• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2019

Өскеменде Наурыз мейрамы жаңа форматта өтеді

1238 рет
көрсетілді

Биыл Наурыз мерекесі Өскеменде өзгеше атап өтілмек. Қалалық әкімдіктің Ішкі саясат бөлімінің хабарлауынша, жылдағыдай киіз үйлер тек мереке күні емес, алдын ала, яғни қаланың орталық алаңында үш күн бойы (20,21,22 наурыз күндері) тігіліп тұрады. 

Өскемендіктер киіз үйлерді емін еркін аралап, ішіндегі бұйымдармен, жәдігерлермен таныса алады. Шағын қазақ ауылында алтыбақандар орнатылып, салт-дәстүрлерді дәріптеуге арналған шаралар өткізіледі. Бірінші күн «Дәстүр күні» деп аталып, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз келушілер назарына ұсынылмақ. Екінші «Келісім күнінде» Қазақстанды мекендейтін этностардың мәдениетінен сыр шертетін шаралар ұйымдастырылады. Үшінші күн, яғни «Ұлыстың ұлы күні» Наурыз мейрамының мән-мағынасын барынша ашуға арналады. Үш күн бойы орталық алаңда жеті қазынаны құрайтын жылқы, тазы ит, қыран бүркітпен суретке түсуге болады. Балалар мен жастар үшін алтыбақандар құрылады.

Реті келгенде айта кетейік, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жақында Ұлыстың ұлы күнін атап өту бойынша арнайы кеңес өткізіп, іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырған-ды. Мейрамның негізгі күнінде орталық алаңда Елбасының мақаласына сай Ұлы даланың 7 қырын ашып көрсететін 7 киіз үй құрылады. Атап өтерлігі, киіз үйлердің барлығы есіктерін айқара ашып, этнографиялық көрме форматында жұмыс істейді. Қала басшысы кеңеске қатысқан кәсіпкерлерді өз нысандарына мерекелік безендіру жүргізіп, Наурыз мейрамына орай жеңілдіктер жасауға шақырды. Бизнес құрылымдарын ынталандыру мақсатында қалалық әкімдік үздік мерекелік безендірілген нысандардың арасында байқау жариялап отыр.

Азамат ҚАСЫМ,

Egemen Qazaqstan»

ӨСКЕМЕН