Жастар жылы аясында өткен кітап фестивалі биыл оқырман қауымға жаңа кітаптар ұсынды. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Baurzhan» қоры және «ABAYbooks» баспа үйінің ұйымдастыруымен Алматының арбатында өткен кітап мерекесі жастар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, отандық әдебиет әлеміндегі жаңа есімдерді таныстыруды мақсат етті.
«KitapFest 2019» мерекесіне алматылықтар алтыншы жыл қатарынан куә болып келеді. Кітап фестивалі оқырмандар арасында кітап алмасу сәтімен ерекше. Арбатты жағалай тізілген кітаптардың жаңасы да, мұқабасы көнерген кітаптар да оқырмандарды өз мазмұнымен қызықтырды. Осы бір сәтті сырттан бақылаған кезде әдебиеттің бар жауһарын өн бойына бүккен кітап сынды руханият құралының оқырман үшін бағасы зор екенін аңғарғандай боласыз.
Әлеуметтік желіде қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың рухани шараға қолдау білдіріп, алған әсері жайында жазба қалдырғанына қарап, шаһар басшысының кітап мерекесіне оқырман ретінде қатысқанын аңғардық. Ал кітап мерекесінің салтанатты рәсімінде ғалым, қоғам қайраткері Рахман Алшанов, жазушы, қоғам қайраткері Бекнұр Қисықов саналы қоғамды қалыптастырудағы кітаптың рөлі мен маңызы туралы баяндап, көпшілікті кітап оқуға шақырса, фестивальдың үйлестірушісі Майра Әлжанова жыл сайын кітап мерекесінің аясы кеңейіп келеді дейді. Сондай-ақ фестивальда жас та, кәрі де ерекше сәттерімен бөлісіп, кітап әлемінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік алды. Биыл фестиваль Нұр-Сұлтан қаласында өткізілсе, алдағы уақытта еліміздің басқа да қалаларында жалғастыру жоспарланып отыр.
Бүгінде қоғамда кітап оқуға деген ынта-жігердің төмендеп кеткендігіне байланысты мамандар жиі мәселе көтеріп жүр. Осы орайдағы сұрақтарымызға жауап берген «Inteli kids» балалардың ақыл-ойын дамыту орталығының директоры Салтанат Мүлкібаева отбасында кітап оқуды әдетке айналдыру үшін бірінші кезекте ата-ана өзі үлгі көрсету қажет екендігін айтады. Ата-анасының үнемі кітап оқып жүргенін көрген бала осы бір жақсы дәстүрді бойына сіңіре бастайды. Бүгінде гаджет, телефондарға ынтасы ауып тұратын балалар ақпаратты жеңіл қабылдағанды жөн көреді. Сондай-ақ мектеп, балабақша бағдарламасы жүктеген оқулықтарды ғана меңгерумен шектеледі. Сондықтан да ұнайтын кітаптарды таңдатып, оқытуды қаперде ұстаған абзал әрі әрбір үйде өзінің кітапханасы жасақталғаны да баланың кітап оқуға деген ынтасын арттыра түседі дейді маман. Ал осы орталыққа соңғы үш жыл ішінде келген екі жарым мыңнан астам оқырман бүгінде өз кітапханасын қалыптастырып үлгерген.
Жазушылар шатырында «Alash Media Group «Бір оқиық» жобасы аясында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» кітабынан үзінді оқыған актриса Айсұлу Әзімбаева оқырмандар аудиториясына ерекше бір әсер қалдырса, Сауле Жанғазы және Гүлдана Мұхтарбектің «Super men немесе өмірдегі басты мақсат», журналист Шыңғыс Мұқанның «Көшбасшы», ақын Айнұр Төлеудің шығармашылығының, Меруерт Алонсоның «Короткое лето Шантеклеры», Мейіржан Жылқыбайдың «Тауға саяхат», Бақтыгүл Маханбетованың «Әдеби агент кім? Қазақстандық авторларды насихаттау қаншалықты маңызды?», Торғын Жолдасбекқызының «Араша», Ғани Абаданның «Бизнес по-любви или как создать стартап в Казахстане», Амани Жанның «Шетелдегі қазақ ертегілері», авторлар ұжымының «Отбасы хрестоматиясы», т.б. кітаптардың таныстырылымы оқырмандарға ерекше бір сәтті сыйлағандай әсерде өтті.
Ал Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірованың, белгілі қазақстандық саясаттанушы Досым Сатпаевтың журналист Вадим Борейконың, журналист, кәсіпкер Дана Орманбаеваның кітаптарының таныстырылымы да сұрақ-жауапқа ұласса, «Оffline кітаптары туралы» көкейкесті мәселелерге орай Нора Розмут, Бақытжан Бұқарбай, Дина Төлепберген, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Айдие Айдарбеков, т.б. журналистер, блогерлер, кәсіпкерлер, сондай-ақ Еуразиялық шығармашылық гильдиясының өкілі (Лондон) Виктория Чугай, «451 градус» әдеби клубының негізін қалаушы Аманжол Абиев, аудармашы, жазушы Илья Одегов жауап беріп, өз ойларымен бөлісті.
Алматылық тұрғындар мен қала қонақтары таңнан кешке дейін «Фолиант», «Эрудит», «Cамға», «Қазақ ұлттық университеті» баспалары мен «Meloman», «Flip.kz», т.б. отыздан астам баспа мен кітап дүкендері, сондай-ақ жеке кітап қоры ұсынған кітаптармен танысып, «I BOOK YOU» жобасы аясында 3 мыңнан астам кітаппен алмасып, келесі жылы да осы алаңда кездесуге уәделесті.
АЛМАТЫ