• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қыркүйек, 2019

Адал істі арамдамасақ қайтер...

351 рет
көрсетілді

– Әкем Қажымұрат Березов совхозында атақты малшы, комсомол жастар бригадасының тәлімгері болды, – деді Байболат Әлпейісов. – Еңбек жолымды мен де малшы болып бастадым. Кейін құрылыс техникумын бітіріп, осы шаруашылықта құрылыс мастері, прораб болып еңбек еттім.

Иә, Бөрлі ауданының бұрынғы Березов сов­хозы Кеңес заманында жайқалтып ондаған мың гектар егін өсірген, мыңғырған малы бар еді. Мұнай мен газдың жер астындағы қисапсыз мол қоры тура осы Березов ауылының іргесінен табылды. Қарашығанақ кенішінің мұншама байлығын игерудің маңызы аудандағы ауыл шаруашылығының пайдасынан әлдеқайда басым түсті. Экологиялық тұрғыдан егін өсіріп, мал баққан ауылдың кеніштің алапат өндірісімен қоңсы болып қалуы мүмкін болмады. Кеніштің іргесіндегі бірнеше ауылдың тұрғындары оларға арнап үйлер салынып, Орал мен Ақсай қалаларына, сондай-ақ бұрынғы Пугачев совхозының аумағындағы Аралтал ауылына түп көтеріле көшірілді.

Телефон шалған азамат Ақсай қаласына қоныстаныпты. «Бір шаңырақ астындағы әулет үш бірдей пәтер алдық, – деді ол жадыраңқы көңілмен. – Қария әке-шешем өз алдына пәтер алды, кызым мен күйеу балам баспаналы болып бөлініп шықты. Өзім жұбайыммен, кіші қызыммен Ақсай қаласында Қарашығанақ кеніші – яғни КПО компаниясы салып берген тоғыз қабат тамаша үйде тұрамыз. Зейнет жасындағы біздер үшін бұл – рахат!

Арғы-бергіні сұрап біліскен әңгіменің соңында Б.Әлпейісов және бір мәселенің ұшын шығарды. Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарын жаңа орындарға көшіріп қоныстандыруға қатысты үліжіңгір көлденең сөз, дау-дамай, қисынсыз жала көптен бері толастамай, өздері тікелей куә істің мәнісі бұрмаланып, кейбір жергілікті газетте орынсыз сын айтылып жүргеніне қатты қынжылатынын жеткізді. Әсіресе «Надежда» газетінде жарияланған «Біздің заңды олар мойындамайды» деген мақалада сан мәрте тексеріліп, тергеліп, ақырында сотта қаралып, нүктесі қойылған мәселенің қайтара көңірсетілгеніне қатты қапалы екен.

– Қалам ұстаған олар – сіздің әріптестеріңіз емес пе, буынсыз жерге пышақ ұрғандары несі? – деп сөзінің аяғын маған тіреп тоқталды.

Не демексің мұндайда? Ойланып қалдым. Қарашығанақ кенішінің санитарлық-қорғаныш аймағын кеңейту қажеттілігіне орай, ел Үкіметінің 2015 жылғы 28 шілдедегі қаулысына сәйкес Березовка және Бестау халқының жаңа қонысқа көшірілуінің жай-жапсарына біршама қанықпыз. Одан бұрын Тұңғыш ауылы тұрғындарының қайда, қалай көшірілгенін де білеміз.

Әрине, қаншама уақыттан ірге тепкен қара жұрттан басқа жерге қоныс аударуы психологиялық тұрғыдан оңай емес. Әйтсе де қоныс аударушылардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері қанағаттанарлық деңгейде оң шешілді. Үй-жайы, меншігіндегі жері, дүние-мүлкі үшін тәп-тәуір өтемақы алды, сайлы баспаналарға ие болды. Бұрын тар жерде тығылысып отырған қайсыбір отбасылардың аяқтанған ұл-қыздары өз алдарына бөлініп шықты. Жүзбе-жүз жолығып, жағдайларын сұраған таныс-бейтаныс көпшіліктің бәрі де осы әлеуметтік ахуалға барынша риза.

Березовка және Бестау ауылдарының тұрғындарына арнап Ақсай қаласында тоғыз қабатты екі зәулім үй және Аралтал ауылында заманауи жаңа үлгімен бір қабатты 100 үй салынған еді. Қайда тұрғысы келеді – қалада ма, әлде ауылда ма? Оны да қоныс аударушылардың өздері таңдады. Күнкөрісі ауладағы азын-аулақ малға ғана қарап қалған ағайындардың бірсыпырасы біртіндеп өндіріс орындарында жұмысқа кіріп, өзге жұрт қызмет көрсету, сауда-саттық салаларында бақ-таландарына қарай тірлік кешуде. Әйтеуір қол қусырып отырмай, тыпырлап әрекет еткендердің бәрі өздігінен күндерін көріп жүр.

«Надежда» газетінде жарияланған мақаладан да көпшіліктің өкпе-назының иісі сезілмейді. Мақалада редакцияға келіп түскен, ешкімнің қолы жоқ әлдебір құжатқа және оны қуаттап қолдаған Экономикалық тергеулер департаментінің жауабына сілтеме жасап, Ақсай қаласында салынған тоғыз қабатты екі үйдің жоба-сметасында құрылыс-монтаж жұмыстары мен қызметтерінің барлық түрі әдейі аса қымбат бағаланғаны турасында КПО-ны ауыр айыптап сынға алған екен. Газеттің аттандап дабыл қағуынша, құрылысқа бөлінген КПО қаржысының 1,5 миллиард теңгеге жуығы белгісіз бағытта ғайып боп кетіпті-мыс. Яғни бұдан ұрланды деген тұжырым айқын ұғылып тұр.

Мұншама мол қаржы біреулердің жұт­қыншағына жұтылып кетсе, оған қалай төзуге болар?! Сондықтан өз тарапымыздан журналистік тексеру жүргізіп көруге бекіндік. Алайда арынымыз әп-сәтте басыла қалды. Ақсайлық зейнеткер Б.Әлпейісов жоғарыда атап көрсеткендей, шынында әбден ақжемі шыққанша сан мәрте тексеріліп, тергеліп, сот қаулысымен нүктесі қойылған дерек болып шықты. Әуелі осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеулер құрамында қылмыстық құқықбұзушылық болмағандықтан 2016 жылғы 20 желтоқсанда заңнама талаптарына сәйкес тоқтатылған. Бұдан соң әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалыпты. Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қалалық прокуратураның, КПО компаниясының, Ұлттық экономика министрлігінің БҚО бойынша Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің өкілдерін қатыстыра отырып, бұл істі 2017 жылғы 20 ақпанда ашық сот мәжілісінде қараған.

Хаттаманы түгелімен тәптіштеп түсін­дірудің қажеті жоқ болар. Соттың түйінді шешімін ғана айтайық. Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты КПО тарапынан әкімшілік құқықбұзушылық болмауына байланысты ҚР ӘҚтК 159-бабы 1-бөлімі бойынша қозғалған әкімшілік іс өндірісін 2017 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен тоқтатқан.

Ендеше, бұл мәселені «Надежда» газетінің қайталап бықсытуы – бекер әуре және журналистік этикаға жуыспайтын әрекет. Редакцияға келіп түскен материалға қол да қойылмаған. Әлдебіреудің тасада тұрып тас атқан арам пиғылы осының өзінен-ақ аңғарылмай ма? Халыққа қалам қуатымызбен қызмет етеміз десек, кәсіби міндетімізге әрқашан адал болғанымыз абзал.

Тихон ӘЛІПҚАЛИ, Қазақстанның құрметті журналисі

Батыс Қазақстан облысы