ХХ ғасырдың 20-жылдары ел басына түскен аса ауыр нәубетті және оған қарсы тұрған тұлғаларды еске алсақ, алғашқылардың бірі болып ойымызға жас, батыл, жігерлі, елшіл, сұңғыла қайраткер Смағұл Садуақасұлы (1900-1933) оралады.Тіпті осы азаматты аталған кезеңдегі ұлттың намысы, ар-ұжданы десек те қателеспейміз. Ол жастай қабілетті қаламгер, шебер жазушы, сындарлы сыншы ретінде қалыптасты. Еш жерде филологиялық, гуманитарлық жоғары білім алмай, әдебиет пен мәдениет, әлеуметтану мен елтану заңдылықтарын жіті зерделегеніне қайран қаласыз. Сірә, адамға көп нәрсе тек-тамырдан берілсе керек.
Қайраткерлік – тағайындалған қызметтің немесе берілген лауазымның санымен емес, елге қызмет етуімен өлшенсе керек. Әйтпесе Смағұл заманында да қазіргідей қызметінің тізімі бір бетке сыймайтын талай атқамінер болған. Солардың біразы репрессиялануы да мүмкін. Сол қанқасапқа ілінгені үшін ғана бүгінде оларды «тұлға еді, сұмдық еді» деп, Абай тыюды ескерткен «өтірікке» бой алдыру – тарихқа қиянат.
Осы өлшеммен келгенде, Смағұл Садуақасұлы қамшының сабындай ғұмырында мыналарды атқарды:
Қай ресми және лауазымды қызметте отырса да ұлт мәселесіне елдік, мемлекетшілдік мүдде тұрғысынан қарап, шешім шығаруға ықпал етті.
Газет-журнал – ақиқаттың ғана айнасы емес, ұлт пен жұртқа білім, білік, тәжірибе үйретудің, көрсетудің құралы, мінбері. С.Садуақасұлы басшылық еткен басылымдардың бәрі дерлік осы ұстанымды басшылыққа алды. Әдебиет – қай заманда да еріккеннің ермегі емес. Халық әдебиеті де, авторлық әдебиет те – ұлттың жаны. Сезімі, мұңы, намысы, қасиеті! Смағұлдың әдеби мұрасы – ХХ ғасырдағы үздік көркем пайым мен талғамды айқындайды.Байырғы «Еңбекші қазақ» пен кейінгі «Егемен Қазақстан» байланысын, тарихи басылымдағы қайраткер С.Садуақасұлының рөлін сөз өтерден бұрын тәуелсіздігіміздің елең-алаңындағы бір оқиғаны жаңғыртқымыз келеді. Жаңылыспасақ, 1992 жылы Алматыдағы концерт залында «Қауышу» атты кеш өтті. Оған ұйытқы болған «Егемен Қазақстанның» бас редакторы Шерхан Мұртаза мен «Қазақстан» телевидениесінің басшысы Сағат Әшімбаев еді. Демократияның дүрілдеп тұрған кезі. Кездесу барысында бүгінде марқұм бір ғалым Шер-ағаңа мына мазмұнда сұрақ қойды: «Егемен Қазақстан» – кешегі большевизм мен социализмнің көрігін қыздырған «Социалистік Қазақстанның» жалғасы. Менің сұрағым: халықтан кешірім сұрап, азаттықтың үні болатындай жаңа газет ашып, жаңа жол бастай аласыздар ма?..».
Бұған Шерхан Мұртаза былай жауап берді: «Сіз әжептәуір философ ғалымсыз. Тарих дамуының бұралаң жолын түсіндіріп беру – ең бірінші ғалымдардың міндеті. Кешіріп қойыңыз, газетке кеше ғана келген мына жігіттер кімнен кешірім сұрайды? Бұлардың міндеті – бүгінгінің ақиқатын жазу, түйсініп жазу. Мұны орындамай жатса, әрине, жауап береді...».
Біз дәл сол шамада ғылыми жобамыздың мақсатына орай архив пен кітапхана қорында сақталған «Еңбекшіл қазақтың» 1921-1924 жылдардағы тігіндісін оқып жүр едік. Расын айтайық, аталған газеттен 1921-1922 жылғы аштықтың зардабын, 1923-1924 жылғы үркіншілік ақиқатын, қазақ шекарасынан тыс қалған қандастардың зарын оқып, сол кездің редакторлары мен журналистерінің батылдығына таңғалғанбыз. Оны айтасыз, тілші ғалымдар қауымы 2005 жылға дейін бірауыз баға бермеген кешегі, бүгінгі, болашақтағы қазақ тілінің ғылыми асыл арқауын, қағидаттарын айқындап берген қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінің (Алаштың көшбасшысы Ә.Бөкейханнан бастап күллі дерлік ірі тұлғалары қатысқан) барлық материалын дәл осы «Еңбекшіл қазақтан» оқып, 1990 жылы көлемді мақала жазған едік.
Большевизм мен Кремльдің айнала қазған ор мен жарының ортасындағы «Еңбекшіл қазақтың» редакторлығына 25 жастағы Смағұл Садуақасұлы 1925 жылдың басында келді.
Бұл оның аталған басылымға үшінші мәрте оралуы еді.
1920 жылы 4 қазанда Орынборда жалпы қазақ кеңестерінің бірінші съезіне (өз тұсындағы атауы «жалпы қазақ сауеттерінің бірінші тобы») Смағұл Садуақасұлы делегат болып қатысып, ұлттың жас қайраткерлері атынан сөз сөйлеп («Ұшқын» газеті, 1920 жыл, 7 қазан), түрлі сала бойынша жасалған баяндамаларды талқылауға белсене атсалысады (Сол газет, 1920 жыл, 14 қазан).
«Біз, жастар, автономияға үлкен мағына беріп қараймыз. Халықты тәрбиелеп, бейнетқорларға біріктіретін ұйым ғана деп қараймыз. ... Жастар келесі өмірге бастарын байлап кірісті. Үлкен ағалардың да сол жолда адастырмай түзу тартуларына сенемін» дейді Смағұл осы съезд мінберінен.
Съезд күндері арнайы шешіммен С. Садуақасұлы «Ұшқын» газетінің шығарушылар алқасына кіреді.
С.Садуақасұлын қайраткер ретінде халыққа таныстырған «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылы 5 мамырдағы санында былай делінген: «Қазақстанның 1 съезінде Смағұл Орталық атқару комитетінің президиум мүшесі болып сайланып, саяси хатшылық, төрағаның орынбасары қызметін атқарады. «Еңбек туы» газетінің басқарушысы болған».
1920 жылдың қараша айында С. Садуақасұлы жаңа құрылған Қазақтың автономиялық республикасының үкімет басшылығына қызметке алынды. Бұл кезде ол бар болғаны 20-ақ жаста еді.
Смағұл Садуақасұлының «Еңбек туы» газетінде жарық көрген мақалалары мәселені нақты қойып, айрықша тұжырымдама жасауымен ерекшеленеді. Мысалы, «Ескеретін уақыт жетті» («Еңбек туы», 1920, 13 қараша) атты мақаласын төрт бөлім етіп жазған. Бірінші бөлімінде төңкеріске дейінгі Ресейдің хал-ахуалын, оның импералистік іс-әрекетін сөз қылса, екінші бөлігінде төңкерістен кейінгі саясат ағымына шолу жасайды. Үшінші бөлігінде қазақтан шыққан жұмысшы табы қай дәрежеде, қандай қалыпта деген сұрақ төңірегінде ой өрбітеді. Төртінші бөлігінде ел басқарып жүрген азаматтардың міндет-мақсатын айтады.
Мақалада көсемсөзші халық басқарған адамдардың жұмысты өз дәрежесінде атқара алмай жүргендігін сынайды. «Бәріне кінәлі – біз, қазақтан шыққан коммунистер. Біздің бірінші міндетіміз – сол жұмыскерлерді біріктіріп, оларды саяси ағыммен таныстырып, олардың арасында білекті сыбанып тастап іске кірісу. Ауызды көпіртіп: «Мен – коммунист» деп мақтана бергенше, сол коммунистігіңді іс жүзінде көрсету керек» дейді ол.
С. Садуақасұлы – төңкеріске, төңкерістен кейінгі саясатқа ой жібере қараған қайраткер. Ол азамат соғысына, ел шаруасын кенжелеткен саясатқа сын көзімен қарады. Сондықтан аталған мақаласын: «Қаймағы бұзылмай ұйықтап жатқан қалың ел анау! Неше мың жұмыскерлер үш жылдан бері дым істемей, қарап жүргені мынау! Ескеретін уақыт жетті! Мұның бәрі бізге үлкен сын. Сыналып қалып жүрмейік» деп аяқтайды.
«Соңғы оқиғалар һәм Күншығыс» атты мақаласында («Еңбек туы», 1920, 7 желтоқсан) С. Садуақасұлы әлемдегі саяси ахуалға шолу жасайды. Врангельдің жеңілуіне байланысты әлемдегі саяси жағдай қалайша құбылғанын жазады. Әрине, «коммунизмге қарсы жорықта» ағылшын, француз секілді елдер өз есебін ешкімге жібермегені шындық. Қаламгер сондай саяси-тәсілдердің астарына үңіледі. Француздардың Кавказдағы іс-әрекетін бағдарлай отырып, алда болатын саяси сапырылыстар туралы топшылаулар жасайды.
Батыс пен Шығыс арасындағы қилы қатынас жөнінде қаламгер: «Күншығыс талайды көрді. Күнбатыстың зорлықшылдарының (империалисі) кім екенін айтпай-ақ біледі. ...Оқыған, өнерлі, мәдениетті аталған жұрттар талай Күншығыстың санын соқтырған. Ауыздарымен ұжымақ орнатса да, іс жүзінде не орнататынын көріп жүрміз. Күншығыс балалық шағынан әлдеқашан шықты. Өлмес жайын ол да ойлар» деп ой түйеді.
Осы газеттің 3-санындағы (25 желтоқсан, 1920 жыл) «Ауылдағы жастар туралы», «Сібірдегі қазақтар туралы», «Дінмұхамед Әділов» атты үш бірдей мақаласы төңкерістен кейінгі бірнеше күрделі оқиғалар мен сәттердің үрдісінен хабар берді.
Көсемсөзші: «Біздің Қазақстан – ауылдың республикасы. Қазақтың 99 проценті ауылда. Сондықтан ауыл жастарының арасындағы жұмыс ең бірінші орында болу керек» дей отырып: «Қазақтың ұлтшылдары ондай «төрелерге» тиісті баға берсе де қазақ ішінде «төрелік» қалған жоқ. Күні бүгінге дейін шаһарлы жерде жүргенде дұп-дұрыс адам секілді жігіт елге шықса, шіңкілдеп, тоңқаңдап кетеді» деп сынайды. Қаламгер нұсқаушылардың жастармен тіл табысуына қатысты: «Нендей сөз айтсаң да бәрі жастардың көңіліне қонғандай болсын. Келтірген мысалдарың, көрсеткен тәжірибелерің қазақтың тұрмысынан болсын» деп ой айтады.
«Сібірдегі қазақтар туралы» – Кеңес өкіметі тұсындағы бей-берекетсіздікті, теңсіздікті бүркемелей ашық айтқан көсемсөздік туынды. Автор Омбы мен Бискідегі ресейлік әскер мен қазақ әскерінің тұрмысындағы сәйкессіздікті, Спас, Успен, Жезқазған, Екібастұз, Сарысу, Жармақтағы сан мыңдаған қазақ жұмысшыларының адам айтқысыз халін тілге тиек етеді. Қаламгердің пікірінше, Сібірревком қазақты әлі де болса сүліктей сору үшін «екі облыстан (Ақмола, Семей.-Д.Қ.) тыртысып айырылмай отыр». Осы орайда Смағұл: «Олардың ойынша, қазақ халқы – «дүлей, қараңғы, меңіреу, жуас, түкті білмейді, сондықтан олар ұйпалап-сұйпалағанға көне береді». Жоқ, олай емес! Омбыдан шыққан «батырлар», ондай ойларыңның мезгілі өтіңкіреп кетті» дейді.
С.Садуақасұлы 1922 жылы «Еңбекшіл қазаққа» тарихи мәні терең екі мақала жариялады. Бірі – «Жастар съезіне» (20 шілдеде шыққан), екіншісі – «Шарт керек пе?» (4 тамызда жарияланған).
Қаламгер алғашқы мақаласын: «Қазақтың саяси пікірінің тарихы – қазақ жастарының тарихы. Қазақ халқының ішінде шын саяси қозғалыс жастар оянып, жастар ұйымдасқаннан кейін ғана бар» деген мірдің оғындай оймен бастайды. Аға толқынның кезінде топтаса алмағандығын, «көпке бірдей жақсы аты шыққан қазақтың азаматы аздығын», жастар содан сабақ алу керектігін сөз ете келіп, жаңа замандағы жас лектің мақсат-міндеттеріне және бір тоқтап, санадағы сауатсыздықпен күрес қайтсе жеңіске жететінін әуезе етеді. «Мен коммунист. Маған қазағы да, орысы да бәрі бір» деушілер табылады. Бірақ бұл секілді сөзді айтушылар орысқа да, қазаққа да пайдасыз болып шығады» дейді Смағұл.
«Шарт керек пе?» – Түркістан республикасындағы Сырдария және Жетісу облыстарының Қазақстанға қосылу қажеттігін арнайы сөз еткен еңбек. Бұл екі облыс 1925 жылы қосылғаны мәлім. Алайда осы бірігу мәселесі оп-оңай шешіле салмады. Зиялылар 20-жылдардың басынан бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бастапқы жылдары Түркістандағы қазақ оқығандары Қазақстанға «отаршылдарды жоя алмадыңдар, орынсыз адамдарды үкімет билігіне тарттыңдар, сендердің астаналарың қазаққа астана бола алмайды» деп кінә таққаны мәлім. С. Садуақасұлы тағылған осы кінәлардың себеп-салдары, орынды-орынсыздығы туралы мақаласында: «Біздің ойымызша, Қазақстанда колонизатор барлығы – қосылмауға дәлел емес, қосылуға дәлел. ...Түркістан азаматтары біздің қотырымыз болса бізбен бірге жазсын. Қотырың бар жуымаймын дегені ағайыншылыққа жатпайды. ...Тегінде жалпы қазақтың кіндік қаласын белгілеу үшін жалпы қазақ бірігуі қажет» деп сындарлы жауап қайырады. Мақаладағы түйінді ой: «Жалпы жұмыс түзелу үшін ешбір шарт қоспай, ағайынды екі бала тез арада бірігу керек». Яғни, қаламгер бірігу үшін шарт емес, түсіністік қажеттігін алға тартады.
Смағұл заманында зор резонанс тудырған «Ленин және ұлт мәселесі» атты мақаласын да 1924 жылы 27 қаңтарда «Еңбекшіл қазақта» жариялады (қайтқанынан 6 күннен кейін). Ура-ура заманында жас қазақ қайраткері Ленин тақырыбын басқа қырынан қояды. В.И.Ульянов айтқан сөздерді ұлт мәселесіне қырын қарап жүрген саясатшылардың есіне салады. Ұлт деген сөзге үрке қарайтын қазақ қызметкерлерінің өресіздігін сынайды. Лениннің: «Біз басқа ұлтты еріксіз зорлықта ұстамаймыз. Біздің негіз еркіндік, ризалық, бостаншылық болу керек» деген сөзіне сүйеніп және «Біз орыс жұртын сүйеміз. Сүйген сайын біз орыс елі бостаншылық алсын дейміз» деген пікірін негізге алып Смағұл: «Осы сөзді қазаққа арнасақ, бізді ешкім кінәлар ма екен?» деп түйінді ой айтады...
1925 жылы қаңтардың басында С. Садуақасұлы «Еңбекшіл қазақ» газетінің жауапты шығарушысы болып тағайындалды. Газет соңында басшысының кім екені екі тілде жазылған: қазақшасы - «жауапты шығарушы Смағұл Садуақасұлы», орысшасы - «редактор Смагул Садвокасов».
Қайраткер осы басылымға 1925 жылдың 8 қаңтарынан 1926 жылдың 22 ақпаны дейін редакторлық етті. С.Садуақасұлы мемлекет мәселесімен Орталыққа, немесе ел ішіне кеткенде, орынбасары газет соңына «уақытша жауапты шығарушы Бейімбет Майлыұлы» деп қол қойып отырған.
С.Садуақасұлы басқарған жылдары басылымның деңгейі өсті. Ол «Еңбекшіл қазақтан» «Еңбекші қазаққа» айналды (1925 жылдың 17 ақпанынан). Газет тек ресмилікті шектеңкіреп, танымдық, ғылыми дүниелерді көбейтті. Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ділгір мақалалар жиі жарық көрді.
Қазақ баспасөзі тарихында 1925-1926 жылдары С.Садуақасұлы басқарған «Еңбекші қазақтың» бағасын оның замандасы, «Жас азаматқа» да, Алаш Ордаға да кіріп, «ұлт үшін қызмет етемін» деп ант берсе де, 20-жылдары саяси себеппен конъюнктураға жан-тәнімен берілген Әбдірахман Байділдиннің тұжырымымен айқындап көрейік. НКВД-ға жазған түсіндірме хатында ол: «Смағұл Садуақасұлы редактор болысымен, газетті түбегейлі өзгертті. Партия газеті Мағжан Жұмабаевтың ұлтшыл өлеңдерін, Ә. Бөкейханның (Қыр баласы), М. Әуезовтің мақалаларын баса бастады. Міне, соның кезінде М.Жұмабаевтың астарлап төңкеріске қарсы ой айтатын, ұлтшылдық рухтағы «Жүсіпхан» дастаны, М.Әуезовтің идеалистік бағытта жазылған театр туралы мақалалары жарияланды. Ә. Бөкейхан мақалаларының аты мен мазмұнын ұмытып отырмын. Газетті қарасаңыздар көресіздер. Мен газеттің осындай теріс бағытын айтып, Крайком бюросына арыз жаздым. Бұл мәселе бюрода қаралды. Мен баяндама жасадым (Көшірмесі ГПУ-да). Мәселе бюроның кеңейтілген мәжілісінде қаралды. Талқылау барысында Н. Нұрмақов, Ж. Мыңбаев, Орынбаев секілді жолдастар маған тап берді. Голощекин жолдас екіұштылау сөйледі де қойды... Бюро мені қолдады. Ақпан айында С. Садуақасұлы «Еңбекші қазақтың» редакторлығынан алынды» (Ә. Байділдин. «Алашордашылармен және оңшыл коммунистермен күресімнің нақты айғақтары». Қазақстан ҰҚК архиві. № 78754-іс, 6-том).
Иә, бүгін біз де С. Садуақасұлы жетекшілік еткен «Еңбекші қазаққа» бағаны заман мен тарих тұрғысынан береміз. Бұл ретте «Еңбекші қазақ» ресми партия мен үкіметтің үні болса да іс жүзінде А.Байтұрсынұлы мен Ә. Бөкейхан шығарған «Қазақ» газетімен рухтас боп қалды.
С.Садуақасұлы тұсының «Еңбекшіл қазағында» бас мақалалардың да орны ерекше. Олардың біразының аяғында белгілі авторлардың қолы бар. Бір сыпырасы газеттің мақаласы ретінде ұсынылған. Бұлардың бәрінде дерлік редактордың идеясы тұнып тұр. Бірақ жоғарыдағы алты мақаладан С.Садуақасұлының қолтаңбасы анық байқалады. Талдап, саралап қарағанымызда, бұл бас мақалалардағы сөйлем құрылысы, авторлық сөзсаптау қаламгердің қол қойып жариялаған еңбектерінің стилімен бірдей болып шықты (тіпті бір қалыптан шыққан сөйлемдер бар).
Смағұл білім, мәдениет, ғылым, т.б. салаларды қамтыған Халық ағарту комиссары (министр) қызметін редакторлықпен қатар атқарған соң, оның сала проблемасына қатысты ой-пікірлері мен ұстанымдары да «Еңбекші қазақта» жарық көрді.
1925 жылы 10 желтоқсанда жауапты басшы С. Садуақасұлы мен Білім ордасының (Академиялық орталық) төрағасы М. Жолдыбайұлы «Қазақша пьесаға бәйге!» атты хабарландыруды «Еңбекші қазақ» газетіне басты. 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылордада Мемлекеттік ұлт театры ресми ашылған соң, қайраткердің «Алтын сақина» ойыны туралы», «Бәйбіше, тоқал» атты сыны жарияланды. Ал «Ұлт театр туралы» атты мақаласын («Еңбекші қазақ», 1925 жыл, 26, 29 қазан) – кәсіби театрдың іргетасын қалаған өнер иелерінің оқу құралы болды десек, шындыққа сәйкес келеді. Мұнда автор театр, пьеса, әртіс ұғымдарын қарапайым қазақтың түйсінуіне сәйкес таратыңқырап айтып, «Біздің қазақта қандай театр тууы мүмкін? Театр бізде қандай болу керек? Ойнаушылар кім? Ойналатындар кім?» деген өз сұрағына білікті жауап қайырады. Кейін ол толықтырылып кітапша болып та шықты.
1925 жылы «Жаңа мектептің» беташар санында өз атынан, ал «Еңбекшіл қазақтың» 28 ақпандағы санында басылымның бас мақаласы ретінде жариялаған «Халық ағарту мәселелері» атты мақаласында күн тәртібіндегі мектеп үйлерін, оқу құралдарын даярлау, білім мекемелерінде дәріс жүргізу тілін анықтау жайын қозғайды. Мысалы, Смағұл ғылым-білімі жүйеленгенше ағылшын тілін пайдаланған Жапония тәжірибесінен үлгі алуды ұсынады. Қайраткердің осы саладағы ой-толғамдары да жеке кітапша болып басылған.
Смағұлдың «Қазақстанда баспасөздің міндеті» атты ел газет-журналы туралы толғамы да «Еңбекші қазақта» басылды (1925 жыл, 23 қараша). Осында: «Сын ойларды қосып, адамның пікірін қайрап отырады. Сынсыз жазылған сөз қайралмаған пышақ сықылды» дейді.
С.Садуақасұлы, расында, қиын жылдары «Еңбекші қазаққа» мүмкіндігін тауып Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабай, Е.Омарұлы, т.б. Алаш қайраткерлерінің мақаласын, көркем шығармасын жариялап отырды. Редактор болысымен Қостанайдың «Ауыл» газетінде жүрген Б.Майлинді бас газетке алдыртып, кең мүмкіндік туғызды. Тіпті өлең жинағын бастыртып, өзі оған алғысөз жазды. Елшіл ұлт ақын-жазушыларының басын қосуға тиіс «Алқа» ұйымының жасақтау кезеңінде пікірталастар негізінен Смағұл тұсында жарық көрді. Өзі де оған атсалысып, «Әдебиет әңгімелері» атты сауатты да салмақты мақала жариялады («Еңбекші қазақ», 1927 жыл, 15-16 ақпан).
Қайраткер-қаламгер С.Садуақасұлы «Еңбекші қазақтың» әріден келе жатқан елшіл дәстүрін халыққа, шығармашыл жастарға жақындата түсті. Бір кезде большевиктік билік «Қазақ» газетінен олжалаған баспахананы толықтырып, халық сөзі мен А.Байтұрсынұлы қарпін (әліпби айтысына өзі де қатысқан) ұлт мүддесіне бағындыра білді.
Қазақстанға Ф.И.Голощекиннің басшы болып келуі – Кремльдің ғана емес, патшаны түп-тұқиянымен құртқан әбілет күшінің Қазақ еліне еркін еніп, ұлт мүддесін алқымнан алуының алды еді. Мұның соңы биліктен Смағұлдай батыл да білікті қайраткерлердің шеттетілуімен, Алаш зиялыларының тұтқындалуымен, ең ақыры геноцид – аштық алапатымен аяқталды. НКВД сұрақ-жауаптарынан, голощекиндердің мінберлерден аярлықпен айтқан сөздерінен большевизмнің Мәскеудегі С.Садуақасұлына тек ажал тілегені аңғарылады. Мұны қандықол Ежов пен Шкирятовтар 1933 жылдың 16 желтоқсанында (арада 58 жылдан кейін дәл сол күні азаттық алдық) жүзеге асырды...
Қазақ елі тәуелсіздігінің 20 жылында Мәскеудің Дон зиратханасының қабырғасында сақталып келген Смағұл сүйегінің күлі Астанаға жеткізіліп, Хан Кененің шәйіт кеткен сарбаздары қорымына ата дәстүрге сай жерленді. «Еңбекші қазақ» редакторының зираты мен бүгінгі «Егемен Қазақстан» ғимаратының арасы – азғантай ғана жер. Жаратқан бұйыртқан азаттық пен әділет осылай үзілген үмітті үйлесіммен жалғады.
Дихан Қамзабекұлы,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУпроректоры, ҰҒА академигі