• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2019

«Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбында IX Наурыз кездесуі өтті

1489 рет
көрсетілді

Іс-шараға қазақстандық ғарышкерлер Айдын Айымбетов пен Талғат Мұсабаев, сондай-ақ, SpaceX және NASA ғарыш ұйымдарының ғылыми қызметкерлері қатысты. Дәстүрлі Наурыз оқуларына бүкіл Қазақстан бойынша 200-ге жуық оқушы жиналған.

17-19 наурыз аралығында Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Наурыз мейрамы қарсаңында" Ғарыш. Ғылым. Интеллект" тақырыбында IX Наурыз кездесулері өтуде.

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев шара қонақтарымен кездесіп, оқушыларға ғылым мен техникада үлкен жетістіктер тіледі. Сонымен қатар, жастардың білімі, біліктілігі мен дағдысы кез келген ұлттың ең маңызды әрі қымбат ресурсы екенін және мемлекет бүгінде білім беру саласын дамытуға, материалдық-техникалық жабдықтауға, оқытудың жаңа әдістемелерін енгізуге мол қаражат жұмсап, жастарға арналған білім беру гранттарының санын арттырғанын атап өтті.

Айта кетейік, Қызылорда облысында білім саласына бюджеттің барлық шығындарының 38% тиесілі, бұл - қаржы бөлу жағынан басымдық берілген сала.

"Ғылым саласындағы әлемдік трендтерді талқылауға арналған алаңда сіздермен кездескеніме қуаныштымын.   Біздің облыс аумағында 12 ұшыру алаңы орналасқан, олардан аты аңызға айналған "Восток", "Союз" және "Боран" кемелері ғарышқа аттанған. Сондықтан "Ғарыш. Ғылым. Интеллект" тоғызыншы Наурыз кездесулері - адамзат ғарышқа қадам басқан Шығыс өркениетінің орталықтарының бірі, әйгілі Қорқыт ата  мекенінде өтуі бекер емес,- деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, кездесу барысында ғарышкерлер - Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов, SpaceX пен NASA-ның тәуекел және қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Майкл Лутомски, NASA-ның ғылыми қызметкері Парвин Пратапан, Еуропалық ғарыш агенттігі, Еуропалық астронавтар орталығының ғылыми кеңесшісі Игорь Дроздовский, Хайдельберг университетінің астрономия орталығы, астрономиялық есептеу институтының ғылыми қызметкері Бекдәулет Шүкірғалиев, сондай-ақ, ғарыш және жаңа технологиялар саласындағы басқа да ғалымдар сөз сөйледі.

Айта кетейік, шараның үш күндік бағдарламасы аясында спорттық және зияткерлік ойындар, ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі және "Байқоңыр" ғарыш айлағы мен Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне экскурсия ұйымдастырылды.