Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Наурыз мерекесінің форматын заман талабына сай түбегейлі өзгерту туралы тапсырмасына орай Шымкент қаласында жыл басы Наурыз мерекесі ерекше өтетін болды.
Бұл жөнінде ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз жиында Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәкен Әбдіжаппар және Шымкент қаласы Ішкі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова мәлімдеді.
Меркелік шара 16 наурызда «Ұлы дала хикаялары» атты жылжымалы көрмемен басталып, бір ай бойы шымкенттіктердің тамашалауына мүмкіндік береді.
«Бұл көрме Шымкент үшін елеулі оқиға болып отыр және қаланың мәдени өмірі үшін үлкен маңызға ие. Оған қазақстандық танымал суретшілер қатысады» деді Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы С. Әбдіжаппар.
Бұдан бөлек, 17 наурызда Арбат алаңында жалпыхалықтық мереке ұйымдастырылды. Мұнда қазақтың киіз үйі тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленді.
Наурыз мерекесі әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында да ерекше тойланды. 40 күйме шаһар көшелерімен жүріп өтіп, «Ақ бүрку» дәстүріне қалалықтар жаппай тартылды. Ұлы мерекенің тағы бір таңғалдыратын тұсы Қошқар ата бойында өтетін «Қошқар ата» сейілі көктем фестивалі дейді ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар, 22 наурыз күні мерекелік концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар, көпшілік серуендер Орталық, Абай, Жеңіс, Наурыз (Сайрам тұрғын алабы) саябақтарында да өтеді.
Брифинг барысында Шымкент қаласы Ішкі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова Наурыз мерекесінің Шымкентте мәнді де мазмұнды өтуі үшін қала тұрғындарын игі істерге бірлесе атсалысуға шақырды.
«Наурыз мейрамы бүгінде тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Наурыз — еліміз үшін, яғни барша қазақстандықтар үшін бірліктің, татулықтың, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алады. Наурыздың ұлағаты, айрықша тәлім-тәрбиелік белгісі осында. Биыл міне, Шымкентте де бұл мерекені жоғары деңгейде атап өту жоспарлануда. Қала тұрғындарына айтарымыз, осынау мерекенің беделін көтеріп, баршамыз атсалысып, өз үлесімізді қосайық» деді Шымкент қаласы Ішкі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары М.Кеуенова.
Төменде назарларыңызға Шымкентте Наурыз мерекесі аясында өтетін іс-шаралар бағдарламасын ұсынып отырмыз.
15 наурыз-15 сәуір
Қазақстандық суретшілердің «Ұлы дала хикаялары» атты заманауи өнер туындыларының жылжымалы көрмесі.
Шымкенттегі бейнелеу өнері музейі
18 наурыз
«Наурыз керуен» іс-шарасы («Наурыз» алаңы — «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты бағыты бойынша)
Сағат 11:00-15:00
21 наурыз
1. «Қошқар ата сейілі» көктем фестивалі.
Қошқар ата өзенінің бастауы. Сағат 11:00-15:00
2. «Ұлы даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалі (Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай)
Орыс драма театры. Сағат 15:00-де
22 наурыз
1. Мерекелік концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар, көпшілік серуендер
Орталық, Абай, Жеңіс, Наурыз (Сайрам тұрғын алабы) саябақтары
2. Ұлттық ат спорты жарыстары
Орталық ипподром. Сағат 10:00-14:00-де
3. «Наурыз көктем – Шымқала!» мерекелік іс-шарасы
Наурыз алаңы. Сағат 12:00 – 15:00
4. Мерекелік концерттік бағдарлама
Наурыз алаңы. Сағат 18:00 – 21:30
5. Мерекелік отшашу
Наурыз алаңы. Сағат 21:30
23-24 наурыз
«Ashyq Aspan» аэронавтика
фестивалі
Орталық ипподром, Сағат 10:00 – 12:30, 18:00 – 20:30
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент