• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Наурыз, 2019

Нанның қымбаттауына негіз жоқ

889 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров еліміздің астық әлеуеті туралы кеңінен баяндап берді. Ол нан бағасының қымбаттауына еш негіз жоқ екенін айтты.

− Кейінгі кезде ақпарат құралдарында өңдеуші кәсіпорындарда астықтың тап­шылығы сезіліп жатқаны, соның салдарынан нан бағасының қымбаттағаны туралы ақпарат тарады. Айта кетерлігі, өткен жылдың соңында, биылғы жылдың басында астық бағасының өскендігін көріп отырмыз. Аталған мерзімде астық­тың тоннасы 75 мың теңгеге дейін жетті. Бағаның күрт құбылуы Орталық Азия, Иран және әлемдік нарықта астық баға­сы­ның жоғарылауымен тығыз байланыс­ты болып отыр. Бұл бір жағынан тиімді деуге болады. Өйткені біздің астық өңдеу­ші­леріміз өздерінің өнімін жоғары бағамен сатып, қарыздарынан құтылып, көктемгі жұмыс науқанына қаражат жинап алады. Бұл мәселенің екінші бір жағымсыз тұсы, нан бағасының қымбаттауына келіп тіреледі. Бірақ кейінгі екі аптаның ішінде астық бағасы түсті, – деді министр.

Оның айтуынша, қазір бидайдың 1 тон­насы – 65 мыңнан 67 мың теңге шамасын­да. Баға айырмашылығы астықтың сапасына байланысты.

− Қазір республикада ресми ста­тис­тикаға және әкімдіктердің жедел дерек­теріне сәйкес 10,5 млн тоннаға жуық ас­­тық бар. Оның ішінде лицензиясы бар ас­­тық қабылдау кәсіпорындарында – 3,7 млн 

тонна, ұн тарту кәсіпорындарында – 462 мың тонна, ауыл шаруашылығы тауа­­рын өндірушілерде – 6,3 млн тонна ас­тық бар. Есептік мәліметтер бойынша, қол­да бар астық көлемі экспорттың жос­пар­лы көрсеткіштерін қамтамасыз етуге және елдің ішкі сұранысын қамтуға жеткілікті. Қазір 8,3 млн тонна бидай бар. Оның 690 мың тоннасы – азық-түлік қажеттіліктеріне, 1,6 млн тоннасы – тұқымдық мақсатқа, 730 мың тоннасы – жемдік астыққа, 128 мың тоннасы өнеркәсіптік өңдеуге жұмсалатын болады, – деді министр. Оның айтуынша, жыл соңына дейін экспортқа 2,2 млн тонна астық жөнелту жоспарланып отыр, осыған дейін 6,7 млн тонна астық тиеліп қойылған. Нәтижесінде, келесі жылға ауысатын қалдық ретінде 2,9 млн тонна қалады. Демек, еліміздегі өңдеуші кәсіпорындарда астық жетіспей жатыр деген әңгіме қисынсыз көрінеді.

– Республикада астық толық жеткі­лік­ті. Ескеретіні, астықтың бағасы да қат­ты қымбаттап жатқан жоқ. Сол себепті нан­ның бағасы шарықтамайды. Бізде екі түрлі нан бар! – Жоғарғы сұрыпты ұннан жасалатын нан және бірінші сорт ұннан жасалатын нан. Жоғарғы сұрып ұннан жасалған нанның бағасы 130-140 теңге, ал бірінші сұрып ұннан піскен нан – 75-78 теңге. Біздің негізгі өзіміздің қолданып жатқан нанымыз – бірінші сұрыптағы нан, – деді С.Омаров.

Айта кетерлігі, 2015 жылы экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімі бойынша мемлекет нан бағасын реттеп отырудан бас тартқан болатын. Министрлік келтір­ген мәліметке сүйенсек, 2016 жыл­ғы бағамен салыстырғанда, 2019 жылы әлеуметтік нан бағасы 6 теңгеге өскен. С.Омаров­тың пайымдауынша, астық бағасы­ның жыл сайын өсуіне түрлі фактор­лар әсер етеді. Алайда, астық бағасы­ның нанның өзіндік құнындағы үлесі 50%-ды құрайды, қалғаны – жанар-жағар­май, жалақы, электр энергиясы, әкімші­лік және басқа да шығындар есебінен қосылады.

Осы жиында айтылғандай, өңірлердегі әкім­діктер тұрғындарға арналған әлеу­меттік маңызы бар тауарлардың қымбат­тауына жол бермеу бойынша шаралар қабылдауда. Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі белсенді қолданылып келеді, оларға кейіннен тұрғындар қамтамасыз етілетін бірқатар тауар түрлері сатып алынуда. Қазір тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға арналған 3,1 млрд теңге көлемінде қаржы бар, бұл қаражатты әкімдіктер нан бағасын тұрақтандыруға да бағыттай алады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»