Қазір адам өлімі тіркелген қылмысқа құлағымыз «үйренген» секілді. Түрлі жағдайдағы оқиғалардың соңы жиі адам өлімімен аяқталып жатады. Бірақ облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы, полковник Нұрлан Арыстанов Меңдіғара ауданының орталығы Боровское ауылындағы қылмыстың өңірде бұрын-соңды болмағанын айтты. Егер анасы қыс айында жоғалып кеткен ұлын мамыр айында іздеп, полицияға арызданбағанда, қылмыстың ізі суып кете берер ме еді. Облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы істі осыдан бір ай бұрын ғана қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотқа тапсырды.
– Өлген адамды «Ресейге жұмысқа кетемін деп айтып жүрген» деген соң, қалай іздестіру керектігін ойластыра бастағанбыз. Сол арада «марқұм жұмыс істеген дәмхана иесі адамдарды ұрады екен» деген ақпарат қолға түсті де, жұмыстың бетін солай бұрдық. Қылмыстық іс қозғадық. Әрі қарай кішкентай ғана дәмханадан адам өлімі ғана емес, «құл ұстау» мен азғындыққа дейінгі қылмыстар шыға берді, – дейді Нұрлан Арыстанов.
Дәмхана Боровское ауылының шетіне қарай, ұлы жолдың бойына жақын жерде орналасқан. Онда ғимаратты жылытуға қысымен пеш жағатын, қар тазалайтын, асханаға аспаздар, келушілерге даяшы секілді біраз жұмысшы керек. Адал ақысын төлесе, ауылды жерде бұл бір отбасын тербететін жұмыс. Күдіктінің аудан орталығында дәмханадан бөлек, қонақүйі де болған көрінеді. Ол жалдамалы жұмысшыларына «қатаң тәртіппен» қарайды. Кімде-кім жұмыстан кешіксе, жұмыс кезінде ішкілік ішсе, дәмхананың бұйымын бүлдіріп қойса, ыдыс сынса – осының барлығына айыппұл салып, айлық жалақысынан 10 мың теңгеге дейін ұстап қалып отырған. Айыппұлдар қатары өсе келе, енді жұмыс беруші жұмысшыға емес, жұмысшы жұмыс берушіге қарыз болады. Қыздарға «өзім төлеймін» деп алдап, банктен кредит алдырады да, оны төлеуден бас тартады. Әрқайсысының қарызы 40 мыңнан 100 мың теңге көлеміне жетеді. Бұл ауыл адамдары үшін аз ақша емес. Оларды өзіне осылай материалдық тәуелділікте ұстайды да, күдікті «құл иеленуші» болып, шырт түкіріп шыға келеді.
– Дәмхана иесі әу баста әлгіндей айыппұлды «ойлап тауып», тәртіп орнатқысы келген болуы керек. Бірақ жеңіл ақшаға құныққан соң, кейінгі әрекетінің барлығы қылмысқа барып тірелген, – дейді Нұрлан Арыстанов. Әділетсіз қарыз жамалған үстіне жамалып, ақ адал маңдайтерінің ақысын ала алмаған жұмысшылар да оған қарсы сөйлеп қалады, жұмысқа ынтасы болмайды. Күдікті көңіліне жақпаған жұмысшыларды ұрып, ауыр дене жарақатын салады. Қабырғасы сынып, дәрігерге барған жұмысшыны «қар тазалағанда үйдің төбесінен құлап қалдым» деп айтқызған. Жұмысшының өтірік айтпауға амалы да қалмайды. Жұмысшылар жалақысын сұрамауы, құлағын кескен құл болуы үшін оларды моральдық тұрғыдан тәуелді етудің «жолын» ойлап табады. Жанындағы екі жұмысшыға марқұмды жыныстық азғындықпен зорлатып, бейнетаспаға түсіріп алады. Қарызы көбейген қыздарды да жыныстық қатынасқа жегеді. Осы таспалармен бопсалап, «жұртқа жайып жіберемін» деп қорқытып, олардың еңбекақысын сұратпай, «аузын жауып» отырады.
Материалдық тәуелділікке салып, әрі азғындықпен қорлатқан марқұм «құл» жұмысты нашар істеген соң, оны аш ұстайды. Бірде оның асханаға кіріп, кастрюльден рұқсатсыз тамақ алып жегенін біліп қойған күдікті, оны шынжырмен байлап қойып жазалайды. Әдетте, адамгершілік аяқасты болған жерде қатыгездік бас көтереді. Марқұмды жанындағы жалданған екі жұмысшы да аямайды, ол біреуінің ұрғанынан басын көтермеген күйі өліп қалады. Сол күні дәмхана иесі жұмыста болмайды, оған хабарлағанда, «тимеңдер, жата берсін» дейді де, келген соң, машина доңғалағын жағып, екі жұмысшы мен дәмхана иесі үшеуі мәйітті күндіз-түні өртейді. Сүйекті полиэтилен қапшыққа салып, септиктің астына тығып тастайды. Естіген адамның денесі тітіркенетін осынша қылмысты жасап жүрген дәмхана иесі де, «құлды» өлтіріп, мәйітін жағуға көмектескен екі жұмысшы да жасы әлі қырыққа жетпеген жас жігіттер.
Сотқа жіберілген іс 15 қылмыстық оқиғадан тұрады.
– Оның ішінде адам бостандығын шектеу, адам өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, әйелдерді жыныстық қатынасқа жегу, ерлердің азғындығы секілді ауыр қылмыстар бар. Тергеу ісі 4 айға жуық созылды, – дейді облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы, полиция полковнигі Нұрлан Арыстанов.
Осы ауыр қылмыстардың түп негізі – ауылдағы жұмыссыздықта жатыр. Дәмхана мен қонақүй ұстаған кәсіпкер қауқарсыз жұмысшылар үшін жарты құдайдай көрінеді. Олар материалдық тәуелділікпен қатар бостандығын, құқын, адамдық арын таптап жатқанда да бас көтермеген. Тіпті пеш жағатын жерде адамды шынжырмен байлап қойғанын да біреуі тіс жарып, сыртқа айтпаған. Өйткені жұмыссыз қалудан, «қолы ұзын», қайда тығылса да құлағынан ұстап суырып алатын қожайыннан қорқады. Тағы бір таңғаларлығы, осы іс тергелгенде де, сотқа берілгенде де жұртшылық оған аса дүрліге қойған жоқ. Жақында «Аймақтық және жаһандық қауіп-қатерлер тұрғысынан Орталық Азияда адам саудасына қарсы күресті күшейту мен осал мигранттарды қорғау» өңірлік жобасының облыстық полиция департаментінде өткен тұсаукесерінен кейін ғана көпшілік демін ішіне тартқандай болып, қоғамда шулы істің біріне айналды.
Сонда көп нәрсеге көзді жұмып қарайтын болғанбыз ба? Ал Меңдіғарадағы «құлдың» өлімі жұмыссыздық салдарынан қоғамда адамдар құқы тапталуының шектен шыққан көрінісі екені анық.
ҚОСТАНАЙ