Жетіге жеткенше жерден таяқ жеп, ойыннан басқаны ойламайтын сәбиден оң мен солын таныған жалынды жасты жетілдіріп шығаратын мектеп – тәрбиенің тал бесігі екені даусыз. Мектептің мінсіз білімі, тұнық тәрбиесімен сусындаған жеткіншектер ғана болашақтың иесі саналатын саналы жасқа айналып, дүниедегі өз кетігін тауып, кірпіштей қаланады.
Алматы облысының шалғай ауданындағы мектептермен тығыз жұмыс істеп келе жатқанымызға он шақты жылдың жүзі болды. Жақсы оқитын оқушыларға қалтамыздан немесе ауыл жігіттерін ұйымдастырып шәкіртақы береміз. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жобасы осы уақытқа дейін Алматы облысында 900-ге жуық оқушыға шәкіртақы ұсыныпты. Ойымыз – оқушылардың білімге деген ынтасын одан әрі ұштай түсу ғой.
Жыл сайын елімізде 100 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Алайда барлығы ЖОО-ға түсіп, мамандық ала алмайды. Тіпті мамандық алғандардың өзінің бірден жұмысқа қабылдануы екіталай. Мәселен, 2018-2019 оқу жылында елімізде мектеп бітірушілердің саны 147 мыңнан асқан. Ал жоғары білімі бар мамандар даярлауға 53 594 білім гранты бөлінген. Демек, былтыр мектеп бітірген жастардың кем дегенде тең жартысы ЖОО-ға түсе алған жоқ. Ендеше университетке түсе алмаған осы жастар қазір немен айналысып жүр? Өз тәжірибемізге сүйенсек, ауылдардағы әр мектептен мықтағанда 25-30 пайыз ғана оқушы жоғары оқу орны немесе колледждерге түседі екен. Ал қалғаны болашағын басқа бағыттан іздейді.
Сондағы тапқан жолы – қалаға барып қара жұмыс істеу. Ауылда қалып ауыл шаруашылығымен айналысуды қаламайды. Тіпті оған көбінің қыры да жоқ. Бәрі қала жағалап кетеді. Істейтіні күзетші, таксист, құрлысшы сынды жұмыстар. Жастардың тағы бір тобы екі қолға бір күрек таппай, қылмыс жолына түсіп кетіп жатыр. Осының бәрі мектепте дұрыс білім алмағаннан және мектептің оларды өмірге дұрыс бейімдей алмауынан.
Мектепте білім алып жатқан оқушының бәрі ЖОО-ға түсіп, ақ жағалы қызметкер болмайтынын білеміз. Біле тұра осы бағытта жұмыс істемей қол қусырып қарап отырмыз. Мәселен, мектеп бағдарламасында бар еңбек кабинеттері жұмыс істемей тұр. Егер еңбек кабинеттері толық жабдықталып, жұмыс істесе әр оқушы өзіне керек бір саланы біліп шығар еді.
Біздің елде «Жұмыссыздарға арналған қайта даярлау курстары» бар. Онда шаштараз, аспаздық, электр маманы, дәнекерлеуші, құбыр монтаждаушы және ұста мамандықтарын тегін үйретіп жатады. Тегін үйретіп қана қоймай, үйренушілерге мемлекет стипендия төлейді. Егер осы жұмыстарды мектеп кезінен қолға алғанда аталған жұмыссыздар да болмас еді. Бір өкініштісі, біз үнемі себеппен емес, салдармен күресеміз.
Осы жағдайды қорытындылай келе Білім және ғылым министрлігі тез арада мына шараларды қолға алуы керек деп есептейміз.
Бірінші, еліміздегі мектептердің еңбек кабинеттері тез арада жабдықталуы керек. Нәтижесінде ұлдар жағы жоқ дегенде жиһаз жасап сата алады, мықтылары болашақ инженерлер және конструкторлар болып шығады.
Қыздардың еңбек кабинеттері тігіншілік пен тамақ жасауды үйрететін асхана кабинеті болып жабдықталуы тиіс. Болашақ дизайнерлер мен тігіншілер мектеп қабырғасынан-ақ қалыптаса бастауы тиіс.
Екінші, ауылдық жерлердегі мектептерде агротехника пәні өз дәрежесінде жүргізіліп, оқу тәжірибелік алаңы түгелдей жаңартылса, мектеп қабырғасынан-ақ болашақ шаруа қожалығының иелерін дайындауға болады.
Үшінші, барлық мектепте «Роботтехника және жаңа технология» сыныбы ашылуы тиіс. Жапония сияқты жаңа технологиямен-ақ әлемді мойындатуға болады. Оған біздің оқушылардың қабілеті мен қарымы еркін жетеді.
Мектепте осы үш бағыт қарқынды түрде жүргізілсе, еліміздегі жұмыссыздық пен қылмыстың, ажырасудың деңгейін азайтып қана қоймай, экономикалық өрлеудің іргетасы болып қаланатыны сөзсіз.
Жәнібек САУДАНБЕКҰЛЫ,
«Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу» жобасының жетекшісі