Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап Елбасы еліміздің қорғаныс қабілеті Отан қорғаушылардың біліктілігіне, жауынгерлік және патриоттық рухына байланысты екенін айқын түсінді. Сондай-ақ Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Қазақстан Қарулы Күштері құрылған жылдардан бері әскерді қалыптастыру үшін заң үстемдігінің маңыздылығына, әскери тәртіптің нық болуына жіті назар аударып: «Біз — егеменді елміз, және де қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі сыртқы және ішкі саясатымызды қалыптастыру ісінде жалпы құрылымында іргетас болуы тиіс.Сол себепті бізге заманауи, соңғы үлгідегі қару-жарақпен қамтылған, жоғары мобильді, егеменді елімізді қорғау мүддесі үшін кез келген жағдайда әрекетке дайын жаттыққан, үйренген әскер қажет», деген болатын.
Бүгінгі таңда Қазақстанның Қарулы Күштері де елмен бірге дамып, заманауи талаптарға сай жетіле түсуде. Қазақстан Президентінің Жарлығымен 1992 жылы құрылған Қарулы Күштер алғашқы бес жылда біраз қиыншылықты бастан кешірген. «Халық пен әскер – бір» демекші, елдің экономикасы тұралап тұрған шақта әскердің жағдайын сұрау ерсі еді. Әскери кадрлар жетіспеді. Ескі техника, жанармай тапшылығы қолбайлау болды. Соның бәріне төзіп, шыдамдылық көрсетіп, тұйықтан шыға білдік. Қазақстанның әскери тарихында осы алғашқы қалыптасу кезеңдері алтын әріптермен жазылуы тиіс.
Қарулы Күштердің, жалпы күштік құрылымдардың алдында үлкен міндеттер тұр. Бұл – еліміздің тәуелсіздігін қорғау, территориялық тұтастығымызды сақтау, ұлттық, соның ішінде әскери қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету. Тәуелсіздік алған 28 жыл ішінде еліміздің экономикасы айтарлықтай дамып, өмірімізде елеулі өзгерістер болды. Қазақстан өркениет көшінде кейін қалмай, дамыған елдер қатарына қосылу мақсатында үлкен жолдан өтті.
Мемлекет тарапынан әскерилер үшін барлық жағдай жасалған. Қарулы Күштер бөлімдері үнемі түрлі деңгейде оқу-жаттығулар өткізіп, әскери шеберлігін, кәсіби біліктілігін көтеріп отырады. Біз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындамыз. Жыл сайын ұйымға мүше мемлекеттер әскерлерімен бірге әскери жаттығуларға қатысамыз. Жылдам әрі шалт қимылдайтын мобильді әскеріміздің әлеуеті сол жаттығуларда анық байқалады. Заманауи техника мен қару, білікті әскери мамандар кез келген жағдайда алға қойған мақсатына жете алады. Жаңа заңға сәйкес әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін табуда. Мұның барлығы Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қ.Тоқаевтың ерен еңбегі деп білеміз.
Жоғары нәтижеге қол жеткізу бар да, оны сақтап қалу бар. Сондықтан болар, Қазақстан Республикасы Бас әскери прокуратурасының жанынан еліміздің күштік құрылымдары мен әскери саласында Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі консультативтік кеңес құрылды. Аталған кеңес – Бас әскери прокуратураның консультативтік-кеңесші органы. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» заңын және басқа да нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады. Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады.
Қазақ халқында «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дейтін жақсы нақыл бар. Ортақ іске келгенде пікірлесу, ақыл алмасу, шешім ұсынудың артықшылығы жоқ. Сондықтан да, Консультативтік кеңестің ережесіне сай жылына екі рет отырыс ұйымдастырылады. Кеңес қызметінің мақсаты – Қарулы Күштердегі заңдылықтың жай-күйін арттыру, мемлекеттің құқықтық саясатын жүргізуге көмек көрсету. Сондай-ақ әскери прокуратураның үкіметтік емес ұйымдармен, әскери қауымдастықпен және тұрғындармен өзара қатынасын дамыту және одан әрі жетілдіру болып табылады. Яғни, әскерде заңдылықты қамтамасыз ету саласында неғұрлым күрделі және өзекті мәселелерді шешуге байланысты азаматтық қоғамның бастамаларын қарау. Жоспарлы отырыстарға еліміздегі әскер мен құқық қорғау органдарындағы бірінші басшылар және Бас әскери прокурордың өзі қатысады.
Сондай-ақ кеңестің тұрақты мүшелері болады. Мен өзім көп жылдан бері еліміздің Қарулы Күштерінде қызмет атқарғаннан кейін, әскердің ахуалын білемін. Сонымен қоса Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі консультативтік кеңес төрағалығын маған сеніп тапсырды.
Отырыста әскери салада маңызы зор, көкейкесті мәселелер қаралады. Осы мәселелерге байланысты жауапты азаматтардың баяндамалары тыңдалып, бірінші басшылардың пікірлері айтылады. Қоғамда, БАҚ-тарда көп талқыланатын тақырыптар кеңестің отырысында сөз етіледі.
Мысалы, бүгіннің өзекті мәселесі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері. Әскери қызметшілердің басым бөлігі жастар әрі жас отбасылар болғандықтан тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұр. Былтырдан бастап әскерилерге қатысты заңға қажетті өзгерістер енгізіліп, баспаналы болудың жаңа механизмдері енгізілуде. Енді олар үшін баспанаға қол жеткізу бұрынғысынан оңай болады. Солай десек те, әскери басшылықтың моделді жүзеге асыру мәселесін қадағалау қажет. Сондықтан Консультативтік кеңес отырысында әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз етудің жаңа моделін іске асыру барысын талқыладық. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің тұрғын үймен қамтамасыз етудегі құқықтарының бұзылмау шараларын қабылдау, заңдылықты сақтау мәселесі қызу талқыдан өтті. Әр әскери орган осы мәселеге байланысты ортақ шешімге келді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру мәселесі отырысымыздың бөлек тақырыбына айналды. Әскери салада тәрбие мен идеологиялық жұмысқа қатысты азаматтар өздерінің баяндамаларын оқып, жұмыс барысы жайында хабардар етті. Осыған орай еліміздегі әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіруге қатысты ведомствоаралық жұмыс тобын құру мақұлданды. Оның құрамына әскери және құқық қорғау саласында көп жылдық тәжірибесі бар заңгерлер, ардагерлер және Отан қорғаушылар енді. Сондай-ақ болашақта жоспарланып отырған жұмыстармен таныстырды.
Жазғы және қысқы мезгілде әскерге шақыру науқаны басталады. Бұл да қоғам тарапынан көп талқыланатын тақырып, отырысқа қатысатындар да, кеңес мүшелері де осы мәселемен етене таныс. Сондықтан кеңестің келесі отырысында Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға міндетті әскерге 2019 жылдағы шақырудың заңдылық жағдайының мәселелерін талқылаймыз.
Әсіресе әскерге шақыру және медициналық комиссияларды қалыптастыру барысында заң бұзушылықтарға жол бермеу, тар маманды дәрігерлермен қамсыздандыру бойынша жұмысты күшейту, жергілікті атқарушы органдармен біріккен жұмысты жалғастыру секілді тақырыптар талқылауға түседі. Бастысы аталған саладағы кемшіліктерге назар аударылып, оларды жою және келешекте болдырмау жолдары қарастырылады. Өйткені Кеңестің міндетіне азаматтардың құқықтарын және бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету кіреді.
Мемлекетіміздің қорғаныс қабілеттілігі, Қарулы Күштердің дамуы, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі ел басшылығының назарында болуы тиіс. Уақыт күтпейтін көкейкесті мәселелер осындай консультативті органдар арқылы тиісті органдарға жеткен жөн. Осы тұрғыдан алғанда Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі консультативтік кеңестің жұмысы жемісті деп білемін. Тек осындай қоғамдық белсенді кеңесші ұйымдар арқылы қордаланған мәселелер өз шешімін табады. Консультативтік кеңестің отырысында қаралған проблемалардың негізгілері Парламент Мәжілісінің қабырғасында қозғалады. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде әскери қызметшілерге қатысты заң жобасы қабылданар тұста аталған кеңесте айтылған мәселелердің үнемі бақылауда болатынына сендіремін.
Бүгінгі таңда Қазақстан Қарулы Күштері жан-жақты жетілдірілу үстінде. Қазақстан Республикасы Бас әскери прокуратурасы жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі консультативтік кеңестің атқаратын жұмысының ауқымы кең. Ол – әскери прокуратура органдарымен бірлесе әскердің өміршеңдігіне қатысты барлық мәселені өз қадағалауында ұстап, еліміздің қорғаныс қабілетінің артуына өз үлесін қосу. Әскері қуатты ел алаңсыз өмір сүреді.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант