«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласы Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының жетекшілігімен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінде «Жаңа латын әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық мәселелері» тақырыбында өткен семинар кеңесте жоғары оқу орындарында, мемлекеттік органдарда тілді дамыту орталықтарының мамандары өзекті ұсыныстарымен бөлісті.
Бүгінде қалың бұқараның назары латын әліпбиіне көшу мәселесіне ауып отыр. Семинардың кіріспе сөзінде Алматы қаласы Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет бүгінге дейін латын әліпбиін үйретуге байланысты елімізде, сондай-ақ «Тіл қазына» орталығында, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен, т.б. орталықтарда өткен семинар-тренингтерде сала мамандарының ұсыныс-пікірлері тыңдалғанын жеткізді. Ал тренингтен өткен мамандар мәселемен жіті таныс болғандықтан, келелі жайттарды қозғап, талқыға салу мақсатында кезекті семинар алаңында бас қосып отыр.
Аталған университеттің Тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген латын әліпбиіне көшу жас ұрпақтың ой-өрісінің тереңдей түсуінің алғышарты екендігіне тоқталып, үздіксіз даму мен инновация ғасырында заманауи мүмкіндіктерді игеру әсіресе, педагог кадрларды даярлайтын оқу орындары үшін зор жауапкершілік жүктеп отыр деген пікірімен бөлісті.
Өз сөзін «Қыркүйек айы – тілдер мерекесі» деп бастаған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының кеңесшісі, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің бас директоры, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы «Қазақ тілінің латын графикасына көшуінің өміршеңдігі» тақырыбына орай тіл тарихына қатысты бірқатар жайтты ортаға салды. «Тілдер мерекесі 5 қыркүйек деп белгіленгеніне міне, екі жылдың жүзі болды. Бұл күн ұлттың ұстазы, тұңғыш реформатор, ұстаздықты үлкен ғылымға айналдырған Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тығыз байланысты. Үлкен-кішімізге арнап кітап жазған Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық оқулығымыздың атасы. Сондықтан да Байтұрсынұлы сынды тұлғаның ілімін оқып-меңгеру әрбір ұлтжанды азаматқа рухани азық болуға тиіс» деп атап өткен қоғам қайраткері тіл тарихына қатысты жайттарды да қозғап өтті. «Өткен ғасырдың 1992 жылдары латын қарпіне көшу туралы ғалым Әбдуәлі Қайдар мәселе көтерген тұста Елбасы елдегі демографиялық ахуалды ескеріп, тыныштық мәселесіне де баса назар аударған болатын. Уақыт өте келе халқымыздың саны еліміз үшін маңызды мәселелерді толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Осы тұста Елбасы латын әліпбиіне көшуді көтеріп, нәтижесінде ұлттық комиссия жасақталды. Бүгінде оның құрамында төрт жұмысшы тобы бар. Қазіргі кезде еліміздің барлық аймақтарында өтіп жатқан семинарлар латын әліпбиінің кем-кетігін пысықтап, жан-жақты жетілдіруге бағытталуда. Кезінде араб қарпін де оқыдық, Ататүрік «жер бетіндегі түркі халқы бір әріппен жазайық, Еуропаға түсінікті болсын» деген тұста латынға да көштік» деді Оразкүл Асанғазы. «Бүгінде түркі елінің 56 пайызы латын, 28-дейі араб графикасында, 17 пайызға жуығы, яғни қырғыз ағайындар мен қазақтар, сондай-ақ Ресейге қарасты түркілер кирилл қарпін пайдаланып келеді. Ал жер бетінде 200-дей мемлекеттің 70 пайызы латын графикасын пайдаланса, 4 пайыздайы ғана кирилл қарпімен жазады. Ақпараттық коммуникация қарыштап дамыған заманда қазақ тілінің ұлтаралық тілге айналуы аса маңызды. Елордадағы Еуразия ұлттық университетіне Күлтегін тасының көшірмесі қойылғанда қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Менің бабам жазуын тасқа жазғанда, орыстың да, қытайдың да жазуы жоқ еді» дегенін қаперімізде ұстайық» деген Оразкүл Асанғазы өз сөзін: «Төл таңбамыздың тасқа басылғаны б.з.д. ІІІ-V ғасырлардан бастау алатындығын ескеретін болсақ, «Өскен ел тарихын тасқа жазады, өшкен ел тарихын жаспен жазады» деп тәмамдады.
Семинар әрі қарай мамандардың жекелеген ұсыныс-пікірлері негізінде өрбіді. «Кірме сөздерді игерудің тілдік механизмін қалай жоғалттық» тақырыбында пікір өрбіткен Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Қаламқас Қалыбай: «Бүгінгі қазақ жазуының емле ережесін реформалау ұстанымында ғалымдарымыз үлкен бір қарама-қайшылықта тұр. Біріншіден, латын жазуына бейімделген қазақ тілінің емле ережесін реформалау арқылы кірме сөздерді игере алатын ұлттық сипаттағы жазу қалыптастыру, екіншіден, дәл осы кірме сөздерді игерудегі тілдік механизмнің кілті болып табылатын тіліміздің ұлттық сипатын танытатын үндесімділік заңдылығының әлсіреуіне алып келген «жазуды оңтайландыру» үрдісін сақтап қалу» деп атап өтті. Ғалымның айтуынша, ең қиыны – осы екі ұстаным бірін-бірі жоққа шығарады. Халел Досмұхамедовтің «Өзінің заңымен өзгертпей қазақ тілі ішіне ешбір жат сөзді алмайды, кіргізбейді. Бұл ақиқат нәрсе» деуінің өзі сол кездегі тіліміздің кірме сөздерді игерудегі осы әлеуетінің қаншалықты мығым болғандығын көрсетеді. Қазақ тілінің осы «тілдік механизмін» дұрыс таныған тіл жанашырлары сол кезеңде кірме сөздерді (терминдерді) жазудың басты ұстанымы сөйлеу тіліндегі үндесім заңдылығына бағынуы қажеттігін көрсетіп, жазуда фонетикалық ұстанымды басшылыққа алатын өте дұрыс шешім қабылдаған еді. Жазу теориясы ертеден қалыптасқан, тілдері сан қилы фонемаларға бай үндіеуропа елдерінің жазу теориясы үшін өте қолайлы болып табылатын «оңтайландыра жазу» ұстанымы қазақ тілінің табиғатына сай келмейтіндігін, үнемдей жазу қазақ тілінің үндестік (сингормонизм) заңына нұқсан келтіріп, тіл әуезділігін бүлдіретіндігін ұлт жанашырлары терең түсінген.
«Латын қарпін оқытудың ғылыми-әдістемелік мәселелері» тақырыбын қозғаған Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Тыныштық Ермекова «Соңғы әліпби құрамындағы әріптер сол күйінде қала ма, әлде өзгертіле ме?» деген сауалға жауап бере отырып, әріптерді жазудың әдістемелік сипатын ашып көрсетіп, «Қалай болғанда да, Ахмет Байтұрсынұлы айтқан таңба жүйелі шешілмейінше, түйткілді мәселелердің шыға беретіндігі айқын» деп атап өтті.
«Әліпбиге өзгеріс енгізбес бұрын, алдымен /и, у/ әріптерінің дыбысын біріктіріп не ажыратып жазу мәселесі түбегейлі шешімін тапқаны жөн. Онсыз әліпби мәселесі шешімін табуы екіталай» деген Нұр-Мүбәрәк университетінің доценті, PhD доктор Қалдыбай Қыдырбаев: «Аталған дыбыс тіркестерді біріктіріп жазуға негізделген әліпби, оларды ажыратып жазуға негізделген әліпбиден өзгеше болуы тиіс. Латын графикасына негізделген қазіргі қазақ әліпбиі и мен у-ды (яғни [ый], [ій], [ұу], [үу], [ыу], [іу] дыбыс тіркестерін) біріктіріп жазуды қолдайтындарға да, ажыратып жазуды қолдайтындарға да сай келмейді» деген ұсынысымен бөлісті. Ал математик ұстаз Қуантқан Ванов латын әліпбиі жобасына қатысты «Емлеміздегі кейбір түйткілді мәселелер» тақырыбын қозғап, бірқатар дәлелдерін ұсынды.
Семинарда латын әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастырған мамандарға тілді оқытуға байланысты материалдар таратылып, сертификат беріледі.
АЛМАТЫ