да жоқ емес.
Айталық, бала жасынан I топтағы мүгедекке қарап отырған адамға берілетін жәрдемақы жайы алаңдатпай қоймайды. Өткен жылдан бастап беріле бастаған жәрдемақы азайғанымен қоймай, егер мүгедек жұмыс істейтін немесе қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын болса, оған өзіне көмектесетін жеке көмекшіден қол үзуіне немесе сол көмекшіні қалдыру үшін үйде күндіз-түні қарап отыратын адамға алып отырған жәрдемақысынан бас тартуына тура келеді. Үйде қарайтын адам онсыз да бүкіл өмірін мүгедекке арнап жарымжан күй кешетіндіктен, оның да денсаулығы нашарлайды, сонда ол ауырмауы керек пе, емделмей ме, өз қажеттілігін өзі өтемей ме? Ал мүмкіндігі шектеулі жанға сырттағы көмекшінің қажет екені айтпаса да түсінікті. Көмекші жайын ойлайтын болса, қоларбаны қолмен жүргізе алмайтын, тірек-қимыл жүйесі дұрыс істемейтін, арық, дене-бітімі кішкентай, үнемі отыратын мүгедектің денсаулығын ескеріп, ыңғайлы электрлі қоларба беретін жағдай жасалуы қажет. Шипажайлар мен демалатын мекемелерге бару біз сияқты арбада отырған жандарға және көмектесетін ешкімі жоқ жалғыз басты мүгедектерге орындалмас арман. Себебі емдеу-сауықтыру орындарында да сырттан бастап, іште де еркін әрі кедергісіз жайлы жүретіндей жағдай жоқ. Ал ондай жерлерге жіберетін жергілікті жауапты мекеме жолдама бере алмай, тіпті қасындағы қосымша көмекшісі түгілі, анасының жолақысы мен сол жақтағы қаражатын да төлей алмай қалады. Арбадағы мүгедекке көмектесу үшін бір адамның физикалық тұрғыдан күші аздық етеді. Яғни, мемлекет тарапынан осы мәселелерді шешетін қаражат аударып, шипажайлар мен демалатын жерлерге жағдай жасалуын қадағалайтын және заңмен мәжбүрлейтін тетік неге жоқ? Бүгінде сондай-ақ мемлекеттің дамуына, халықтың жағдайының жақсаруына үлесіңді қосу үшін жұмыс істейін десең, порталдардағы вакансиядағы жұмыстың талабы мен ережесі еріксіз жігеріңді құм қылады. Еңбек өтілің аз дегенде 2 жылдан асып, мамандығың мығым болуы керек. Порталды қойып, алдарына барсаң, «сенің қолыңнан тез жазу келмейді немесе жағдайыңды жасай алмаймыз және бос орын жоқ. Орын босаса, хабар береміз», деп құрғақ уәдемен шығарып салады. Одан шыға беріп, автобусқа отырар кезде, көшелерде кедергілерден өтуге көмек сұрасаң, кейбір адам естімегендей болады және алдыға өтіп кетуге рұқсат сұрасаң, жұқпалы ауруың бар адамдай жиіркеніп қарайды. Сонымен қатар аурухана, емхана, кейбір дәріханалар мен дүкендерге кіру деген де біз үшін алынбас қамалдай болатын кездер көп. Өткен-кеткендерге жәутеңдеп, кім кіруге көмектеседі деп ішке кіре алмай отырасың. Мүмкіндігі шектеулі біз сияқты жандар үшін көшелердегі кішкентай кедергі таудай екенін ешкім ескергісі келмейді. Мүгедектерге жағдай жасау жайлы жергілікті биліктен сұрасаң, бір-бірлеріне сілтегеннен әбден зықың шығады.
Негізі, аталған мәселенің бәрі мемлекеттің бақылауымен шешілетін жағдай. Бірақ ешкім қалыптасқан ахуалды түсінгілері келмейді және алыстан үретін де қоятын, жете алмайтын ит сияқты мүгедектің жанайқайын тыңдамайды, қарамайды, оқымайды. Айта берсек мәселе көп.
Сөз соңында мүгедек болса да, отбасын құрғысы келетіндер жайын да айта кеткен жөн. Бұл ретте он екі мүшесі сау адамдармен тең жүре алатын, толықтай жағдай жасалған отандық телеарналардың бірінен таныстыру бағдарламасын ашса деген тілегім бар. Аталған мәселеге бейжай қарауға болмайды деп ойлаймын. Біз де қоғамның, мемлекеттің дамуына үлес қосатын қажетті адамбыз, тіпті қозғалмайтын тірі өсімдіктің де тіршілікке пайдасы бар емес пе?!.
Нұркен БЕКТАСОВ,
I топтағы мүгедек
СЕМЕЙ