• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Қазан, 2019

Ұлттық тұлға

652 рет
көрсетілді

Академик Рәбиға Сыздық – көрнекті тұлға! Ұлттық биікке көтерілген тұлға! Бірегей тұлға! Ұлт биігіне көтерілу терең білімді, кәсіби мамандықты толық игерумен ғана шектелмейді. Бұл өлшемді белгілі бір салалық ғылымды игерген ғалымдарға тели бермейтініміз де сондықтан. Ұлт биігіне көтерілген тұлға ұғымының параметрлері әлдеқайда кең. Оның өлшемі де өзгеше. Өз ой-парасатымен, білік-білімімен белгілі бір кезеңде қоғамның түлеуіне, ұлт санасының жаңғыруына ықпал еткен, дана Абай сөзімен айтсақ, «толық адам» деңгейіне жеткен айырықша адамдар ғана ұлт биігіне көтеріле алған. Демек, ұлттық тұлғаның тамыры қаншама терең болса, оның кеңістігі де соншама кең, ұлан-ғайыр.

Атақты ғалым, қазақ тіл бі­лімінің ауыр жүгін қаршадай ке­зі­нен қажымай, талмай, иы­ғына салып көтеріп келе жатқан, өмірі мен қызметі өнеге болып, тағдыры аңызға айналған осы бір қайсар бітімді жанмен өмірде де, ғылымда да шұрқырап табысып, біріміз – апа, біріміз – сіңлі; біріміз – ұстаз, біріміз – шә­кірт болып жүруге бұйыртқан Ұлы Жа­ратушыға, қазақ­тың Тіл дей­тін қасиетті әле­мі­не іштей алғыс айтамын. Ұлы Жаратушы мен Ана тіліміз бізді табыстырмаса, мен Рәбиға апай тәрізді қазыналы тұлғамен бірге жүрер ме едім, жүрмес пе едім?!

Аты ауызға ерте ілігіп, халық құрметіне бөленген осынау аяулы жанмен алғаш кездескен сәтім есімнен кетпейді. Бәрі қаз-қалпы жадымда.

Рәбиға апай Ұлттық ғылым академиясы алдындағы биік теп­кішекпен түсіп келе жатты. Атын естігеніммен, жолығып көрмеген, бірақ есімі ел аузында жүрген атақ­ты ғалымның еңбек­терін жақ­сы білетін болған­дық­тан, күте тұ­­рып, ығысып, сәлем бердім. Апай маған жылы шырай танытып, бұрылып сә­лемімді алды. «Сә­лемет пе, ай­на­лайын» деді. Өтіп бара жатып, әлдебір танысын көр­гендей қарайлап, тоқтап барып, ілгері жүріп кетті. Одан әрі баруға менің де дәтім жетіп, жүрегім дауаламады... Ұзап кеткенше, артынан қарап тұр­дым.

Біздің халқымызда жақсы адам көрсе, тегін қоса сұрайтын әдет бар. Рәбиға Сәтіғалиқызы – текті жерден шыққан адам. Ға­лым­ның өмірі мен тағдырының кейінгіге сабақ болар бір тұсы – өткен ға­сыр сойқанын кішкентай кезінде көруі, зұлмат дәуірдің қаталдығы мен әділетсіздігін жан-жүрегімен сезініп, мектеп қабырғасында жүр­генде «халық жауының қызы» атануы.

«Алашым», «жұртым» деп бастары жадыға түскен, халқы­мыздың Батыс өңіріндегі Алаш қоз­ғалысының жетекшілері бол­ған Халел Досмұхамедов, Жан­ша Досмұхаметов, Иса Қаш­қын­баев, Шынтас Қаратаев­тар­мен 1917-1920 жылдары пікір­лес, мақ­саттас, идеялас болған Сә­тіғали Құтқожиннің артында қалған екі ұлы ( Шафқат, Хамит) мен екі қы­зының ( Рәбиға, Роза), жары Жеңіс Қалауқызының көрмегені жоқ.

Біздің «тектіден қалған тұяқ» деп отыруымыздың бір себебі, тіпті басты себебі де осы. Әді­лет­сіздік пен аярлықты, азғындық пен сатқындықты көзімен көріп, на­мыс пен қайсарлық қанатында қайралып жүріп өскен Рәбиға апайға бір сүйсінетініміз жиырма­сыншы ғасырдың осынау «ұлы жүгенсіздігіне» баға беруде асы­ғыс пікірге бармай, «атылған да, атқызған да» қазақтың өзі екені туралы қынжылып, күй­зеліп айтқан әңгімесінің сан куәсі болдық.

Сондай әңгіменің бірі еріксіз еске түседі. «Бір күні жолдасым Шахаң (Шахан Мусин ағамыз): «Бүгін Сібірде жер аударылып жүр­генде танысқан бір адамды кез­дестірдім. Сонау батыс өл­ке­­­ден (Маңғыстаудан болар) Алматыға келіпті, жасалып жатқан Қазақ энциклопедия­сына материалдар сұрап шақырыпты. Аты-жөні Алшын Меңдіғалиев. Үйге шақырып келдім, өзіңмен таныстырайын» – деді. Ай­тулы күні күткен қонағымыз келді. Туып-өскен жерімді, әке-ше­шемді айтқан кезде: «Түй, айналайын, Сәтіғали Құтқожиннің қы­зы ма едің?! Онымен мен 20-жылдарда екі рет бірге (сірә, бір ауданда дегені болу керек) қызмет еттік қой!» – демесі бар ма?! Мен бұл кісі жаңылысып, басқа біреумен ша­тастырып отыр­ған жоқ па екен деп, кабинетке жүгіріп барып, әке-шешеміздің 1926 жылы төрт баласымен бірге түскен фотосуретін алып келіп көрсеткенімде, су­ретті қолына алып ұшып түре­гелді. Бойы екі метрдей өте биік ірі адам еді, тіп-тік боп тұра ке­ліп: «Ассалаумағалейкум, Сәте­кем!» дегенде, мен толқып кетіп, жы­лап жібердім. Неше жыл тұр­сам есімнен, ұйықтасам түсім­нен кетпейтін папамның атын дауыс­тап атаған адамды бірін­ші рет естуім ғой. Әкеммен көріскендей әсер етті, көпке дейін есімді жия алмадым... Алше­кең де, Ша­хаң да жұбатқан жоқ... Біраз үнсіз қалдық...» дей­тін апайдың жү­рек­жарды әңгі­месінен қандай ізгілік пен тектіліктің таңғажайып лебі есіп тұр десеңізші!

Рәбиға Сыздықтың ұстанымы ұлтына, ұлттық құндылықтарға берген серт секілді. Бұл қасиет ол кісінің бойына сүйекпен біткен. Рәбиға апай талантты тануға, ұлы­ны ұлықтауға бейім тұрады және оны үнемі айтып отырады.

«1970 жылдың бас кезі-ау дей­мін. Үйде Шахаңа, маған жақын біраз сыйлас адамдар қонақ болып отырған-ды... Сол сыйлы қонақ­тардың біреуі – атақты ақын Хамит Ерғалиев өзінің қарқынды дауысымен: «Егер, сендер, тіл мамандары, Ахмет Байтұрсыновты ақтап, еңбегі мен есімін елге қай­тармасаңдар, алып жатқан атақтарыңның да, шығып жатқан монографияларыңның да құны бес тиын!» деп айқайлап жіберді. Отырғандар үнсіз қалды... Мен де онша ренжіп, қапаланғаным жоқ. Бұл Хакеңнің аузымен айтылған қазақ зиялыларының талап-арманы деп түсіндім...» деген ғалым сөздерінде қаншама замана шын­дығы жатыр.

Әлбетте, бұл сол тұстағы жал­­­­ғыз тілші ғалымдардың ғана ал­дында тұрған мәселе емес еді. Бұл ұлт пен қоғамның көкірегіне тас бо­лып байланған намыс пен ақи­қаттың мәселесі еді.

Өрті қалың жиырмасыншы ғасырдың елең-алаң басы Әли­хан, Ахмет, Мұстафа, Тұрар, Міржақып секілді алаштың ұлы көсемдері бастаған саясат май­данында жан алысып, жан берісіп жатқан кезде шыр етіп дүние есігін ашқан перзенттің пешенесіне «алаш арыс­тарына тәуекел айтып, ара түсу» бақыты жазылыпты. Талай «мен» деген ұлт перзенттерінің іші қазандай қайнағанмен, уақыт айтуға дәрмен бермеген тұста Ахаң секілді ұлт көсеміне «араша сұрап», оның тіл ғылымындағы орны туралы ойып өз сөзін айтқан алғашқы ғалым, тұңғыш тұлға осы Рәбиға Сыздық болатын.

Ұлт көсемдері мен алаш арыс­­тарының әлі ақталмаған кезі. Соған қарамай, 1977 жылы Октя­брь революциясының 60 жыл­дығына арналып өткен рес­пуб­ликалық конференция ел есінде Рәбиға Сәтіғалиқызының ересен ерлігімен қалды... Ұлттық түр­кологияда қазақ тілі ғылымын дамытуға үлестерін қосқан арғы-бергідегі миссионер ғалымдардың орны жайлы баяндамасын аяқтай келіп, ғалым ешкім ойламаған, күтпеген соныға түрен салды. Сондағы сындарлы сөздің желісі мынандай болған: «Енді бір пікір айтуға рұқсат етіңіздер, бұл пікірді мен өз жауапкершілігіме алып, ғалым ретінде де, коммунист ретінде де дәлелдеп бе­ремін!.. Қазақтың ұлттық тіл білімі Ахмет Байтұрсыновтың ең­бектерінен басталады, оның саяси, идеологиялық жағынан кім екенінде жұмысым жоқ, ал ғы­лымға келгенде, шындықты айтуымыз керек. Ахмет Байтұр­сынов «Тіл – құрал», «Баяншы», «Тіл та­нытқыш» сияқты еңбек­терімен қазақ тілінің фонетика-граммати­ка саласын дұрыс жүйе­леп берді, қазақ тілін үйрететін терминдер жасады, араб жазуын қазақ тіліне икемдеп реформалады». Рәбиға Сыз­дықтың биік мінберден айт­қан батыл ой, байсалды пікірі та­ғы­лымы терең, тарихи сөз болып ұлт жылнамасына осылай кірді.

Екінші менің есімде қалған тағы бір сәт.

Бұл да көптомдықты оқып отырып, қойын дәптеріме түскен, реформатор зерттеуші, табанды ғалымның ғылым дүниесін өрістетудегі концепциялық ба­ғыт-бағдарын жинақтаудағы, тіл білімінің ұлттық жаратылысын тарихи сабақтастықта қа­рас­­тырудағы жүргізген жүйелі жұ­мысын бағалауға, тұлға таби­ғатын тануға себі тиеді-ау деген өмір мен ғылым хақындағы ойлар ағысына назар бұрғым келеді.

«Ғылымды ұлы Абай тілін зерттеуден бастауыма, одан әрі әдеби тіліміздің бірнеше ғасырлық даму тарихына үңілуіме, қазақ сөзінің барша сырына: семантикалық қозғалысына, этимологиясына, көркемдік құдіретіне, қолданыс мәдениетін зерттеуге баруымның себеп-уәждерін іздесем, бұл жол­да жөн сілтеген, үлгі-өнеге көр­сеткен ұстаздар, үлкендер, өнегелі жандар болған екен. Солардың бірегейі – ұлы Мұхтар Әуезов», – дейді ғалым ағынан жарылып.

Жүйрік атаулыны құлын ке­зінен таныған қазақтың ұлы сурет­керінің Рәбиға апайға қа­тысты мына бір өмір үзігін аттап өткіміз келмейді. «1953 жылы әрбір бітімі өзге, кесек туындының оқырман қауымын да бір сілкінте келері аян. «Абай жолы» эпопеясы жайында қилы пікірлер айтылып, қызу талқыланып жатқан шақ. Осындай жиындардың бірінде мәжіліске төрағалық етіп отырған, сол кездегі Жазушылар одағының председателі Ә.Жаймурзинге залдағы Мұхаңнан тілдей қағаз келіп түседі: «Абдрахим! Егер Құтқожина деген әйел бала сөз сұраса, берсең жақсы болар еді. Ол бір өте ақылды және мә­де­ниетті жас. Мұхтар»... (Рәбиға апай­дың тұрмыс құрғанға дейінгі фами­лиясы Құтқожина болатын). Ара­да 25 жыл өткен соң, 1978 жы­лы 24 декабрьде КазГУ-дегі Әуезов күнінде Ә.Жаймурзин Мұ­хаң жайлы естелігін айта келе, жоғарыдағы жайтты да әңгімелеп, осы кешке шақырылған филология ғылымдарының докторы, ғалым Р.Сыздықоваға Мұхаң қол­таңбасын табыс еткен...».

Сарғайған газет бетінен алын­ған осынау жолдардың төркінінде жатқан, уақыт дейтін қатал сарап­шының сынынан сүрінбей өткен 70 жылдың кескіні мен мінезін қалай аңғармауға болады?! Ұлы суреткер бойында қабілет-қары­мы мен дарыны мол жасты қалай дәл танып, дәл көрген?!

Ғұлама суреткердің айтқаны келді.

Қазақ тіл білімінің абырой-беделін, тарихы мен тағы­лы­мын өзінің кемел білімді моно­гра­фиялық зерттеулерімен байыт­қан академик қазақ ұлты мен қоғамының санаулы тұлғала­ры санатынан өз орнын алды.

Біздің пайымдауымызда, Рә­биға Сәтіғалиқызы – ұлт үшін де, ұрпақ үшін де, әрі-беріден соң, тәуелсіз мемлекетіміз үшін де маңызы зор қазақ тіл білімін өлшеусіз биікке көтерген ересен еңбек пен орасан ойдың иесі. Иесі дейтініміз академик-ға­лым әлемі ұлт тарихын тани отырып, ұлт руханиятының бел­деулі дәуірлерін әдеби тілдің қа­лып­тасу, даму кезеңдерімен ұш­тастырады. Тіл ұлттың жаны, жүрегі екенін тың ой-пікірмен, дәйекті сөз үлгілерімен алға тар­­тады. Тілші өзінің осынау іргелі, жүйелі зерттеу кеңістігін бір-бірімен өзара байланысты кон­цепциялық биікке көтереді. Ғалымның зерттеу нысандарының өзі қазақ тілінің әр алуан салаларын қамти келіп, барлығы бір ортақ ұстанымға негізделе отырып, қазақ әдеби тілінің ғылыми - методологиялық, стилистикалық, прагматикалық, тарихи семан­ти­калық, этимологиялық ерек­шеліктерін ашып талдаған бір­бүтін, біртұтас тілдік жүйе болып табылады.

Қазақтың бай тарихы арғы за­мандарда қалай өрбіді? Ортақ түркілік дәуірдің ізі мен таңбасы қазақтың әдеби тілінде қалай жә­не қандай іргелі тарихи ескерт­кіш­терімізде көрініс тапты? Ға­лымның пікіріне жүгінсек, басынан заманалардың алуан түрлі сұрапылын өткізген ұлт тарихы – ұлт тілінің, соның ішінде бірте-бірте дамып, өрістеген дегенге саяды.

Бұл айтылған концепциялық принциптерді ғылыми айналымға енгізу үшін, бірінші кезекте, табанды ізденіс пен терең білім, екінші кезекте, көз майын тауысып, күндіз-түні талмай отыратын еңбек, сонымен қоса зерттеу нысаны мен ұлт тіліне деген шексіз сүйіспеншілік керек еді. Жылдар осы мақсатқа жұм­­салды. Соның нәтижесінде, яғни ұлы Абайдың сөзімен айтар болсақ, «ақырын жүріп, анық басқан» еңбек пен ізденіске то­лы жылдардың арқасында «Абай шығармаларының тілі», «Абай­дың сөз өрнегі», «Қазақ әдеби ті­лінің тарихы», «Сөздер сөй­лейді», «Сөз құдіреті», «Қа­дыр­ғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы», «Ясауи «Хикметтерінің» тілі», «Тілдік норма мен оның қалыптасуы» тәрізді іргелі еңбектер дүниеге келді.

Біздің бүгінгі мақалада басты меже еткен ойымыз да, айтпақ сөзіміз де осы іргелі еңбектерге ортақ тақырып – ұлттық тіл мен ұлт тарихының тұтастығы! Қазақ ойы мен Қазақ сөзінің киесі.

Ұлт, ұлттық тіл, ұлттық тарих, ұлттық тәрбие, ұлттық та­ғы­лым, ұлтжандылық дейтін қанатты ұғымдар – Рәбиға Сәті­ғали­қызының күллі өмірінің, көзқарасының, мақсат-мүддесінің басты ұстанымы. Сондықтан да болар ғалым өзінің алдына мақсат етіп қойған межелі кон­цепциясының үдесінен шығу жолында бірде танымы терең, білімі мол кәсіби тарихшыдай болып ғасырлар қойнауын кез­се, енді бірде қазақтың ұлт­тық әдебиетінің арғы-бергі дәуір­лерінің білгірі ретінде сөз дейтін құдіретті әлемнің сиқыры мен сырын шексіз игерген хас шебер­дің өзіндей талдау жасайды. Бейнелі сөздің астарынан қазақ ұлтының этимологиясын іздейді.

Ғалым тілдің тарихы мен маз­мұнын ұлттың ұлы тарихымен, тамырымен сабақтастыра отырып, пікірін өреді. Сөз ұлттың өзін-өзі тәрбиелеуінің бірден-бір көзі – Құдіретті құралы екеніне мән береді. Тілшінің Қожа Ахмет Ясауи, Абай, Дулат хақындағы сөз жаратылысын тануға ба­ғыт­тал­ған іргелі зерттеулері мен Қа­дырғали Жалайри туралы (Мәм­бет Қойгелдімен бірігіп жаз­­ған) танымдық еңбегі ұлттық тілдің мәні мен маңызын айта отырып, қазақ жазба әдеби тілінің қалып­тасуы мен дамуын ғылыми негізде жүйелейді.

Қазақ әдеби тілінің қалыпта­суындағы уақыт іздерімен қатар, әртүрлі дәуірлердегі «кірме» сөз­­дер жайындағы өз ойы мен ғы­лыми топшылауларын шебер өріп, жеріне жеткізіп, таратып айтады. Рәбиға Сәтіғалиқызының «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы», «Ясауи «Хикметтерінің» тілі» туралы қос еңбегі – тарихи танымымызбен қоса, тіліміздің тағдырлы кезеңдері жайлы ұлттық санамызды бекіте түскен зерттеулер. Рәбиға Сыздықтың бұл еңбектері қазақ тіл біліміндегі іргелі жаңа бағытты анықтады.

Басы ұлы Абай шығарма­ларының тілін зерттеуден бас­талған «Абай шығармала­ры­ның тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» тәрізді сыры мен сымбаты бөлек монографиялары – ғалымның осы бағыттағы өрісі бөлек өзгеше туындылары. Бұл туралы апайдың әріптес-інісі, академик Өмірзақ Айтбаевтың: «... Ол кезде көбіміз жазба тіл ғана әдеби тіл бола алады деген қағиданы ұстанатынбыз... Ал Рәбиға Сыздық ХV-ХVIII ғасырларда өмір сүрген ақын-жы­раулар тілін зерттей келе, әде­би тіл тарихы осы кезеңнен бастау алады деп, оны бес ғасырға терең­детті...» деген пікірін асылды анық танып, дәл бағалаудың айқын нышаны деп есептеуіміз керек.

Ғалым үшін кестелі сөздің әлемі сұлу ән секілді. Тілшінің Абай жайындағы толғаулы тұжы­рымдарын оқып отырып, тол­қымау, тебіренбеу, өз ана тілің мен еліңді, ұлтыңды сүймеу мүмкін емес. Ғалым ойлары мен тұжырымдары Абайдың болмысын, Абайды жаратқан ұлттың жаратылысын, Абайды шыңдаған күрделі дәуірдің кескіні мен кел­бетін тануға көмектеседі.

Ғалымның әдеби тіл тарихы мен әдеби тілдің қалыптасуы туралы көзқарастарына бажайлай үңілген кез келген кәсіби маман Рәбиға Сәтіғалиқызы үшін Абай тілі – ұлы реформаторға дейінгі ұлы бабаларымыздан қалған қуатты, көркем халықтық тіл мен реформатордан кейінгі жазба тіл арасын жалғаған алтын көпір болғанын анық аңғарады. Ғалым Абайдың «тіл ұстартып, өнер шашудағы» азап пен мехнатқа толы, яғни «тіл өнері дертпен тең» дейтін ұстанымын терең талдай отырып, ақын туындыларының тілін стилистика мен семантика тұрғысынан түбегейлі зерттейді. Ақын өмір сүрген дәуірдегі көп­ғасырлық тарихы бар әдеби тіл мен кітәби тілдің ара жігін ай­қын­дап, тілімізді шұбарлап келген кезеңдерге сарабдал бағасын береді.

Рәбиға Сәтіғалиқызының Абай мен Абай шығармаларының тілі туралы зерттеулері – ұлттың жан әлемін, ойлау кеңістігін талдап-тануға бағыттайтын, абайтанудың рухани кеңістігіміздегі жаңа бет­тері. Бұл – ұлылық дейтін фе­но­­мен құбылыстың тіл арқы­лы көрініс тапқан ғылыми көр­сеткіші. Бұл – тіл біліміндегі абайтануды тың арнаға салған, ұлт тілін зерттеп-зерделеудің жаңа сипатты бастамасы.

Ғалым үшін сөз – түрленген, өзгерген, халық басынан өткен дәуірлердің жанды көрінісі. Сөз – уақыттың жемісі. Сондықтан да қоғамдық құбылыстарды тарихи-әлеуметтік, саяси-экономикалық кеңістік аясында қарастыра отырып, автор қазақ әдеби тілінің бойындағы әрбір өзгеру мен түр­ленуді сол заманмен, сол уа­­қыт­тың мінез-қалыбымен сабақ­­тастыра отырып, даму мен қа­лып­тасудың эволюциясын, қоз­­ғалыстағы әрекетін тануға, сырын ашуға ұмтылады. Бар өмі­рін қазақ тілінің жанын, жүрек соғысын, санадағы сілкінісін тануға, зерттеуге арнап келе жат­қан ұстазымыздың бір монографиядан екінші монографияға, бір мақаладан екінші мақалаға өзгеріп, түлеп, толығып, ауысып отыратын cөз құдіретіне – ұлттық тілге деген сүйіспеншілігі тіл мәң­гілігінен ел мәңгілігін іздетіп отырады.

Академик хақындағы мақа­ламызды қорытындылай келіп, тұлға табиғаты мен жаратылысын даралайтын мына сипаттарды бөліп айтқымыз келеді. Біріншіден, академик Рәбиға Сыз­дық – тіл ғылымы тарапынан абайтану әлемінің жаңа беттерін ашқан, қазақтың сөздік қорын халық, ұлт табиғатымен, өмір сүру салтымен ұштас қарастыра келіп, Абайтану ілімін кешенді түрде зерттеп-зерделеген терең ойшыл. Екіншіден, ғалым – өз еңбектерімен тілтану саласын, қазақтың киелі де қасиетті, тағы­лымы мол «сөз құдіретін» арғы-бергі дәуірлермен сабақтас­тыра отырып, тарихи тұрғыдан зерделеген ғалым, адамның ойы мен танымын концептуалды деңгейге жеткізген реформатор. Үшіншіден, Рәбиға Сәтіғалиқызы өзіне дейінгі ұлттық ой мен ұлт­тық танымның көшін бастаған ұлы тұлғалар мен олар өмір сүр­ген кернеулі дәуірлерді саралай отырып, сол тұлғалар мен оларды шыңдаған өмір, дәуір ақи­қаттарын өзінің жүрек сүзгі­сінен өткізген, ұлтымыздың ұлы құндылығына жаңаша күш, қуат бітіріп, «сөздерді сөйлеткен»; дәйек­ті деректерге сүйене оты­рып, тіл білімін жүйелі зерттеу­дің, жаңа концептуалды ой түю­дің биігіне көтерген тұлға. Төр­тіншіден, тілші Рәбиға Сыз­дық – әр монографиясымен, әрбір мақаласымен, сөйлеген сөз­дері және сұхбаттарымен тіл білі­мін ұлттық мәдениеттанымның көрсеткіші ретінде дәуір, қоғам, уақыт талаптарына сай әлемдік өлшем биігіне көтере отырып, зерделеу, жинақтау, жүйелеу, бағалау, ғылыми талдау үлгілерін қалыптастырған аса көрнекті ға­лым. Бесіншіден, Рәбиға Сәті­ғалиқызы – табиғаты жағынан жаратылысында нақтылық басым тіл ғылымының тамырына қан жүгірткен, қазақтың бай тіл әле­мін сөз бен ойдың ғажайып әсем кеңістігіне алып шыққан бекзат бітімді ғалым. Алтыншыдан, ауызша сөйлеу өнері мен ауызша әдеби тілді – ұлттық ерекше мұра, туған топырақтағы сөз өне­рінің түп-тамыры деп танып, оны сақтау мен дамытудың, өріс­тетудің тетіктерін зерделеген, қазақ әдеби тілінің қалыптасуы мен кезеңдерін, нормаларын жүйеге келтірген жаңашыл ғалым. Жетіншіден, Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық – ұлтты сүю мен мәңгілік елдің мәңгілік тілін сақтау мен құрметтеудің үлгісін зерттеу ең­­бе­ктері арқылы дәйектеген, ұлттық тұлға биігіне көтерілген аса көрнекті тілші-ғалым. Акаде­мик Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық – қазақтың рухани әлеміне өшпес із қалдырған кешегі арыстары­мыз бен алыптарымыздың заң­ды жалғасы. Ол – қазақ топы­рағындағы алашойлы биікке көте­рілген, ана тіліне сіңірген өлшеусіз еңбегімен руханият әле­мінің шекарасын кеңейтіп жүр­ген, өзгеше бітімді ұлттық тұлға.

Фаузия ОРАЗБАЕВА,

ҰҒА корреспондент-мүшесі,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор