Жастар жылы еліміздің жастарына өз таланттары мен идеяларын іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жастар кәсіпкерлігі, ұлттық туризм, волонтерлік және басқа да бағыттар дамып жатыр.
Мысалы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бөлген гранттар аясында жастар білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет саласындағы инновациялық жобаларға, қоғамдық жұмыстарға, өзін өзі басқару органдарының қызметіне белсене атсалысуда.
Осылайша Жастар жылында қазіргі заман жастарының қалай өмір сүріп жатқанын, не туралы ойлайтынын және неге қол жеткізгісі келетінін түсініп қана қоймай, ең бастысы олардың өз мақсаттарын жүзеге асыруы үшін жан-жақты жағдай жасалып, жарқын болашақтың негізі қаланды. Мен ұзақ жылдар бойы жастар саласының дамуы мен жақсаруына бастайтын іргелі бағдарламалар іске қосылды деп сеніммен айта аламын.
Бұған қоса биыл саясаткерлердің, бұқаралық ақпарат құралдары, бизнес өкілдерінің, жалпы қоғамның назарын жастар тақырыбына кеңінен көңіл бөлуге жақсы мүмкіндік болды. Он жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы осы жылы жастар арасындағы өзекті мәселелерді анықтау және алдын алу мақсатында егжей-тегжейлі зерттеулер жүргізді. Бұған орталықтың дайындаған «Қазақстан жастары-2019» ұлттық баяндамасы, «Қазақстандағы NEET жастардың әлеуметтік портреті» және «Ауыл жастарының әлеуметтік жағдайы: мәселелері мен болашағы» атты сауалдамалар дәлел бола алады.
Жастар жылына өтпелі кезең, науқандық іс-шаралар кешені ретінде қарауға болмайды. Бұл – барлық өңірдегі, қалалар мен ауылдағы жастармен белсенді жұмыс істеудің жүйесін қайта қарау мүмкіндігі, жастар саясатының бірыңғай стратегиясын қалыптастырудың бастауы.
Мариямгүл ҚҰСАЙЫНОВА,
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының бас сарапшысы