Облыс орталығының дәл іргесінде орналасқан елді мекен өркениеттен алыс қалды дегенге сену қиын. Алайда, тұрғындардың жанайқайына құлақ түрсең амалсыз илануға тура келеді.
Ауыз судың азабы
Ауылдың атауы шұбалаңдау – «2603 шақырымдағы аялдау бекеті». Мұнда бір кездері ауқымды темір жол бекеті болғанға ұқсайды. Қазір он шақты үй ғана қалған. Үлкендер жағы мал, құс өсірумен айналысса, балалар көрші ауылға қатынап оқиды. Әлеуметтік нысандардың жоқтығына еті әбден үйреніп кеткен тұрғындар енді ауыз судың азабын тартып келеді.
– Осында Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің қызметкерлері жұмыс істегендіктен, аталған мекеме күнара тіршілік көзімен қамтамасыз етіп келген. Енді экономикалық жағынан тиімсіз деген уәжді алға тартып қызмет етуді доғарғандықтан, қар суын тұтынуға мәжбүрміз. Күніміз үйге қар тасумен өтеді. Бір шелектен бір литр ғана су шығады. Оның өзі кір, лас. Қанша қайнатып, сүзгенмен, кермек дәмі, жағымсыз иісі сезіліп тұрады. Облыс орталығынан бар-жоғы 20 шақырым жерде тұрамыз. Қызылжар ауданының басшылығы мәселені «әне-міне шешеміз» деумен келеді, – дейді шарасыздық танытқан тұрғындар.
Аялдау бекетіне жақын қонған Боровское ауылына жаяу-жалпылап суға баратын, темір жолды кесіп өтіп, өмірлерін қатерге тігетін сәттер аз кездеспейді екен. Су құйылған ыдысты рельстен көтеріп өткізу бір машақат көрінеді. Округ әкімі жиын өткізіп, жағдай түзеледі деп сендіріп кеткенмен құрғақ уәденің ұшы ұстатар емес. Татьяна Мещерякова, Айнагүл Ғабдуллина, тағы басқа тұрғындардың айтуына қарағанда, арнайы көлікпен әкелген су ащы, адам түгілі мал ішуге де, кір жууға да жарамсыз. Оның өзін уәде етілген 10 күнде емес, араға екі апта салып жеткізген. Соған қарағанда жергілікті шаруа қожалықтарымен бес күнде бір рет жеткізіп тұру жөнінде жасасқан келісімшарт бақылаусыз қалған тәрізді.
Жұртшылықтың қар суын пайдаланып отырғанын білмей қалған аудандық әкімдікке не дерсің?!
Фермерлер неге наразы?
Былтыр 84 фермер өзгенің кінәсінен 133 миллион теңге демеу қаржыдан қағылып, сан соғып қалған болатын. Олар биыл тағы да жер сипап қаламыз ба деген алаңдаушылығын жасырмайды.
Аққайың ауданына қарасты «Лидер» шаруа қожалығының жетекшісі Виктор Мамаев өткен жылы бір кәсіпорыннан 8 миллион теңгеге минералдық тыңайтқыш сатып алған. Жұмсалған қаражаттың 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидия түрінде қайтарылуы тиіс бола тұра әлі күнге дейін 4 миллион теңгені даулаумен жүр. Айтуынша, даулы мәселе демеу қаржының ақпараттық жүйе арқылы беріле бастауынан шыққан. Атап айтқанда, цифрлы бағдарламаның дұрыс енгізілмеуі салдарынан осындай келеңсіздікке ұрынған. Жауапты органдарға жүгінгенімен, доп сияқты қақпақылдап, бір-біріне итере салған.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Айдос Кеңпейілов бағдарламаны Астана қаласындағы «Ақпараттық есептік орталық» АҚ әзірлегенін жеткізді. Озық технология арқылы шаруашылықтар жайлы деректер түрлі ведомстволардан алынып, бір орталыққа жинақталудың орнына бірқатар мәлімет бұрмаланып кеткен. Адамдардың аты-жөндері, пайдаланылатын жер аумағы қамтылмай қалған.
Бастама, талап жақсы-ау. Бірақ жүзеге асыру тетіктері жан-жақты ойластырылмағаны қынжылтады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен дайындалған жобаның жетілдіретін тұстары аз емес. В.Мамаевты әділет органындағы бірыңғай базаға жеке тұлға орнына заңды тұлға етіп қосып қойған. 2007 жылы алған бірыңғай сәйкестендіру нөмірі жаңа үлгіде тіркелсе деген ұсынысы да ескерілмеген. Осындай ағаттықтар салдарынан онлайн арқылы өтініш бергенімен әлі күнге дейін тіркеле алмай отыр. «Қызылжар ауданы «Золотилин С.А.» шаруа қожалығының жер телімдері жеке тұлғаның БСН-не рәсімделіп кеткендіктен, демеу қаржы көзден бұлбұл ұшқан. Осылайша бірыңғай ақпараттық жүйеге мәліметтер дұрыс орналастырылмағандықтан 84 солтүстікқазақстандық фермердің тиісті қаржыдан қағылуына тура келген.
– Мемлекеттік кірістер жөніндегі комитет «құпия ақпарат» деген желеумен деректерді беруден бас тартып отыр. Мұның өзі мәселенің ақ-қарасын жедел анықтауға кедергі келтіруде. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері құқығының өрескел бұзылғаны жөнінде Бас прокуратураға шағым хат жолдадық. Тіпті сотқа дейін арыздануға тура келетін шығар? Қалай десек те, мәселені аяқсыз қалдырмаймыз, аяғына дейін жеткіземіз, – дейді кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрайымы Инесса Қуанова.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Еgemen Qazaqstan»
Солтүстік Қазақстан облысы