Алып тұмсығымен мұз құрсауларды күтір-күтір еткізіп жарып өте шығатын мұзжарғыш кемелерді теледидардан талай көрдік. Сол іспетті мұзжарғыш адамдар болады десек қате ме? Ел мен жердің тұтастығын, тіл мен ділдің бірлігін сақтап, ұлт мүддесі жолында білім мен ғылымды, өнер мен мәдениетті дамыту үшін өлшеусіз еңбек ететін, сол еңбегімен кейде тарихты өзгертіп жіберетін адамдарды өз басым алып мұзжарғыштарға теңеймін. Олардың аты өлмейді.
Олар туралы қаламды қалай сілтесең де немесе аяулы бейнелері мен адал еңбектерін камераға қай қырынан түсірсең де татымды, толымды. Сондай толымды дүниелердің қатарында Әлімхан Ермеков, Нұртас Оңдасынов және Жұмабек Тәшенов сынды мұзжарғыш тұлғалар жайлы Президент телерадиокешені түсірген деректі фильмдер шоғырын атай аламыз. «Алаштың ақырғы ақиығы», «Биліктен биік тұлға», «Кісендеулі жолбарыс» атты фильмдердің авторы – танымал тележурналист Назгүл Әбутұрапова. Ал фильмнің идея авторы – мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков.
Бұл тұлғалардың ұқсастығы неде? «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» – деп алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтпақшы, үшеуі де ең алдымен туабітті іріліктерімен дараланады. Ұлтқа қызмет етуде нар тәуекелге бел байлай алатын өткірлік пен табандылық, тар кезеңде, қыспақта ғұмыр кешсе де жасымаған, мойымаған, сынбаған қайсар рух тұлғаларға тән ұқсастықтың негізгі көрінісі. Осы реттен алғанда деректі фильмдер бір-бірімен сабақтасқан, бір-біріне сілтеме жасап тұрған үштаған сияқты қабылданды. Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің арпалысқа толы ғұмырын бейнелейтін «Алаштың ақырғы ақиығы» деректі фильмін көрген жан міндетті түрде «Биліктен биік тұлға» мен «Кісендеулі жолбарысты» көруі керек сияқты. Өзіме солай әсер етті. Тіршілікте адам баласының басынан не өтпейді? Жаманның жаласынан, бәкененің бәлесінен, қызғаншақ пен қытымырдың қысастығынан кез келген кісінің морт сынып, етпеттей жығылатын күйге жетуі әбден мүмкін ғой. Тіпті басына азап пен бейнет түспей-ақ, жай ғана торытөбел тірлікте жүні жығылып жүргендер ше? Сондайда адам жаны рух көтеретін дүниелерге сұранып тұруы да заңды. Қазіргі кезде ағылшынның «motivator» ұғымы санамызды жаулап алды. Адамдар психологиялық кітаптарға әуес. Тым құрығанда интернет арқылы біздің ойлау жүйемізге, менталитетімізге мүлде сәйкес келмейтін біліммен қаруланған кісілердің ақыл-кеңесіне жүгінуге мәжбүр. Мұндайда «құрлықтың арғы бетіндегі кісілерде нең бар, өз тұлғаларымыздың ғұмырын танып білсең де, бір күн болсын өмір сүруге талпынасың ғой» дегің келеді. Осы тұрғыдан алғанда жоғарыдағы деректі фильмдер әрбір қазақ баласы көруге тұрарлықтай. Сәнді сөзбен өрнектесек, болмыстары қорқыныш пен үрейден, жағымпаздық пен жалқаулықтан ада бұл тұлғалардың әрқайсысы қазақтың жанына мотивация бере алады. Қанша дегенмен жанды бейне мен жанды дауыстың әсері кітап сөзіне қарағанда молырақ болатынын мойындауымыз керек. «Алаштың ақырғы ақиығында» Әлімхан Ермеков: «Ол уақытта Қазақстан автономиясы жасалмаған кез. Мен Мәскеуге барып, Лениннің басшылығымен баяндама жасадым» деп өзінің қоңыр даусымен сөйлегенде кәдімгідей санаң шайдай ашылып сала береді. (Дауыс мұрағаттан алынған.) Иә, ол өзінің атақты баяндамасы туралы айтып тұр. Ол 1920 жылы Лениннің алдында шекара мәселесі жөнінде баяндама жасаған. 5,5 миллион халық қоныстанған 3.467.922 шаршы шақырым қазақ жерінің шекарасын бекіттіруге ықпал еткен үлкен қайраткер. Қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры. Бір әттеген-айы, көзі тірісінде «қызыл үкімет» тартып алған сол атағын қайтарып ала алмапты. Орыс тілінен бөлек ағылшын, неміс, француз, араб, итальян тілдерінде еркін сөйлеген тұлғаның ғұмыр жолы өнеге мен өрліктің көрінісіндей. Фильм барысында атақты адамнан алты жасында бата алған ақын Қуаныш Мақсұтов, жергілікті өлкетанушы Тұңғышбай Өміртайұлы, жазушы Тұрсын Жұртбай, шәкірті, академик Ибадолла Дайырұлы, немересі Олег Ермеков тұлға ғұмырының көпшілікке беймәлім тұстарынан да сыр шертеді. Жалпы, осы фильмді көріп шыққанда тұлға тартқан азап пен қорлықтың қалыңдығына қарамастан, кеудеңді аяушылық емес, мақтаныш сезімі кернейтіні ғажап.
«Биліктен биік тұлға» деректі фильмі танымал қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновқа арналған. Оңдасыновтан қалған мынадай тамаша сөз бар: «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» Осындай сөздерді айту үшін тұлға қандай болу керек?! «Биліктен биік тұлға» деректі фильмі міне сол азаматтың аяулы бейнесін көрерменге жақындатуды мақсат еткен фильм. Ол билікті, яғни өзінің мансабын қазақтың мүддесінен биік қойған жоқ. Сол үшін де Н.Хрущевке жағымпазданбай-ақ, төтесін айтты: «Қазақтың үш ауданын өзбектерге беру-бермеу мәселесін халықтың өзі шешеді!» Рас, үкіметті Оңдасынов басқарған сол тұста үш аудан өзбектерге өткен жоқ. Есесіне ол жоғары мансаптан шеттетілді. Фильмде Н.Оңдасыновтың өмірбаянымен таныс біршама кісілер білетін осы оқиға шеберлікпен өріледі. «Биікке қалықтап қыран да шығады, өрмелеп жылан да шығады» демекші, сол биікке шыққандардың барлығы да өз елінің мүддесі үшін қызмет етті ме деген сауалдың алдан шығары анық. Ал ел мен жер деген ұғымдарды қарақан басының қызығынан жоғары қойғандарды тарих та, халық та ұмытпайды. Деректі фильм барысында Оңдасыновтың қазақ ғылымын дамытуды көксеп Сәтбаевпен бірігіп Ғылым академиясын ашқаны, соғыс жылдарында майданға 140 вагон азық-түлік пен киім-кешек жөнелткені, Жамбыл ақынға «Ленинградтық өрендерімді» жазғызып, ленинградтықтарға рух бергені, Абайдың 100 жылдығын өткізуге белсене кіріскені, Мойынты-Шу теміржолын салғызу үшін Бериядан рұқсат алып, 10 миллион сом ақшамен, 16 мың адамның күшімен үлкен істің басында тұрғаны, жекелеген тұлғаларға жасаған жақсылықтары көркемдікпен бедерленген. Айтпақшы, осы деректі фильмдердің бір ерекшелігі – мұрағат құжаттарын не белгілі бір адамдардың пікірлерін, болмаса тұлғаның отбасылық альбомынан алынған суреттерді тізіп жасай салмай, мүмкіндігінше көркемдікпен түсірілгендігінде деп айтар ек. Тағдыршешті оқиғалардың барысында тұлғалардың рөлін сырт келбеттері барынша соларға ұқсайтын актерлер ойнаған. Мұрағатта сақталған дауыстар, сонау 50-ші, 60-шы жылдары түсірілген репортаждар да фильмдердің құндылығын арттырып тұр. Әсіресе, Жұмабек Тәшеновке арналған «Кісендеулі жолбарыс» фильмінің көрерменге әсері жоғары. Неге десеңіз, Жұмабек Тәшеновтің бейнесі сақталған көріністер өте көп екен. Фильмнен «тірі» Тәшеновті көрген көрермен тіршілікте оның қандай адам болғанын айтпай-ақ түсінетіндей.
Оңдасынов сияқты Тәшенов те билікті халық мүддесінен жоғары қоймаған тұлға. Оны қазақ тарихын бір шолып шыққан кез келген кісі айта алады. Әйтпесе сол тұста Кеңес үкіметін ашса алақанында, жұмса жұдырығында, ұстап тұрған Никита Хрущевке қарсы шығып сөз сөйлемес еді. 1960 жылы КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Хрущев тың өлкелері – Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының басын қосып, «Тың өлкесі» деген атпен Ресейге қосуды жоспарлағанда ашық қарсы шыққан, қарсы шығып қана қоймай оның жоспарына кедергі келтіріп, «Тың өлкесінің» ешқашан да Ресейге берілмейтінін қадап айтқан тұлға – Жұмабек Тәшенов. Осы әйгілі ерлігімен-ақ тарихта қалды. «Кісендеулі жолбарыс» деректі фильмі Тәшеновтің жоғары лауазымды қызмет атқарғанда қазақ үшін жасаған сан салалы жақсылықтары мен Орталық комитетке қарсы шыққан әйгілі ерліктерін ғана көрсетуді мақсат етпеген. Деректі фильмді көріп шыққан соң біз адами қалпы келісті, ірі мінезді, от ауызды, табанды, қайырымды тұлғаны таныдық. Санамызға әрбір әрекетінде қазақтың мүддесін бірінші орынға қойған ұлтжанды азаматты шегеледік. «Кісендеулі жолбарыс» фильмінен естіген мына бір ауыз сөзді осы жерге де жазғымыз келеді. Тәшенов туралы естелік айтқан философия ғылымының докторы Ғарифолла Есім былай дейді: «Халықтың сөзін сөйлейтін адамдардың тегі, құрылысы басқа болады. Сол басқа адам – Тәшенов». Рас, Оңдасынов та, Тәшенов те Орталық Комитеттің жоспарларына қарсы шыққан соң, билік басындағы жоғары лауазымды қызметтерінен босап қалған. Ұлт мүддесі үшін қылышынан қан тамған Кеңес үкіметіне қарсы шығу оңай ма? Дегенмен сол «тегі, құрылысы басқа» адамдар ұсақталған жоқ. Кісіліктері мен тазалықтарын сақтап, жұрттың жадында жақсы қырларымен ғана есте қалды. Қарапайым тұрмыс кешсе де, үлкен істер жасады, ғұмырларын ғылымға арнады.
Жоғарыда аттары аталған үш тұлғаның да ғұмыр жолдары кедір-бұдыры көп, соқтықпалы соқпақсыз деп суреттесе әбден болатындай бұралаң жолдар. Осы бұралаң жолда адамдық бейнесі жоғалмаған, сүйегі жасымаған, рухы сынбаған тұлғалар жайлы фильмдер адамдарға күш береді, жігерін жаниды. Ел үшін, жер үшін еткен еңбектің өтеуі болатынын ұғындырады. Осы реттен алғанда «Алаштың ақырғы ақиығы», «Биліктен биік тұлға», «Кісендеулі жолбарыс» деректі фильмдерін ұлттың аяулы тұлғаларының рухтарына жасалған тағзым деп түсінеміз. Әрі мұндай фильмдер жас ұрпаққа өмір жолында темірқазық бола алатынына шәк келтірмейміз.