• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қараша, 2019

Ерлікті ел білуі тиіс!

319 рет
көрсетілді

Арыстағы жарылыс – тәуелсіз Қазақстан тарихында елдік пен ерлік сынға түскен сәт еді. Маусымның жайма-шуақ таңындағы аласапыран сәтте біз талай отандасымыздың ерлік жасағанына, халықтың жұдырықтай жұмыла білгеніне куә болдық. Мен де азаматтың азаматтығы көрінген оқиғаға сол күні куә болғанымды бөліскім келеді.

Жадыраған жаз келіп, ел ар­қасын кеңге салған сәт еді. Біз, бір топ демалушылар 23 маусым күні түнде «Арыс» шипажайына» келіп жайғастық. Ертеңіне, 24 маусым күні таңғы астан соң дәрігерге кіріп, әркім өз емін алуға кезекте тұрғанбыз. 160-қа жетеғабыл адам едік. Сол кезде газ баллоны екі рет жарылғандай дыбыс естідік. Бізді шипажай қыз­меткерлері тыныштан­ды­рып, жай «газ жарылған шы­ғар» деген болатын. Алайда, олай болмай шықты. Бір кезде гүр­сілдеп жарылған оқ-дәрінің дауысы естіле бастады, әрине біз соғысты көрген жоқпыз, бірақ жарылыс дыбысы кинолардан көріп-білгеніміздей анық естілді. Ысқырған оқ пен снарядтың дауысы да құлаққа жетті. Кейін білдік қой, сол күні Арыс қала­сынан 3 шақырым жердегі әске­ри қоймада жарылыс болыпты. Ал біз шипажайда болған кезімізде айналаға бірінен соң бірі снарядтар түсіп, жарылып жатты. Шипажай қызметкерлері демалушыларға далаға шығуды бұйырды. Аяғым, тізем дірілдеп, қорыққаннан 1 қабатқа түсе алсамшы... Төңірек толған айқай-шу... Түк естілмейді.

Далаға шығатын есікті тап­­пай, шыңғырып айнала бердік. Бір кезде әйтеуір далаға шығатын есікті тауып, сна­рядтың дүмпуінен қираған есіктің шынысының астынан еңбектей жүріп, тысқа шық­тық. Далаға шығып арлы-берлі айғайлап жүгіріп жүрген сәті­мізде «Арыс» шипажайы директорының орынбасары Мейірманқұл Бакиров «жертөле бар, соған тығылыңыздар» деп бізді жанұшыра жертөлеге бас­тады. Біз жертөлеге тығылдық, сыймаған адам соның маңайында тұрды. Бір кезде жақын жерге снаряд түсті ме, жертөленің іші қап-қара түнек болып кетті де, 50 шақты әйел айғайлап, жертөле еденіне құлай бердік. Мен сол 50 шақты әйелдің ішінде едім. Жанталаста бір-бірімізді таптап кетсек керек, мен бүйірімді жаралап алдым. Ет қызумен бастапқы кезде жарақатқа мән берген де жоқпыз. Жертөленің төбесі мен еденін дірілдете жарылып жатқан снарядтар одан сайын зәремізді ұшырды. Қасымызда болған Мейірманқұл ағай бір топ адамды машинамен тасып, қырға апарып тастады. Сөйтіп бірте-бірте адамдардың барлығын тасып, бәрімізді қырға шығарды. Өйткені «Бөген» су қоймасын жібереміз деп жатыр, жертөле суға толады, шығыңдар» деген «бұйрық» келді. Қалған аза­маттарды сарбаздар темір гаражға қамапты. Мұны естіген Мейірманқұл Бакиров «Мен оларды құтқарамын» деп қай­тадан жанұшыра шипажайға кетті. Сөйтіп оларды гараждан шығарып, біразын тасып, қырға әкелді. Қарт кісілер, шыңғырған бала-шаға, ешкім ешкімді танымайды. Аласапыран уақыт. Аспанға қарасам қою қара бұлт торлап алыпты. Арыста көптеген үйге снаряд түсіп, бірқатарының есік-терезесін қиратып жатты. Сөз басында «соғыс көрген жоқпыз» дедім ғой, бірақ бейбіт күнде төбемізден снаряд жауып, үйлер отқа оранып жатса, өзің ысылдаған оқтың арасынан әзер аман-есен шықсаң, майдан емей немене?! Алайда, біз сол бір қысылтаяң шақта оңтүстік өңір тұрғындарының, соның ішінде Мейірманқұл Бакиров ағамыздың бізге жасаған жақ­сылығы мен қамқорлығын жан-дүниемізбен сезіндік. Ерлікті көрдік.

Шипажай директоры орын­басарының 160-қа жауық адамды эвакуациялағанын көзімізбен көрдік. Дегенмен оның өз басын қатерге тіге жүріп, демалушылар үшін құрбандыққа баруға да даяр болғанына тағы бір оқиға нақты дәлел болады. Сол 24 маусым күні біраз адамды тасып, бізді Шымкентке жеткізген М.Бакиров снарядтың жарықшағы аяғына тиген Тас­болат ағай мен баласы ши­па­жайда қалғанын естіген соң, жанын шүберекке түйіп, қайтадан Арысқа кетті. Қалада жарылыс болып жатқанына қараған жоқ. Әрі бір топ демалушыларды өз үйіне әкеліп, дамылдатты. Үйдегі жеңгеміз де бізді күлімсірей қарсы алып,  дастарқанын жайды. Содан соң Шымкенттегі «Саяхат»  қонақүйіне келдік. Қонақүй иелері де қабақ шытқан жоқ. Бізді екі күн бойы күтіп, кететін кезімізде әрқайсымызға 3 мың теңгеден бергені бар. Біз осындай жаны жомарт жандарға қарыздармыз. Оларға алғысымыз шексіз. Әрі «Арыс» шипажайына сол күн­дері демалуға барған 160-қа жуық адамның өмірін құтқарған шипажай директорының орынбасары Мейірманқұл Бакиров мырзаны мемлекеттік марапатқа ұсынамыз. Ерлердің ісін ел білуі тиіс!

 

«Арыс» шипажайында демалған азаматтар атынан

Бану ӨМІРҚҰЛҚЫЗЫ