• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қыркүйек, 2019

«Жайма» байқауының жеңімпазы

411 рет
көрсетілді

– «Жұлдыз» болу аяқ­астында екен ғой! Еттің нанын жайып, жүлдегер боламын деп ойламаппын. Бұл бала жасымнан көріп келе жатқан ісім емес пе?! – деп кү­леді қостанайлық Айнұр Нәдірова. Қос­танай қаласындағы Дос­тық үйін­де қызмет ететін ол жақын­да көр­ші Ресейдің Челя­бі облысын­дағы Верх­неуральск қаласында өткен қазақ диаспорасының «Туған жер» фестиваліне бар­ғанда, қыз-келіншектердің «Жайма» байқауына қатысқан болатын. Жиырма шақты қаты­сушылардың арасынан бар-жоғы он минутқа жетпейтін уа­қытта Айнұр еттің көлдей қамырын қағаздай етіп жа­йып, оқтауын қазылардың алдына қойды. Оның жайған нанының жұқалығы сондай, жа­йып тастағанда астындағы ақ дастарқанның оюлы бедері көрініп жатты әрі нанның беті жып-жылтыр болды.

– Мен жайып болған соң, бес минуттан кейін ресейлік бір келіншек аяқтады. Тіпті бір қамырды 25-30 минут жайғандар бар, – дейді Айнұр. Одан кейінгі қыз-келіншектер жайған ет нанының арасында тегіс емес, шеті қалыңдап, желбіреп кеткені де болды.

– Жарысты ұйымдастыру­шылар біздің барлығымызға ұн мен жұмырт­қаны бірдей мөлшерде таратты. Нан­ның тегіс, жылтыр әрі жұқа болуы тек қамырды илеуіңе ғана емес, оқтауыңа да байланыс­ты. Мен байқауға қа­тысасың деген соң, сол Ресейге үйден өз оқтауымды алып бардым. Қыз-келіншектер менің оқ­тауыма қызықты, – дейді Айнұр.

Анасы Айнұрды ұзатқанда оқтау-тақтайын қызының жасауына қосып берген екен. Он үш жылдан бері онымен жас шаңырақтағы қанша жақсылықтарға асылған ет­тің нанын жайды. Осындай оқ­тауды анасы Айнұрдан үл­кен қызының жасауына да қосқан екен. Міне, қыздың тәрбиесі осыдан басталса керек-ті.

– Аналарымыз, әжелеріміз жалпы ұлттық тағамдардың технологы бол­ған ғой. Ауыл­да жылқының етін кере­мет ыстайтын, кептірген құр­ты өзгеше тәтті болатын, ірім­шігіне адам тоймайтын әжелеріміз болды ғой. Жазыл­маған құпиялар. Солар­ды кө­ріп өскеніме қуа­намын, – дейді Айнұр.

Бір қызығы, байқауға қа­тыс­қан келіншектер Айнұр­дың ысқан нанын таласа-тармасып сұрап алды. Оқтауын қайда жасатқанын, қайдан алғанын сұрап, үйіріле берді. Ұсақ-түйек көрінер әйелдердің әңгімесі ұлттық дәстүрдің де, ұлттық тағамның да шегесі-ау, шіркін!

 

ҚОСТАНАЙ