• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
18 Наурыз, 2019

Жеті қазынаның бірі (Мұғалімнің әңгімесі)

1109 рет
көрсетілді

Қаланың шет жағындағы шағын ауданнан ашылған жаңа мектепте күзетші болып жұмыс істейтін қарияның Құттыаяқ деген бір иті болушы еді. Ол үнемі иесімен бірге келіп, бір­ге кетіп жүретін. Өзі сондай сүй­­кімді, тазы тектес ит. Кей кез­­­дері жа­ны­мызға жүгіріп ке­ліп, басын бұлғаңдатып, жас баладай еркелеп тұрған ке­зін­де, онымен бірге өзіміздің де қосылып ойнай жөнелгіміз ке­летін.

Иә, сол Құттыаяқтың өте бір қызық әдеті бар еді. Ол күн­­делікті сабақтарын өтіп, үй­ле­ріне қай­тып бара жат­қан мұғалімдерді шы­­­­ғарып салғанды ұна­та­тын. Машинамен кел­ген­дерді машинасына де­йін, ал аялдама­дан авто­бус кү­тетіндерді аял­да­ма­­ға дейін, жа­қын маң­да тұ­­ра­­тындарды үйіне дейін шы­­­ғарып салып, үл­кен бір іс тын­­­дыр­ғандай құй­ры­ғын бұл­ғаң­да­тып, жүгіріп келе жатушы еді.

Біз оның осы бір ыстық ықы­ла­сына риза болып, қолы­мыздағы барымызды ұсынып жататынбыз. Тіпті тіске басуға жарайтын еш­те­­ңе таба алмай қалсақ, басынан сипап еркелетіп, арқасынан қа­ғып-қағып кетуші едік. Ал ол болса, басын оң жаққа бір, сол жаққа бір қисайтып, қуанып, еркелеп тұрады. 

Бірде кешкілік сабақ аяқ­талып, оқушылар үйлеріне қайт­қан мезгілде Құттыаяқ мектепке кіріп келді. Бұрын оның мұндай әдеті жоқ-ты. Бәріміз таңырқап, біртүрлі тосылып қалдық...

Ол дәлізде топтанып тұрған мұғалімдердің жа­нынан өтті де, есі­гі ашық тұрған сынып­тардың бірінен соң біріне кіріп көре бас­тады. Осы сәтте арамыздағы бір мұ­ғалім ақырын ғана: «Құт­тыаяқ, ау, Құт­тыаяқ!» деп дауыстап еді, ол сәл кідіріп, құ­лақ сал­ғандай болды да, әрі қарай жортақтай жөнелді.

Құттыаяқтың мына мі­незі күн сайын бізді қар­сы алып, шығарып салып жүретін көңілді, ерке Құттыаяққа мүлде ұқсамады. Бір­түр­лі ойлы, сабырлы, салмақ­ты болып көрінді. Біраз уақыттан бері иесі екеуі күзе­тіп жүрген ғи­мараттың ішін­де не бар екенін бүгін өз көзімен кө­ріп, анықтап, бі­ліп алғысы ке­летін сияқты.

Сөйтіп ол бірінші қабаттағы сыныптарды түгел аралап шықты да, баспалдақпен екінші қабатқа көтеріліп кетті. Мұнысы енді, мүлде ақылға сыймайтындай бір көрініс болды. Бірақ, мектепті аралап көріп жүрген бөтен емес, бөгде емес, өзімізге жақсы таныс Құттыаяқ болғандықтан, ешкім де оған дауыс көтеріп, мұның не, аулақ кет деп, қуып шыға алмады. Оның үстіне біздің ешқайсымыз да бұрын-соңды иттің мектепке кіріп, тап осылай емін-еркін аралап жүргенін көрген емеспіз... 

Біраздан соң ол шығып кетті. Сол күні иесінің жанынан алысқа ұзамай, жан-жаққа самарқау ғана көз салып, алдыңғы екі ая­ғы­на басын қойып, сұлық жатты да қой­ды. Мектепке бірі келіп, бірі кетіп жатқан мұғалімдерді шы­ғарып салған жоқ.

Ал ертеңіне мүлде көрінбеді. Иесі оның қайда кеткенін білмей, дағдарып қалған. Мұғалімдер де: «Құттыаяқ бүгін көрінбеді ғой?» деп бір-бірінен сұраумен болды.

Содан арада екі-үш күн өткен­де: «Құттыаяқты қала шетін­дегі күре жолда машина басып ке­тіпті», деген қайғылы хабарды ес­тідік. Біраздан бері бауыр басып қалған, үнемі бізді қарсы алып, шығарып салып жүретін қимас досымыздан айырылғанымыз жа­нымызға қатты батты...

Өлерінен бір күн бұрын Құт­тыаяқтың мектепке не үшін кіріп шыққанын енді ғана түсініп, бір-бі­рімізге жыр қылып айтумен бол­дық.

Қазақта «Ит – жеті қазынаның бірі» деген сөз бар емес пе. Соның айна-қатесіз ақиқат екендігіне сол жолы көзіміз анық жетті.

Нұрғали ОРАЗ,

«Egemen Qazaqstan»