• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2019

Халықаралық конференция әскери қауіпсіздік мәселелеріне арналды

1328 рет
көрсетілді

Ұлттық Ұлан Әскери институтында «Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әскери білім беруді дамыту» атты халықаралық конференция өтті.

Іс-шараға Ресей, Беларусь, Украина, Қазақстан мемлекеттерінен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Әскери білім беруді одан әрі дамыту жаңа технологиялар мен ғылыми-техникалық мүмкіндіктер есебінен, яғни қарулану, әскери және арнайы техниканы жаңарту арқылы жүзеге асырылатын жаңа бағдарламалар таныстырылды. Қарулы күштер саласында кәсіби кадрларды дайындау маңызды екені  атап көрсетілді.

Ұлттық Ұлан қолбасшысының орынбасары Мұхамедқали Сатовтың айтуынша, негізгі  мақсат– жастардың Отанға деген патриоттық сүйіспешілігін қалыптастыру. Бұл орайда Елбасының қатысуымен 1997 жылы ашылған Петропавл әскери институтының  офицер кадрларын дайындаудағы тәжірибесі атап өтуге тұрарлық.

Халықаралық конференцияда әскери білім беру дамуының жаңа мүмкіндіктері, Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік әрекетін жетілдіру, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзге де мәселелері  бойынша ой-пікірлер алмасылды. Омбы мемлекеттік педагогикалық университеті ректорының міндетін атқарушы Иван Кротт қазіргі таңда екі мемлекеттің арасында тығыз байланыс орныққанын, өзара тәжрибе алмасу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

«Омбылық педагогтар үнемі Қазақстанға келіп білім саласында қолданып жатқан жаңашылдықтарымен бөлісіп тұрады. Менің ойымша бір-бірімізден үйренетін тағылымдар аз емес. Оның ішінде білікті әрі кәсіби кадрлар әзірлеу басты орын алады», деді ол.

Конференцияға қатысушылар әскери оқулықтар, техника, қару-жарақ  қойылған көрмені тамашалады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы