Мемлекет басшысы облыс орталығындағы су жаңа Жастар сарайына келді. Мұнда екі күннен бері көрші ел – Ресей мен Қазақстанның волонтер жастары мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Волонтерлік – жастардың әлеуметтік лифті» атты Қазақстан-Ресей жастар форумы өтіп жатқан. Форумда волонтер жастар Қазақстан Президенті алдында өздерінің үздік жобаларының тұсаукесерін жасады және ұсыныстарын айтты. Олардың әрқайсысынан игілік пен ізгіліктің, қайырымдылық пен мейірімділіктің шапағаты нұр шашып тұрғандай. Микрофонды бірінші болып алған Ресей волонтерлік орталықтары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Артем Метелев Ресейдегі үлгі болар жақсы істер туралы айтты.
Мысалы, медик-волонтерлік қозғалысы соның ең жарқын көрінісі деуге болады. Ресейдегі 24 мың болашақ дәрігер болатын жас мамандар ауруханаларға барып, медбикелерге 2,5 миллион сағат көмек көрсетті. Олар профилактикалық акция жүргізіп, донор болады немесе селоларға барып, дәрігер жоқ жерлерде тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетеді. Бұл жоба иелері «Қазақстан медицина жастары» қоғамдық ұйымымен келісімге қол қойды. Енді олар Қазақстаннан өзінің офисін ашқысы келеді. А.Метелев медицинаны таңдаған қазақстандық жастарды өз отандастарының осы бастамасын қолдауға шақырды. Сонымен қатар экологиялық «Таза ойын», қайырымдылыққа шақырған «Менімен бірге арманда», «Қайырымды саяхат» жобалары туралы да әңгіме қозғады.
Қазақстандағы волонтерлер желісін басқаратын Вера Ким еліміздегі волонтерлік істің дамуын елордамыздың тарихымен байланыстырды.
– Арқа төрінде елордамыз орнықты, онда Азиада, ЭКСПО сияқты халықаралық ірі шаралар өтетін болды. Міне, осыған орай тұтас волонтерлер пулы қалыптасты. Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс мемлекеттің қолдауымен өріс алғанын айтуға тиіспін. 2016 жылы Волонтерлік туралы заң қабылданды, оны жасауға волонтерлердің өзі атсалысты. Мен өзім сол заңды жасау сатыларының басы-қасында болған жұмысшы тобының мүшесімін. Қазір Қазақстанда 200-ден аса волонтерлік ұйым белсенді жұмыс істейді. Волонтерліктің әлеуметтік, төтенше оқиғалы, жануарлармен жұмыс және этно, медициналық бағыттары тез дамып келеді. Қазақстанда қазір ұлттық волонтерлік желі жұмыс істейді. Республикалық «Жеңіс» жобасы осы желінің бет-бейнесі болып саналады. Осы залда отырғандардың көпшілігі де «Жеңіс» жобасының волонтерлері. Ұлы Отан соғысының 5 мыңнан астам қатысушысы мен тыл ардагеріне көмек көрсетілді, – деді В.Ким. Еліміздегі мұнан басқа да жүректі елжіретер волонтерлік игі істерді баяндаған ол сөзінің соңында 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялауды ұсынды.
Сонымен қатар Ресейдің «Победа» волонтерлер қоғамдық қозғалысы орталық штабының төрайымы Ольга Омельченкова адамзатқа зор қасірет әкелген Ұлы Жеңіске 75 жыл толатын 2020 жылы әр елдің волонтерлерін үлкен халықаралық бір командаға бірігуді ұсынды.–Бұл форумда қазақстандық волонтерлер біздің осы жобамызды қолдайтындықтарын білдірді. Енді оны Қазақстан басшылығы да қолдаса деген үмітіміз бар, – деді О.Омельченкова.
Ресейлік және қазақстандық волонтерлердің тамаша істерін тыңдағаннан кейін сөзді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алды.
– Мен достық салтанат құрған осы залда жарқын көңілді, өзара түсініскен, игі мақсаттар жолында бірге болуды қалаған жастарды көргеніме қуаныштымын! Айтпақшы, мен Біріккен Ұлттар Ұйымында қызметте болғанда халықаралық волонтерлерді қолдаған едім. Мен сіздердің «2020 жылды Волонтерлік қозғалыс жылы болсын» деген түйінді, тұжырымды ұсыныстарыңызды қолдаймын! – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президент волонтерлік аппақ жүректен шыққан жақсы ниеттердің жаршысы, шынайы патриоттық сезімнің, елге қызмет етудің үлгісі екенін айтты. Волонтерлік қозғалыспен бірге жақсылықтар, игі істер еріп жүреді. Волонтерлік әрбір жасты жақсы іске, арманға талпындырады, ал олар жасаған игіліктер әркімнің өз табысының тарихына айналады.Мұнан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жастар саясаты жөнінде мемлекет атқарып отырған істерге тоқталды.
– Мемлекеттік органдар менің тапсырмам бойынша жастардың білім алуын, кәсіптік мамандықтарды меңгеруін, жұмысқа орналасуы мен сапалы демалысын күнделікті қадағалап, тексеретін болады. «Жас кәсіпкер» бизнес-бастамалар бағдарламасын, стартап жобаларды қолдайды, жұмысы, білімі жоқ жастардың мәселелері шешімін табады. Біз ең алдымен жұмысы, кәсібі, еңбек тәжірибесі жоқ жастарды жұмысқа орналастыратын арнайы бағдарлама жүргіземіз. Біз «Дипломмен – ауылға!», «Серпін» бағдарламалары шеңберінде білікті жас мамандарды қолдауды күшейтеміз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы волонтерлерді осындай мемлекеттің алдында тұрған әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға белсене араласуға шақырды.
Мемлекет басшысы Үкіметке, әкімдерге волонтерлік қозғалысты барынша қолдауға тапсырма беретіндігін де айтты. Волонтерлік ағарту орталықтарын ашуды, сауатты ақпараттық саясат жасауды, әлеуметтік желілерде волонтерлік инфрақұрылым құрудың аса маңыздылығын атап көрсетті.
– Көптеген азаматтық бастамалар, волонтерлік әлеуметтік жобалар әлеуметтік желілерде пайда болады. Азаматтық ұстанымы бекем, белсенді жандар әлеуметтік маңызды жобалар ұсынады. Біз оларға барынша көңіл бөліп, қолдау көрсетуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президент ресейлік жастар өкілі айтқан Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында халықаралық экспедиция құру туралы бастамасын қолдайтындығын, сонымен қатар Алматы, Ақтөбе қалаларындағы, Маңғыстау облысындағы волонтерлердің игі істеріне ризашылығын білдірді.Қасым-Жомарт Тоқаев іргесі бөлінбеген көрші екі елдің ынтымағын жастар жасайтынын көлденең тартты. Алдағы уақытта халықаралық «Жыл волонтері» сыйлығын бекітуді ұсынды. Ол үздік волонтерлік бастамалар мен жобаларға, креативті істерге берілетін болады. Оны талқылау үшін екі елдің үздік волонтерлері кіретін тұрақты Волонтерлік кеңес құрылуы керек.
Форум алдында Қазақстан Президенті Қазақстан мен Ресей жастарының STARTUP-жобаларының көрмесін аралап, Қостанай облысы Жастарға қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысқан болатын.
Кен десең де, дән десең де алдымен ауызға ілінетін Қостанай соңғы жылдары қайта өңдеу өнеркәсібімен қара үзіп, әсіресе машина жасау ісінде Қазақстанда көш бастағаны белгілі.
Қостанайға жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен облыс орталығындағы «СарыарқаАвтоПром» зауытына ат басын бұрған болатын. Мемлекет басшысы мұнда машина құрастыру кәсіпорнының жұмысымен танысты. Биыл «СарыарқаАвтоПром» автозауыты 38 миллионнан аса теңгенің өнімін өндірді. Жылдың алғашқы тоқсанында 5306 жеңіл және жүк машинасын, автобустарды сапқа қойды. Бұл – өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 1,8 есе көп. Зауыт басшылығы жыл аяғына дейін 20000 жеңіл және коммерциялық машиналар құрастыруды межелеп отыр. Енді Қостанай автозауыты автомобильдерді сыртқа бұрынғыдан үш есе көп шығарады. Биыл автомобильдер Ресей мен Тәжікстан сияқты Кеден одағы елдеріне 30 пайызға артық сатылатын болады. Содан кейін Қазақстан Президенті шанақтарды бояйтын әмбебап цехтың және ірі бөлшектер арқылы құрастыру әдісі бойынша (DKD) автомобильдерді сериясымен шығаратын цехтың жұмыстарын көрді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бүгінде әлемдік сапа стандартына сәйкес заманауи жоғары технологиялық экономика құрып жатқанын атап өтті. Сондай сапа көрсеткішінің бірі қостанайлық зауыт шығаратын брендті өнім JAC автомобилі болып отыр. Осы марканың 535 машинасы сапқа қойылды. Бренд желісі «JAC Т6 Pickup» деп аталатын жеңіл машинаның жаңа моделімен және «JAC N Х200» жүк машинасымен толыға түсті. Қостанайдан шыққан автобустар еліміздің автобус парктерін жаңалайды. Қазірдің өзінде 50 автобус Атырауға кетсе, жақында Шымкент қаласына 300 автобус жіберіледі. Жалпы, зауыттың өндірістік қуаты – жылына 28 мыңнан астам автомобиль. Кәсіпорын қазіргі уақытта Ankai, MAN, JAC, HYUNDAI және Lovol автомобиль маркаларын шығарады.
Сонымен қатар осы салада жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар Қазақстан Президентіне өздерінің жобасын таныстырды.
Мемлекет басшысы Қостанай қаласындағы жақында ғана ашылған «iKomek» орталығына келді. Бұл еліміздегі Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі екінші қызмет көрсету орталығы болып табылады.
Мемлекет басшысына «109 Call-орталығы» бірыңғай байланыс орталығының жұмысы және «Ашық әкімдік» жобасының жүзеге асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті мониторинг және шұғыл әрекет ету ахуалдық орталығының жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше «iKomek» орталығының тәжірибесін республиканың барлық өңіріне кеңінен тарату қажет. Кездесу соңында Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму саласына қосқан үлесі үшін «Милх» ЖШС-нің директоры Сергей Блокты, Рудный қаласы ауруханасының бас дәрігері Талғат Қайкеновті, «Алюминстрой» ЖШС-нің директоры Абай Мұқановты, «ГРИН» Қостанай облысы азаматтық альянсы» қоғамдық қорының төрайымы Динара Өтебаеваны және білім беру саласының ардагері Станислав Щегельскаяны алғыс хаттармен марапаттады.Қостанайға сапарының соңында Мемлекет басшысы Қостанай ауданындағы «Олжа Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, өндірістік көрсеткіштерімен танысты.
Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу барысында аналитикалық және цифрлы жүйенің қолданылу мүмкіндіктері көрсетілді.
Кәсіпорын Қостанай облысының ішкі сұранысын және еліміздің өзге өңірлерін сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді. Президент онда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесіп, әңгімелесті. Диқандар ауыл шаруашылығындағы жетістіктерді тілге тиек етті. Сонымен қатар проблемаларды да ортаға салды. Белгілі диқан, кәсіпкер Олег Даниленко көктемде берілетін кредиттің қайтару мерзімі өте тығыздығын айтты. Мемлекет басшысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырған өңірдің аграрлық саласының дамуын жоғары бағалады.
Үкіметтің көмегімен бұл проблемаларды шешу жұмыстары күшейтіледі. Ал жер мәселесіне келер болсақ, кім жұмыс істейді, жер соған тиесілі. Екіншіден, жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл – менің Президент ретіндегі түбегейлі ұстанымым, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. ҚОСТАНАЙ