Қазақстанның тұңғыш астанасы Орынборға бет алған сапарда Ахмет Байтұрсынұлына қатысты архивтік деректермен тұшына танысу жоспарда болған еді. Көп жылдан бері құлағымыз қаныққан, сондай-ақ бұрын-соңды белгісіз болып келген тың деректердің түпнұсқасымен танысу сәті түсті. Алаш ардақтысының қаламынан туып, 1895 жылы «Тургайская газета» басылымының №39 санында жарияланған «Киргизские приметы и пословицы» атты тырнақалды мақаласының (әзірге белгілі) түпнұсқасы көзімізге оттай басылды. Ахметтанушылар еңбектерінен бұл мақаланың атына қанық болсақ та, оның толық түпнұсқасын қолға ұстағандағы танымдық әсері де ерекше болды, зерделеп көрдік.
«Тургайская газета» – Торғай облысының «Тургайские ведомости» газетінің жексенбілік қосымшасы. Мұнда қазақ фольклорына, этнографиясына, тарихына қатысты деректер мен танымдық мақалалар тұрақты жарияланып тұрды. «Тургайские ведомости» басылымына алғашқыда Торғай облысы басқармасының бөгде жұрттар мәселесі туралы кеңесшісі И.И.Крафт редакторлық еткен. Газет 1895 жылдың №25 санында далалық өлкелерде тұратын өз тілшілеріне қазақ арасынан ауа райы туралы болжам сөздерді жазып алып түпнұсқада немесе орыс тіліне аударып жіберуін сұрайды. Газеттің бұл бастамасына Ахмет Байтұрсынұлы үн қатып, қазақтың күн райына қатысты айтылатын 36 түрлі болжам сөзін басылымға жолдайды. Бұл орайда біз орыстың «примета» сөзін «ырым» деп қате аударып жүрген сияқтымыз. Ырым – қазақтың ғұрыптық фольклорымен тығыз байланысты ұғым. Ол сөздер ғұрыпты атқару үрдісінен туғандықтан, белгілі бір іс-әрекеттерге бағынады. Оның ғұрыптан іргесі ажыраса, мән-мағынасы азаяды. Сондықтан А.Байтұрсынұлының «Киргизские приметы и пословицы» атты мақаласының толық мазмұнына зер сала отырып, «Қазақтың болжам сөздері мен мақалдары» деп таныған жөн секілді.
Ахмет аталған мақалада қазақ мақалдарын қоса талдағандықтан оны «Киргизкие приметы и пословицы» деп атаған. Өйткені ол кейбір ауа райы туралы болжамдарды сөз еткенде, оған қатысты қазақтың мақал-мәтелдерін тілге тиек ете отырып, қазақ танымының оқырманға түсінікті, тұшымды болу жағын да ойлаған. Мақала болжамдық сөз шеңберінен шығып, оның іргесі кеңейген. Айталық, №4, 5 болжам сөздерде қазақтың ауа райына қатысты айтқан бірнеше мақал келтіріледі.
Ахаң келтірген мақаласынан құлағымызға сіңген мақал-мәтелдердің өзгеше нұсқасы да бар екенін аңғарамыз. Мысалы, қазір айтылып жүрген «Күн қораланса, күрегіңді сайла, Ай қораланса, айырыңды сайла» деген мәтел ХІХ ғасырдың соңында «Күн қораланса, күрегіңді сайла, ай қораланса арысыңды сайла» деп айтылып, мұндағы «арыс» деген сөз түйе жануарына қатысты айтылғанын бағамдаймыз. Бұл тұрғыда автор былай деп баяндайды: «Если появляется солнечный круг, то запасайся лопатами; если появляется лунный круг, то запасайся верблюдами». Это значит, что круг солнца предвращает глубокий снег, из под которого придется лопатами добывать корм для скота; круг же луны предвращает суровую зиму, когда приходится искать другой местности, где зима для скота благоприятные». Бүгінгі танымымызда «арыс» сөзі «тірек, ардақты» деген мағынада қолданылады. Дегенмен, түйе шаруашылығымен айналысатын Маңғыстау өңірінде «арыс» сөзі көшті бастайтын түйеге қатысты қолданылады. Көрші қарақалпақ халқында «арыс» – арбаның тертегі. Қалай болғанда да, «арыс» – көшпелі тірліктен туған ауыспалы мағынада қолданылатын сөз.
№5 болжам сөзде Ахаң «Ертеңгілік күн құлақтанса, еліңді жау шапқандай қорық, кешке күн құлақтанса, келінің ұл тапқандай қуан» деген мақалды келтіре отырып, малының жағдайын күйттеген қазақтың табиғатпен етене жақын болғанын, оның қас-қабағын бағып отырған тіршілігінен хабардар етеді. Осы мақалдан таңның атуынан күннің райын бақылаған шаруаның қам-қарекеті, тіршіліктегі қайғы-қуанышы көз алдыңа келеді. Ахаң оған: «поговорка эта вполне справедлива, потому что скот составляет главное средство к существованию киргизов и неблагоприятная погода для скота наводит на киргиза-скотовода такой же страх, как от нападения врагов; наоборот, теплая погода, как более благоприятная для скота, радует киргиза как рождение внука» деп түсініктеме береді.
Мақалада ай-жұлдыздың қозғалысын бақылаған қазақтың астрономиялық есебінен, таным-түсінігінен хабар беретін деректер бар. Мысалы, автор халқымыз Үркер шоқ жұлдызының Аймен тоғысы кезінде олардың орналасу арақашықтығына мән беріп, соған қарай алдағы айдың ауа райын болжайтындығын жазады. Егер Үркер мен Ай жақын орналасса, олардың арасында бейбіт, мамыражай жағдай орын алып тұр, демек ай жайлы өтуі тиіс деп болжанады («Если при этом звезды «уръкерь» и луна стоят близко друг к другу, то, значит, между ними царит мир, и месяц этот должен пройти спокойно»). Ал олардың арасы алыс орналасса, керісінше болатыны сөзсіз. Осыдан біздер сөз қолданысымыздағы «жұлдызы қарсы» деген тіркес қазақтың астрономиялық түсінігінен туындағанын бағамдай аламыз.
Автор қазақ есепшілері көк жүзінде Үркер мен Ай жыл тәулігінде 10 рет тоғысатынын жазады. Бұл тұрғыда ол: «такое расположение звезд, называемое киргизами «тогыс», бывает в году 10 раз: с 21 июля, 19 августа, 17 сентября, 15 октября, 13 ноября, 11 декабря, 9 января, 7 февраля, 5 и 3 апреля. 1-го же мая звезды исчезают и до 10 июля их не видать» деп жазады. Аталған он «тоғыстың» қазақ арасында сақталған тілдік белгілері бар. Айталық, «Үркер туса таң ұзарады» (көктем айлары), «Үркер көтерілсе, бидай бас тартады» (шілде), «Үркер туса, қошқар басын көтереді» (қыркүйек айы) деген мақалдар сол тоғыстардың сипаты екені анық.
Түйіндей келгенде, Ахмет атамыздың алғашқы мақаласынан қазақ танымына қатысты көптеген ой түюге болады. Біздің шолуымыз мақала түпнұсқасын қолға ұстағандағы алғашқы әсер ғана. Қалғаны зерттеушілердің еншісінде.
Алмасбек ӘБСАДЫҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор
ҚОСТАНАЙ