Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде Қаңтарбаевтар әулетінің «Шежірелі нақыштар» атты көрмесі ашылды. Көрмеден биылғы көктемнің жан жадыратар керімсалындай айрықша бір леп еседі.
Көрме ашылар алдында Мақсат екеуміз ғимараттың үшінші қабатын еркін араладық. Суретші жігіт әкесінің балаларын қылқаламға жақын болуға кішкентай күндерінен талпындырғанын ерекше ықыласпен еске алды. Әкесі бір күні Суретшілер одағына өзінің ұзақ уақыт өрнектей шапқан орындығын ауылдан қағазға орап әкелген ғой. Есік алдында кездескен кісі «Мыналарың не?» деп сауал қояды. Орындық екенін, ауылда алты ай шапқанын айтады. «Осында әкелсең, бізге көрсет» дейді әлгі кісі. Менің әкем бумасын ашып, орындығын көрсетеді. Бейтаныс кісі арқадан қағып, «Сен енді осында тұра тұр» деп өзі ішке кіріп кетеді де, іштегі суретшілердің бәрін шақырып келеді. Қырғызбай ақсақал қолдан жасалған орындығын есік алдына жайнатып қояды. Іштен шыққан кісілер есік алдында тұрған айрықша орындыққа таңырқай қарайды. Бұл тосын кездесуді ұйымдастырып жүрген кісі Әбілхан Қастеев болып шықты. Сөйтіп, орындыққа таңырқаған топ бір кісідей мақұлдап, Қырғызбай ақсақал Суретшілер одағына қабылданады. Кейін Қырғызбай ақсақалдың өмірінде тағы бір кездесу болады. Жамбылда Бауыржан Момышұлымен кездесу өтетінін естиді. Ауыл мұғалімі майдангер аңыз ағасымен кездесуге барады. Бұл жүздесуге көп адам қатысады. Ауылдан шығарда өзі мүйізден ойып жүрген Бауыржанның портретін ала барады. Әр майдангер мақтаныш көретін сыйлы ағасының мүйізден ойған бейнесін сыйлауға оқталған сәтте бір келіншек батыр жазушыға гүл сыйлайды. Бауыржан ағасы ол гүлді елеусіз жанына қоя салады. Сонда барып ауыл суретшісі «менің титімдей мүйіз портретім неге керек» деп, сол күйі төс қалтасында қалдырады. Кейін бір кездесуде батыр ағасына бұл жайды түсіндіріп айтады. «Ол гүл ғой, мынау еңбегіңнің орны бөлек» деп кеңкілдей күліп сыйлықты қабылдайды да, алғыс айтып, бір шумақ өлең жазып беріпті.
Мен де адаммын жаралған сүйек еттен,
Менде де ой бар, пікір бар жан тербеткен,
Халқымның қарапайым бір ұлымын,
Жанымды арым үшін құрбан еткен.
Суретші батыр ағасының өлең жолдарын қастерлеп, күміс таңбалармен жаздырып, Бауыржан Момышұлының мүйізден әспеттеген ескерткішінің астына жарасымды етіп таңбалатып қойды. Қырғызбай ақсақал немересі Диас Мақсатұлын да жастайынан шығармашылыққа баулыды. Т.Жүргенов атындағы мектепте және О.Таңсықбаев атындағы Алматы колледжінде білім алған ол ата жолымен кескіндеме және графика жанрында еңбектеніп жүр. Қызы Нұрдана Адамсопиеваны да осы салаға тәрбиеледі. Бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі, дизайнер болып жұмыс істеді, матаны батик арқылы бояу, әрлеумен шұғылданды. Бұл сөзімізге дәлел бола алатын «Қазақ арулары», «Сәукелелі арулар» шырайлы шығармалары дер едік.
Мақсат Қаңтарбаев еңбек жолын Көгершін ауылында көркемөнер мектебінде сурет пәнінен мұғалім болып бастады. Ол пейзаж жанрында еңбектенеді. Акварель, майлы бояумен сурет салады, ағаш оюмен де айналысады. Суретшіні шабыттандыратын бірден-бір күш, ол – тірі табиғаттың өзі. Мақсат та кез келген басқа әріптестері секілді өмірге деген шынайы махаббатты жаны сүйеді. Үнемі ізденісте жүрген суретші жігіт жеткен жетістіктерімен тоқталмайды. Шығармаларынан өмірге деген шынайылықты көріп тәнті боласыз. Оның кенептерінен бояулардың әспетті өрнектермен астасқан әдемілігін табар едіңіз. Сазды салған тақырыптарының сан алуан көріністері мың бұралған күйінде өзіне ынтықтыра түседі. Мақсаттың кенептерінде ойнақшыған сансыз бояулар ол кескіндеген Үшқоңыр тауының көрінісі, Түрген шатқалы, Шарынның ғажайып алқызыл өңірі болып көз алдыңда құлпырады. «Алатау» болып, «Хан тәңірі» секілді асқақтайды. Суреттері сұлу сымбатымен «Медеу», «Батан шатқалы», «Баум тоғайы», «Қысқы таулар» секілді әдемі ойнақшиды. Керімсал кейіптегі көріністер ынтыға қаратып, ой құрсауындағы сізді де тербете түскендей ғұсни ойлармен маужыратып жібереді. Суретшінің кенеп бетіне түскен «Қызғалдақтары», «Қазақ даласы» керім бояуларымен, көкорай келбетімен тәнті етеді. Даладан самал соғып тұрғандай жүрек тұсыңыз лүпілдеп ерекше сезімге бөлегендей жадырай түсесіз. Алатаудың шатқалынан кеудені керіп, аңқылдай керімсал лебі еседі. Айқай, керімсал!.. Оймышталған оюларды, көкіректі тербеген шежірелі нақыштарды жеткізгендей...
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ